1. Ақил мен Жағфар – Әлидің бауырлары, Әбу Талибтің ұлдары. Талиб – ағайындылардың үлкені, әкесі де соның атымен Әбу Талиб аталған. Талиб Ақилдан, Ақил Жағфардан, Жағфар Әлиден үлкен. Жағфар Мұта шайқасында шейіт болған. Ол «Жағфар әт-Тайяр» және «Зул-жанахайн» есімдерімен танылған. Әкелері дүние салғанда Ақил мен Талиб мүшрік еді. Ақил кейін Хұдайбия бітімі тұсында Исламды қабылдаған. Талиб болса, бұрынғы дінінде қайтыс болған. Ибн Мәжаның нұсқасында Талиб пен Ақил Әбу Талибке мұрагер болғаны, басқа екі ұлы мұсылман болғандықтан бұл мұрадан үлес алмағаны айтылған.
2. «Рибағ» – «рабғ», яғни үй сөзінің көпше түрі. «Дар» сөзі де үйді білдіреді. Екі сөздің қатар келуі риуаятты жеткізушінің қайсысы айтылғанына күмәнданғанын аңғартса керек. Бұл жерде екеуі де баспана мағынасында қолданылған.
3. Хадисте Усаманың (р.а.) қоштасу қажылығында Алла елшісіне қойған сұрағы баяндалған. Ол Пайғамбарымыз Меккеде бұрын туып-өскен үйіне түсе ме, әлде басқа баспанаға түсе ме деп білгісі келген. Өйткені ол үйді Ақил сатып жіберген еді. Риуаяттарда Ақилдың һижрет кезінде Меккеде қалып қойған Алла елшісінің, Әлидің және Жағфардың жылжымайтын мүліктерін сатқаны айтылады. Өзге мұһажирлердің де мүлкін мүшрік туыстары иемденіп, сатып жіберген.
Усаманың сұрағы соғыс кезінде мүлікке осылай билік етудің заңдылығына қатысты болуы мүмкін. Алла елшісі қалыптасқан жағдайды қабылдай ма, әлде мүлікті қазіргі иелерінен қайтарып ала ма? Түсіндірмешілер осы орайда қасиетті Меккедегі үйлерді жеке меншікке алуға, сатып алуға және сатуға бола ма деген мәселені де қарастырған. Олар Құрандағы «Мәсжид әл-Харам» атауы Меккенің бүкіл аумағын қамти ма, әлде белгілі бір бөлігіне ғана қатысты ма деген сұрақты да қозғаған. Хадистен мұсылман соғысушы елде мүлік иеленсе, ол ел алынған жағдайда мүлкі бұрынғы мұсылман иесіне тиесілі болады деген үкім де шығарылған. Бұл жөніндегі пікір айырмасы әртүрлі хадистер мен тәжірибелерден туған.
Алла елшісінің «Ақил бізге баспана қалдырып па еді?» деген сөзінен Ақилдың мәмілесін жарамды санағаны аңғарылған. Бұл пікір бойынша, мәміле жаһилият дәуірінде жасалса да, кейін заңды деп танылған істердің қатарына жатады. Мысалы, жаһилият дәуірінде қиылған некелер Исламды қабылдағаннан кейін қайта қиылмаған.
• Көпшілік ғалымдар осы хадиске сүйеніп, Меккедегі үйлер мұраға қала алады әрі оларды сатып алуға, сатуға болады деп үкім еткен.
عَنْ عَلْقَمَةَ بْنِ نَضْلَةَ، قَالَ: «تُوُفِّيَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَأَبُو بَكْرٍ وَعُمَرُ، وَمَا تُدْعَى رِبَاعُ مَكَّةَ إِلَّا السَّوَائِبَ، مَنِ احْتَاجَ سَكَنَ، وَمَنِ اسْتَغْنَى أَسْكَنَ». أَخْرَجَهُ ابْنُ مَاجَهْ.
• Ибн Мәжа Алқама ибн Надладан мына риуаятты жеткізген: «Алла елшісі, Әбу Бәкір және Омар қайтыс болған кезде Меккедегі үйлерді “сәуәиб”, яғни Алла разылығы үшін тегін пайдалануға берілген мүлік дейтін. Мұқтаж кісі үйге өзі қонатын, мұқтаж болмаса, оны басқа біреуге беретін».2
Бұл риуаят иснады үзіліп жеткен мұнқатиғ әрі мүрсәл болғандықтан, әлсіз саналған. Соған қарамастан Ибн Омар, Мұжаһид және Ата оның сыртқы мағынасына сүйеніп үкім шығарған.
Ибн Хажар келтірген түсіндірмеде Абдурраззақ Ибн Журайжден Атаның Харам аймағында үйді жалға беруге тыйым салғанын жеткізеді. Ата: «Омардың Меккедегі үйлерге есік орнатуға тыйым салғаны маған жетті. Өйткені қажылар үйлердің ауласына түсетін еді», – деген. Үйіне алғаш есік орнатқан Сүһәйл ибн Амр бұл ісі үшін Омардан кешірім сұраған.
Тахауи Ибраһим ибн Мұһажир арқылы Мұжаһидтің мына сөзін жеткізген: «Мекке – ортақ мекен. Онда үйлерді сатуға және жалға беруге тыйым салынған». Сәури мен Әбу Ханифа да осылай үкім еткен. Әбу Юсуф бұл мәселеде Әбу Ханифамен келіспеген. Имам Мұхаммедтің пікірі жайлы әртүрлі дерек бар. Көпшілік ғалымдар мұндай мәмілелерге рұқсат берген, Тахауи де солардың қатарында.
Шафиғи Бұхаридің «Қажылық» кітабындағы Усама хадисін дәлел еткен. Оның айтуынша, Алла елшісі хадисте үйді өзіне де, оны сатқан Ақилға да телиді. Шафиғидің тағы бір дәлелі – Мекке алынған жылы Алла елшісінің: «Әбу Суфиянның үйіне кірген адам аман қалады», – деген сөзі. Мұнда үй Әбу Суфиянға телінген.
Шәфиғидің ойын айтқан ибн Хузәйма аяттан мынадай дәлел шығарған: ﴿لِلْفُقَرَآءِ ٱلْمُهَٰجِرِينَ ٱلَّذِينَ أُخْرِجُوا۟ مِن دِيَٰرِهِمْ وَأَمْوَٰلِهِمْ يَبْتَغُونَ فَضْلًا مِّنَ ٱللَّهِ وَرِضْوَٰنًا وَيَنصُرُونَ ٱللَّهَ وَرَسُولَهُۥٓ أُو۟لَٰٓئِكَ هُمُ ٱلصَّٰدِقُونَ﴾ «Һәм атамекенінен қуылып, бар дүниелерінен айырылған кедей мұһажирлерге тиесілі. Олар Алланың шарапаты мен разылығын ғана қалайды және Алланың дініне әрі Елшісіне жан-тәндерімен қолдау көрсетеді. Нағыз шыншылдар, міне, солар!»3 Бұл аятта Алла Тағала мал-мүлікті Меккелік мұһажирлерге тән екенін жеткізген. Егер үйлер өздерінікі болмағанда, өзгенің үйінен қуылған мазлұм (кедей) деп айтылмас еді». Сиқыр бөлімінде әзірет Омардың Меккеде абақты ету мақсатымен бір үй сатып алғаны жазылған. Абд ибн Хумайдтың жеткізген хадисінде әзірет Омардың Қажылық уақытында Мекке үйлерінің есіктерін құлыптауды тыйғанын ескеретін болсақ, Нафиғтың ибн Омардан риуаят еткен хабары, бұл айтқандарымызға қарама-қайшы келмейді. Абдурраззақтың Мүжәһидтен жеткізген хадисінде әзірет Омар: «Уа, Меккеліктер, үйлеріңе есік орнатпаңдар. Себебі алыстан жол жүріп келгендер, тынығып демалсын», – деген. Бұл риуаяттың әзірет Омардан жеткен басқа нұсқасын жоғарыда жазып өттік. Жалпы айтпағымыз: әзірет Омар қажылыққа айлап жол жүріп келгендерге Меккеліктердің жалға үй беруін қаламаған. Алайда бұдан Меккедегі үйлердің алынып-сатылуына тыйым салынды деген сөз шықпайды. Ахмад ибн Ханбал және біршама ғалымдар осы пікірді растаған. Имам Мәликтің бұл мәселедегі ұстанымы жайлы әртүрлі пікір айтылған:
• Қазы Исмайыл: «Құранда құлшылық пен діни рәсімдер орындалатын мекен, яғни мешіт меңзелген. Меккенің өзге үйлері бұл үкімге кірмейді», – деген.
• «Мәсжид әл-Харам» атауының мұнда неге аталғанын бұрын түсіндірген едік.4
4. Тарихи деректер бойынша, хадистегі үй Хашим ибн Абд Манафтікі болған. Одан ұлы Абдулмутталибке мұраға қалған. Абдулмутталиб мүлкін балаларына бөлгенде, осы үй Алла елшісіне (с.а.с.) әкесінің үлесі ретінде тиген. Ибн Хажардың айтуынша, Алла елшісі һижрет еткенде, Ақил мен Талиб оны мүлкін тастап кеткен кісі деп санап, туыстық құқығымен үйге иелік еткен. Талиб Бәдір шайқасында қаза тапқан соң, үй Ақилға қалып, ол оны сатқан. Әл-Факиһидің дерегінде бұл үй Ақилдың ұлдарына өтіп, олар оны Хажжаждың бауыры Мұхаммед ибн Юсуфқа жүз мың динарға сатқаны айтылады.
Әд-Даууди және кей ғалымдар хадисті былай түсіндірген: «Һижрет еткен мүміндердің үйлерін мұсылман емес туыстары сатқан. Алла елшісі (с.а.с.) олардың жүрегін Исламға жібіту үшін жаһилият дәуірінде жасаған сол істерін сөкпеген».
Хаттаби былай деген: «Бұл үйлер әлі де Ақилдың қолында болса, Алла елшісі оларды қайтарып алмас еді деп ойлаймын. Өйткені бұл мүлік Алла жолында қалдырылған еді. Олар оны Алла үшін тәрк еткен». Хаттабидің пікірін сынағандар хадистегі оқиға үйлердің сатылып кеткеніне байланысты екенін айтқан. Олардың пікірінше, үйлер сатылмағанда, Алла елшісі солардың біріне қайта түсуі мүмкін еді.