وَعَنْ مَالِكٍ أَنَّهُ قَالَ: «لَا يَنْبَغِي لِأَحَدٍ أَنْ يُجَاوِزَ الْمُعَرَّسَ إِذَا قَفَلَ إِلَى الْمَدِينَةِ حَتَّى يُصَلِّي فِيهِ رَكْعَتَيْنِ أَوْ مَا بَدَا لَهُ. إِنَّهُ بَلَغَنِي أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ: عَرَّسَ بِهِ، وَهُوَ عَلَى سِتَّةِ أَمْيَالَ مِنَ الْمَدِينَةِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Имам Мәлик былай деген: «Мәдинаға қайтып бара жатқан адам Мұғарраста екі рәкат не қалауынша намаз оқымай, ол жерден өтпегені жөн. Өйткені маған Алла елшісінің (с.а.с.) сол жерде түнегені жетті. Ол жер Мәдинадан алты миль қашық».1
Түсіндірме
«Мұғаррас» – жолаушының қонып тынығатын орны. Бұл сөз түннің соңына қарай тынығу үшін аялдауды білдіретін «тағрис» сөзінен шыққан. Хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) қажылықтан қайтқанда Зул-Хуләйфада түнеген орны меңзелген. Қади: «Қажылықтан оралғанда Зул-Хуләйфаның Батхасына қону қажылықтың шартына жатпайды. Мәдиналықтар мұны Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетін ұстанып, берекелі жерге аялдау үшін жасайды», – дейді. Ол кей ғалымдардың бұл аялдауды керуеннің Мәдинаға түн ішінде кіріп, үй ішін мазаламауымен түсіндіргенін де айтады. Алла елшісі (с.а.с.) сапардан қайтқан адамның түн ішінде үйіне кіріп баруына бірнеше хадисте тыйым салған. Кейбір ғалымдар Мұғаррасты Мәдинадан алты миль қашықта жатқан Зул-Хуләйфа мешіті деп түсіндірген.
- 1Әбу Дәуіт Манасик 100 (2045).