وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: فَإِذَا نُقِرَ فِي النَّاقُورِ. قَالَ: هُوَ الصُّورُ، وَالرَّاجِفَةُ النَّفْخَةُ الْأُولَى، وَالرَّادِفَةُ الثَّانِيَةُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Түсіндірме
1. Ибн Хажар сур үрлейтін екі періште болатынын айтады. Оның түсіндіруінше, бірінші рет басқа періште, екінші рет Исрафил (а.с.) үрлейді. Бұл деректі әһлі сүннет ғалымы Халимидің жеткізуінен алады. Сол риуаяттардың бірінде: «Сурға жауапты екі періште әр таңда үрлеуге бұйрық күтеді», – делінген.
Ибн Хажар осы мағынадағы риуаяттарды келтіргеннен кейін Айшаға (р.а.) телінген мына сөзді жеткізеді: «Басқа періште Исрафилдің қанат қаққанын көргенде сурға үрлейді. Бұл алғашқы үрлеу – нәфхатус-сағқ, яғни жан тапсыру үрлеуі. Содан кейін Исрафил екінші рет үрлейді. Бұл – нәфхатул-бағс, яғни қайта тірілу үрлеуі. Оны нәфхатул-қиям деп те атайды».
2. Мұнда Ибн Аббас «Мүддәссир» сүресіндегі «нақур» мен «Назиғат» сүресіндегі «ражифа» және «радифа» сөздерін түсіндірген. «Нақур» – Исрафил қиямет күні өлгендер қайта тірілуі үшін үрлейтін сур. Сур туралы «Әнғам» (73), «Кәһф» (99), «Таһа» (102), «Мүмінун» (101), «Нәмл» (87), «Ясин» (51), «Зүмәр» (68), «Қаф» (20), «Хаққа» (13), «Нәбә» (18) сүрелерінде айтылады.
3. Хасан Басри «сур» сөзін «суар» деп оқыған. «Суар» – «сурет» сөзінің көпше түрі. Бұл оқылым бойынша, үрлеу денелерге қатысты, өйткені рух денеге қайтарылады. Әбу Убәйда «сурет» сөзінің көпше түрін «суар» деп те оқуға болатынын айтып, оған тілден өзге дәлелдер келтіреді. Бұл түсінік бойынша, екі қырағат та бір мағына береді. Әзһари мұндай жорамал әһлі сүннет қабылдаған түсінікке қайшы деп санайды. Осы пікірталасты келтірген соң Ибн Хажар Әбуш-Шайхтың «Китабул-азамат» еңбегінен Уәһб ибн Мүнәббиһтің бір хабарын береді: «Алла сурды мөлдір шыныдай інжуден жаратты. Содан кейін Арышқа: “Сурды алып, іліп қой!” – деді. Іле “Бол!” деп бұйырғанда, Исрафил жаратылды. Оған сурды алу бұйырылды. Исрафил Арышқа ілулі тұрған сурды алып, онда әр рухқа, әрбір жанға бір-бір тесік ашты. Содан кейін барлық рух сурға жиналды. Алла Исрафилге бұйырғанда, ол сурға үрлейді де, әр рух өз денесіне кіреді».
Ибн Хажар: «Осы риуаятқа қарағанда, үрлеу әуелі рухтардың денелерге жетуі үшін болады. Демек, үрлеуді мүйіз мағынасындағы сурға телу – тура мағына, денелер мағынасындағы сурға телу – ауыспалы мағына», – дейді.