وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَتَعَاقَبُونَ فِيكُمْ مَلَائِكَةٌ بِاللَّيْلِ وَمَلَائِكَةٌ بِالنَّهَارِ، وَيَجْتَمِعُونَ فِي صَلَاةِ الْفَجْرِ وَصَلَاةِ الْعَصْرِ ثُمَّ يَعْرُجُ الَّذِينَ بَاتُوا فِيكُمْ فَيَسْأَلُهُمْ، وَهُوَ أَعْلَمُ بِكُمْ، كَيْفَ تَرَكْتُمْ عِبَادِي؟ فَيَقُولُونَ: تَرَكْنَاهُمْ وَهُمْ يُصَلُّونَ وَأَتَيْنَاهُمْ وَهُمْ يُصَلُّونَ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَالنَّسَائِيُّ.
Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Араларыңда түнгі және күндізгі періштелер кезектесіп жүреді. Олар таң және екінті намаздарында бас қосады. Содан соң түнді сендермен өткізгендер көкке көтеріледі. Алла сендердің халдеріңді олардан жақсы білсе де: “Құлдарымды қандай күйде қалдырдыңдар?” – деп сұрайды. Олар: “Біз оларды намаз оқып жатқан күйінде қалдырдық. Барғанымызда да олар намаз оқып жатқан еді”, – деп жауап береді».1
Түсіндірме
«يَتَعَاقَبُونَ» أَيْ تَجِيئُ طَائِفَةٌ بَعْدَ طَائِفَةٍ: أَيْ إِنَّ مَلَائِكَةَ اللَّيْلِ تَصْعَدُ وَتَنْزِلُ مَلَائِكَةُ النَّهَارِ وَبِالْعَكْسِ.
1. Хадисте кейбір періштелердің адамдарды күндіз-түні кезектесіп бақылап, оларды жалғыз қалдырмайтыны айтылады. Ғалымдардың көпшілігі бұларды хафаза, яғни қорғаушы періштелер деп түсінген. Құртуби секілді ғалымдар олардың басқа періштелер болуы мүмкін екенін айтқан. Екеуін бөлек санағандардың пікірінше, хафаза періштелері адамның жақсы-жаман амалдарының бәрін жазады. Ал бұл періштелер адамның жақсы халін, соның ішінде намаз оқығанын Аллаға жеткізеді. Алла мүміндерге деген кеңшілігімен олардың жаман халін осы періштелерден жасырады. Бұл пікір бойынша хафаза періштелері мен амалдарды жазатын періштелер – бір топ. Оларды бөлек деп көрсететін хадистер де бар.
2. Періштелердің екінті мен таң намаздарында бас қосуы – мүміндерге көрсетілген жақсылық. Өйткені олар әр жолы адамдарды намаз оқып жатқан күйінде көріп, Алла алдында соған куәлік етеді.
3. Періштелердің кезектесуі былай түсіндіріледі: бір топ екінтіде түсіп, келесі таңға дейін қалады. Таң намазында күндізгі топ түсіп, екі топ бас қосады. Содан соң мүміндермен түнді бірге өткізген періштелер көкке көтеріледі. Екінтіде түнгі топ қайта түсіп, күндізгі топпен намаз үстінде кездеседі. Екі топ біраз уақыт бірге болады да, күндізгі топ көкке көтеріледі. Осылайша, топтар таң мен екінті намаздарында кезек алмасады.
4. Періштелердің таң мен екінті намаздарының дәл уақытында келуі намазды уақыты кіре сала оқудың маңызын көрсетеді. Хадистерде ең абзал намаз уақыты кірген бойда оқылған намаз екені айтылған. Сондықтан олардың куәлік етуі үшін бұл намаздарды уақыты кірісімен жамағатпен оқуға ынталандырған.
5. Таң мен екінті – берекелі уақыттар. Бұл уақыттарда оқылған намаздың сауабы мол.
- 1Бұхари, Мәуақут-Салат 16, Бәдул-халқ 6, Тәухид 23, 33; Мүслим, Масажид 210 (632); Муатта, Қасрус-Салат 82, (1, 170); Нәсәи, Салат 21, (1, 240, 241).