وَعَنْ أَبِي رَزِينَ الْعُقَيْلِيِّ قَالَ: قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ كَيْفَ يُعِيدُ اللَّهُ الْخَلْقَ؟ وَمَا آيَةُ ذَلِكَ؟ قَالَ: أَمَا مَرَرْتَ بِوَادِي قَوْمِكَ جَدْبًا، ثُمَّ مَرَرْتَ بِهِ يَهْتَزُّ خَضِرًا؟ قُلْتُ: نَعَمْ. قَالَ: فَتِلْكَ آيَةُ اللَّهِ فِي خَلْقِهِ، كَذَلِكَ يُحْيِي اللَّهُ الْمَوْتَى. أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.
Әбу Рәзин әл-Уқайли (р.а.) былай дейді: «Уа, Алланың елшісі, Алла жаратқандарын қалай қайта тірілтеді? Соның нышаны қандай?» – деп сұрадым. Ол: «Еліңнің аңғарынан қуаң кезде өткен жоқ па едің? Кейін сол аңғар жап-жасыл болып жайқалғанда тағы өтпеп пе едің?» – деді. «Иә», – дедім. Сонда ол: «Бұл – Алланың жаратылыстағы белгісі. Алла өлгендерді де осылай тірілтеді», – деді1.
Түсіндірме
Алла Елшісінің (с.а.с.) ақыретте қайта тірілуге келтірген бұл мысалы Құранның баяндау тәсіліне сай. Құран да осы дүниеде көзімізбен көретін құбылысты мысал етіп, қайта тірілудің соған ұқсайтынын білдіреді.
«Алла әуелі желдерді естіреді, сөйтіп (Оның құдірет-күшімен) ескен желдер бұлттарды қозғалысқа келтіреді. Содан Біз ол бұлттарды (өсімдік атаулыдан жұрдай) өлі мекенге қарай айдап әкетеміз. Нәтижеде, өлі жерді (бұлттардан жауған жауынмен) қайта тірілтеміз. Өлгеннен кейін қайта тірілу, міне, осылай болмақ»2.