Хадис

Кутуб ситтә, № 4837

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
741. Тағдыр және амал
Нөмірі
№ 4837 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 7
4837
Кутуб ситтә, № 4837 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِذَا أَرَادَ اللَّهُ بِعَبْدٍ خَيْرًا اسْتَعْمَلَهُ». فَقِيلَ: كَيْفَ يَسْتَعْمِلُهُ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: «يُوَفِّقُهُ لِعَمَلٍ صَالِحٍ قَبْلَ الْمَوْتِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алла бір құлына жақсылық қаласа, оны игі іске жұмылдырады”, – деді. Қасындағылар: “Уа, Алла елшісі, қалай жұмылдырады?” – деп сұрады. Ол: “Өлер алдында ізгі амал жасауын нәсіп етеді”, – деді».1

Түсіндірме

1. Басқа бір риуаятта хадис: «Содан соң сол ізгі амалды істеп жүргенінде оның жанын алады», – деп жалғасады.

2. Ниеті мен амалы түзу адам Алланың разылығы мен мейіріміне бөленіп, ғұмырын қайырлы іспен аяқтайды. Алла оның жанын осындай таза күйінде алады. Қади Ияд «Ешқайсыңды амалың жәннатқа кіргізбейді. Жәннатқа Алланың мейірімімен кіресіңдер» деген хадисті былай түсіндіреді: «Алланың әмірді орындауға тура жол нәсіп етуі және құлшылыққа жәрдемдесуі – Оның мейірімі. Құл бұларға өз күшімен жете алмайды. Олар Алланың қалауы мен мейірімі арқылы беріледі».

Ибн әл-Жәузи осы айтылғандардан төрт тұжырым шығарады.

1) Амал етуге мүмкіндік беретін денсаулық – Алланың мейірімінен.

2) Құлдың иелігіндегі дүниенің бәрі Иесіне тиесілі. Иесінің оған амал ету үшін бергенінің бәрі – жарылқауы.

3) Кейбір хадисте жәннатқа кіру Алланың мейірімімен, ал ондағы дәрежелер адамның амалына қарай болатыны айтылған.

4) Аллаға мойынсұнып жасаған амал адамның елу не жүз жылдық ғұмырын нұрландырады. Ал оның сауабы мәңгілік өмірде жеміс береді. Ғұмыры шектеулі адамға мәңгілік нығмет беру – Алланың құлына деген үлкен мейірімі.

  1. 1Тирмизи, «Қадар» (2142).