Хадис

Кутуб ситтә, № 4616

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
694. Мәдинаның харам аймақ болып жариялануы
Нөмірі
№ 4616 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
4616
Кутуб ситтә, № 4616 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَزُورُ مَسْجِدَ قُبَاءَ كُلَّ سَبْتٍ رَاكِبًا وَمَاشِيًا وَيُصَلِّي فِيهِ رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ السِّتَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) әр сенбіде Құба мешітіне бірде көлікпен, бірде жаяу барып, онда екі рәкат намаз оқитын».1

Түсіндірме

1. Құба Мәдинадан оңтүстікке қарай екі миль қашықта орналасқан ауыл еді. Бүгінде ол Мәдинамен бірігіп кеткен. Алла елшісі (с.а.с.) өзі тас көтеріп, құрылысына қатысқан Құба мешіті – қасиетті мешіттердің бірі. Ол Нәбәуи мешітінен бұрын салынған. Алла елшісі (с.а.с.) һижрет етіп келе жатып әуелі Құбаға тоқтаған. Сонда Күлсүм ибн Хидмнің (р.а.) үйінде он төрт күндей болып, ең алдымен мешіт салдырған. Табаранидің Бинт Нуғманнан жеткізген риуаятында Алла елшісінің (с.а.с.) құрылыста қалай жұмыс істегені баяндалады: «Алла елшісі (с.а.с.) Құбаға келгенде, оны мешіт салып жатқан жерінен көрдім. Ол өзі тас тасып жүрді. Құшақтаған ірі тастарының ауырлығынан шөгіп қалатын. Қарнының немесе кіндігінің үстінен ақ шаңның ізін көрдім. Сахабаларының бірі келіп: “Уа, Алла елшісі, әке-шешем сізге пида болсын! Тасты маған беріңіз, сіздің орныңызға мен көтерейін”, – дейтін. Ол: “Сен де осындай басқа тас ал”, – деп, тасын бермейтін. Алла елшісі (с.а.с.) мешітті осылай салды».

Ғалымдар осы хадиске сүйеніп, Құба мешітін зиярат етуді, онда намаз оқуды және зияратты сенбіге туралауды мұстахаб санаған. Нәсәидің төменде келетін риуаяты мұны қуаттайды: «Кімде-кім Құба мешітіне барып, сонда намаз оқыса, бір ұмраның сауабындай сауап алады». Сағд ибн Әбу Уаққастың (р.а.): «Құба мешітінде екі рәкат намаз оқуды Ақса мешітіне екі рет барғаннан артық көремін», – дегені де риуаят етілген.

2. Ғалымдар бұл хадистен мынадай үкімдер шығарған:

• Құба мен оның мешітінің артықшылығы бар.

• Құба мешітінде намаз оқу – мұстахаб.

• Белгілі бір күндерді ғибадатқа арнауға болады.

• Зияратқа көлікпен де, жаяу да баруға болады.

  1. 1Бұхари, Фазлус-салат 3, 4, Итисам 16; Мүслим, Хажж 516 (1399); Муатта, Салат Фи-Сафар 71, (1, 167); Нәсәи, Масажид 9, (2, 37); Әбу Дәуіт, Мансик 99 (2040).