وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ أُبَيٍّ ابْنُ سَلُولَ يَقُولُ لِجَارِيَةٍ لَهُ: اذْهَبِي فَابْغِينَا شَيْئًا، فَأَنْزَلَ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ: ﴿وَلَا تُكْرِهُوا فَتَيَاتِكُمْ عَلَى الْبِغَاءِ إِنْ أَرَدْنَ تَحَصُّنًا لِتَبْتَغُوا عَرَضَ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَمَنْ يُكْرِهْهُنَّ فَإِنَّ اللَّهَ مِنْ بَعْدِ إِكْرَاهِهِنَّ﴾ لَهُنَّ ﴿غَفُورٌ رَحِيمٌ﴾». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.
Жәбир (р.а.) былай дейді: «Абдулла ибн Убәй ибн Сәлул күңіне: “Барып, жезөкшелікпен бізге біраз дүние тауып кел”, – дейтін. Осыған орай Алла тағала мына аятты түсірді: “Бұл дүниенің өткінші пайдасы үшін арын таза сақтауды қалаған күңдеріңді арсыздыққа мәжбүрлемеңдер. Кімде-кім оларды мәжбүрлеп арсыздыққа итермелейтін болса, олар ықтиярсыз күнәға барғаннан кейін де, Алла олар үшін өте кешірімді, ерекше мейірімді.”».1
Түсіндірме
Күңін осындай іске мәжбүрлеген Абдулла ибн Убәй ибн Сәлул Мәдинадағы мұнафықтардың басшысы еді. Ол шешуші сәттерде мұсылмандарға қиындық туғызып, мұнафықтық пиғылын жүзеге асырудың ешбір мүмкіндігін жібермеген.
Аят күңдерді жезөкшелікке мәжбүрлеуге тыйым салады.
Ислам дінінде зинаға тыйым салынған. Өзгені мәжбүрлеу де, өз еркімен бару да бұл істі адал етпейді. Аят зорлыққа ұшыраған әйелдерге Алланың кешірімі мен рақымы бар екенін білдіреді.
- 1«Нұр» сүресі, 33-аят (үзінді). Мүслим, «Тәпсір», 26 (3029а). Оқиғаның өзге нұсқасы: Әбу Дәуіт, «Талақ», 50 (2311).