Хадис

Үкім шығару жолы

Кутуб ситтә, 11-том, 755-тарау · 4 хадис · № 4896–4899

ҚАНАҒАТ БӨЛІМІ

Хадистер

4896
Кутуб ситтә, № 4896 · тараудағы реті: 1

عَنِ الْحَارِثِ بْنِ عَمْرِو بْنِ أَخِي الْمُغِيرَةِ بْنِ شُعْبَةَ يَرْفَعُهُ إِلَى مُعَاذٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: لَمَا بَعَثَهُ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَى الْيَمَنِ قَالَ لَهُ: كَيْفَ تَقْضِي إِذَا عَرَضَ لَكَ قَضَاءٌ؟ قَالَ: أَقْضِي بِكِتَابِ اللَّهِ. قَالَ: فَإِنْ لَمْ تَجِدْ؟ قَالَ: أَقْضِي بِسُنَّةِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. قَالَ: فَإِنْ لَمْ تَجِدْ فِي سُنَّةِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَلَا فِي كِتَابِ اللَّهِ؟ قَالَ: قُلْتُ أَجْتَهِدُ بِرَأْيِي وَلَا آلُو. قَالَ: فَضَرَبَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ صَدْرِي، وَقَالَ: الْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِي وَفَّقَ رَسُولَ رَسُولِ اللَّهِ لِمَا يُرْضِي رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Муғира ибн Шуғбаның бауырының баласы Харис ибн Амр Муаздан (р.а.) мына әңгімені жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) Муазды Йеменге жіберерде одан былай деп сұрады:

– Алдыңа даулы іс келсе, қалай үкім бересің?

– Алланың кітабына сүйеніп үкім беремін.

– Одан таппасаң ше?

– Алла елшісінің сүннетіне сүйеніп үкім беремін.

– Алла елшісінің сүннетінен де, Алланың кітабынан да таппасаң ше?

– Өз пайымыммен ижтиһад жасап, бар күшімді саламын.

Муаз былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) кеудемнен қағып: “Алла елшісінің жіберген өкілін Алла елшісі разы болатын іске жетелеген Аллаға мақтау болсын!” – деді».1

Түсіндірме

1. Хадистің жеткізушілер тізбегі жөнінде күмән айтылғанымен, ғалымдар оның мәтініндегі үкімді қабылдаған.

2. Ижтиһад – Құран мен сүннетке сүйеніп, қияс жасау арқылы үкім табуға ғалымның бар күш-жігерін жұмсауы.

Хаттабидің айтуынша, ижтиһад арқылы берілген үкім қияс жолымен Құран мен сүннетке сүйенуге тиіс. Оны ойға келген болжамнан шығаруға болмайды. Ол сөзін былай жалғайды: «Бұл хадис қиястың жарамдылығына дәлел. Үкімі Құран мен сүннеттен табылмаған мәселені қияспен шешу уәжіп».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Ақдия», 11 (№ 3592–3593). Тирмизи, «Ахкам», 3 (№ 1327–1328).
4897
Кутуб ситтә, № 4897 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Үммі Сәләма

وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: سَمِعَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ جَلَبَةَ خَصْمٍ بِبَابِ حُجْرَتِهِ فَخَرَجَ إِلَيْهِمْ فَقَالَ: إِنَّمَا أَنَا بَشَرٌ، وَإِنَّهُ يَأْتِينِي الْخَصْمُ، فَلَعَلَّ بَعْضَهُمْ أَنْ يَكُونَ أَبْلَغَ مِنْ بَعْضٍ فَأَحْسِبُ أَنَّهُ صَادِقٌ فَأَقْضِي لَهُ، فَمَنْ قَضَيْتُ لَهُ بِحَقِّ مُسْلِمٍ فَإِنَّمَا هِيَ قِطْعَةٌ مِنَ النَّارِ، فَلْيَحْمِلْهَا أَوْ لِيَذَرْهَا. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләма (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) бөлмесінің есігі алдында дауласқан адамдардың даусын естіді. Олардың алдына шығып, былай деді: “Мен де адаммын. Маған дауласып, төрелік сұрағандар келеді. Біреуі екіншісінен сөзге ұста болуы мүмкін. Мен оны шын айтып тұр деп ойлап, соның пайдасына үкім шығаруым мүмкін. Кімге мұсылманның ақысын алып берсем, бергенім – оттың бір бөлігі. Қаласа, оны алсын, қаласа, тастасын”».

4898
Кутуб ситтә, № 4898 · тараудағы реті: 3

وَفِي رِوَايَةٍ لِلشَّيْخَيْنِ: إِنَّمَا أَنَا بَشَرٌ مِثْلُكُمْ، وَإِنَّكُمْ تَخْتَصِمُونَ إِلَيَّ، وَلَعَلَّ بَعْضَكُمْ أَنْ يَكُونَ أَلْحَنَ بِحُجَّتِهِ مِنْ بَعْضٍ فَأَقْضِيَ لَهُ بِنَحْوِ مَا أَسْمَعُ. فَمَنْ قَضَيْتُ لَهُ بِشَيْءٍ مِنْ حَقِّ أَخِيهِ فَإِنَّمَا أَقْطَعُ لَهُ قِطْعَةً مِنَ النَّارِ.

Қазақша аудармасы

Бұхари мен Мүслим келтірген нұсқада Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Мен де сендер сияқты адаммын. Дауларыңды шешу үшін маған жүгінесіңдер. Кейбірің өз дәлелін екіншісінен ұтымдырақ жеткізуі мүмкін. Мен естігеніме қарай соның пайдасына үкім беремін. Ал кімге бауырының ақысынан бір нәрсе алып берсем, оған оттың бір бөлігін кесіп бергенім».1

Түсіндірме

1. Хадисте дауды қулықпен өз пайдасына шештіріп, басқа адамның ақысын иемденудің харам екені анық айтылған.

2. Хадистегі «мұсылман», «бауыр» сөздері басқа дін өкілінің ақысын жеуге рұқсат береді дегенді білдірмейді. Ибн Хажардың айтуынша, бұл үкім мұсылманға да, басқа діндегі адамға да, ешбір дінді ұстанбайтын адамға да қатысты.

Дініміз ешкімнің ақысын жеуге, құқығын бұзуға жол бермейді. Сот алдында кімге қарсы жасалса да, қулыққа бару харам. Имам Шафиғи осы хадисті келтіргеннен кейін: «Өйткені қазының үкімі харамды халал да, халалды харам да етпейді», – деген.

3. Хадис қазының істің сырттай көрінген жайы мен келтірілген дәлелдерге сүйеніп үкім шығаратынын көрсетеді. Қазы осы негізде шешім шығарса, үкімі ақиқатқа қайшы келген күннің өзінде жауапты болмайды. Дегенмен ол ақиқатты анықтауға бар күшін салуға тиіс. Бұл мәселе № 4887 хадистің түсіндірмесінде кеңірек қаралды.

4. Хадистің басқа нұсқасында Расулалланың (с.а.с.): «Кімнің пайдасына үкім шығарып, оған бауырының ақысынан бір нәрсе алып берсем, оған тозақ отынан бір кесек бөліп бергенім. Қалағаны алсын, қалағаны бас тартсын», – деген сөзінен кейін мынадай қосымша бар: «Үкім сұрай келген екі кісі де жылап жіберді. Екеуі де: “Ақым сенікі болсын”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Олай болса, дауласып жүрген мүліктеріңді бөлісіңдер, әркімнің ақысын анықтауға тырысыңдар!” – деді. Екеуі де өз үлесін алып, бір-біріне ақысын кешті».

5. Хадистің кей нұсқаларында даудың мұраға қалған ескі дүние-мүлікке қатысты екені анық айтылған.

6. Хадистің кей нұсқасындағы «Қаласа, ол отты мойнына алсын, қаласа, одан бас тартсын» деген сөз кісі ақысын жеген адамды ауыр азаптан сақтандыру үшін айтылған.

7. Хадистен жоғарыда айтылғандардан бөлек мынадай үкімдер шығады:

• Біреу өзіне тиесілі ақыны талап етіп, дәлел келтіре алмаса, қазы жауапкерге ант бергізіп, оның пайдасына үкім шығаруы мүмкін. Бұл үкім жауапкерді Алла алдында ақтамайды. Талапкер кейін дәлел келтірсе, талабы қайта қаралып, бұрынғы үкімнің күші жойылады.

• Біреу қулықпен өз пайдасына үкім шығартса, сол үкіммен алған дүние оған халал болмайды. Үкім оны күнәсінен де арылтпайды. Тек Әбу Ханифа: «Қазының үкімі дүние-мүлікті халал етпесе де, некені халал етеді, яғни шешімде аталған нәрсенің ішкі үкімін өзгертеді», – деген. Бұл пікір хадис пен ижмағқа қайшы деп танылған.

• Расулалла (с.а.с.) уахи келмеген мәселелерде өз пайымына сүйеніп ижтиһад жасайтын. Бұл мәселе талас тудырғанымен, осы хадисте Пайғамбардың (с.а.с.) ижтиһад жасағаны анық көрінеді. Сырттай көрінген жайттарға сүйеніп үкім шығарғанда, оның шешімі кейде істің шынайы жайына сәйкес келмейтін. Алайда ол қателіктен сақталғандықтан, мұндай шешім күшінде қалмайтын.

Расулалла (с.а.с.) үкім шығарғанда мүлде қателеспеген дейтіндер мынадай дәлел келтіреді: «Егер Алла елшісінің (с.а.с.) үкімінде қателік болуы мүмкін десек, ол діни міндет жүктелген адамдарға қателікке бойсұнуды бұйырған болар еді. Өйткені оның барлық үкіміне бойсұну әмір етілген. Алла тағала былай дейді: ﴿فَلَا وَرَبِّكَ لَا يُؤْمِنُونَ حَتَّىٰ يُحَكِّمُوكَ فِيمَا شَجَرَ بَيْنَهُمْ ثُمَّ لَا يَجِدُوا فِي أَنْفُسِهِمْ حَرَجًا مِمَّا قَضَيْتَ وَيُسَلِّمُوا تَسْلِيمًا﴾ “Жо-жоқ, Раббыңның атымен ант етейін! Олар өз араларында туындаған дау-дамайды сенің билігіңе жүгініп, әрі шығарған үкіміңе іштей де болса наразылық танытпастан толық бойсұнбайынша, иман келтірген болып саналмайды.”2. Бұған қоса, ижмағ қателіктен сақталған. Ендеше дәрежесі биік Расулалла (с.а.с.) қателіктен сақталуға тіпті лайық». Бірінші уәжге мынадай жауап берілген: үкімнің қате шығу ықтималдығы бойсұнуға кедергі емес. Өйткені өз бетінше үкім шығара алмайтындар мүфти мен қазының қателесуі мүмкін болса да, олардың үкіміне жүгінуге міндетті. Екінші уәжге берілген жауап мынадай: бұл екі тұжырым бірінен бірі туындамайды. Ижмағ бар деп есептесек те, ол Расулалладан (с.а.с.) жеткен риуаятқа сүйенеді. Сонда жұрт ижмағтың негізі болған Расулалланың (с.а.с.) сөзіне бойсұнған болады.

  1. 1Бұхари, «Шаһадат», 27, «Мазалим», 16, «Хиял», 9, «Ахкам», 20, 29, 31. Мүслим, «Ақдия», 5 (№ 1713). Мәлик, «Муатта», «Ақдия», 1 (2/719). Әбу Дәуіт, «Ақдия», 7 (№ 3583–3584). Тирмизи, «Ахкам», 11 (№ 1339). Нәсәи, «Қудат», 13 (8/233).
  2. 2«Ниса» сүресі, 65-аят.
4899
Кутуб ситтә, № 4899 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ الْأَشْعَثِ بْنِ قَيْسٍ: أَنَّهُ اشْتَرَى رَقِيقًا مِنْ رَقِيقِ الْخُمُسِ مِنْ عَبْدِ اللَّهِ بِعِشْرِينَ أَلْفًا فَأَرْسَلَ إِلَيْهِ عَبْدُ اللَّهِ فِي ثَمَنِهِمْ. فَقَالَ: إِنَّمَا أَخَذْتُهُمْ بِعَشْرَةِ آلَافٍ. قَالَ عَبْدُ اللَّهِ: فَاخْتَرْ رَجُلًا يَكُونُ بَيْنِي وَبَيْنَكَ. فَقَالَ الْأَشْعَثُ: كُنْ أَنْتَ بَيْنِي وَبَيْنَ نَفْسِكَ. فَقَالَ عَبْدُ اللَّهِ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: إِذَا اخْتَلَفَ الْبَيِّعَانِ وَلَيْسَ بَيْنَهُمَا بَيِّنَةٌ، فَهُوَ مَا يَقُولُ رَبُّ السِّلْعَةِ أَوْ يَتَتَارَكَانِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ، وَأَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ مِنْهُ الْمُسْنَدَ فَقَطْ.

Қазақша аудармасы

Әшғас ибн Қайс олжаның бестен бір үлесінен Абдулладан жиырма мың дирхамға бірнеше құл сатып алған еді. Абдулла ақшасын алуға кісі жібергенде, Әшғас: «Мен оларды он мыңға сатып алдым», – деді. Сонда Абдулла: «Екеуіміздің арамызда төрелік айтатын кісі таңда», – деді. Әшғас: «Екеуімізге өзің төрелік ет», – деді. Абдулла: «Расулалланың (с.а.с.): “Сауда жасасқан екі кісі дауласып, ешқайсысы айғақ келтіре алмаса, мүлік иесінің сөзі негізге алынады немесе екеуі саудадан бас тартады”, – дегенін естідім», – деді1.

Түсіндірме

Хаттаби бұл мәселеде ғалымдардың пікірі әртүрлі екенін айтады:

• Имам Мәлик пен Шафиғи былай дейді: «Сатушыға: “Мүлікті өзің айтқан бағаға сатқаныңа ант ет!” – дейді. Сатушы ант етсе, сатып алушыға: “Мүлікті не сатушы айтқан бағаға ал, не өзің айтқан бағаға сатып алғаныңа ант ет!” – дейді. Сатып алушы ант етсе, мүлік сатушыға қайтарылады». Шафиғидың пікірінше, бұл үкім мүлік қолда тұрса да, жойылып кетсе де қолданылады. Өйткені екі тарап та ант етіп, бір-бірінің айтқан бағасын теріске шығарды. Мұхаммед ибн әл-Хасан да осы пікірде.

• Нәһәи, Сәури, Әузағи, Әбу Ханифа және Әбу Юсуф: «Сатып алынған мүлік тұтынылып қойса, сатып алушы ант еткеннен кейін оның сөзі негізге алынады», – деген. Имам Мәликтен жеткен екі пікірдің кеңірек таралғаны да осыған жақын. Бұл үкімнің негізі – кейбір риуаяттардағы «Мүлік әлі қолда тұрғанда сатушы мен сатып алушы дауласып қалса, сатушының сөзі негізге алынады немесе екеуі саудадан бас тартады» деген сөз. Ғалымдар: «Мәликтің мүлік қолда тұруға тиіс деген шарты оның тұтынылып кеткен жағдайында басқа үкім қолданылатынын көрсетеді», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Буйуғ 74 (3511). Нәсәи, Буйуғ 82 (7/302–303). Нәсәи Пайғамбардың (с.а.с.) сөзін ғана келтірген.