ҚИЯМЕТ ЖӘНЕ СОҒАН ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР
Хадистер
Ислам сенімі бойынша, ғалам кейіннен жаратылған. Жаратылған дүниенің бәрі пәни. Осы заттық әлем де бір күні ақырына жетеді. Дініміз бұл ұлы оқиғаны «қиямет» деп атайды. Қиямет – дүниенің өлімі. Аспаннан түскен діндердің бәрінде осы дүниенің соңы, одан кейінгі қайта тірілу мен есеп күні туралы айтылады. Этнологиялық зерттеулер көне діндердің өзінде о дүниеге сенім болғанын көрсетеді. Осы тұрғыдан қияметке сенім – бүкіл адамзат мәдениетіне ортақ негізгі ұғымдардың бірі.
Қияметке сену – Ислам сенімінің алты негізінің бірі саналатын ақыретке сенудің бір бөлігі. Ақырет өмірі қияметтен басталады. Одан кейін адамдар қайта тіріліп, жиналады, есеп береді, қылкөпірден өтеді. Содан соң жәннаттықтар жәннатқа, тозақтықтар тозаққа барады. Осылайша сынақсыз мәңгілік өмір басталады.
Бәдиуззаман қияметті былай суреттейді: «Бұл дүниенің өлер алдындағы халін Құран аяттары ишара еткендей елестеткің келсе, зер сал. Ғаламның бөлшектері бір-бірімен нәзік әрі асқақ тәртіппен байланысып жатыр. Оларды көзге көрінбейтін нәзік байланыс ұстап тұр. Бәрі өзара сонша үйлескен, аспан денелерінің біреуіне ғана “Бол!” немесе “Өз білігіңнен ауытқы!” деген әмір жетсе, дүние жантәсілім ете бастайды. Жұлдыздар соқтығысып, аспан денелері толқиды. Шексіз кеңістікте миллиондаған шардай зеңбірек добы жарылғандағы гүрсілге ұқсас сұрапыл үн көтеріледі. Денелер соқтығысып, ұшқын шашады, таулар ұшады, теңіздер жанады, жер беті тегістеледі. Осы өлім мен жантәсілім кезінде Мәңгі Құдірет Иесі ғаламды шайқап, ішіндегіні бір-бірінен ажыратады. Тозақ пен соған тиесілі нәрселер бір жаққа, жәннат пен соған лайық нәрселер екінші жаққа тартылады. Сөйтіп, ақырет әлемі көрініс береді».
Бәдиуззаманның пайымынша, қиямет – бір-бірімен араласып жатқан қарама-қарсы нәрселерді ажыратып, бірінен жәннат, екіншісінен тозақ түзілетін ұлы оқиға. Ғалам сол үшін шайқалады. Ол сөзін былай жалғайды: «Ғаламға зер салсаң, оның әр тұсына тарап, тамыр жайған екі негізді көресің. Жақсылық пен жамандық, әсемдік пен ұсқынсыздық, пайда мен зиян, кемелдік пен кемшілік, жарық пен қараңғылық, тура жол мен адасу, нұр мен от, иман мен күпір, мойынсұну мен қарсы келу, қорқыныш пен сүйіспеншілік сияқты іздері мен жемістері арқылы қарама-қарсы нәрселер осы ғаламда арпалысады. Олар үнемі өзгеріп, бір қалыптан екінші қалыпқа ауысады. Ғаламның тетіктері басқа дүниенің жемісін әзірлейтін шеберхананың тетіктеріндей айналып тұр. Осы екі негіздің қарама-қарсы бұтақтары мен нәтижелері мәңгілікке жалғасады, әрқайсысы өз алдына топтасып, бір-бірінен ажырайды. Сонда олар жәннат пен тозақ түрінде көрініс береді. Жәннат пен тозақ – жаратылыс ағашының мәңгілікке иіле созылған бұтағының екі жемісі, ғалам тізбегінің екі нәтижесі, оқиғалар тасқыны құятын екі қойма, мәңгілікке қарай ағып, толқыған жаратылыстың екі хауызы, Алланың мейірімі мен қаһары көрінетін екі мекен. Құдірет қолы ғаламды қатты шайқағанда, осы екі хауыз өзіне лайық дүниелерге толады».
ҚИЯМЕТ ЖӘНЕ СОҒАН ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР
Ислам сенімі бойынша, ғалам кейіннен жаратылған. Кейіннен пайда болғанның бәрі пәни. Бұл дүниенің де бір күні ғұмыры тәмамдалады. Исламда осы ұлы оқиға Қиямет деп аталады. Басқаша айтқанда, Қиямет – дүние тіршілігінің ақыры. Сәмәуи діндердің бәрінде дүниенің ақыры, одан кейінгі қайта тірілу мен есеп күні туралы айтылады. Этнологиялық зерттеулер байырғы діндерде де ақыретке сенім болғанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қияметке сену – адамзат мәдениетіне ортақ негізгі ұғымдардың бірі.
Қияметке сену – ислам ақидасының алты негізінің бірі саналатын ақыретке иманның бір бөлігі. Ақырет өмірі Қияметтен басталады. Одан кейін жұрт махшарға жиналып, есеп береді, қылкөпірден өтеді. Адамдар жәннаттықтар мен тозақтықтар болып бөлініп, әрқайсысы өз мекеніне барады. Содан кейін сынақсыз мәңгілік өмір басталады.
Бәдиуззаман Қияметті былай суреттейді. «Дүниенің жантәсілімін Құран аяттары ишарат еткен қалпында көзге елестеткің келсе, қара. Ғаламның бөлшектері бір-бірімен нәзік те асқақ тәртіппен байланысқан. Оларды көзге көрінбес нәзік байланыс ұстап тұр. Тәртіптің берік сақталғаны сонша, аспан денелерінің біріне ғана “Бол!” не “Өз осіңнен шық!” деген әмір берілсе, дүниенің жантәсілімі басталады. Жұлдыздар соқтығысып, аспан денелері толқиды. Шетсіз кеңістікті алып шарлардың гүрсіліндей орасан жаңғырық кернейді. Олар бір-біріне соғылып, ұшқын шашады. Таулар ұшып, теңіздер отқа оранып, жер беті тегістеледі. Міне, осындай жантәсілім кезінде Мәңгі Құдірет Иесі ғаламды сілкіп, ондағы нәрселерді ажыратады. Тозақ пен оған тиесілі нәрселер бір жаққа, жәннат пен оған лайық нәрселер екінші жаққа бөлінеді. Сөйтіп ақырет әлемі көрініс береді».
Бәдиуззаманның пайымынша, Қиямет – ғаламды шайқап, бір-бірімен араласып жатқан қайшы нәрселерді ажырататын ұлы оқиға. Солардың бірінен жәннат, екіншісінен тозақ түзіледі. Ғалым сөзін былай жалғайды. «Ғаламға зер салсаң, оның әр түкпіріне таралып, тамыр жайған екі бастау барын көресің. Жақсылық пен жамандық, көркемдік пен ұсқынсыздық, пайда мен зиян, кемелдік пен кемшілік, жарық пен қараңғылық, тура жол мен адасу, нұр мен от, иман мен күпір, бойсұну мен қарсы шығу, қорқыныш пен сүйіспеншілік осы ғаламда өз салдарымен, өз жемісімен бір-біріне қарсы келіп жатады. Олар үнемі өзгеріп, түрленеді. Ғалам басқа бір әлемнің жемісін әзірлейтін шеберханадай. Екі бастаудың бір-біріне қайшы бұтақтары мен нәтижелері мәңгілікке ұласып, топтасып, бір-бірінен ажырайды. Сонда олар жәннат пен тозақ түрінде көрініс береді. Иә, жәннат пен тозақ – жаратылыс ағашының мәңгілікке созылған бұтағының екі жемісі, ғалам тізбегінің екі нәтижесі, оқиғалар ағыны құятын екі қойма, мәңгілікке қарай толқып аққан тіршіліктің екі айдыны, Алланың рақымы мен қаһары көрінетін екі мекен. Құдірет Иесі ғаламды қатты шайқағанда, осы екі айдын өзіне тиесілі нәрселермен толады».1
Қиямет белгілері
Әзірет Иса мен Мәһди туралы
Мәһди мен Дажжалға қатысты хадистерді түсіндірмес бұрын, бір-бірімен сабақтас осы екі ұғымға тоқталайық. Көп хадисте екеуі қатар аталады. Мәһди Дажжалдың бүлдіргенін түзету үшін келеді. Хадистерде отыз шақты жалған дажжалдың шығатыны айтылған. Мәһдидің саны туралы ондай хабар жоқ. Ал мұжаддидтің әр ғасырда келетіні айтылады. Кейбір риуаятта әзірет Иса әрі мұжаддид, әрі Мәһди ретінде аталады. Сөйтіп кейде екі ұғым ғана емес, төртеуі де өзара тоғысып, мәселе күрделене түседі. Болашақ туралы хабарларда осындай көмескілік кездеседі. Сондықтан бұл атауларды белгілі бір адаммен шектемей, әр дәуірдегі бірнеше тұлғаға ортақ сипат ретінде де ұғынуға болады.
Енді осы ұғымдарға жеке тоқталайық.
Мұжаддидке сену. Алла Елшісі (с.а.с.) бір хадисінде «Алла осы үмбетке әр жүз жылдың басында дінін жаңғыртатын адам жібереді» деген. Осы хабарға сүйенген жұрт мұжаддидті алғашқы ғасырдан-ақ күткен. Бірінші ғасырдың мұжаддиді деп Омар ибн Абдулазиз танылды. Кейін әр ғасырда түрлі адамдар мұжаддид атанды. Олардың есімдері мен төңірегіндегі пікірталастарды түгел келтіру бұл тақырыптың аясын кеңейтіп жіберер еді. Мұсылмандардың мұжаддид жайлы түсінігін және оған қандай сипаттар тән деп білгенін көрсету үшін «Сахих әл-Бұхариге» түсіндірме жазған Бәдруддин әл-Айнидің пікірін келтірейік.2
«…Нәуәуи “Таһзиб әл-әсмада” былай дейді. “Ғалымдар бірінші ғасырдың мұжаддиді деп Омар ибн Абдулазизді, екінші ғасырда Шафиғиді, үшінші ғасырда Әли ибн Шурайхты атаған. Хафыз Ибн Асакир үшінші ғасыр үшін Әбу әл-Хасан әл-Ашғариді ұсынған. Төртінші ғасыр үшін Әли ибн Әбу Сәһл әш-Шуғлукиді, сондай-ақ Бақилланиді және Әбу Хамид әл-Исфараиниді атағандар бар. Бесінші ғасыр үшін Ғазалиді атаған”. Кирмани былай дейді. “Мұжаддидтің кім екенін кесіп айту қиын. Ханафилер арасында екінші ғасырда Хасан ибн Зияд, үшінші ғасырда Тахауи және солармен деңгейлес ғалымдар болды. Мәликилер арасында екінші ғасырда Әшһаб, ханбалилер арасында үшінші ғасырда Халлал, бесінші ғасырда әр-Рағуни болды. Хадис ғалымдарынан екінші ғасырда Яхия ибн Мағинді, үшінші ғасырда Нәсәиді, билік иелерінен әл-Мәмун, әл-Мұқтадир, әл-Қадирді, заһидтерден екінші ғасырда Мағруф әл-Кархиді, үшінші ғасырда әш-Шиблиді атауға болады. Хадисте дінді жаңғыртатын кісіні білдіретін ‘мән’ сөзі бір адамға да, бірнеше адамға да қатысты айтылады. Сондықтан аталған топтардың әрқайсысынан дінге қызмет етіп, оның ұстанымдарын жандандырған кісілер шыққан. Әр ғасырдың соңында да діннің талаптарын орнықтырып, кемшіліктерді түзеткендер болған”».
Осы сөздерге сүйенсек, мұсылмандар арасында мұжаддидке қатысты мынадай түсінік қалыптасқан.
1. Мұжаддид – діннің сыртқы үкімдері мен ішкі мәнін зерттейтін ілімдерді меңгерген ғалым. Ол сүннетті бидғаттан арылтады, ілімді таратады, ілім иелеріне жәрдемдеседі. Бидғатты таратушыларға қарсы тұрып, олардың теріс ісін әшкерелейді.
2. Әр ғасырда бір ғана мұжаддид келеді деген шарт жоқ. Бір кезеңде әртүрлі жерде бірнеше мұжаддид шығуы мүмкін.
3. Әр қауым өз имамын хадисте айтылған мұжаддид деп таныған. Ал бұл ұғым тәпсірші, хадисші, фақиһ, грамматика мен лұғат маманы секілді әр саланың көрнекті өкілдерін қамтиды.
4. Мұжаддидтің кім екені өзі өмір сүрген дәуірде анық білінбеуі мүмкін. Замандастары оның ісі мен болмысына қарап, мұжаддид болуға лайық деп топшылайды.
5. Тәждидтің мақсаты – Құран мен сүннеттің ескерусіз қалған үкімдерін жандандыру, олардың талаптарын орындауға шақыру және сүннетке қайшы, кең тараған бидғаттарды жою.
Мұсылмандар мұжаддидке үміт арта бергенде, дінге қайшы істер көбейген заманда ілімімен, амалымен, дін жолындағы еңбегімен танылған адамдардың соңынан ерушілер табылады. Дінді танып, рухани серпіліс алуына сол кісілер себеп болды деп білген жұрт оларды мұжаддид деп тануы мүмкін. Ілімі мен қайраты бар адамды осылай танығандарды жазғырып, қателесті деп айыптауға негіз жоқ. Тарихта мұндай жағдай кездескен, алда да кездесері анық. Дегенмен ешкім «Осы ғасырдың мұжаддиді – осы кісі» деп кесіп айтуға немесе өзге пікірді теріс деп айыптауға хақылы емес. Жоғарыдағы деректен байқағанымыздай, беделді ғалымдардың өзі ұсынған мұжаддидтер туралы пікірлер әртүрлі болған. Тіпті кейбір сүннит ғалымдар шиға ғалымдарының арасынан да мұжаддид атаған. Жалаладдин әс-Суюти әр ғасырдың мұжаддидін атаған қасидасында өзін һижраның тоғызыншы ғасырының мұжаддиді деп көрсеткен. Мұжаддидтерді тек шафиғи фақиһтарынан іздегені үшін Ибн Хажарды сынаған Әли әл-Қари әс-Суютиді діни ілімнің әр саласында еңбек жазғаны үшін мұжаддид атағына лайық көрген.
3) Мәһдиге сену. Жұрттың бір тұлғаның маңына топтасуына ықпал еткен діни ұғымдардың бірі – Мәһдиге сену. Алла Елшісінен (с.а.с.) түрлі жолмен жеткен риуаяттарда Қиямет жақындағанда қоғам бұзылып, дінсіздік саяси билікке ие болатыны айтылады. Сол тұста Мәһди шығады немесе әзірет Иса жерге түсіп, иман иелерін бастап, зұлым күштермен күресте жеңіске жетеді. Ғасырлар бойы қоғамда жамандық пен бүлікті өршіткен адамдарға қарсы тұрған кей тұлғаларды жұрт Мәһди деп танып, төңірегіне топтасқан.
Болашақта келеді делінген тұлға хадистерде әртүрлі сипатталады. Бір риуаятта Мәһди әһлі бәйттен, яғни Пайғамбардың (с.а.с.) ұрпағынан болады делінсе, екіншісінде Мәһди атқаратын істің денін әзірет Иса атқаратыны айтылған. Тағы бірінде Мәһди дегеніміз – әзірет Иса делінеді. Мұжаддид, Мәһди және әзірет Исаның жерге қайта түсуі өз алдына бөлек ұғымдар болса да, кей риуаяттарда тоғысып келеді. Мұжаддид мәселесіндегідей, Мәһдиді де белгілі бір өңірден, белгілі бір уақытта шығатын нақты адам деп күту орынсыз болуы мүмкін. Әр дәуірде, әр өңірде осы сипатқа сай келетін адамдар болуы ықтимал. Мәһдиге сенімнің Дажжал туралы хабарлармен сабақтас келуі де осы пайымды қуаттайды. Хадисте шын Дажжалдан бұрын жер бетінде отыз шақты жалған дажжал шығатыны ескертілген. Алла Елшісі (с.а.с.) Дажжал жайлы кейде сондай әсерлі айтқандықтан, замандастары оның бүлігіне өз дәуірінде тап боламыз ба деп қауіптенген. Пайғамбар (с.а.с.) «Нұхтан бері үмбетін Дажжалдан сақтандырмаған пайғамбар жоқ. Мен де сендерді сақтандырамын. Мені көріп, сөзімді естігендер де Дажжалды көруі мүмкін» деген. Кей риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.) Ибн Сайядтың Дажжал болуы мүмкін екенін тексергені, ал кей сахабалардың оны Дажжал деп танығаны айтылады. Алла Елшісінің (с.а.с.) намаздан кейінгі дұғасында Дажжалдың бүлігінен пана сұрағаны да осыған қатысты.
Дажжалдың бүлігін тоқтатуға келетін Мәһдидің қайда, қашан шығатыны Дажжалдың шығуындай көмескі. Сондықтан әр дәуірде ислам әлемінің түрлі өңіріндегі зұлым адамдарға «дажжал», ал дінге ауқымды қызмет еткендерге «мәһди» деп қараудың ағаттығы жоқ деуге болады. Автордың пайымынша, осы тақырыптағы хадистердің көмескі әрі бейнелі келуі оларды осылай түсінуге мүмкіндік береді. Мұндай астар риуаяттардың әлсіздігінен емес, пайғамбар тілінің иғжазынан туындайды. Кей тұлғаларды Мәһди деп танығандарды «қателесті» не «адасты» деп асығыс айыптамаған жөн. Өздері де хадисте көрсетілген өлшемдерден шықпай, басқаларды өз пікіріне күштеп иландырмауға және келіспеген адамды айыптамауға тиіс.3
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لَيُوشِكَنَّ أَنْ يَنْزِلَ فِيكُمُ ابْنُ مَرْيَمَ حَكَمًا مُقْسِطًا، فَيَكْسِرَ الصَّلِيبَ، وَيَقْتُلَ الْخِنْزِيرَ، وَيَضَعَ الْجِزْيَةَ، وَيَفِيضَ الْمَالُ حَتَّى لَا يَقْبَلَهُ أَحَدٌ حَتَّى تَكُونَ السَّجْدَةُ الْوَاحِدَةُ خَيْرًا مِنَ الدُّنْيَا وَمَا فِيهَا. ثُمَّ يَقُولُ أَبُو هُرَيْرَةَ: اقْرَؤُوا إِنْ شِئْتُمْ: وَإِنْ مِنْ أَهْلِ الْكِتَابِ إِلَّا لَيُؤْمِنَنَّ بِهِ قَبْلَ مَوْتِهِ وَيَوْمَ الْقِيَامَةِ يَكُونُ عَلَيْهِمْ شَهِيدًا. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.
Қазақша аудармасы
Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Жаным қолында болған Аллаға ант етемін! Мәриямұлы Иса араларыңа әділ төреші болып түсетін күн жақын. Ол айқышты сындырады, доңызды өлтіреді және жизияны жояды. Мал-мүлік молаятыны сонша, оны ешкім қабыл алмайды. Бір сәжденің өзі дүние мен ондағының бәрінен қайырлы болады».
Содан соң Әбу Һурайра: «Қаласаңдар, мына аятты оқыңдар: “Кітап иелерінен өлмей тұрып Исаға иман келтірмейтін ешкім болмайды. Қиямет күні Иса оларға қарсы куәлік етеді”», – деген («Ниса», 159-аят)1.
Түсіндірме
1. Сеніміміз бойынша, әзірет Иса (а.с.) өлместен, тәнімен көкке көтерілген және сонда тірі. Хадиске сай, Қиямет жақындағанда жерге түсіп, Дажжалдың рухани бүлдіргенін қалпына келтіреді. Ол келгенде молшылық орнайды. Бұл оң өзгеріс рухани өмірмен қатар тұрмыс пен экономикаға да әсер етеді.
Автор айқыштың сындырылуын христиандықтың жойылуы деп түсіндіреді. Оның пайымдауынша, адамзаттың күйзелісіне себеп болып отырған Батыстың ықпалында шіркеудің орны бар. Сондықтан ол шіркеу ықпалының жойылуын Батыстың өзімшілдіктен арылып, шынайы адамгершілікке бет бұруымен байланыстырады. Әлем саясаты мен экономикасына ықпал еткен Батыс әділдікке бет бұрса, адамзат жалпыға ортақ бейбітшілікке қауышар еді деп санайды. Автор дүниенің әр қиырындағы қоғамдық бүліктер мен адамзат тартқан азаптың ар жағында Батыстың қолы бар деген пікір айтады.
Автор айқышты сындыруды доңыз етіне тыйым салумен де байланыстырады. Оның түсіндіруінше, христиандар доңыз етін жеуге діні рұқсат береді деп біледі. Ол діннің күші жойылғанда, өзге де негізсіз деп саналған нанымдармен бірге доңыз етін жеу әдеті де қалмақ. Бір риуаятта «Дұшпандық, жеккөрушілік пен қызғаныш та міндетті түрде жойылады» делінген. Автор мұны мұсылмандар мен христиандар арасында ғасырлар бойы жалғасқан дұшпандықтың тоқтауы деп ұғады. Оның пікірінше, бұл түйінде шіркеу негізгі орын алған, ал әзірет Исаның оны жоюы көп нәрсенің бірден өзгеретінін білдіреді.
2. Жизияның алынбауы христиандардың исламды қабылдауымен түсіндірілген. Мұсылманнан жизия алынбайды, ол зекет береді. Демек, бұл түсіндірмеге сай, әлемде бір ғана дін қалып, жизия төлейтін ешкім болмайды. Басқа бір жорамал бойынша, дәулет молайғаны сонша, жизиядан жиналған қаражатқа мұқтаж кедей қалмайды. Жұрт мұқтаждықтан арылғанда, жизия да қажет болмайды. Қади Ияд сөздің өзге мағынасын ұсынады. Оның пікірінше, жизияны мұсылман еместердің бәріне белгілеу де меңзелуі ықтимал, мұндай жағдайда молшылық жизиядан түскен қаражат арқылы орнайды.
Нәуәуи Қади Иядтың жорамалына қосылмай, «Әзірет Иса исламнан басқа дінді қабылдамайды» деген. Ахмад ибн Ханбал келтірген бір нұсқада «Дін бір болады» делінген.
Нәуәуи жизияның шариғатта заңды болған мерзімі әзірет Иса түсетін кезге дейін ғана жалғасатынын айтады. Оның түсіндіруінше, бұл хадис үкімнің аяқталатын уақытын білдіреді. Әзірет Иса үкімді өздігінен жоймайды. Алла Елшісі (с.а.с.) оның күшінің қай кезден бастап тоқтайтынын хабарлаған. Ибн Баттал былай дейді. «Әзірет Иса түскенге дейін қаражатқа мұқтаж болғандықтан, жизияны қабылдаймыз. Ол келген соң дәулет тасып, ешкім мал алғысы келмейді. Тағы бір ықтимал түсіндірме бар. Яһуди мен христиандардан жизия қабылдаудың заңдылығы қолдарындағы кітаптың уахиға сүйену ықтималдығымен және олардың өздерін бұрынғы шариғатқа жатқызуымен байланысты. Әзірет Иса түскенде, оны өз көздерімен көреді. Сонда олардың уәжі әлсіреп, жағдай айқындалады да, әлгі күмән сейіледі. Осы түсіндірмеге сай, олар өзге мүшріктермен бірдей қаралып, жизиясы қабылданбайды».
Бұл пікірден әзірет Иса түскенде оны барша жұрт таниды деген ұғым шығуы мүмкін. Алайда ақырзамандағы тұлғаны жұрттың бәрі бірдей бірден таниды деуге негіз жоқ. Оны жақындары мен рухани дәрежесі биік адамдар танығанмен, өзгелер аңғармауы мүмкін. Әйтпесе дүниедегі сынақтың мәні қалмас еді.
Әзірет Иса түскенде жер қазынасы ашылады, бірақ Қиямет таяғандықтан оған ешкім қызықпайды деген жорамал да осы тұрғыдан толық қанағаттандырмайды.
3. «Бір сәжде дүние мен ондағының бәрінен қайырлы болады» деген сөзді кей ғалымдар сол кезде садақа қабылдайтын адам қалмайтынымен түсіндірген. Олардың пайымынша, Аллаға жақындаудың ең абзал жолы құлшылық пен намаз болмақ. Басқалары адамдар дүниеден теріс айналып, бір сәждені ондағы бүкіл игіліктен артық көретінін айтқан.
Ибн әл-Жаузидің пайымдауынша, Әбу Һурайра риуаят соңында аят оқып, оны бір сәжденің дүние мен ондағыдан артық болатыны туралы сөзбен сабақтастырған. Ол осылайша адамдардың түзеліп, иманы күшейіп, ізгі амалға бет бұратынын меңзеген. Иман күшейген кезде олар бір сәждені бүкіл дүниеден артық көреді. Ибн әл-Жаузи бұл жердегі «сәждені» бір рәкат намаз деп түсіндіреді.
4. Аятқа қатысты бірнеше түсіндірме бар.
• Хадистен аңғарылғандай, Әбу Һурайраның (р.а.) түсінігінде «оған иман келтіреді» және «ол өлмей тұрып» дегендегі есімдіктердің екеуі де әзірет Исаға қатысты. Сонда аят «Әзірет Иса дүниеден өтпей тұрып, кітап иелерінің бәрі оған иман келтіреді» деген мағына береді. Ибн Аббас та осы түсіндірмені қолдаған. Одан жеткен бір риуаятта «Ешбір яһуди де, христиан да Исаға иман келтірмей өлмейді. Алайда ажал үстінде келтірген иманның пайдасы жоқ» делінген.
• Тәпсіршілер бұл мәселеде әртүрлі пікір айтқан. Кейбірі «оған иман келтіреді» дегендегі есімдік Алланы немесе Мұхаммедті (с.а.с.) білдіреді, ал «өлмей тұрып» дегендегі есімдік кітап иесінің өзіне не әзірет Исаға қатысты деп түсіндірген. Осыған сай, кітап иелері шынайы иманға жетіп барып дүниеден өтеді деген мағына шығады. Бір жорамал бойынша, бірде-бір яһуди не христиан әзірет Исаға дұрыс иман келтірмей өлмейді. Нәуәуи бұл пікірді былай түсіндіреді. «Кітап иелерінің әрқайсысы ажалы жетіп, жаны шықпай тұрып, ақиқатты өз көзімен көргенде, Исаның Алланың құлы әрі Оның бір күңінің ұлы екеніне сенеді. Алайда ондай иман оған пайда бермейді. Аятта “Өмір бойы күнә жасап, ажал жеткенде ‘Енді тәубе еттім’ дегеннің де, күпір күйінде өлгеннің де тәубесі қабыл болмайды. Біз оларға жанға бататын азап әзірледік” делінген»2.
Нәуәуи осы соңғы түсіндірмені негіздірек көреді. «Алдыңғы түсіндірме кітап иелерін тек әзірет Иса түскен кезде тірі болғандармен шектейді. Ал аяттың сыртқы мағынасы олардың бәрін, әзірет Иса түскен кезде өмір сүретіндерді де, одан бұрын өмір сүргендерді де қамтиды», – дейді ол.
• Кейбір мұсылман ғалымдары әзірет Исаның түсуіндегі хикмет өзін өлтірдік деген яһудилердің уәжін теріске шығаруға байланысты деп түсіндірген. Олардың сөзінше, Алла сол уәждің жалған екенін білдірген.
• Мынадай пікір де бар. Әзірет Иса Мұхаммедтің (с.а.с.) және оның үмбетінің сипаттарын білгенде, өзін де осы үмбеттен етуін тілеп, Аллаға дұға еткен. Алла дұғасын қабыл алып, оны ақырзаманда мұжаддид ретінде жерге түсетін уақытқа дейін тірі қалдырған. Уақыты келгенде, ол жерге түсіп, Дажжалды өлтіреді. Оның түсуі Дажжалдың шығуымен тұспа-тұс келеді.
Ибн Хажар алдыңғы пікірді негіздірек санаған.
• Әзірет Исаның жерге түскеннен кейін қанша уақыт өмір сүретіні туралы риуаяттар әртүрлі.
• Бірқатар риуаятта жеті жыл тұрады делінген.
• Кей риуаятта түскеннен кейін үйленіп, тағы он тоғыз жыл өмір сүретіні айтылады.
• Басқа бір риуаятта қырық жыл өмір сүреді делінген.
• Әзірет Иса жайында мынадай риуаят та бар. «Әзірет Иса қызғылт топырақ түстес екі киім киіп түседі. Айқышты сындырады, доңызды өлтіреді, жизияны жояды, жұртты исламға шақырады. Оның дәуірінде Алла исламнан басқа діндердің бәрін жояды. Жер бетінде бейбітшілік орнайды. Арыстан түйемен бірге жайылады. Балалар жыланмен ойнайды».
• Әзірет Исаның көкке көтерілер алдында қайтыс болған-болмағаны туралы түрлі пікір бар. Бұл мәселеде мына аят негізге алынады. «Сол кезде Алла “Уа, Иса! Сені Мен аламын, Өзіме көтеремін, күпір еткендерден арылтамын…” деген еді»3.
• Әзірет Исаның көкке көтерілген кездегі жасы туралы да пікірлер әртүрлі. Отыз үш жаста дегендер де, жүз жиырма жаста дегендер де болған.
- 1Бұхари, «Буюғ», 102, «Мазалим», 31, «Әнбия», 49. Мүслим, «Иман», 242, № 155. Әбу Дәуіт, «Мәлахим», 14, № 4324. Тирмизи, «Фитән», 54, № 2234.
- 2«Ниса» сүресі, 18-аят.
- 3«Әли Имран» сүресі, 55-аят.
وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا تَزَالُ طَائِفَةٌ مِنْ أُمَّتِي يُقَاتِلُونَ عَلَى الْحَقِّ ظَاهِرِينَ إِلَى يَوْمِ الْقِيَامَةِ. فَيَنْزِلُ عِيسَى ابْنُ مَرْيَمَ فَيَقُولُ أَمِيرُهُمْ: تَعَالَ صَلِّ لَنَا. فَيَقُولُ: لَا. إِنَّ بَعْضَكُمْ عَلَى بَعْضٍ أُمَرَاءُ، تَكْرِمَةَ اللَّهِ تَعَالَى لِهَذِهِ الْأُمَّةِ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Қазақша аудармасы
Жәбир (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Үмбетімнің бір тобы Қиямет күніне дейін ақиқат жолында күресіп, үстем бола береді. Мәриямұлы Иса түскенде, олардың басшысы: “Кел, бізге имам болып намаз оқы”, – дейді. Иса: “Жоқ. Өз араларыңнан бірің екіншіңе басшылық етесіңдер. Бұл – Алланың осы үмбетке көрсеткен құрметі”, – деп жауап береді»1.
Түсіндірме
Хадис исламның жер бетінде Қияметке дейін сақталып, ақиқатты ашық қорғауға күші жететінін білдіреді. Оған қарсы күштердің де болатыны аңғарылады. Дегенмен дін тұтас жеңіліп, ықпалынан айырылып, шектеулі топтың арасында жасырын қалмайды. Ақиқатты ашық қорғап, жеңіске жететін қауым болмақ. Пайғамбардың (с.а.с.) бұл хабары мүміндерге болашақтан үміт үзбеуге негіз береді. Мұсылмандар тарихта қысым көріп, қорлық пен көші-қонды, жеңілісті бастан өткергенімен, жер бетінен жойылған емес. Алла Елшісі (с.а.с.) осы жағдай Қияметке дейін жалғасатынын хабарлаған. Мұсылмандар бір өңірде қыспақ көрсе де, өзге өңірде тәухидтің байрағы желбірейді.
- 1Мүслим, «Иман», 247, № 156.
وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: لَوْ لَمْ يَبْقَ مِنَ الدُّنْيَا إِلَّا يَوْمٌ وَاحِدٌ لَطَوَّلَ اللَّهُ ذَلِكَ الْيَوْمَ حَتَّى يَبْعَثَ فِيهِ رَجُلًا مِنِّي، أَوْ قَالَ: مِنْ أَهْلِ بَيْتِي، يُوَاطِئُ اسْمُهُ اسْمِي، وَاسْمُ أَبِيهِ اسْمَ أَبِي، يَمْلَأُ الْأَرْضَ قِسْطًا وَعَدْلًا كَمَا مُلِئَتْ جَوْرًا وَظُلْمًا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ، وَاللَّفْظُ لَهُ، وَالتِّرْمِذِيُّ.
Қазақша аудармасы
Ибн Мәсғуд (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Дүниенің бір-ақ күні қалса, Алла менен тараған бір адамды сол күні жібергенше, ол күнді ұзартады».
Ибн Мәсғудтың айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.): «…Әулетімнен бір адамды жібереді», – деген де болуы мүмкін. Риуаятта: «Оның есімі менің есіміме, әкесінің есімі әкемнің есіміне сәйкес келеді. Жәбір мен зұлымдыққа толған жер бетін ол әділдік пен туралыққа толтырады», – делінген1.
- 1Әбу Дәуіт, «Мәһди», 1, № 4282. Тирмизи, «Фитән», 52, № 2231, № 2232.
وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الْمَهْدِيُّ مِنْ عِتْرَتِي مِنْ وَلَدِ فَاطِمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Қазақша аудармасы
Үммі Сәләма (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) «Мәһди – менің әулетімнен, қызым Фатиманың ұрпағынан» деген сөзін жеткізген1.
- 1Әбу Дәуіт, «Мәһди», 1, № 4284.
وَعَنْ أَبِي إِسْحَاقَ قَالَ: قَالَ عَلِيٌّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، وَنَظَرَ إِلَى ابْنِهِ الْحَسَنِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَقَالَ: إِنَّ ابْنِي هَذَا سَيِّدٌ كَمَا سَمَّاهُ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، وَسَيَخْرُجُ مِنْ صُلْبِهِ رَجُلٌ يُسَمَّى بِاسْمِ نَبِيِّكُمْ، يُشْبِهُهُ فِي الْخُلْقِ وَلَا يُشْبِهُهُ فِي الْخَلْقِ. ثُمَّ ذَكَرَ قِصَّةَ يَمْلَأُ الْأَرْضَ عَدْلًا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Қазақша аудармасы
Әбу Исхақ былай дейді: «Әли (р.а.) ұлы Хасанға (р.а.) қарап: “Мына ұлым – Алла елшісі (с.а.с.) атағандай, ел ағасы. Оның ұрпағынан пайғамбарларыңмен аттас бір адам шығады. Мінез-құлқы Пайғамбарға ұқсайды, сырт келбеті ұқсамайды”, – деді. Одан әрі оның жер бетін әділдікке толтыратыны жайлы баяндады»1.
Түсіндірме
1. Мәһди деп ақырзаманда келіп, мұсылмандардың дінін жаңғыртады делінген тұлғаны атайды. Бұл сөз «һидаят» түбірінен тарайды. Негізгі мағынасы – «Алла тура жолға салған адам». «Өзгелерді тура жолға бастайтын адам» деген мағынада да қолданылады.
Мәһди жайлы көп хадис жеткен. Ғалымдар оларды мұтауатир дәрежесінде деп қабылдаған. Ибн Халдун бұл хадистердің әлсіз екенін алға тартқан, ал бірқатар ислам ғалымы оның пікірін теріске шығарған. Әбу Дәуіт жинағына түсіндірме жазған Азимабадидің айтуынша, Алла Елшісінен (с.а.с.) бері мұсылмандар ақырзаманда әһлі бәйттен бір адам шығып, дінді нығайтып, әділдік орнатады, мұсылмандар оған еріп, ол ислам елдерінде билік жүргізеді деп сенген. Сол адам Мәһди деп аталады деген түсінік кең тараған.
Сахих риуаяттарда Дажжал мен Мәһдидің шығуы және одан кейін Қияметтің бірқатар белгісі көрініс беретіні айтылады. Кей нұсқада әзірет Иса Мәһдиден кейін түседі. Басқа нұсқада екеуі бір уақытта шығып, әзірет Иса Мәһдиге көмектеседі, екеуі Дажжалды өлтіреді, кейін Иса Мәһдиге ұйып намаз оқиды.
Мұтауатир дәрежесіне жетті деп қабылданған осы хадистерді Әбу Дәуіт, Тирмизи, Ибн Мәжа, Баззар, Хаким, Табарани және Әбу Яғла әл-Маусили сынды белгілі имамдар өз жинақтарына енгізген. Хадистерді Әли, Ибн Аббас, Ибн Омар, Талха, Ибн Мәсғуд, Әбу Һурайра, Әнәс, Әбу Сағид әл-Худри, Үммі Хабиба, Үммі Сәләма, Сәубан, Құрра ибн Ияс, Әли әл-Хилали және Абдулла ибн әл-Харис ибн әл-Жазғ (р.а.) секілді белгілі сахабалар жеткізген.
Бұл риуаяттардың иснадтары арасында әлсіздері де, хасандары да, сахихтары да бар. Риуаяттар мұтауатир дәрежесіне жеткенде, жекелеген әлсіз иснадтар шешуші рөл атқармайды.
Қазір «Исламда Мәһдиге сену жоқ» деген пікір айтылып жүр. Автор мұны Батыс ықпалынан туған көзқарас деп санайды. Оның айтуынша, бұл пікірді ұстанушылар діни дереккөздерді терең зерттемей, Мәһдиге сену исламға кейіннен енген деп есептейді. Олар ең алдымен Ибн Халдунға сүйеніп, өз пікірін мынадай уәждермен негіздейді.
1) Құранда Мәһди туралы айтылмаған.
2) Бұхари мен Мүслім сияқты ең сенімді дереккөздерде Мәһди жайлы хадис жоқ.
3) Мәһди туралы риуаяттар – ахад хабарлар.
4) Олардың пікірінше, Мәһдиге сену – әр дінде кездесетін аңыздардың бірі, оны теріс ниетті адамдар өз мақсатына пайдалануы мүмкін. Енді осы уәждерге тоқталайық.
1) Құрандағы Мәһди мәселесі
Құранда «Мәһди» атауы кездеспейді. «Дажжал» атауы да дәл осылай келмеген. Алайда атаудың болмауы онымен байланысты ұғым да жоқ дегенді білдірмейді.
Мәһдиді діндегі бұрмалауды түзететін, қоғамды жайлаған зұлымдық пен жамандықты жойып, әділдік орнататын құтқарушы деп ұғынуға болады. Жоғарыда келтірілген хадистер де осы мағынаны қуаттайды.
Осыған қатысты Құранда мисақ, яғни берік уәде жайлы аяттар бар. Кей аяттарда әр пайғамбар өзінен кейін келетін құтқарушы туралы үмбетіне хабар беріп, ол келгенде ілесуге уәде алғаны баяндалады. Сол аяттардың мағынасы мынадай. «Алла пайғамбарлардан “Сендерге Кітап пен хикмет бердім. Содан кейін қолдарыңдағыны растайтын елші келсе, оған міндетті түрде иман келтіріп, жәрдем бересіңдер” деп уәде алған еді. Алла “Мұны мойындап, осы міндеттемемді қабыл алдыңдар ма?” деді. Олар “Мойындадық” десті. Алла “Ендеше, куә болыңдар. Мен де сендермен бірге куәмін” деді. Осыдан кейін кім сырт айналса, солар – пасықтар»2.
Ғалымдар осы аятқа және өзге аяттар мен хадистерге сүйеніп, әзірет Адамнан бастап әр пайғамбардан өзінен кейін келетін пайғамбарды да, Мұхаммедті (с.а.с.) де қолдау жөнінде уәде алынғанын айтады. Жоғарыдағы аяттың өзі бұл мағынаны тікелей баяндамайды. Ал Ибн Аббас пен Әлиден (р.а.) жеткен хабарда «Алла әр пайғамбардан, егер Мұхаммед оның көзі тірісінде жіберілсе, оған иман келтіріп, жәрдем беруге уәде алды» делінген. Риуаяттың жалғасында Алла әр пайғамбарға өз үмбетінен де, егер Мұхаммед олардың көзі тірісінде жіберілсе, оған иман келтіріп, жәрдем беруге уәде алуды бұйырғаны айтылады.
Автордың пікірінше, Інжіл мен Тауратта бұрмалауға ұшыраған тұстарға қарамастан, Алла Елшісінің (с.а.с.) келетінін білдіретін көптеген үзінді сақталған. Хүсейін әл-Жисри «Рисале-и Хамидия» еңбегінде солардың жүз он шақтысын көрсеткен. Автор зәрдүштердің, брахмандардың және буддистердің қасиетті кітаптарында да ардақты Пайғамбар туралы айтылған деп пайымдайды. Сол деректер бұл кітаптардың түп төркіні сәмәуи болуы мүмкін деген сенімін қуаттайды. Азияны аралаған саяхатшы Абдуррашид Ибраһим естелігінде бір будда монахы қасиетті кітаптарында Мұхаммед (с.а.с.) туралы айтылғанын, сондықтан оның пайғамбарлығын теріске шығара алмайтынын айтқанын жеткізеді. Мұхаммед Хамидулла «Расулулла Мұхаммед» атты кітабында осы мәселені аталған кітаптар негізінде егжей-тегжейлі зерттеген. Әзірет Адамнан бері әр пайғамбар өз үмбетіне мына екі міндетті ескерткен делінеді.
1. Өзінен кейін келетін пайғамбарға ілесу.
2. Мұхаммед (с.а.с.) келгенде оны тану. Пайғамбарлар осыған уәде алып, Алла Елшісінің (с.а.с.) кейбір айрықша сипаттарын да білдірген. Осы пікірді ашу үшін аталған кітаптан үзінді келтірейік.
Автор әуелі әзірет Адам мен оның ұлы Шит туралы жазады. «Адам мен оның ұлы Шиске, яғни Шит пайғамбарға берілген кітаптардың мазмұны бізге белгісіз. Бізге жеткен ең көне мәлімет Ыдырыс пайғамбар жайлы болса керек. Ислам дереккөздерінде жазуды осы пайғамбар ойлап тапқан делінеді. Яһуданың хатына қарағанда, Адамнан кейін келген Ыдырыс былай деп алдын ала хабар берген3. “Раббы он мыңдаған қасиетті жанмен келіп, түпкілікті үкім шығарады. Ол Өзінің әміріне қарсы істеген күнәлары мен Өзіне қарсы айтқан өктем сөздері үшін күнәһарларды есепке тартады”.
Христиан тәпсіршілері бұл сөздерден болашақта біреудің келетінін алдын ала білдірген сүйінші хабарды көреді. Өкінішке қарай, Ыдырыс пайғамбардың сол хабарының қалған бөлігі бізге жетпеген».
- 1Әбу Дәуіт, «Мәһди», 1, № 4290.
- 2«Әли Имран» сүресі, 81–82-аяттар.
- 3Інжіл, «Яһуданың хаты», 14–15-тармақтар.