وَعَنْ أَبِي إِسْحَاقَ قَالَ: قَالَ عَلِيٌّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، وَنَظَرَ إِلَى ابْنِهِ الْحَسَنِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَقَالَ: إِنَّ ابْنِي هَذَا سَيِّدٌ كَمَا سَمَّاهُ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، وَسَيَخْرُجُ مِنْ صُلْبِهِ رَجُلٌ يُسَمَّى بِاسْمِ نَبِيِّكُمْ، يُشْبِهُهُ فِي الْخُلْقِ وَلَا يُشْبِهُهُ فِي الْخَلْقِ. ثُمَّ ذَكَرَ قِصَّةَ يَمْلَأُ الْأَرْضَ عَدْلًا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Әбу Исхақ былай дейді: «Әли (р.а.) ұлы Хасанға (р.а.) қарап: “Мына ұлым – Алла елшісі (с.а.с.) атағандай, ел ағасы. Оның ұрпағынан пайғамбарларыңмен аттас бір адам шығады. Мінез-құлқы Пайғамбарға ұқсайды, сырт келбеті ұқсамайды”, – деді. Одан әрі оның жер бетін әділдікке толтыратыны жайлы баяндады»1.
Түсіндірме
1. Мәһди деп ақырзаманда келіп, мұсылмандардың дінін жаңғыртады делінген тұлғаны атайды. Бұл сөз «һидаят» түбірінен тарайды. Негізгі мағынасы – «Алла тура жолға салған адам». «Өзгелерді тура жолға бастайтын адам» деген мағынада да қолданылады.
Мәһди жайлы көп хадис жеткен. Ғалымдар оларды мұтауатир дәрежесінде деп қабылдаған. Ибн Халдун бұл хадистердің әлсіз екенін алға тартқан, ал бірқатар ислам ғалымы оның пікірін теріске шығарған. Әбу Дәуіт жинағына түсіндірме жазған Азимабадидің айтуынша, Алла Елшісінен (с.а.с.) бері мұсылмандар ақырзаманда әһлі бәйттен бір адам шығып, дінді нығайтып, әділдік орнатады, мұсылмандар оған еріп, ол ислам елдерінде билік жүргізеді деп сенген. Сол адам Мәһди деп аталады деген түсінік кең тараған.
Сахих риуаяттарда Дажжал мен Мәһдидің шығуы және одан кейін Қияметтің бірқатар белгісі көрініс беретіні айтылады. Кей нұсқада әзірет Иса Мәһдиден кейін түседі. Басқа нұсқада екеуі бір уақытта шығып, әзірет Иса Мәһдиге көмектеседі, екеуі Дажжалды өлтіреді, кейін Иса Мәһдиге ұйып намаз оқиды.
Мұтауатир дәрежесіне жетті деп қабылданған осы хадистерді Әбу Дәуіт, Тирмизи, Ибн Мәжа, Баззар, Хаким, Табарани және Әбу Яғла әл-Маусили сынды белгілі имамдар өз жинақтарына енгізген. Хадистерді Әли, Ибн Аббас, Ибн Омар, Талха, Ибн Мәсғуд, Әбу Һурайра, Әнәс, Әбу Сағид әл-Худри, Үммі Хабиба, Үммі Сәләма, Сәубан, Құрра ибн Ияс, Әли әл-Хилали және Абдулла ибн әл-Харис ибн әл-Жазғ (р.а.) секілді белгілі сахабалар жеткізген.
Бұл риуаяттардың иснадтары арасында әлсіздері де, хасандары да, сахихтары да бар. Риуаяттар мұтауатир дәрежесіне жеткенде, жекелеген әлсіз иснадтар шешуші рөл атқармайды.
Қазір «Исламда Мәһдиге сену жоқ» деген пікір айтылып жүр. Автор мұны Батыс ықпалынан туған көзқарас деп санайды. Оның айтуынша, бұл пікірді ұстанушылар діни дереккөздерді терең зерттемей, Мәһдиге сену исламға кейіннен енген деп есептейді. Олар ең алдымен Ибн Халдунға сүйеніп, өз пікірін мынадай уәждермен негіздейді.
1) Құранда Мәһди туралы айтылмаған.
2) Бұхари мен Мүслім сияқты ең сенімді дереккөздерде Мәһди жайлы хадис жоқ.
3) Мәһди туралы риуаяттар – ахад хабарлар.
4) Олардың пікірінше, Мәһдиге сену – әр дінде кездесетін аңыздардың бірі, оны теріс ниетті адамдар өз мақсатына пайдалануы мүмкін. Енді осы уәждерге тоқталайық.
1) Құрандағы Мәһди мәселесі
Құранда «Мәһди» атауы кездеспейді. «Дажжал» атауы да дәл осылай келмеген. Алайда атаудың болмауы онымен байланысты ұғым да жоқ дегенді білдірмейді.
Мәһдиді діндегі бұрмалауды түзететін, қоғамды жайлаған зұлымдық пен жамандықты жойып, әділдік орнататын құтқарушы деп ұғынуға болады. Жоғарыда келтірілген хадистер де осы мағынаны қуаттайды.
Осыған қатысты Құранда мисақ, яғни берік уәде жайлы аяттар бар. Кей аяттарда әр пайғамбар өзінен кейін келетін құтқарушы туралы үмбетіне хабар беріп, ол келгенде ілесуге уәде алғаны баяндалады. Сол аяттардың мағынасы мынадай. «Алла пайғамбарлардан “Сендерге Кітап пен хикмет бердім. Содан кейін қолдарыңдағыны растайтын елші келсе, оған міндетті түрде иман келтіріп, жәрдем бересіңдер” деп уәде алған еді. Алла “Мұны мойындап, осы міндеттемемді қабыл алдыңдар ма?” деді. Олар “Мойындадық” десті. Алла “Ендеше, куә болыңдар. Мен де сендермен бірге куәмін” деді. Осыдан кейін кім сырт айналса, солар – пасықтар»2.
Ғалымдар осы аятқа және өзге аяттар мен хадистерге сүйеніп, әзірет Адамнан бастап әр пайғамбардан өзінен кейін келетін пайғамбарды да, Мұхаммедті (с.а.с.) де қолдау жөнінде уәде алынғанын айтады. Жоғарыдағы аяттың өзі бұл мағынаны тікелей баяндамайды. Ал Ибн Аббас пен Әлиден (р.а.) жеткен хабарда «Алла әр пайғамбардан, егер Мұхаммед оның көзі тірісінде жіберілсе, оған иман келтіріп, жәрдем беруге уәде алды» делінген. Риуаяттың жалғасында Алла әр пайғамбарға өз үмбетінен де, егер Мұхаммед олардың көзі тірісінде жіберілсе, оған иман келтіріп, жәрдем беруге уәде алуды бұйырғаны айтылады.
Автордың пікірінше, Інжіл мен Тауратта бұрмалауға ұшыраған тұстарға қарамастан, Алла Елшісінің (с.а.с.) келетінін білдіретін көптеген үзінді сақталған. Хүсейін әл-Жисри «Рисале-и Хамидия» еңбегінде солардың жүз он шақтысын көрсеткен. Автор зәрдүштердің, брахмандардың және буддистердің қасиетті кітаптарында да ардақты Пайғамбар туралы айтылған деп пайымдайды. Сол деректер бұл кітаптардың түп төркіні сәмәуи болуы мүмкін деген сенімін қуаттайды. Азияны аралаған саяхатшы Абдуррашид Ибраһим естелігінде бір будда монахы қасиетті кітаптарында Мұхаммед (с.а.с.) туралы айтылғанын, сондықтан оның пайғамбарлығын теріске шығара алмайтынын айтқанын жеткізеді. Мұхаммед Хамидулла «Расулулла Мұхаммед» атты кітабында осы мәселені аталған кітаптар негізінде егжей-тегжейлі зерттеген. Әзірет Адамнан бері әр пайғамбар өз үмбетіне мына екі міндетті ескерткен делінеді.
1. Өзінен кейін келетін пайғамбарға ілесу.
2. Мұхаммед (с.а.с.) келгенде оны тану. Пайғамбарлар осыған уәде алып, Алла Елшісінің (с.а.с.) кейбір айрықша сипаттарын да білдірген. Осы пікірді ашу үшін аталған кітаптан үзінді келтірейік.
Автор әуелі әзірет Адам мен оның ұлы Шит туралы жазады. «Адам мен оның ұлы Шиске, яғни Шит пайғамбарға берілген кітаптардың мазмұны бізге белгісіз. Бізге жеткен ең көне мәлімет Ыдырыс пайғамбар жайлы болса керек. Ислам дереккөздерінде жазуды осы пайғамбар ойлап тапқан делінеді. Яһуданың хатына қарағанда, Адамнан кейін келген Ыдырыс былай деп алдын ала хабар берген3. “Раббы он мыңдаған қасиетті жанмен келіп, түпкілікті үкім шығарады. Ол Өзінің әміріне қарсы істеген күнәлары мен Өзіне қарсы айтқан өктем сөздері үшін күнәһарларды есепке тартады”.
Христиан тәпсіршілері бұл сөздерден болашақта біреудің келетінін алдын ала білдірген сүйінші хабарды көреді. Өкінішке қарай, Ыдырыс пайғамбардың сол хабарының қалған бөлігі бізге жетпеген».