وَعَنِ ابْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ وَجَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَا: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا يَتَوَارَثُ أَهْلُ مِلَّتَيْنِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ عَنِ ابْنِ عَمْرِو. وَالتِّرْمِذِيُّ عَنْ جَابِرٍ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас пен Жәбир (Алла екеуіне де разы болсын) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Екі бөлек діннің өкілдері бір-біріне мұрагер болмайды».1
Түсіндірме
1. Діні бөлек мұсылман еместер бір-біріне мұрагер бола алмайды деген ғалымдар осы хадиске сүйенген. Көпшілік ғалымдар хадистегі екі діннің бірі Ислам, екіншісі күпір деп түсінген. Сонда бұл хадистің үкімі алдыңғы хадистегі үкіммен бірдей болады.
Шафиғилер мен ханафилер бастаған көпшілік ғалымдардың айтуынша, мұсылман еместер өзара бір-біріне мұрагер бола алады. Ал олар мен мұсылмандар арасында өзара мұрагерлік жүрмейді.
2. Ғалымдар мұсылман елінің қорғауындағы зимми мен соғысып жатқан елдің өкілі харбидің жағдайын бөлек қарастырған. Әбу Ханифа зимми мен харби бір-біріне мұрагер бола алмайды деген. Оның пікірінше, харбилер бір елде тұрса, өзара мұрагер бола алады. Шафиғи мәзһабында бір елде тұру шарты қойылмайды.
3. Сәури, Рабиға және басқа кей ғалымдар мұсылман еместерді яһудилер, христиандар және өзге дін иелері деп үш топқа бөліп, осы үш топ бір-біріне мұрагер бола алмайды деген.
4. Мәдина мен Басра ғалымдарының бір тобы: «Мұсылман еместердің әр тобы жеке дін саналады. Сондықтан мәжуси пұтқа табынушыға, яһуди христианға мұрагер бола алмайды», – деген. Әузағи осы пікірді әрі қарай өрбітіп, бір діндегі екі бөлек ағымның өкілдері де бір-біріне мұрагер бола алмайды деп санаған.
5. Діннен шыққан адамның мирасы жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан.
• Шафиғи мен Ахмадтың пікірінше, діннен шыққан адам қайтыс болса, оның мүлкі барлық мұсылмандарға фәй, яғни олжа болады.
• Мәликтің айтуынша, оның мүлкі фәй болады. Алайда ол мұсылман мұрагерлерін мүліктен айыру үшін діннен шықса, мүлік сол мұрагерлеріне беріледі. Мәлик зындыққа да осы үкімді қолданған.
• Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірінше, діннен шыққан адамның мүлкі мұсылман мұрагерлеріне тиеді.
• Әбу Ханифаның пікірінше, діннен шыққанға дейін жинаған мүлкі мұсылман мұрагерлеріне қалады. Одан кейін тапқан дүниесі мемлекет қазынасына өтеді.
• Алқама және кей ғалымдар оның мал-мүлкі өзі өткен діннің өкілдеріне тиеді деген.
• Дәуіт әз-Заһири оның өзі өткен діндегі мұрагерлері осы мүлікке құқылы деген.
- 1Әбу Дәуіт, Фараиз 10 (2911). Тирмизи, Фараиз 16 (2109). Әбу Дәуіт бұл хадисті Абдулла ибн Амрдан, Тирмизи Жабирден жеткізген.