عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ جَرَّ ثَوْبَهُ خُيَلَاءَ لَمْ يَنْظُرِ اللَّهُ إِلَيْهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ. فَقَالَتْ أُمُّ سَلَمَةَ: كَيْفَ تَصْنَعُ النِّسَاءُ بِذُيُولِهِنَّ؟ قَالَ: يُرْخِينَ شِبْرًا. قَالَتْ: إِذًا تَنْكَشِفُ أَقْدَامُهُنَّ. قَالَ: فَيُرْخِينَ ذِرَاعًا وَلَا يَزِدْنَ عَلَيْهِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَهَذَا لَفْظُ التِّرْمِذِيِّ وَالنَّسَائِيِّ.
Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кім киімін тәкаппарлықпен жерге сүйретсе, Қиямет күні Алла оған қарамайды”, – деді. Сонда Үммі Сәләма:
– Олай болса, әйелдер киімінің етегін қалай түсірсін? – деп сұрады.
– Бір қарыс түсірсін.
– Онда аяқтары көрініп қалады ғой!
– Ендеше, бір зирағ түсірсін, одан асырмасын, – деп жауап берді Алла елшісі (с.а.с.)»1.
Түсіндірме
1. «Зәйл» – заттың ұшы, шеті. Бұл жерде әйел көйлегінің етегі айтылған.
2. Түсіндірмелерде ер мен әйел киімінің ұзындығы бөлек қарастырылады. Ердің киімінің етегі тобыққа дейін түседі. Әйелдің аяғы жабылуы үшін етегін ұзарта түсуіне рұқсат. Хадисте ұзартудың шегі бір зирағ, яғни шынтақтан саусақ ұшына дейінгі өлшем деп көрсетілген.
- 1Тирмизи, «Либас», 9-тарау, № 1731. Нәсәи, «Зинат», 106-тарау (8-том, 209-бет). Әбу Дәуіт, «Либас», 40-тарау, № 4119.