عَنْ أَبِي سَعِيدٍ وَأَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَا: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: قَالَ اللَّهُ تَعَالَى: الْكِبْرِيَاءُ رِدَائِي، وَالْعِزُّ إِزَارِي، فَمَنْ نَازَعَنِي شَيْئًا مِنْهُمَا عَذَّبْتُهُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.
Әбу Сағид пен Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Алла тағала: “Ұлылық – Менің шапаным, үстемдік – Менің изарым. Кім осы екеуінің бірі үшін Менімен таласса, оны азаптаймын”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Осы жинақтағы мәтін Мүслім мен Әбу Дәуіттегі нұсқалармен сөзбе-сөз бірдей емес. Әбу Дәуітте الْعِزُّ орнына الْعَظَمَةُ сөзі келген. «Изз» сөзі үстемдік, құрмет, абырой, асқақтық деген мағыналар береді. Құл кішіпейілділікті ұмытып, өзін ұлы, үстем санамауы керек.
2. Изар мен рида – киім атаулары. Изар белден төмен оралатын, рида иыққа жамылатын киім.
Хадисте Аллаға тән ұлылық пен үстемдік киімге теңеліп сипатталған. Хаттабидің айтуынша, ұлылық пен үстемдік Аллаға тән, ал құлға қарапайымдылық пен кішіпейілділік жарасады. Сондықтан құл Раббысына тән сипатты өзіне телімеуге тиіс.
- 1Мүслим, «Бирр», 136-хадис. Әбу Дәуіт, «Либас», 29-тарау, № 4090. Риуаяттардың сөз қолданысында айырма бар.