وَفِي رِوَايَةٍ لِلشَّيْخَيْنِ: إِنَّمَا أَنَا بَشَرٌ مِثْلُكُمْ، وَإِنَّكُمْ تَخْتَصِمُونَ إِلَيَّ، وَلَعَلَّ بَعْضَكُمْ أَنْ يَكُونَ أَلْحَنَ بِحُجَّتِهِ مِنْ بَعْضٍ فَأَقْضِيَ لَهُ بِنَحْوِ مَا أَسْمَعُ. فَمَنْ قَضَيْتُ لَهُ بِشَيْءٍ مِنْ حَقِّ أَخِيهِ فَإِنَّمَا أَقْطَعُ لَهُ قِطْعَةً مِنَ النَّارِ.
Бұхари мен Мүслим келтірген нұсқада Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Мен де сендер сияқты адаммын. Дауларыңды шешу үшін маған жүгінесіңдер. Кейбірің өз дәлелін екіншісінен ұтымдырақ жеткізуі мүмкін. Мен естігеніме қарай соның пайдасына үкім беремін. Ал кімге бауырының ақысынан бір нәрсе алып берсем, оған оттың бір бөлігін кесіп бергенім».1
Түсіндірме
1. Хадисте дауды қулықпен өз пайдасына шештіріп, басқа адамның ақысын иемденудің харам екені анық айтылған.
2. Хадистегі «мұсылман», «бауыр» сөздері басқа дін өкілінің ақысын жеуге рұқсат береді дегенді білдірмейді. Ибн Хажардың айтуынша, бұл үкім мұсылманға да, басқа діндегі адамға да, ешбір дінді ұстанбайтын адамға да қатысты.
Дініміз ешкімнің ақысын жеуге, құқығын бұзуға жол бермейді. Сот алдында кімге қарсы жасалса да, қулыққа бару харам. Имам Шафиғи осы хадисті келтіргеннен кейін: «Өйткені қазының үкімі харамды халал да, халалды харам да етпейді», – деген.
3. Хадис қазының істің сырттай көрінген жайы мен келтірілген дәлелдерге сүйеніп үкім шығаратынын көрсетеді. Қазы осы негізде шешім шығарса, үкімі ақиқатқа қайшы келген күннің өзінде жауапты болмайды. Дегенмен ол ақиқатты анықтауға бар күшін салуға тиіс. Бұл мәселе № 4887 хадистің түсіндірмесінде кеңірек қаралды.
4. Хадистің басқа нұсқасында Расулалланың (с.а.с.): «Кімнің пайдасына үкім шығарып, оған бауырының ақысынан бір нәрсе алып берсем, оған тозақ отынан бір кесек бөліп бергенім. Қалағаны алсын, қалағаны бас тартсын», – деген сөзінен кейін мынадай қосымша бар: «Үкім сұрай келген екі кісі де жылап жіберді. Екеуі де: “Ақым сенікі болсын”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Олай болса, дауласып жүрген мүліктеріңді бөлісіңдер, әркімнің ақысын анықтауға тырысыңдар!” – деді. Екеуі де өз үлесін алып, бір-біріне ақысын кешті».
5. Хадистің кей нұсқаларында даудың мұраға қалған ескі дүние-мүлікке қатысты екені анық айтылған.
6. Хадистің кей нұсқасындағы «Қаласа, ол отты мойнына алсын, қаласа, одан бас тартсын» деген сөз кісі ақысын жеген адамды ауыр азаптан сақтандыру үшін айтылған.
7. Хадистен жоғарыда айтылғандардан бөлек мынадай үкімдер шығады:
• Біреу өзіне тиесілі ақыны талап етіп, дәлел келтіре алмаса, қазы жауапкерге ант бергізіп, оның пайдасына үкім шығаруы мүмкін. Бұл үкім жауапкерді Алла алдында ақтамайды. Талапкер кейін дәлел келтірсе, талабы қайта қаралып, бұрынғы үкімнің күші жойылады.
• Біреу қулықпен өз пайдасына үкім шығартса, сол үкіммен алған дүние оған халал болмайды. Үкім оны күнәсінен де арылтпайды. Тек Әбу Ханифа: «Қазының үкімі дүние-мүлікті халал етпесе де, некені халал етеді, яғни шешімде аталған нәрсенің ішкі үкімін өзгертеді», – деген. Бұл пікір хадис пен ижмағқа қайшы деп танылған.
• Расулалла (с.а.с.) уахи келмеген мәселелерде өз пайымына сүйеніп ижтиһад жасайтын. Бұл мәселе талас тудырғанымен, осы хадисте Пайғамбардың (с.а.с.) ижтиһад жасағаны анық көрінеді. Сырттай көрінген жайттарға сүйеніп үкім шығарғанда, оның шешімі кейде істің шынайы жайына сәйкес келмейтін. Алайда ол қателіктен сақталғандықтан, мұндай шешім күшінде қалмайтын.
Расулалла (с.а.с.) үкім шығарғанда мүлде қателеспеген дейтіндер мынадай дәлел келтіреді: «Егер Алла елшісінің (с.а.с.) үкімінде қателік болуы мүмкін десек, ол діни міндет жүктелген адамдарға қателікке бойсұнуды бұйырған болар еді. Өйткені оның барлық үкіміне бойсұну әмір етілген. Алла тағала былай дейді: ﴿فَلَا وَرَبِّكَ لَا يُؤْمِنُونَ حَتَّىٰ يُحَكِّمُوكَ فِيمَا شَجَرَ بَيْنَهُمْ ثُمَّ لَا يَجِدُوا فِي أَنْفُسِهِمْ حَرَجًا مِمَّا قَضَيْتَ وَيُسَلِّمُوا تَسْلِيمًا﴾ “Жо-жоқ, Раббыңның атымен ант етейін! Олар өз араларында туындаған дау-дамайды сенің билігіңе жүгініп, әрі шығарған үкіміңе іштей де болса наразылық танытпастан толық бойсұнбайынша, иман келтірген болып саналмайды.”2. Бұған қоса, ижмағ қателіктен сақталған. Ендеше дәрежесі биік Расулалла (с.а.с.) қателіктен сақталуға тіпті лайық». Бірінші уәжге мынадай жауап берілген: үкімнің қате шығу ықтималдығы бойсұнуға кедергі емес. Өйткені өз бетінше үкім шығара алмайтындар мүфти мен қазының қателесуі мүмкін болса да, олардың үкіміне жүгінуге міндетті. Екінші уәжге берілген жауап мынадай: бұл екі тұжырым бірінен бірі туындамайды. Ижмағ бар деп есептесек те, ол Расулалладан (с.а.с.) жеткен риуаятқа сүйенеді. Сонда жұрт ижмағтың негізі болған Расулалланың (с.а.с.) сөзіне бойсұнған болады.