وَعَنِ ابْنِ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِنَّمَا سُمِّيَ الْبَيْتُ الْعَتِيقَ لِأَنَّهُ لَمْ يَظْهَرْ عَلَيْهِ جَبَّارٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Ибн Зубәйір (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Қағба ‘Бәйтул-атиқ’ деп аталған, өйткені оны ешбір озбыр билеуші бағындыра алмаған”, – деді»1.
Түсіндірме
«Хаж» сүресінің 29 және 33-аяттарында Қағба «Бәйтул-атиқ» деп аталады. «Атиқ» сөзі «көне», «асыл», «құнды», «қадірлі» деген мағыналарды білдіреді. Бұл сипаттардың бәрі Қағбаға тән. Құранда оның жер жүзінде адамдар үшін құлшылыққа арнап салынған тұңғыш үй екені айтылады2.
«Атиқ» сөзі «азат етілген» деген мағынаны да білдіреді. Бір риуаятта: «Алла оны озбырлардың үстемдігінен азат еткен», – делінеді.
Хадистегі «жаббар» сөзі «залым», «ашуға мініп, кісі өлтіретін адам» дегенді білдіреді. Ежелден бері ешбір озбыр Қағбаны күшпен бағындыра алмаған. Әбраһа әскерінің күйреуі – соның бір мысалы. «Піл» сүресінде Қағбаға жорық жасаған Әбраһаның әскері құстар көктен тастаған ұсақ тастардан күйрегені баяндалады.
Икрима: «Қағба Нұх пайғамбардың тұсындағы топан судан аман қалғандықтан, “Бәйтул-атиқ” деп аталған», – деген.
Бұл риуаяттардың бәрінде Қағбаның көнелігі, қадір-қасиеті және Алланың қорғауында болғаны айтылады.