Хадис

ҮЛКЕН КҮНӘЛАР

Кутуб ситтә, 11-том, 836-тарау · 4 хадис · № 5229–5232

ҮЛКЕН КҮНӘЛАР

Хадистер

«Кәбәир» – «кәбира» сөзінің көпше түрі. Діни ұғым ретінде «үлкен күнәлар» дегенді білдіреді. Алланың әміріне қарсы келген іс күнә саналады, бірақ күнәнің бәрі бірдей ауыр емес. Кіші күнә «сағира» (көпше түрі – «сағаир»), үлкен күнә «кәбира» деп аталады. Екеуінің ара-жігін ажырату оңай емес. Кейбір кіші күнә жиі қайталанса, үлкен күнәға айналуы мүмкін.

Құранда да күнәлардың үлкені мен кішісі аталады. Бір аятта «(Уа, мүміндер!) Тыйым салынған ауыр күнәлардан бойларыңды аулақ ұстасаңдар, өзге күнә-қателіктеріңді жасырып, кешеміз һәм сендерді сый-құрметке толы керемет мекенге жайғастырамыз» делінген1. Тағы бір аятта «Олар (кей уақыттарда) кішігірім күнә-қателіктер істеп қойса да үлкен күнәлар мен арсыздық атаулыдан бойларын аулақ ұстайды» деп баяндалған2.

Үлкен күнәлардың саны жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Ибн Мәсғуд төрт, Ибн Омар жеті, Абдулла ибн Амр тоғыз деген. Ибн Аббас (р.а.) Ибн Омардың (р.а.) пікіріне келіспей: «Жетіден көп, жетпіске жуық», – деген.

Кей ғалымдар тозақ азабымен ескертілген күнәлардың бәрін үлкен күнәға жатқызған. Кейбірі дүниеде хад жазасы белгіленген күнәларды үлкен деп санаған. Басқалары «Қадір түні Рамазанның түндеріне жасырылғандай, үлкен күнәлар да күнәлардың ішінде жасырылған» деген. Әбу Талиб әл-Мәкки хадистерде он жеті үлкен күнә аталғанын айтады.

Ғазалидің жазуынша, Әбу Талиб әл-Мәкки әуелгі ғалымдардың түсіндірмелеріне сүйеніп, үлкен күнәларды былай жіктеген.

• Төртеуі жүрекке қатысты. Бұлар – Аллаға серік қосу, күнәні үздіксіз жасау, Алланың рақымынан үміт үзу және Оның азабынан өзімді қауіпсізбін деп санау.

• Төртеуі тілге қатысты. Бұлар – жалған куәлік беру, арлы әйелге жала жабу, ақиқатты жоққа шығару және сиқыр жасау.

• Үшеуі ішіп-жеуге қатысты. Бұлар – мас қылатын сусын ішу, жетімнің малын жеу және өсім жеу.

• Екеуі қолға қатысты. Бұлар – ұрлық жасау және адам өлтіру.

• Екеуі жыныстық қатынасқа қатысты. Бұлар – зина және бір жынысты адамдардың жыныстық қатынасқа түсуі.

• Біреуі аяққа қатысты. Ол – шайқас үстінде қашу.

• Біреуі тұтас денеге қатысты. Ол – ата-анаға қарсы келу.

Ғазали бұл жіктеуді жеткіліксіз көріп, адамның көзін шығару, қолын кесу және ұрып-соғып қорлауды да үлкен күнәға жатқызған. Ол бір ауыз сөгіске екі есе ауыр сөзбен жауап беру және мұсылман бауырының ар-намысына тию туралы хадисті дәлелге келтірген.

Шәмсиддин әз-Зәһәби «Китабул-кәбәир» еңбегінде дәлелдерін келтіріп, жетпіске жуық істі үлкен күнәға жатқызған. Кітапта соңғы аталған бес күнә төмендегідей.

• Жұма намазы мен жамағат намазын себепсіз жиі тәрк ету.

• Өсиет арқылы мұрагерге зиян келтіру.

• Алдап-арбау және өтірік айту.

• Мұсылмандарға қарсы тыңшылық жасап, құпиясын әшкерелеу.

• Сахабалардың біріне тіл тигізу.

5229
Кутуб ситтә, № 5229 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Бәкра

عَنْ أَبِي بَكْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَلَا أُنَبِّئُكُمْ بِأَكْبَرِ الْكَبَائِرِ؟ ثَلَاثًا. قُلْنَا: بَلَى. قَالَ: الْإِشْرَاكُ بِاللَّهِ، وَعُقُوقُ الْوَالِدَيْنِ، وَقَتْلُ النَّفْسِ. وَكَانَ مُتَّكِئًا فَجَلَسَ فَقَالَ: أَلَا وَقَوْلُ الزُّورِ، وَشَهَادَةُ الزُّورِ. فَمَا زَالَ يُكَرِّرُهَا حَتَّى قُلْنَا: لَيْتَهُ سَكَتَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Бәкрә (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Сендерге үлкен күнәлардың ең ауырын айтайын ба?” – деп үш рет сұрады. Біз: “Иә, айтыңыз”, – дедік. Ол: “Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы келу, адам өлтіру”, – деді. Алғашында сүйеніп отырған еді. Сүйенген жерінен тіктеліп отырып: “Біліңдер, жалған сөз бен жалған куәлік те сондай күнә!” – деді. Соны қайта-қайта айта берген соң, біз іштей “Енді тоқтаса екен” дедік»1.

Түсіндірме

1. Алла Елшісі (с.а.с.) атаған ата-анаға қарсы келу мен жалған сөйлеу жайында Құранда да айтылған. «Алламен қатар әлдекімді немесе әлденені құдай тұтпа! Әйтпесе, айыбың бетіңе басылып, жазғырылып, қолдаусыз әрі жападан жалғыз қалған күйде омаласың да қаласың. Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті...»2. «Ендеше, нас пұттардан (яғни, пұтқа табынушылық сынды рухани настықтан) іргелеріңді аулақ салыңдар, жалған сөзден де барынша аулақ болыңдар»3.

2. Алла Елшісі (с.а.с.) сүйеніп отырған қалпынан денесін тіктеп, соңғы сөзін бірнеше рет қайталады. Ол жұрттың назарын аударып, ескертудің маңызын ұғындырмақ болған. Сахабалардың «Енді тоқтаса екен» дегені оған деген жанашырлықтан туған. Олар Пайғамбардың (с.а.с.) қиналғанын қаламаған.

3. Хадисте үлкен күнәлардың өзі ауырлығына қарай жіктелген. Алла Елшісі (с.а.с.) «үлкен күнәлардың ең ауыры» деп соны аңғартқан. Ғалымдар кіші күнә ұғымы жөнінде де пікір таластырған. Кейбірі «Алланың әміріне қарсы келудің үлкені мен кішісі болмайды» деген.

Кей хадистерде ғибадаттардың бірқатар күнәға кәффарат болатыны айтылған. Соған сүйенген ғалымдар кәффаратпен өтелетін күнәні кіші, өтелмейтінін үлкен күнәға жатқызған. Бұл хадистердің жеткені анық болғандықтан, көпшілік ғалым күнәлардың үлкен-кіші болып бөлінетінін мойындаған. Күнәнің салмағы істің сипатына да байланысты. Мәселен, жазықсыз кісіні жаралау оны ұрып жібергеннен ауыр, ал оны өлтіргеннен жеңіл. Сол секілді зина жасау бөгде әйелді сүюден ауыр.

  1. 1Бұхари, «Шаһадат», 10-тарау, «Әдеп», 6-тарау, «Истиҙан», 35-тарау, «Иститаба», 1-тарау. Мүслим, «Иман», №87. Тирмизи, «Шаһадат», 3-тарау, №2301 (Жанан басылымында №2302). Рауи – Әбу Бәкрә. Риуаяттардың сөз қолданысында айырма бар.
  2. 2«Исра» сүресі, 22–23-аяттар.
  3. 3«Хаж» сүресі, 30-аят.
5230
Кутуб ситтә, № 5230 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ عُبَيْدِ بْنِ عُمَيْرٍ، عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ وَقَدْ سَأَلَهُ رَجُلٌ عَنِ الْكَبَائِرِ فَقَالَ: هُنَّ تِسْعٌ: الشِّرْكُ، وَالسِّحْرُ، وَقَتْلُ النَّفْسِ، وَأَكْلُ الرِّبَا، وَأَكْلُ مَالِ الْيَتِيمِ، وَالتَّوَلِّي يَوْمَ الزَّحْفِ، وَقَذْفُ الْمُحْصَنَاتِ، وَعُقُوقُ الْوَالِدَيْنِ، وَاسْتِحْلَالُ الْبَيْتِ الْحَرَامِ قِبْلَتِكُمْ أَحْيَاءً وَأَمْوَاتًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. «الْفِرَارُ مِنَ الزَّحْفِ» هُوَ الْفِرَارُ مِنْ مَصَافِّ الْجِهَادِ وَمُقَاتَلَةِ الْكُفَّارِ. «الْمُحْصَنَاتُ» جَمْعُ مُحْصَنَةٍ، وَهُنَّ الْعَفَائِفُ ذَوَاتُ الْأَزْوَاجِ. وَ«قَذْفُهُنَّ» رَمْيُهُنَّ بِالزِّنَا.

Қазақша аудармасы

Убәйд ибн Умәйр әкесінен (р.а.) мына оқиғаны жеткізген: «Бір кісі Алла елшісінен (с.а.с.) үлкен күнәлар жайында сұрады. Ол: “Олар – тоғыз. Аллаға серік қосу, сиқыр жасау, адам өлтіру, өсім жеу, жетімнің малын жеу, шайқас күні қашу, арлы әйелдерді зина жасады деп айыптау, ата-анаға қарсы келу және тіріңе де, өліңе де құбыла болған Бәйтул-Харамның қасиетін аяққа басуды адал санау”, – деді»1.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Уасая», 10-тарау, № 2875. Нәсәи, «Тахрим», 3-тарау (7-том, 89-бет).
5231
Кутуб ситтә, № 5231 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قُلْتُ: يَا نَبِيَّ اللَّهِ، أَيُّ الذَّنْبِ أَعْظَمُ عِنْدَ اللَّهِ؟ قَالَ: أَنْ تَجْعَلَ لِلَّهِ نِدًّا وَهُوَ خَلَقَكَ. قُلْتُ: ثُمَّ أَيٌّ؟ قَالَ: أَنْ تَقْتُلَ وَلَدَكَ مَخَافَةَ أَنْ يَطْعَمَ مَعَكَ. قُلْتُ: ثُمَّ أَيٌّ؟ قَالَ: أَنْ تُزَانِيَ حَلِيلَةَ جَارِكَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Мен: “Уа, Алланың пайғамбары, Алланың құзырында қай күнә ең ауыр?” – деп сұрадым. Ол: “Өзіңді жаратқан Аллаға теңдес қосуың”, – деді.

– Одан кейін қайсысы?

– Асыңа ортақтасады деп қорқып, өз балаңды өлтіруің.

– Одан кейін қайсысы? – деп тағы сұрадым. Алла елшісі (с.а.с.):

– Көршіңнің жұбайымен зина жасауың, – деді»1.

  1. 1Бұхари, «Тәпсір», «Бақара» сүресі, 3-тарау, «Фурқан» сүресі, 3-тарау, «Әдеп», 20-тарау, «Мухарибин», 20-тарау, «Дият», 1-тарау, «Тәухид», 40, 46-тараулар. Мүслим, «Иман», 141-хадис. Тирмизи, «Тәпсір», «Фурқан» сүресі, № 3181, № 3182. Нәсәи, «Тахрим», 4-тарау (7-том, 89–90-беттер). Әбу Дәуіт, «Талақ», 50-тарау, № 2310, қысқа нұсқа.
5232
Кутуб ситтә, № 5232 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас

وَعَنِ ابْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ مِنَ الْكَبَائِرِ أَنْ يَشْتِمَ الرَّجُلُ وَالِدَيْهِ. قَالُوا: وَهَلْ يَشْتِمُ الرَّجُلُ وَالِدَيْهِ؟ قَالَ: نَعَمْ، يَسُبُّ أَبَا الرَّجُلِ فَيَسُبُّ أَبَاهُ، وَيَسُبُّ أُمَّهُ فَيَسُبُّ أُمَّهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Адамның өз ата-анасын сөгуі – үлкен күнә”, – деді. Қасындағылар: “Адам өз ата-анасын сөге ме?” – деп сұрады. Ол: “Иә. Біреудің әкесін сөксе, ол да мұның әкесін сөгеді. Біреудің анасын сөксе, ол да мұның анасын сөгеді”, – деді»1.

Түсіндірме

Кей риуаятта «сөгу» орнына «лағынет айту» келген. Бұл жерде сөз даттау, балағаттау, қарғау мағынасында қолданылған. Хадис біреудің ата-анасын балағаттап, өз ата-анаңа тіл тигізілуіне себепкер болуды да үлкен күнәға жатқызады. Өз ата-анаңның сөгілуіне себепкер болудың өзі үлкен күнә болса, оларды тікелей сөгу одан да ауыр.

Ибн Баттал бұл хадисті «сәддуз-зараиғ», яғни харамға апаратын жолды жабу қағидасымен байланыстырады. Адам харам істі тікелей жасамағанымен, оған себеп болған әрекеттің өзі харам болуы мүмкін. Бұған «Әнғам» сүресіндегі мына аят дәлел: «Олардың Алладан басқа тәңір тұтып, жалынып-жалбарынатын құдайларына тіл тигізбеңдер. Әйтпесе, олар да надандықпен һәм өшпенділікпен Аллаға тіл тигізіп, шектен шығады»2.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 4-тарау. Мүслим, «Иман», №90. Тирмизи, «Бирр», 4-тарау, №1902 (Жанан басылымында №1903). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 129-тарау, №5141.
  2. 2«Әнғам» сүресі, 108-аят.