وَعَنِ ابْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ مِنَ الْكَبَائِرِ أَنْ يَشْتِمَ الرَّجُلُ وَالِدَيْهِ. قَالُوا: وَهَلْ يَشْتِمُ الرَّجُلُ وَالِدَيْهِ؟ قَالَ: نَعَمْ، يَسُبُّ أَبَا الرَّجُلِ فَيَسُبُّ أَبَاهُ، وَيَسُبُّ أُمَّهُ فَيَسُبُّ أُمَّهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Адамның өз ата-анасын сөгуі – үлкен күнә”, – деді. Қасындағылар: “Адам өз ата-анасын сөге ме?” – деп сұрады. Ол: “Иә. Біреудің әкесін сөксе, ол да мұның әкесін сөгеді. Біреудің анасын сөксе, ол да мұның анасын сөгеді”, – деді»1.
Түсіндірме
Кей риуаятта «сөгу» орнына «лағынет айту» келген. Бұл жерде сөз даттау, балағаттау, қарғау мағынасында қолданылған. Хадис біреудің ата-анасын балағаттап, өз ата-анаңа тіл тигізілуіне себепкер болуды да үлкен күнәға жатқызады. Өз ата-анаңның сөгілуіне себепкер болудың өзі үлкен күнә болса, оларды тікелей сөгу одан да ауыр.
Ибн Баттал бұл хадисті «сәддуз-зараиғ», яғни харамға апаратын жолды жабу қағидасымен байланыстырады. Адам харам істі тікелей жасамағанымен, оған себеп болған әрекеттің өзі харам болуы мүмкін. Бұған «Әнғам» сүресіндегі мына аят дәлел: «Олардың Алладан басқа тәңір тұтып, жалынып-жалбарынатын құдайларына тіл тигізбеңдер. Әйтпесе, олар да надандықпен һәм өшпенділікпен Аллаға тіл тигізіп, шектен шығады»2.