وَفِي رِوَايَةٍ: «شَكَوَا إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْقَمْلَ، فَرَخَّصَ لَهُمَا فِي الْحَرِيرِ فِي غَزَاةٍ لَهُمَا».
Бір риуаятта былай делінген: «Екеуі Алла елшісіне (с.а.с.) бит мазалағанын айтты. Сонда ол екеуіне өздері қатысқан жорықта жібек киюге рұқсат берді»1.
Түсіндірме
Кей риуаятта Зубәйр мен Абдуррахманға (р.а.) жібек киюге бит мазалағандықтан рұқсат берілгені, басқа нұсқаларда тері қышығандықтан рұқсат етілгені айтылады. Ғалымдар бұл айырманы бірнеше түрлі түсіндірген.
• Біріне бит мазалағандықтан, екіншісіне терісі қышығандықтан рұқсат берілген болуы мүмкін.
• Риуаяттардың бірінде жеткізуші жаңылысқан немесе оқиғаны өзінше түсіндірген болуы ықтимал. Екі себепке де рұқсат берілген болуы мүмкін деген пікір бар.
• Бит шаққаннан тері қышуы мүмкін. Бұл жағдайда бір риуаятта оның себебі, екіншісінде салдары айтылған болып шығады.
Кей риуаятта бұл рұқсаттың сапарда, кейбірінде жорық үстінде берілгені көрсетіледі. Кей нұсқада сапар да, жорық та аталмай, тек бит немесе қышыну себеп болғаны айтылады. Нұсқалардағы осы айырмалар ғалымдардың үкіміне әсер еткен.
• Имам Мәлик пен Әбу Ханифа ерлердің жібек киюін жалпы харам санаған.
• Шафиғи мен Әбу Юсуф зәру жағдайда жібек киюге рұқсат берген. Ибн Мәжашун жорықта жібек киюді мұстахаб санаған.
• Мұһаллаб жорықта жаудың мысын басу үшін жібек киюді соғыс айласына берілген рұқсатпен салыстырған.
• Нәуәуи жібек киюге рұқсаттың мәнін оның денені салқын ұстауымен түсіндірген. Басқа ғалымдар жібек денені жылы ұстайды деп, бұл пікірге қарсы уәж айтқан. Ибн Хажар жібек киюге рұқсаттың себебін оның теріні қышытатын бит сияқты жәндіктерден сақтайтын қасиеті бар деп түсіндірген.
- 1Бұхари, «Киім», 29-тарау, «Жиһад», 91-тарау. Мүслим, «Киім және сән», № 2076. Тирмизи, «Киім», № 1722. Әбу Дәуіт, «Киім», № 4056. Нәсәи, «Сән», 93-тарау, 8-том, 202-бет.