Хадис

Тағдыр және амал

Кутуб ситтә, 11-том, 741-тарау · 9 хадис · № 4831–4839

Хадистер

4831
Кутуб ситтә, № 4831 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: خَرَجَ عَلَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَفِي يَدِهِ كِتَابَانِ، فَقَالَ: «أَتَدْرُونَ مَا هَذَانِ الْكِتَابَانِ؟» فَقُلْنَا: لَا يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِلَّا أَنْ تُخْبِرَنَا. فَقَالَ لِلَّذِي فِي يَدِهِ الْيُمْنَى: «هَذَا كِتَابٌ مِنْ رَبِّ الْعَالَمِينَ، فِيهِ أَسْمَاءُ أَهْلِ الْجَنَّةِ وَأَسْمَاءُ آبَائِهِمْ وَقَبَائِلِهِمْ، ثُمَّ أُجْمِلَ عَلَى آخِرِهِمْ، فَلَا يُزَادُ فِيهِمْ وَلَا يُنْقَصُ مِنْهُمْ أَبَدًا». ثُمَّ قَالَ لِلَّذِي فِي شِمَالِهِ: «هَذَا كِتَابٌ مِنْ رَبِّ الْعَالَمِينَ، فِيهِ أَسْمَاءُ أَهْلِ النَّارِ وَأَسْمَاءُ آبَائِهِمْ وَقَبَائِلِهِمْ، ثُمَّ أُجْمِلَ عَلَى آخِرِهِمْ، فَلَا يُزَادُ فِيهِمْ وَلَا يُنْقَصُ مِنْهُمْ أَبَدًا». فَقَالَ أَصْحَابُهُ: فَفِيمَ الْعَمَلُ يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنْ كَانَ أَمْرٌ قَدْ فُرِغَ مِنْهُ؟ فَقَالَ: «سَدِّدُوا وَقَارِبُوا، فَإِنَّ صَاحِبَ الْجَنَّةِ يُخْتَمُ لَهُ بِعَمَلِ أَهْلِ الْجَنَّةِ وَإِنْ عَمِلَ أَيَّ عَمَلٍ، وَإِنَّ صَاحِبَ النَّارِ يُخْتَمُ لَهُ بِعَمَلِ أَهْلِ النَّارِ وَإِنْ عَمِلَ أَيَّ عَمَلٍ». ثُمَّ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِيَدَيْهِ فَنَبَذَهُمَا، ثُمَّ قَالَ: «فَرَغَ رَبُّكُمْ مِنَ الْعِبَادِ، فَرِيقٌ فِي الْجَنَّةِ وَفَرِيقٌ فِي السَّعِيرِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қолына екі кітап ұстап, алдымызға шықты да: “Мына екі кітаптың не екенін білесіңдер ме?” – деп сұрады. Біз: “Жоқ, уа, Алла елшісі! Өзіңіз айтпасаңыз, білмейміз”, – дедік. Сонда оң қолындағы кітапты көрсетіп: “Бұл – әлемдердің Раббысынан келген кітап. Онда жәннат тұрғындарының, олардың әкелері мен тайпаларының аттары жазылған. Ақырғысына дейін түгел тіркелген. Бұл тізімге ешқашан ешкім қосылмайды, одан ешкім шығарылмайды”, – деді. Сосын сол қолындағы кітапты көрсетіп: “Бұл – әлемдердің Раббысынан келген кітап. Онда тозақ тұрғындарының, олардың әкелері мен тайпаларының аттары жазылған. Ақырғысына дейін түгел тіркелген. Бұл тізімге ешқашан ешкім қосылмайды, одан ешкім шығарылмайды”, – деді. Сахабалар: “Уа, Алла елшісі! Іс әлдеқашан шешіліп қойса, амал етудің мәні не?” – деп сұрады. Ол: “Туралықты көздеңдер, оған барынша жақындаңдар. Жәннаттық адамның бұрын қандай іс істегеніне қарамастан, соңғы амалы жәннаттықтардың амалы болады. Тозақтық адамның да бұрын қандай іс істегеніне қарамастан, соңғы амалы тозақтықтардың амалы болады”, – деді. Содан кейін Алла елшісі (с.а.с.) қолымен ишара жасап, екі кітапты тастады да: “Раббыларың құлдарына қатысты үкімді белгілеп қойған: бір топ жәннатта, бір топ жалындаған тозақта болады”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадисте Алла тағаланың бәрін әуел бастан білетіні баяндалады. Ол адамдардың не істейтінін біледі. Ізгі амал жасап, жәннатқа кіретіндерді бір кітапқа, жаман амал жасап, тозаққа кіретіндерді екінші кітапқа жазған. Алланың осы ілімін ешкім өзгерте алмайды.

Осыны естіген сахабалар көптің көкейіндегі сауалды Алла елшісіне қойды: «Бәрі әуел бастан жазылып, оны өзгерту мүмкін болмаса, тер төгіп, амал етудің не қажеті бар?» Пайғамбар (с.а.с.) оларға өздеріне беймәлім тағдырға сүйеніп әрекет етпей, мойындарына жүктелген міндеттерін орындауды бұйырды. Алла оларды әміріне бойсұнып, амал еткен-етпегеніне қарай есепке тартады. Сондықтан бұйырылған істі кемітпей де, асырмай да орындауға ұмтылу керек. Жәннаттықтар мен тозақтықтар өмірінің соңында тағдырына сай амал етеді. Үкім соңғы амалға қарай беріледі.

2. Кей ғалымдар Пайғамбардың қолындағы екі кітапты кәдімгі кітап деп түсіндірсе, кейбірі бұл сөз астарлы мағынада айтылған деп біледі.

  1. 1Тирмизи, «Қадар», 8-тарау (2141).
4832
Кутуб ситтә, № 4832 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا فِي جَنَازَةٍ بِبَقِيعِ الْغَرْقَدِ، فَأَتَانَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَقَعَدَ وَقَعَدْنَا حَوْلَهُ، وَبِيَدِهِ مِخْصَرَةٌ، فَجَعَلَ يَنْكُتُ بِهَا الْأَرْضَ، ثُمَّ قَالَ: مَا مِنْكُمْ مِنْ أَحَدٍ إِلَّا وَقَدْ كُتِبَ مَقْعَدُهُ مِنَ النَّارِ وَمَقْعَدُهُ مِنَ الْجَنَّةِ. فَقَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَفَلَا نَتَّكِلُ عَلَى كِتَابِنَا؟ فَقَالَ: اعْمَلُوا، فَكُلٌّ مُيَسَّرٌ لِمَا خُلِقَ لَهُ. أَمَّا مَنْ كَانَ مِنْ أَهْلِ السَّعَادَةِ فَسَيَصِيرُ إِلَى عَمَلِ السَّعَادَةِ، وَأَمَّا مَنْ كَانَ مِنْ أَهْلِ الشَّقَاءِ فَسَيَصِيرُ إِلَى عَمَلِ الشَّقَاءِ. ثُمَّ قَرَأَ: فَأَمَّا مَنْ أَعْطَىٰ وَاتَّقَىٰ ۝ وَصَدَّقَ بِالْحُسْنَىٰ ۝ فَسَنُيَسِّرُهُ لِلْيُسْرَىٰ، الْآيَةَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. «الْمِخْصَرَةُ»: كَالسَّوْطِ وَنَحْوِهِ مِمَّا يُمْسِكُهُ الْإِنْسَانُ بِيَدِهِ مِنْ عَصًا وَنَحْوِهَا. «النَّكْتُ»: ضَرْبُ الشَّيْءِ بِالْعَصَا وَالْيَدِ لِيُؤَثِّرَ فِيهِ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) былай дейді: «Бақиғ әл-Ғарқадта жаназаға жиналған едік. Алла елшісі (с.а.с.) келіп отырды. Біз оның айналасына жайғастық. Қолындағы таяғымен жерді түртіп отырып: “Араларыңда тозақтағы және жәннаттағы орны жазылмаған ешкім жоқ”, – деді. Жұрт: “Уа, Алла елшісі, ендеше жазылғанға сүйеніп қана қойсақ болмай ма?” – деп сұрады. Ол: “Амал етіңдер! Әркімге өзі не үшін жаратылса, сол жеңілдетіледі. Бақыттылардың қатарындағы кісі бақыттылардың амалын жасайды. Бақытсыздардың қатарындағы кісі бақытсыздардың амалын жасайды”, – деді де, мына аяттарды оқыды: ﴿فَأَمَّا مَنْ أَعْطَىٰ وَاتَّقَىٰ ۝ وَصَدَّقَ بِالْحُسْنَىٰ ۝ فَسَنُيَسِّرُهُ لِلْيُسْرَىٰ﴾ “Сондықтан кімде-кім мал-дүниесін Алла жолында жұмсап, Аллаға қарсы келуден сақтанса, Һәм ең абзал нәрсені шын жүрегімен растаса, Біз ол үшін мәңгілік бақытқа жеткізетін жолды жеңілдетеміз.”1»2

  1. 1«Ләйл» сүресі, 5–7-аяттар.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Ләйл», «Жәнәиз», 83, «Әдәб», 120, «Қадар», 4, «Таухид», 54. Мүслим, «Қадар» (2647). Әбу Дәуіт, «Сүннет» (4694). Тирмизи, «Қадар» (2136), «Тәпсір», «Ләйл» (3344).
4833
Кутуб ситтә, № 4833 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: جَاءَ سُرَاقَةُ بْنُ مَالِكِ بْنِ جُعْشُمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، بَيِّنْ لَنَا دِينَنَا كَأَنَّا خُلِقْنَا الْآنَ. فِيمَا الْعَمَلُ الْيَوْمَ؟ أَفِيمَا جَفَّتْ بِهِ الْأَقْلَامُ وَجَرَتْ بِهِ الْمَقَادِيرُ، أَمْ فِيمَا نَسْتَقْبِلُ؟» قَالَ: «لَا، بَلْ فِيمَا جَفَّتْ بِهِ الْأَقْلَامُ وَجَرَتْ بِهِ الْمَقَادِيرُ». قَالَ: «فَفِيمَ الْعَمَلُ؟» قَالَ: «اعْمَلُوا، فَكُلٌّ مُيَسَّرٌ لِمَا خُلِقَ لَهُ، وَكُلٌّ عَامِلٌ بِعَمَلِهِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Жабир (р.а.) былай дейді: «Сурақа ибн Мәлик ибн Жуғшум (р.а.) келіп: “Уа, Алла елшісі! Бізге дінімізді жаңа жаратылған адамға түсіндіргендей түсіндіріңізші. Қазір істеп жүрген амалдарымыз қаламның сиясы кеуіп, тағдырда белгіленген істерге жата ма, әлде енді белгілене ме?” – деп сұрады. Алла елшісі: “Жоқ, амалдарың қаламның сиясы кеуіп, тағдырда белгіленіп қойған істерге жатады”, – деді. Сурақа: “Ендеше, амал етудің мәні не?” – деді. Ол: “Амал етіңдер! Әркімге өзі не үшін жаратылса, сол жеңілдетіледі. Әркім өз амалын істейді”, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

1. Бұл екі хадис бірін-бірі толықтырады. Ибн Хажардың пікірінше, бұл – бір мәселе туралы екі адамның сауалы. Тиби Пайғамбардың (с.а.с.) сауалға даналықпен жауап бергенін айтады. Ол сұраушылардың амалдан қол үзуіне жол бермей, құлға жүктелген міндетті орындауға шақырған. Ғайыпқа қатысты істің үкімін адам шеше алмайды. Амал ету немесе оны тәрк ету адамның жәннатқа кіретін-кірмейтінін білдіретін белгі ғана.

2. Ғалымдардың осы хадистен шығарған үкімдері

• Қабірдің жанында отыруға болады.

• Қабірдің жанында ілім жайында сөйлесуге болады.

• Әһлі сүннет ұстанымы бойынша бақыт пен бақытсыздық Алланың әуел бастан белгілеген тағдырына сай болады.

• Жәбрияның «адам амал жасауға мәжбүр» деген пікірі қате. Бір істің жеңілдетілуі – мәжбүрлеу емес.

• Бұл хадиске сүйенген ғалымдар бақытты мен бақытсыздың халіне амалына қарап баға береді. Амал – сырттай үкім беруге негіз болатын белгі.

Кей ғалымдар қадарияның күмән тудыратын пікірлерінен сақтану үшін былай пайымдауды ұсынады: «Алла бізге амал етуді бұйырды. Оның әмірін ұстану бізге міндет. Алла тағдырды бізге беймәлім еткендіктен, амалымызға қарап тағдырымыз туралы үкім бере алмаймыз. Соңғы амалымыз қандай болатынын да білмейміз. Үкімді Алла береді. Оның қалауымен болған іс пен өзіміз жасаған амал Алланың алдында дәлел болады. Тағдыр – Алланың сырларының бірі. Оны Өзінен басқа ешкім білмейді».

  1. 1Мүслим, «Қадар» (2648).
4834
Кутуб ситтә, № 4834 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: حَدَّثَنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَهُوَ الصَّادِقُ الْمَصْدُوقُ: «إِنَّ خَلْقَ أَحَدِكُمْ يُجْمَعُ فِي بَطْنِ أُمِّهِ أَرْبَعِينَ يَوْمًا، ثُمَّ يَكُونُ عَلَقَةً مِثْلَ ذَلِكَ، ثُمَّ يَكُونُ مُضْغَةً مِثْلَ ذَلِكَ، ثُمَّ يَبْعَثُ اللَّهُ مَلَكًا بِأَرْبَعِ كَلِمَاتٍ: يَكْتُبُ رِزْقَهُ وَأَجَلَهُ وَعَمَلَهُ، وَشَقِيٌّ أَمْ سَعِيدٌ، ثُمَّ يُنْفَخُ فِيهِ الرُّوحُ. فَوَالَّذِي لَا إِلَهَ غَيْرُهُ، إِنَّ أَحَدَكُمْ لَيَعْمَلُ بِعَمَلِ أَهْلِ الْجَنَّةِ حَتَّى مَا يَكُونَ بَيْنَهُ وَبَيْنَهَا إِلَّا ذِرَاعٌ، فَيَسْبِقُ عَلَيْهِ الْكِتَابُ، فَيَعْمَلُ بِعَمَلِ أَهْلِ النَّارِ فَيَدْخُلُهَا. وَإِنَّ أَحَدَكُمْ لَيَعْمَلُ بِعَمَلِ أَهْلِ النَّارِ حَتَّى مَا يَكُونَ بَيْنَهُ وَبَيْنَهَا إِلَّا ذِرَاعٌ، فَيَسْبِقُ عَلَيْهِ الْكِتَابُ، فَيَعْمَلُ بِعَمَلِ أَهْلِ الْجَنَّةِ فَيَدْخُلُهَا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. وَزَادَ رَزِينٌ فَقَالَ: «إِذَا وَقَعَتِ النُّطْفَةُ طَارَتْ فِي الرَّحِمِ أَرْبَعِينَ يَوْمًا، ثُمَّ تَكُونُ عَلَقَةً أَرْبَعِينَ يَوْمًا، ثُمَّ تَكُونُ مُضْغَةً أَرْبَعِينَ يَوْمًا. فَإِذَا بَلَغَتْ أَنْ تُخْلَقَ نَفْسًا بَعَثَ اللَّهُ مَلَكًا يُصَوِّرُهَا، فَيَأْتِي الْمَلَكُ بِتُرَابٍ بَيْنَ أُصْبُعَيْهِ فَيَخْلِطُهُ فِي الْمُضْغَةِ، ثُمَّ يَعْجِنُهُ، ثُمَّ يُصَوِّرُهَا كَمَا يُؤْمَرُ. فَيَقُولُ: أَذَكَرٌ أَمْ أُنْثَى؟ أَشَقِيٌّ أَمْ سَعِيدٌ؟ وَمَا عُمْرُهُ؟ وَمَا رِزْقُهُ؟ وَمَا أَثَرُهُ؟ وَمَا مَصَائِبُهُ؟ فَيَقُولُ اللَّهُ، فَيَكْتُبُ الْمَلَكُ. فَإِذَا مَاتَ الْجَسَدُ دُفِنَ حَيْثُ أُخِذَ ذَلِكَ التُّرَابُ».

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Шын сөйлейтін әрі шыншылдығы расталған Алла елшісі (с.а.с.) бізге былай деді: “Расында, әрқайсыңның жаратылысы анасының құрсағында қырық күнде жинақталады. Содан соң сонша уақыт ұйыған қан тәрізді күйде, тағы сонша уақыт бір шайнам ет тәрізді күйде болады. Одан кейін Алла періште жіберіп, төрт нәрсені жаздырады: ризығын, ажалын, амалын, бақытсыз не бақытты болатынын. Содан соң оған жан үрленеді. Өзінен басқа тәңір жоқ Аллаға ант етемін, біреуің жәннаттықтардың амалын істеп, жәннатқа бір шынтақ қалғанда, әуелде жазылған үкім алға шығып, ол тозақтықтардың амалын істейді де, тозаққа кіреді. Біреуің тозақтықтардың амалын істеп, тозаққа бір шынтақ қалғанда, әуелде жазылған үкім алға шығып, ол жәннаттықтардың амалын істейді де, жәннатқа кіреді”».1

Рәзиннің қосымшасында былай делінген: «Бір тамшы ұрық құрсаққа түскенде, қырық күн қалқып жүреді. Содан соң қырық күн ұйыған қан тәрізді, тағы қырық күн бір шайнам ет тәрізді күйде болады. Жан иесі болып жаралатын кезі келгенде, Алла оған пішін беретін періштені жібереді. Періште екі саусағының арасына топырақ алып келіп, оны бір шайнам етке араластырады да, илеп, бұйырылған пішінге келтіреді. Содан кейін: “Ер ме, әйел ме? Бақытсыз ба, бақытты ма? Ғұмыры қанша? Ризығы не? Ізі қандай? Қандай қиындықтарға ұшырайды?” – деп сұрайды. Алла айтады, періште жазады. Дене өлгенде, әлгі топырақ алынған жерге жерленеді».

Тағдыр мен амал

  1. 1Бұхари, «Қадар», 1, «Бәдул-халқ», 6, «Әнбия», 1, «Таухид», 28. Мүслим, «Қадар» (2643). Әбу Дәуіт, «Сүннет» (4708). Тирмизи, «Қадар» (2137).
4835
Кутуб ситтә, № 4835 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ عَامِرِ بْنِ وَاثِلَةَ قَالَ: سَمِعْتُ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: «الشَّقِيُّ مَنْ شَقِيَ فِي بَطْنِ أُمِّهِ، وَالسَّعِيدُ مَنْ وُعِظَ بِغَيْرِهِ». فَأَتَى رَجُلًا مِنْ أَصْحَابِ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُقَالُ لَهُ حُذَيْفَةُ بْنُ أَسِيدٍ الْغِفَارِيُّ، فَحَدَّثَهُ بِذَلِكَ مِنْ قَوْلِ ابْنِ مَسْعُودٍ. فَقَالَ: وَكَيْفَ يَشْقَى رَجُلٌ بِغَيْرِ عَمَلٍ؟ فَقَالَ لَهُ الرَّجُلُ: أَتَعْجَبُ مِنْ ذَلِكَ؟ فَإِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: «إِذَا مَرَّ بِالنُّطْفَةِ ثِنْتَانِ وَأَرْبَعُونَ لَيْلَةً بَعَثَ اللَّهُ إِلَيْهَا مَلَكًا، فَصَوَّرَهَا وَخَلَقَ سَمْعَهَا وَبَصَرَهَا وَجِلْدَهَا وَلَحْمَهَا وَعِظَامَهَا. ثُمَّ قَالَ: يَا رَبِّ، أَذَكَرٌ أَمْ أُنْثَى؟ فَيَقْضِي رَبُّكَ مَا شَاءَ، وَيَكْتُبُ الْمَلَكُ. ثُمَّ يَقُولُ: يَا رَبِّ، أَجَلُهُ. فَيَقُولُ رَبُّكَ مَا شَاءَ، وَيَكْتُبُ الْمَلَكُ. ثُمَّ يَقُولُ: يَا رَبِّ، رِزْقُهُ. فَيَقْضِي رَبُّكَ مَا شَاءَ، وَيَكْتُبُ الْمَلَكُ. ثُمَّ يَخْرُجُ الْمَلَكُ بِالصَّحِيفَةِ فِي يَدِهِ فَلَا يَزِيدُ عَلَى مَا أُمِرَ وَلَا يَنْقُصُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Амир ибн Уәсилә былай дейді: «Абдулла ибн Мәсғудтың (р.а.): “Бақытсыз – ана құрсағында бақытсыз болған кісі. Бақытты – өзгеден ғибрат алған кісі”, – дегенін естідім. Содан кейін Пайғамбардың (с.а.с.) Хузайфа ибн Әсид әл-Ғифари есімді сахабасына барып, Ибн Мәсғудтың сөзін жеткіздім де: “Адам еш амал жасамай жатып қалай бақытсыз болады?” – дедім. Хузайфа: “Бұған таңырқап тұрсың ба? Мен Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін естідім: ‘Бір тамшы ұрыққа қырық екі түн өткенде, Алла оған періште жібереді. Ол ұрыққа пішін беріп, есту, көру қабілеттерін, терісін, етін, сүйегін жаратады. Одан кейін періште Раббысынан оның ұл не қыз болатынын сұрайды. Раббың қалағанын үкім етеді, періште жазады. Содан соң періште Раббысынан оның ажалы туралы сұрайды. Раббың қалағанын үкім етеді, періште жазады. Одан кейін періште Раббысынан оның ризығы туралы сұрайды. Раббың қалағанын үкім етеді, періште жазады. Содан соң періште жазылған парақты қолына ұстап шығады. Бұйырылғанынан ештеңе асырмайды, ештеңе кемітпейді’”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Ибн Мәсғуд Алла елшісінің (с.а.с.) бір қасиетін атап, оны «әс-Садиқ әл-Масдуқ» деп сипаттайды. Тиби «садиқ» сөзін «ақиқатты ғана хабарлаушы» деп түсіндіреді. Ал «масдуқ» – Пайғамбарға құрмет білдіретін сөз. Ол «сөзінің растығы расталған» немесе «Алланың уәдесін растаушы» дегенді білдіреді.

2. Адамның ана құрсағында жаратылуы әртүрлі түсіндірілген. Ибн әл-Әсир «ән-Ниһая» атты еңбегінде жаратылыстың жинақталуын ұрықтың жатырда орнығуы деп түсіндіруге болатынын айтқан. Яғни ұрық қырық күн құрсақта қалып, біртіндеп өзгере бастайды. Ибн Мәсғуд риуаятындағы ұрықтың «ана құрсағында қырық күн ұшып жүруін» түсіндіру үшін Ибн әл-Әсир басқа бір нұсқаны келтіреді: «Ұрық ана құрсағына түскенде, Алла одан адам жаратуды қаласа, ол әйелдің шашынан бастап тырнағына дейін жетіп, қырық күн ұшып жүреді. Содан кейін қырық түн бір жерде тұрақтайды. Бұдан соң жатырда қан болып жиналады. Міне, адамның жаратылысының жинақталуы деген осы».

Ибн Хажар «адамның жаратылысының жинақталуы деген осы» деген сөзді Ибн Мәсғуд айтпағанын көрсеткен. Ибн әл-Әсир оны Ибн Мәсғудтың өз сөзі деп қабылдап, келтірген болуы мүмкін. Ибн Мәсғудтан жеткен кейбір риуаяттарда бұл қосымша жоқ.

Тиби хадисті түсінуде сахабадан жеткен осы түсіндірмеге сүйенген жөн деп санайды. Өйткені сахабалардан нақылға сүйеніп жеткен мұндай деректер хадис мағынасын ашуға сеп болады. Ибн Хажар бұл түсіндірмені жоққа шығармаған, бірақ оған мағынасы қайшы бір мәрфуғ риуаятты келтірген. Мәлик ибн әл-Хууәйристен жеткен ол риуаятта: «Алла бір құлды жаратуды қаласа, ер мен әйелді қосады. Ердің ұрығы әйелдің барлық тамыры мен мүшесіне жетеді. Жеті күннен кейін Алла оны жинап, жаратылысты бастайды...» – делінген.

Бұл хадисте жаратылыстың жинақталуы жетінші күні болатыны айтылады.

3. Періштенің ана құрсағындағы балаға жіберілетін уақыты әр риуаятта әрқалай көрсетілген.

• Бірінде қырық екі күн, енді бірінде қырық үш күн делінген.

• Кейбір хадисте қырық бес күн делінген.

• Тағы бір деректе «қырық күн және жарты күн» делінген. Қади Ияд осы айырманы былай түсіндіреді.

1) Қырық күн және жарты күн дегеннен гөрі қырық күн деген нұсқа дұрысырақ.

2) Көрсетілген мерзім адамға немесе құрсақтағы балаға қарай өзгеруі мүмкін. Ибн Хажардың айтуынша, хадисті бірнеше кісі жеткізсе, осы түсіндірме орынды болар еді. Алайда бұл риуаяттардың бәрі бір ғана рауиге – Хузайфа ибн Әсидке барып тіреледі.

3. Риуаяттардың бірінде періштенің жатырға, енді бірінде құрсаққа келетіні айтылған. Түсіндірмелерде бұл екі сөздің бір-біріне қайшы келмейтіні көрсетілген. Баланың жаратылуына қатысты аятта: ﴿يَخْلُقُكُمْ فِي بُطُونِ أُمَّهَاتِكُمْ خَلْقًا مِنْ بَعْدِ خَلْقٍ فِي ظُلُمَاتٍ ثَلَاثٍ﴾ «Сендерді аналарыңның құрсағында үш бірдей қараңғылық ішінде жаратылыстың бір кезеңінен кейін келесі кезеңіне өткізіп барып жаратуда»2, – делінген. Аятта баланың ана құрсағында үш қабат қараңғылық ішінде біртіндеп жаратылатыны баяндалған.

4. Хадисте жатырға түскен ұрық қырық күн бойы «алақа» күйінде болатыны айтылады. Әлсіз саналған бір риуаятта ұрық қырық күн өзгеріссіз қалады делінген. Құрандағы «алақа» сөзі «іліну», «бір нәрсеге жабысу» мағынасын да білдіреді. Осы мағынаға сүйенген түсіндірмеде құрсаққа түскен ұрық дамуының белгілі бір кезеңінде жатыр қабырғасына ілініп тұратыны айтылады.

Ибн Хажардың түсіндіруінше, «алақа» – ұйыған қою қан. Ол сұйықтықтан түзілетіндіктен және тиген жеріне жабысатындықтан осылай аталған.

Топыраққа түскен дән тамыр жайып, жерге бекінеді де, бүршік жарып шығады. Сол сияқты ұрық та Алланың әмірімен жатыр қабырғасына бекіп, даму кезеңдерінен өтеді. Құранда осы кезең адам жаратылысына сай сөзбен аталған. Ибн Аббас оны таза қан деп, ал Ибн Кәсир ұзынша келген қызыл қан деп түсіндірген.

5. Кей риуаятта құрсақтағы балаға қай періште келетіні айтылмайды. Рабиға ибн Күлсүмнің риуаятында ол «жатырға жауапты періште» деп анық көрсетілген. Ағмаштан жеткен риуаятта: «Ұрық жатырда орныққан соң, періште оны алақанына алып: “Раббым! Қыз ба, ұл ма?” – деп сұрайды», – делінген. Риуаяттың жалғасында: «Періштеге: “Уммул-китабқа бар. Ол жерден осы ұрықтың өміріне қатысты деректі табасың”, – делінеді. Періште барып, іздегенін табады», – деген сөз бар. Мұндағы «Уммул-китаб» – Алла тағаланың «Ләухул-махфуз» деп аталатын тағдыр кітабы болса керек.

Періштелер жазатын нәрселер әр хадисте әртүрлі аталады. Риуаяттарды жинақтап қарасақ, мына мәселелер айтылады.

• Жынысы: ұл ма, қыз ба?

• Ақыры: бақытты бола ма, бақытсыз бола ма?

• Ризығы: аз ба, көп пе, адал ма, харам ба?

• Ғұмыры: ұзақ па, қысқа ма, толық па, кем бе?

• Амалы: ізгі ме, теріс пе? Не із қалдырады, қандай қиындық көреді?

• Саулығы: кемістігі бола ма, дені сау бола ма? Жаратылысы: шетінеп кете ме, жетіліп туа ма?

• Саны: жалғыз ба, егіз бе?

• Мінезі: жақсы ма, жаман ба?

• Мекені: қай жерде болады?

Періштелердің адамға қатысты мәліметті жазуы бізге белгілі жазу қалпымен сипатталған. Мүслимнің бір риуаятында: «Содан соң парақ оралады да, қайта ашылмайды», – делінген. Әбу Бәкір ибн әл-Араби былай дейді: «Мұны періштенің жазуындағы хикмет – жазудың өзгертілуі, өшірілуі немесе сол күйінде қалуы мүмкін. Оны Алла жазған болса, өзгермес еді». Ибн әл-Арабидің бұл пайымы тәрбие мен ерікті әрекеттің адамға жақсы да, жаман да әсер ете алатынын түсінуге жол ашады.

6. Ғалымдар «үрлеу» сөзінің тілдік мағынасын ауаның үрлеушіден шығып, екінші нәрсенің ішіне енуі деп түсіндірген. Рухты үрлеудің періштеге қатысы – оның осы істі Алланың әмірімен атқаруында. Аллаға қатысы – Алла «Бол!» дегенде, сол істің жүзеге асуында.

Кей ғалымдар екі мағынаны былай ұштастырған: «Жазу екі рет болған: әуелі көкте, кейін ана құрсағында. Біріншісі параққа, екіншісі баланың маңдайына жазылған болуы мүмкін».

7. Хадистегі «бір шынтақ» деген сөз өлімнің жақындығын білдіреді. Тәубе қабыл болмайтын сәтке дейін адамның хәлі өзгеруі мүмкін. Сондықтан соңғы сәттегі хәлі бізге беймәлім болғандықтан, бұрынғы амалына қарап кесімді үкім беруге болмайды.

Хадисте ұдайы ізгі амал жасаған адам мен ұдайы жаман амал жасаған адам сөз болады. Екі түрлі амалды да жасаған кісі аталмайды. Хадистің көздегені – барлық адамның халін тізіп шығу емес, үкімнің соңғы амалға қарай берілетінін баяндау.

8. Хадистен шығатын үкімдер

• Жақсы да, жаман да амал – адамның хәліне ишара ететін белгі. Сол белгіге қарап кесімді үкім беруге болмайды.

• Әр адамның ақыры қаза мен тағдырға сай болады.

• Рас сөзді тыңдаушының көңіліне нық орнықтыру үшін ант етуге болады.

• Сыртқы амалына қарап бақытты саналған кісі кейде бақытсыз болып шығады, ал бақытсыз саналған кісі кейде бақытты болады. Бұлар сырт көзге көрінген амалға қатысты. Алланың іліміндегі бақыт пен бақытсыздық өзгермейді. Істе оның ақырына қарайды. Ибн Әбу Жәмраның айтуынша, бұл хадис игі амал жасаған адамның өзіне тым сүйсінуіне жол бермейді. Өйткені ғұмырының немен аяқталатынын адам білмейді.

• ﴿مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِنْ ذَكَرٍ أَوْ أُنْثَىٰ وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً ۖ وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُمْ بِأَحْسَنِ مَا كَانُوا يَعْمَلُونَ﴾ «Мейлі ер болсын, әйел болсын, кімде-кім мүмін ретінде сауапты істер атқарса, Біз оған міндетті түрде жақсы өмір сыйлаймыз. Әрі оларды дүниеде ең жақсы істерін ескере отырып, сый-сияпатқа бөлейміз»3 деген аяттағы жалпы уәденің ізгі амал үстінде дүниеден өткендерге қатысты екенін осы хадис нақтылайды.

• Хадисте өмір бойы ізгі амал жасап, ғұмырын жаман іспен аяқтаған адам Алланың ілімінде әуелден бақытсыз болғаны айтылады. Кері жағдай да солай. Бұл мәселеде ханафилер мен әшғарилердің пікірлері әртүрлі. Әшғарилер осы және осыған ұқсас хадистерге сүйеніп, амалды негізге алған. Ханафилер Құрандағы ﴿يَمْحُو اللَّهُ مَا يَشَاءُ وَيُثْبِتُ﴾ «Алла қалағанын өшіреді, қалағанын сол күйі қалдырады»4 деген аятты негізге алған. Пікір айырмасы сөздің қолданылуына байланысты. Алланың ілімінде әуелден мәлім нәрсе өзгермейді. Өзгеруі мүмкін нәрсе – адамның жұрт көзіне көрінетін амалдары. Мұның қорғаушы періштелердің іліміне қатысы болуы да ықтимал. Мәселен, ғұмырдың ұзаруы не қысқаруы секілді өзгерістер солардың ілімінде орын алуы мүмкін. Алланың ілімінде өшіру де, кейін белгілеу де болмайды.

• Ғалымдар осы хадистен мынадай қорытынды шығарған: адамды ﴿مِنْ مَاءٍ مَهِينٍ﴾ «жай судан» жаратып, кезең-кезеңімен кемеліне жеткізген Алла тағала өлген, топыраққа айналған адамды да қайта тірілтіп, оған рух үрлеуге құдіретті.

• Хадисте амалдардың тағдыры екі түрлі өлшеммен белгіленетіні айтылады. Біріншісі – Алланың іліміндегі тағдыр, екіншісі – бала ана құрсағында жатқанда жазылатын тағдыр. Екіншісі өзгеріске түсуі мүмкін. Алдыңғысы аспан мен жер жаратылардан елу мың жыл бұрын Алланың іліміне сай Ләухул-махфузға жазылған.

• Кей ғалымдар төрт айдан кейін шетінеген балаға жаназа намазы оқылады деген үкімге осы хадисті дәлел еткен. Өйткені балаға рух үрленген. Шафиғидің бұрынғы пікірі, сондай-ақ Ахмад ибн Ханбал мен Исхақтан жеткен әйгілі пікір осы. Ахмад ибн Ханбал «төрт ай он күн» дейді. Оның пайымдауынша, рух төрт айдан кейінгі он күннің ішінде үрленеді. Шафиғилердің пікірінше, балада тіршілік болғанын білдіретін жылау, қимылдау немесе тыныс алу тәрізді белгі байқалуы керек. Тірі туып, кейін шетінеген балаға жаназа оқылады әрі оған мирас тиеді. Осыған негіз болған хадистің сенімділігі туралы хадис ғалымдары әртүрлі пікір айтқан. Фақиһтер: «Бала құрсақта жүз жиырма күнге жетсе, шетінеген соң жуылып, кебінделеді де, жаназа намазы оқылмай жерленеді. Осы мерзімге жетпей шетінесе, жуу мен кебіндеу міндеттелмейді», – деген.

• Бұл хадиске сүйенген ғалымдар баланың дене бітімі үшінші қырық күндік кезеңде қалыптаса бастайтынын айтқан. Олардың пайымдауынша, адамға тән пішін жүктіліктің сексен бірінші күнінен бұрын білінбейді. Бұл – үшінші қырық күннің басы. Кей жағдайда дене бітімі сол кезеңнің соңында білінеді.

• Хадисте адамның әлі дүниеге келіп, амал етпей жатып-ақ бақытты не бақытсыз болатыны белгіленетіні де айтылған.

• Хадис қанағатқа үндеп, тойымсыздықтан тияды. Ризықтың мөлшері әуелден белгіленсе, артығына ұмтылып, шектен тыс күш жұмсаудың пайдасы жоқ. Ризықты шариғат шеңберінде, өз жөнімен іздеу керек. Оны іздеп жүріп, ғибадатты тәрк етуге, отбасы тәрбиесін елеусіз қалдыруға болмайды. Ризық табу үшін еңбек ету – дүние тіршілігіне тән себептердің бірі.

• Амал жәннатқа немесе тозаққа кіруге себеп болады. Бұл «Ешқайсыңды амалың жәннатқа кіргізбейді» деген хадиске қайшы келмейді. Ғалымдардың түсіндіруінше, амал жәннатқа кіруге себеп болады әрі ондағы дәреже амалға қарай беріледі.

• Хадис ешбір адамның осы дүниеде ақыреттегі халін анық білмейтінін баяндайды. Дегенмен ісіне қарап болжауға болады. Алла елшісінің (с.а.с.) «Сендер – Алланың жер бетіндегі куәгерлерісіңдер» деген хадисі жақсылығымен танылып, сол қалпын өзгертпей дүниеден өткен адамның ақыры қайырлы болар деп үміттенуге негіз болады.

• Ақыры жамандықпен аяқталмауы үшін Алладан пана тілеудің артықшылығы бар. Діннің үлгі тұтар адамдары осы хадиске амал етіп, ғұмырының соңы қайырсыз болмауын Алладан ұдайы тілеген. Абдул-Хақ «Китаб әл-Ақиба» кітабында былай түсіндіреді: «Іші түзу, амалы ізгі адамның ақыры жамандықпен аяқталмайды. Жаман ақыр бұзақылық пен қулықты әдетке айналдырып, ауыр күнәдан тыйылмай, жасаған ісінен тайынбаған адамға келеді. Ажал мұндай адамды кенеттен алуы мүмкін. Сол кезде шайтан оның әлсіз халін пайдаланып, ақырын бұзуға ұмтылады. Алла тағала осындай қысылтаяң сәтте бізді Өзінен алыстатпай, иманымызды сақтасын. Әмин». Ғалымдар мұндай жағдайдың кез келген мұсылманның басына келуі мүмкін екенін айтқан.

• Хадис Алланың қалауынан тыс ешбір себеп Оның құдіретіне мәжбүрлі түрде ықпал ете алмайтынын аңғартады. Мысалы, ерлі-зайыптылар бірге болғанымен, бала сүймеуі де мүмкін. Алла қаласа ғана, сол істі баланың дүниеге келуіне себеп етеді.

• Хадис Алланың тұтас жаратылысты да, оның әр бөлшегін де білетінін көрсетеді. Дүниеге келетін жанның әрбір жайы Оған мәлім.

• Алла – бар нәрсенің жаратушысы, бәріне құдіреті жететін әрі Өз қалауымен іс етуші. «Мүрид» сөзі осы қалау сипатын білдіреді. Бұл сөз Алла әр нәрсені сүйеді немесе әр нәрсеге разы дегенді білдірмейді.

• Жақсылық та, жамандық та Алланың тағдырымен және жаратуымен жүзеге асады. Қадария мен жәбрия бұл үкіммен келіспеген. Қадария: «Құлдың ісі өзінен шығады, оны өзі жаратады», – дейді. Олардың кейбірі: «Жақсылықты Алла жаратады», – деп, жамандықты Алла жаратады дегенді теріске шығарған. Бұл сөзді мұғтазиланың қай өкілі айтқаны анық емес. Жәбрия: «Бәрі – Алланың ісі. Жаратылыстың өз ісіне еш ықпалы жоқ», – деген. Әһлі сүннет орта жол ұстанған. Бір бөлігі: «Істің өзін Алла жаратады. Құлдың істі жаратуға ықпал етпейтін белгілі бір күші бар», – десе, екіншілері: «Құлдың ісінде “кәсб” деп аталатын үлесі бар», – деп, оған дәлел келтірген.

Риуаяттарды салыстырған ғалымдардың түсіндіруінше, әдетте ізгі іс жасағандар жәннатқа, жаман іс жасағандар тозаққа кіреді. Адам көбіне өмірде істеген амалының нәтижесін көреді, тек кейбірінің хәлі ақырында өзгереді. Алла елшісі (с.а.с.) өмірдің жаман аяқталу қаупін еске салып, үнемі сақ болуға, тәубе етуге және дұға жасауға үндеген.

Ибн Хажардың жеткізуінше, Омар ибн Абдулазиз өмір бойы игі амал жасаған адамның ғұмыры жаман аяқталып, тозаққа кіруі мүмкін екенін баяндайтын хадисті естігенде таңғалып: «Өмір бойы Аллаға мойынсұнған құлдың ақырында жәннатқа кірмеуі қалай?» – деген. Ибн әл-Мулаққин Омар ибн Абдулазизге телінген осы сөзге сақтықпен қарап, оны жеткізген риуаяттың сенімділігіне күмән келтірген.

  1. 1Мүслим, Қадар 3, (2645).
  2. 2«Зүмәр» сүресі, 6-аят.
  3. 3«Нахыл» сүресі, 97-аят.
  4. 4Рағыд сүресі, 39-аят.
4836
Кутуб ситтә, № 4836 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَامَ فِينَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَقَامًا فَقَالَ: «لَا يُعْدِي شَيْءٌ شَيْئًا». فَقَالَ أَعْرَابِيٌّ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، مَا بَالُ إِبِلٍ يَأْتِيهَا الْبَعِيرُ الْأَجْرَبُ الْحَشَفَةُ بِذَنَبِهِ فَيُجْرِبُهَا كُلَّهَا؟ فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «فَمَنْ أَجْرَبَ الْأَوَّلَ؟ لَا عَدْوَى وَلَا صَفَرَ. إِنَّ اللَّهَ خَلَقَ كُلَّ نَفْسٍ وَكَتَبَ حَيَاتَهَا وَمَوْتَهَا وَرِزْقَهَا وَمَصَائِبَهَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) арамызда орнынан тұрып: “Ешбір ауру өздігінен жұқпайды”, – деді. Бір бәдәуи: “Уа, Алла елшісі! Құйрығымен жыныс мүшесіне қотыр жұқтырған түйе үйірге қосылса, бәрін қотыр қылады ғой. Мұны қалай түсінеміз?” – деді. Ол: “Ендеше, алғашқы түйені кім қотыр қылды? Ауру өздігінен жұқпайды, сафар туралы наным да негізсіз. Расында, Алла әрбір жанды жаратып, оның өмірін, өлімін, ризығын және басына түсетін қиындықтарды жазған”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) осы хадисте аурудың бір тіршілік иесінен екіншісіне өздігінен жұғатынын теріске шығарады. Басқа хадистерде жұқпалы аурудан сақтану үшін оқшаулауды бұйырған. Ғалымдар мұны былай түсіндіреді: «Жәһилият дәуіріндегі арабтар ауру өздігінен жұғады деп сенген. Алла елшісі осы нанымды теріске шығарып, дертті беретін Алла екенін, аурудың пайда болуы да, өзге тіршілік иесіне жұғуы да Оның рұқсаты мен қалауына сай жүзеге асатынын білдірді».

2. «Хашафа» – сүндеттелетін жердің сыртқы бөлігі, кей тіл мамандарының айтуынша, жыныс мүшесінің басы. Демек, хадисте жыныс мүшесін қотыр басқан түйе сөз болады. «Тәйсирдегі» нұсқада түйе құйрығымен қотырды сол жерге таратып, кейін ол өзге түйелерге жұғады. Тирмизи нұсқасында بِذَنَبِهِ «құйрығымен» деген сөздің орнына نُدْبِنُهُ «қораға кіргіземіз» деген сөз келген. Бұл айырма хадистің негізгі мағынасын өзгертпейді. «Тәйсирдегі» нұсқада «өлімін» деген сөз де бар.

3. Пайғамбар (с.а.с.) жәһилият нанымының теріс екенін және аурудың жұғуы Алланың қалауымен болатынын түсіндіру үшін бәдәуиге: «Алғашқы түйені кім қотыр қылды?» – деген сұрақ қойды. Дерт тараса, әуелде сол дертке шалдыққан бір түйе болған. Дертті де, оның өзгелерге жұғуына себеп болатын жағдайды да Алла тағала жаратқан.

4. Хадистегі «сафар» сөзін ғалымдар бірнеше түрлі түсіндірген.

• Бұхари оны «қарында пайда болатын дерт» деп түсіндірген.

• Әбу Убәйда Мағмар ибн әл-Мусәннә «Ғариб әл-хадис» еңбегінде қарындағы жылан тәрізді құрттың адам мен жануардың ішкі мүшелеріне зақым келтіретінін айтқан. Арабтар оны жұқпалылығы жағынан қотырдан да қауіпті санаған. Хадис осы нанымды теріске шығарады.

• Кейбір риуаятта сафар – адам мен жануардың қарнында болатын құрттың бір түрі.

• Кей ғалымдар сафарды жылан деп түсіндірген. Хадис жылан шаққанда уы тарап, міндетті түрде өлімге әкеледі деген жәһилият түсінігін терістейді.

• Кей ғалымдар бұл сөзді сафар айына қатысты түсіндірген. Жәһилият арабтары сафар айын харам ай санап, мұхаррам айында соғысуға рұқсат берген. Ислам бұл нанымды теріске шығарған. Пайғамбардың (с.а.с.) «Сафар жоқ» деген сөзі осыны білдіреді.

  1. 1Тирмизи, «Қадар», 9-тарау (2143). «Тәйсирдегі» нұсқаның мәтіндік ерекшелігі түсіндірмеде көрсетілген.
4837
Кутуб ситтә, № 4837 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِذَا أَرَادَ اللَّهُ بِعَبْدٍ خَيْرًا اسْتَعْمَلَهُ». فَقِيلَ: كَيْفَ يَسْتَعْمِلُهُ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: «يُوَفِّقُهُ لِعَمَلٍ صَالِحٍ قَبْلَ الْمَوْتِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алла бір құлына жақсылық қаласа, оны игі іске жұмылдырады”, – деді. Қасындағылар: “Уа, Алла елшісі, қалай жұмылдырады?” – деп сұрады. Ол: “Өлер алдында ізгі амал жасауын нәсіп етеді”, – деді».1

Түсіндірме

1. Басқа бір риуаятта хадис: «Содан соң сол ізгі амалды істеп жүргенінде оның жанын алады», – деп жалғасады.

2. Ниеті мен амалы түзу адам Алланың разылығы мен мейіріміне бөленіп, ғұмырын қайырлы іспен аяқтайды. Алла оның жанын осындай таза күйінде алады. Қади Ияд «Ешқайсыңды амалың жәннатқа кіргізбейді. Жәннатқа Алланың мейірімімен кіресіңдер» деген хадисті былай түсіндіреді: «Алланың әмірді орындауға тура жол нәсіп етуі және құлшылыққа жәрдемдесуі – Оның мейірімі. Құл бұларға өз күшімен жете алмайды. Олар Алланың қалауы мен мейірімі арқылы беріледі».

Ибн әл-Жәузи осы айтылғандардан төрт тұжырым шығарады.

1) Амал етуге мүмкіндік беретін денсаулық – Алланың мейірімінен.

2) Құлдың иелігіндегі дүниенің бәрі Иесіне тиесілі. Иесінің оған амал ету үшін бергенінің бәрі – жарылқауы.

3) Кейбір хадисте жәннатқа кіру Алланың мейірімімен, ал ондағы дәрежелер адамның амалына қарай болатыны айтылған.

4) Аллаға мойынсұнып жасаған амал адамның елу не жүз жылдық ғұмырын нұрландырады. Ал оның сауабы мәңгілік өмірде жеміс береді. Ғұмыры шектеулі адамға мәңгілік нығмет беру – Алланың құлына деген үлкен мейірімі.

  1. 1Тирмизи, «Қадар» (2142).
4838
Кутуб ситтә, № 4838 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّ الرَّجُلَ لَيَعْمَلُ الزَّمَنَ الطَّوِيلَ بِعَمَلِ أَهْلِ الْجَنَّةِ، ثُمَّ يُخْتَمُ لَهُ عَمَلُهُ بِعَمَلِ أَهْلِ النَّارِ، وَإِنَّ الرَّجُلَ لَيَعْمَلُ الزَّمَنَ الطَّوِيلَ بِعَمَلِ أَهْلِ النَّارِ، ثُمَّ يُخْتَمُ لَهُ عَمَلُهُ بِعَمَلِ أَهْلِ الْجَنَّةِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Адам ұзақ уақыт жәннаттықтардың амалын істеп жүріп, ақырында тозақтықтардың амалын істеп, көз жұмады. Адам ұзақ уақыт тозақтықтардың амалын істеп жүріп, ақырында жәннаттықтардың амалын істеп, көз жұмады”, – деді»1.

Түсіндірме

ТҮСІНДІРМЕ: № 4834 хадистің түсіндірмесін қараңыз.

  1. 1Мүслим, Қадар 11, (2651).
4839
Кутуб ситтә, № 4839 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ خَلَقَ خَلْقَهُ فِي ظُلْمَةٍ، فَأَلْقَى عَلَيْهِمْ مِنْ نُورِهِ، فَمَنْ أَصَابَهُ مِنْ ذَلِكَ النُّورِ اهْتَدَى، وَمَنْ أَخْطَأَهُ ضَلَّ، فَلِذَلِكَ أَقُولُ: جَفَّ الْقَلَمُ عَلَى عِلْمِ اللَّهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алла жаратылыстарын қараңғылықта жаратты. Содан соң олардың үстіне Өз нұрынан шашты. Сол нұр кімге тисе, ол тура жол тапты, ал кімге тимесе, ол адасты. Сондықтан ‘Қалам Алла тағаланың іліміне сай жазып, сиясы кепкен’ деймін”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадистегі қараңғылықта жаратылғандар – жындар мен адамдар. Өйткені періштелердің нұрдан жаратылғаны айтылған.

2. Жындар мен адамдардың қараңғылықта жаратылуы дегеніміз – жамандыққа итермелейтін нәпсі мен адастыратын құмарлықтарға бейім болуы.

3. Иләһи нұр дарыған адам жәннатқа апарар жолды табады. Сол нұрдан үлес алмаған адам ақиқат жолынан адасады.

4. Хадистің соңындағы «Қалам Алла тағаланың іліміне сай жазып, сиясы кепкен» деген сөз Алланың әуел бастан біліп, үкім еткен ісі өзгермейтінін білдіреді. Бұл сөзді «иман, мойынсұну, күпірлік пен күнәға қатысты әуелде жазылған нәрсе өзгермейді, сондықтан қаламның сиясы кепкен деймін» деп те түсіндірген.

  1. 1Тирмизи, «Иман» (2642).