Хадис

Кутуб ситтә, № 711

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
72. «Хаж» сүресі
Нөмірі
№ 711 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
711
Кутуб ситтә, № 711 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيِّ بْنِ أَبِي طَالِبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَنَا أَوَّلُ مَنْ يَجْثُو لِلْخُصُومَةِ بَيْنَ يَدَيِ الرَّحْمَٰنِ عَزَّ وَجَلَّ يَوْمَ الْقِيَامَةِ». قَالَ قَيْسُ بْنُ عُبَادٍ: وَفِيهِمْ نَزَلَتْ ﴿هَٰذَانِ خَصْمَانِ اخْتَصَمُوا فِي رَبِّهِمْ﴾، وَهُمُ الَّذِينَ بَارَزُوا يَوْمَ بَدْرٍ: عَلِيٌّ وَحَمْزَةُ وَعُبَيْدَةُ بْنُ الْحَارِثِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ، وَشَيْبَةُ بْنُ رَبِيعَةَ وَعُتْبَةُ بْنُ رَبِيعَةَ وَالْوَلِيدُ بْنُ عُتْبَةَ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) былай деді: «Қиямет күні дауымды айту үшін Рахманның құзырында алғаш тізе бүгетін адам – мен». Қайс ибн Убад: «Мына аяттар солар жайлы түсті: “Мына бір-біріне қарсы екі топ Раббылары жайлы таласып-тартысуда. Оны мойындамау немесе Оған өзгелерді серік етіп қосу арқылы күпірлік қылғандарға жалындаған оттан киім-кешек пішілген. Олардың тас төбелерінен қайнаған су құйылады. Одан олардың бүкіл іш құрылысы мен терілері жидіп, еріп кетеді. Һәм онда олар үшін темір қамшылар мен гүрзілер әзірленген”1», – деді. Сөзін жалғап: «Бұлар – Бәдір шайқасында жекпе-жекке шыққандар. Бір жақта Әли, Хамза және Убәйда ибн әл-Харис (р.а.), қарсы жақта Шәйба ибн Рабиға, Утба ибн Рабиға және әл-Уәлид ибн Утба болды», – деді2.

Түсіндірме

Риуаятта әзірет Әли Бәдір шайқасындағы оқиғаны меңзейді. Ол қарсыластарымен есептесуге Алланың құзырына бірінші болып шығатынын айтқанда, мүжаһид ретінде алдымен өзі жекпе-жекке шыққанын меңзеген. Өйткені Бәдірде Алла елшісінің (с.а.с.) әмірімен жекпе-жекке алғаш шыққан – әзірет Әли (р.а.).

Бәдірге дейін де қарсы тарапқа бірнеше жасақ жіберіліп, екі жақ бетпе-бет келген. Алайда алғашқы ірі шайқас Бәдірде болды. Осы шайқаста жекпе-жекке бірінші болып шыққан әзірет Әли қарсыласын жеңді.

Әбу Дәуіттің риуаяты бойынша, Бәдірде екі қол бетпе-бет келіп, ұрысқа сап түзегенде, меккелік Утба ибн Рабиға жекпе-жекке шықты. Іле-шала ұлы Уәлид пен бауыры Шәйба да алға шықты. Оларға қарсы ансарлардан бірнеше жігіт шыққанда, Утба: «Бізге сендермен шайқасудың қажеті жоқ. Алдымызға әкеміздің бауырының балалары шықсын!» – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Хамза, тұр! Уа, Әли, тұр! Уа, Убәйда, тұр!» – деп, үшеуін атымен шақырды. Хамза Утбаға, Әли Шәйбаға қарсы шықты. Кімнің кіммен жекпе-жекке шыққаны риуаяттарда әртүрлі баяндалады.3

Әзірет Әли осы риуаятта ислам тарихында мұндай жекпе-жекке алғаш шыққанын айтқан. «Мына бір-біріне қарсы екі топ Раббылары жайлы таласып-тартысуда» деп басталатын аяттар сол жекпе-жекке шыққан адамдарға қатысты түскен.

Кейбір риуаяттарда бұл аяттардың Кітап иелері мен мұсылмандарға, енді бірінде кәпірлер мен мүміндерге қатысты түскені айтылады. Тағы бір риуаят оларды мүміндер мен кәпірлердің өлгеннен кейін қайта тірілу жөніндегі таласымен байланыстырады.

Табаридің пікірінше, аталған себептердің бәрі мүміндер мен кәпірлер арасындағы оқиғаларға қатысты. Сондықтан аяттарды бір ғана оқиғаға телімей, бәріне ортақ деп түсінген жөн. «Аят осы себептердің біріне орай түскен күннің өзінде, мағынасы қалғандарын да қамти алады», – дейді ол.

  1. 1«Хаж» сүресі, 19–21-аяттар.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Хаж», 3 (4744), «Мағази», 3, 7 (3965 және өзге нұсқалар).
  3. 3Әбу Дәуіт, «Жиһад» (2665).