Хадис

Мәдинаның харам аймақ болып жариялануы

Кутуб ситтә, 10-том, 694-тарау · 2 хадис · № 4616–4617

Хадистер

Мекке Ибраһим (а.с.) заманынан бері харам аймақ саналады. Ал Мәдинаны Алла елшісі (с.а.с.) харам аймақ деп жариялаған. Бір мекенді харам аймақ деп жариялау, ең алдымен, онда ағаш кесуге, шөп пен өзге өсімдіктерді жұлуға, жабайы аңды аулауға әрі өлтіруге тыйым салуды білдіреді. Қасиетті мекендер үшін белгіленген осы тарихи шара қазіргі кезде «ұлттық парк», «жасыл белдеу», «қорық» түрінде кең таралып, қайтадан маңызға ие болды. Сондықтан Мәдинаны харам аймақ етіп жариялау ісіне осында жеке тоқталуды жөн көрдік.

Осы тыйымға қатысты хадистерді Әбу Һурайра, Жәбир, Абдулла ибн Зәйд, Асым ибн Ахуал, Рафиғ ибн Худәйж, Әнәс ибн Мәлик, Әбу Сағид әл-Худри, Әли ибн Әбу Талиб, Сағд ибн Әбу Уаққас және Кәғб ибн Мәлик (р.а.) сияқты көптеген сахаба азды-көпті айырмашылықпен жеткізген. Бұл хадистер Бұхари мен Мүслимнің жинақтарынан бастап, өзге хадис кітаптарында да бар.

عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: لَمَّا قَدِمَ النَّبِيُّ ﷺ رَاجِعًا مِنْ خَيْبَرَ أَشَارَ بِيَدِهِ إِلَى الْمَدِينَةِ، وَقَالَ: «اللَّهُمَّ إِنِّي أُحَرِّمُ مَا بَيْنَ لَابَتَيْهَا كَتَحْرِيمِ إِبْرَاهِيمَ مَكَّةَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Әнәстен (р.а.) жеткен риуаят бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) Хайбар жорығынан қайтып келе жатып, Мәдинаны қолымен нұсқап: «Уа, Алла! Ибраһим Меккені харам еткендей, мен де Мәдинаның қос қара жартасты өңірінің арасын харам етемін», – деген.

Хадистің өзге нұсқалары ұзағырақ. Бұл жерде маңыздысы – Алла елшісінің (с.а.с.) Мәдина маңындағы белгілі бір аумақты харам деп жариялап, мұсылмандарға онда жабайы аң өлтіруге, шөп жұлуға, ағаш кесуге, тіпті жапырақ үзуге тыйым салғаны.

Бұхаридегі риуаятта харам деп жарияланған жердің шекарасы толық көрсетілмеген. Ең анық айтылғаны – «қара жартасты қос өңірдің арасы». Әбу Дәуіттің бір риуаятында бұл аймақ «Айр мен Сәур тауларының арасы» деп белгіленген. Мүслим Әбу Һурайрадан (р.а.) «Алла елшісі Мәдинаның маңындағы он екі мильдік аумақты қорық етті» деген риуаят жеткізген. Ади ибн Зәйдтің «Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаның төрт жағынан бір бәрид жерді қорық деп жариялады»1 деген сөзі осыны нақтылай түседі. Бұл риуаяттар аймақтың негізгі шекарасын белгілеуге жеткілікті.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَعَلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ اثْنَيْ عَشَرَ مِيلًا حَوْلَ الْمَدِينَةِ حِمًى». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаның маңындағы он екі мильдік аумақты қорық еткен.

عَنْ عَدِيِّ بْنِ زَيْدٍ قَالَ: «حَمَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ كُلَّ نَاحِيَةٍ مِنَ الْمَدِينَةِ بَرِيدًا بَرِيدًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Ади ибн Зәйд былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаның әр жағынан бір-бір бәрид жерді қорық деп жариялады».

Картадан көрінгендей, бұл аумақ солтүстігінде Сәур, оңтүстігінде Айр тауларымен, шығысында шығыс Ләббамен (Харрату Уақым), батысында батыс Ләббамен (Харратул-Уәбара) шектеседі. Риуаяттардағы атаулар әртүрлі болғандықтан, кей тұста белгісіздік бар. Бұл негізгі шекараны анықтауға кедергі келтірмейді.2

Алла елшісінің (с.а.с.) Мәдинаны төрт жағынан қоршап жатқан жасыл белдеуді қорғауды бұйырғаны анық. Ол тыйымның маңызын көрсету үшін оны бұзғандарға рухани ескерту жасап, іс жүзінде жаза белгіледі. Рухани ескерту мына хадисте айтылады: «Мәдинаның Айр мен Сәур тауларының арасы – харам. Онда кім тыйым салынған істі жасаса немесе жасаған адамды паналатса, оған Алланың, періштелердің және барша адамның лағынеті болсын. Алла қиямет күні оның тәубесін де, пидиясын да, яғни парызын да, нәпілін де қабылдамайды». Мүміннің ар-ұжданына бұдан ауыр ескерту жоқ.

عَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «الْمَدِينَةُ حَرَمٌ مَا بَيْنَ عَيْرٍ إِلَى ثَوْرٍ، فَمَنْ أَحْدَثَ فِيهَا حَدَثًا أَوْ آوَى مُحْدِثًا فَعَلَيْهِ لَعْنَةُ اللَّهِ وَالْمَلَائِكَةِ وَالنَّاسِ أَجْمَعِينَ، لَا يَقْبَلُ اللَّهُ مِنْهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ صَرْفًا وَلَا عَدْلًا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Әлидің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Мәдинаның Айр мен Сәур тауларының арасы – харам аймақ. Онда кім тыйым салынған істі жасаса немесе оны жасаған адамды паналатса, оған Алланың, періштелердің және барша адамның лағынеті болсын. Қиямет күні Алла оның нәпіл амалын да, парыз амалын да қабылдамайды».

Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаның қасиетті аймағын іс жүзінде қорғау үшін тыйымды бұзғандарды жазалауды бұйырған. Мұндай шараларға дүре соғу, киімін шешіп алу және пайдаланған құралын тәркілеу кірген. Осыған қатысты бір оқиғаны келтірейік.

Мүслим, Әбу Дәуіт және Балазури бірін-бірі толықтыратын риуаяттар келтіреді. Ақықтағы сарайына бара жатқан Сағд ибн Әбу Уаққас харам аймақта ағаш кесіп немесе жапырағын түсіру үшін бұтағын сілкіп жатқан құлды ұстаған. Балазури нұсқасында құл шөп орып жатқан. Сағд оның киімін шешіп алған, ал Балазуриде оның орағын да алғаны айтылады. Сағд қайтып келгенде құлдың қожайыны тәркіленген заттарды қайтаруын сұраған. Балазури риуаятында ол Омарға (р.а.) шағымданып, Омар Сағдқа алғанын қайтаруды бұйырған. Сағд: «Алла елшісі маған олжа еткен нәрсені қайтарып беруден Аллаға сыйынамын», – деп, өтінішті орындамаған.

عَنْ عَامِرِ بْنِ سَعْدٍ أَنَّ سَعْدًا رَكِبَ إِلَى قَصْرِهِ بِالْعَقِيقِ، فَوَجَدَ عَبْدًا يَقْطَعُ شَجَرًا أَوْ يَخْبِطُهُ فَسَلَبَهُ. فَلَمَّا رَجَعَ سَعْدٌ جَاءَهُ أَهْلُ الْعَبْدِ، فَكَلَّمُوهُ أَنْ يَرُدَّ عَلَى غُلَامِهِمْ أَوْ عَلَيْهِمْ مَا أَخَذَ مِنْ غُلَامِهِمْ. فَقَالَ: «مَعَاذَ اللَّهِ أَنْ أَرُدَّ شَيْئًا نَفَّلَنِيهِ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ». وَأَبَى أَنْ يَرُدَّ عَلَيْهِمْ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Амир ибн Сағдтың жеткізуінше, Ақықтағы3 сарайына бара жатқан Сағд ибн Әбу Уаққас ағаш кесіп немесе жапырағын түсіру үшін бұтағын сілкіп жатқан құлды көріп, киімін шешіп алды. Сағд қайтып келгенде, құлдың иелері одан алғанын құлға немесе өздеріне қайтаруын сұрады. Сағд: «Алла елшісі (с.а.с.) маған олжа еткен нәрсені қайтарып беруден Аллаға сыйынамын», – деп, өтініштерін орындамады.

Әбу Дәуіт пен Балазуридің риуаяттарында Сағд былай жауап берген: «Алла елшісі (с.а.с.) бұл жерді харам етіп: “Кім мұнда аң аулап немесе ағаш кесіп жүрген адамды ұстаса, оны жазалап, киімі мен құралын алсын”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) маған олжа еткенді қайтармаймын. Қаласаңыз, құнын төлейін».

عَنْ سُلَيْمَانَ بْنِ أَبِي عَبْدِ اللَّهِ قَالَ: رَأَيْتُ سَعْدَ بْنَ أَبِي وَقَّاصٍ أَخَذَ رَجُلًا يَصِيدُ فِي حَرَمِ الْمَدِينَةِ الَّذِي حَرَّمَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَسَلَبَهُ ثِيَابَهُ، فَجَاءَ مَوَالِيهِ فَكَلَّمُوهُ فِيهِ، فَقَالَ: «إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ حَرَّمَ هَذَا الْحَرَمَ وَقَالَ: مَنْ وَجَدَ أَحَدًا يَصِيدُ فِيهِ فَلْيَسْلُبْهُ ثِيَابَهُ. فَلَا أَرُدُّ عَلَيْكُمْ طُعْمَةً أَطْعَمَنِيهَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ، وَلَكِنْ إِنْ شِئْتُمْ دَفَعْتُ إِلَيْكُمْ ثَمَنَهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Сүлеймен ибн Әбу Абдулла былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) харам еткен Мәдина аймағында аң аулап жүрген адамды Сағд ибн Әбу Уаққастың ұстап алып, киімін шешіп алғанын көрдім. Әлгі кісінің иелері келіп, Сағдпен сөйлесті. Сонда ол: “Алла елшісі (с.а.с.) бұл жерді харам етіп: ‘Кім мұнда аң аулап жүрген адамды ұстаса, киімін алсын’, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) маған олжа еткенді қайтармаймын. Қаласаңдар, құнын төлейін”, – деді».

Балазуридің айтуынша, Сағд сол орақтан кетпен жасап, өмірінің соңына дейін егістік жұмыстарына пайдаланған.

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.), бәлкім, осы оқиғадан кейін Осман ибн Мазғунның Харрадағы жерін бағып жүрген азат етілген құлына былай деген: «Орныңнан кетпе, сені осы жерді қарайтын қызметке тағайындадым. Мәдинадағы ағаштарды кесуге, жапырағын сілкіп түсіруге ешкімге жол берме. Біреу солай істеп жатса, қолындағы балтасы мен арқанын ал». Сөйтіп, Омар (р.а.) осы тоғайға арнайы қарауыл қойған.

Харам аймақты қорғау үшін тыйымды қасақана бұзғандарға да, абайсызда бұзғандарға да жаза не өтем белгіленген. Муғауия ибн Қурраның айтуынша, қажылық кезінде ихрамдағы бір адамның аты түйеқұстың ұясын басып, жаншып кеткен. Мұны Алла елшісіне (с.а.с.) хабарлағанда, ол әлгі адамға әр жұмыртқа үшін бір күн ораза ұстап, бір кедейді тойдыруды бұйырған.

Бұл риуаятта жұмыртқаға дейін өтем белгіленгені айтылады. Осылайша, қажылар харам аймақта табиғатқа келетін зиянды барынша азайту үшін аса мұқият болуға шақырылған.

Абдулла ибн Убаданың риуаяты харам аймақта балаларға да құс ұстауға тыйым салынғанын көрсетеді. Әбу Иһаб құдығы маңында Абдулланың құс ұстағанын көрген әкесі Убада оны баласының қолынан алып, ұшырып жіберді. Содан кейін: «Ибраһим (а.с.) Меккені харам еткендей, Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаның қос қара жартасты өңірінің арасын харам етті», – деп түсіндірді.

Дереккөздерде Мәдинаның харам аймағы туралы қосымша мәлімет бар. Алла елшісі (с.а.с.) кісілер жіберіп, харам аймақтың шекарасына төрт жағынан белгі қойдырған. Кәғб ибн Мәликтен жеткен риуаяттарда оның жеті-сегіз төбеге белгі қойғаны айтылады.

Мұхаммед Хамидуллаһтың «әл-Уәсайқ» еңбегіндегі бір жазбасынан Алла елшісінің (с.а.с.) кезінде тау басына қойылған осы белгілердің бір бөлігі кейінгі уақытқа жеткенін білеміз. Ол былай жазады: «Мәдинадағы Ариф Хикмет бей кітапханасының меңгерушісі шейх Ибраһим Хамди Харпутлу Мәдина маңындағы аталған тауларды аралағанда осы белгілердің қалдығын көргенін айтты. Олар Алла елшісінің (с.а.с.) дәуірінен қалған болуы керек. Біздің білуімізше, одан кейін оларды ешкім жаңартпаған».

Мекке мен Мәдинадан тыс харам аймақтар

Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен риуаяттарға қарағанда, елді мекен маңында ағаш кесу мен бүлдіруге тыйым салынған тоғай ұстау Мекке мен Мәдинаға ғана тән болмаған. Алла елшісінің (с.а.с.) бұған барлық мүмінге рұқсат бергенін, тіпті кеңес еткенін айтуға жеткілікті дәлел бар. Соның бірі – Тайф тұрғындарымен жасалған келісім.

Тайф дуалмен қоршалған берік қала еді. Мұсылмандар оны қырық күндей қоршағанымен, қала берілген жоқ. Айналасындағы тайпалар Исламды қабылдағаннан кейін, һижраның тоғызыншы жылында тайфтықтар өз еркімен мұсылман болып, Алла елшісіне (с.а.с.) серт беру үшін елші жіберді. Олар келіссөзде намаз бен зекеттен босатуды, зина мен мас қылатын ішімдікке рұқсат беруді, пұттарын бұзбауды және осы тәрізді орындалуы мүмкін емес шарттарды алға тартты. Алла елшісі (с.а.с.) кей шартты қабылдап, кейбірін үзілді-кесілді кері қайтарды. Тайфты қасиетті қала деп тану туралы талабына қалай жауап бергені осы тақырыпқа тікелей қатысты. Алла елшісі (с.а.с.) олардың талабын қабылдап, келісімге мына тармақты енгізді: «Алқаптары түгелдей харам аймақ. Алланың атымен белгіленген бұл тыйым ондағы жабайы ағаштар мен аңдарға жасалатын кез келген қысымға, қиянатқа және зиянға қатысты».

Алла елшісі (с.а.с.) Тайф алқабында ағаш кесуге, аң өлтіруге тыйым салынған осы келісіммен шектелмей, оны бұзғандарға қолданылатын шараларды жалпыға арналған үндеуде белгіледі. Үндеу барша мүмінге арнап жазылған.

Бисмилләһир-рахманир-рахим.

Мұхаммед пайғамбардан мүміндерге: «Уәжж алқабындағы тікенді ағаштар да, бұталар да шабылмасын, жабайы аңдар да өлтірілмесін. Осы тыйымдардың бірін бұзбақ болып ұсталған адамға дүре соғылып, киімі алынады. Кім шектен шықса, оны ұстап, Мұхаммед пайғамбарға әкеліңдер. Бұл – Мұхаммед пайғамбардың бұйрығы. Оны Алла елшісі Мұхаммедтің бұйрығымен Халид ибн Сағид жазды. Ешкім бұл бұйрықты бұзбасын. Оны бұзған адам Мұхаммед бұйырған істе өзіне зұлымдық жасаған болады».

Тайфтан өзге тайпаларға да осындай құқық берілген. Солардың бірі – Журәйш халқы. Құжатта: «Журәйш тұрғындарының мұсылман болған кезде иелігінде болған жер өздеріне тиесілі. Олардың рұқсатынсыз ол жерге мал жайған адам харам іс жасаған болады», – делінген.

Тағы бір құжат Тай тайпасының пайдасына жазылған. Алла елшісі (с.а.с.) Бәну Асадқа жазған хатында Тай тайпасының жері мен суын олардың рұқсатынсыз пайдаланбауды бұйырған: «Тай тайпасының суына да, жеріне де жақындамаңдар. Олардың суын пайдалануға хақыларың жоқ. Жеріне тайлықтардың рұқсатын алғандар ғана кіре алады. Бұл бұйрыққа бағынбаған адамға Мұхаммедтің қорғаны мен кепілдігі жоқ».

Алла елшісінің (с.а.с.) өзге тайпалар мен қалаларға осындай құқық беруі оларды Мекке мен Мәдина дәрежесінде қасиетті етпеген. Мысалы, Тайф осындай құқыққа ие болғанымен, тарих бойы мұсылмандар үшін Мекке мен Мәдинадай қасиетті қала саналған жоқ. Берілген құжаттың негізгі мақсаты да ол мекендерге мұндай мәртебе беру емес еді. Құжат әр елді мекеннің тұрғындары өз төңірегін қорғауға, онда ағаш кесуге және аң өлтіруге тыйым сала алатынын әрі мұның діни тұрғыдан заңды екенін көрсетеді.

Бұрын мұндай шараға мұқтаждық болмағандықтан, бұл қағида тарих бойы кең қолданылмаған болуы мүмкін. Қазір оны қолдану қажет. Әр ісіне діннен пәтуа іздейтін мұсылман халықтарына Ислам өлкелерін қайта ағаштандырудың маңызын түсіндіруде осы қағидаға сүйенуге болады.

Құба мешіті

4616
Кутуб ситтә, № 4616 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَزُورُ مَسْجِدَ قُبَاءَ كُلَّ سَبْتٍ رَاكِبًا وَمَاشِيًا وَيُصَلِّي فِيهِ رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ السِّتَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) әр сенбіде Құба мешітіне бірде көлікпен, бірде жаяу барып, онда екі рәкат намаз оқитын».1

Түсіндірме

1. Құба Мәдинадан оңтүстікке қарай екі миль қашықта орналасқан ауыл еді. Бүгінде ол Мәдинамен бірігіп кеткен. Алла елшісі (с.а.с.) өзі тас көтеріп, құрылысына қатысқан Құба мешіті – қасиетті мешіттердің бірі. Ол Нәбәуи мешітінен бұрын салынған. Алла елшісі (с.а.с.) һижрет етіп келе жатып әуелі Құбаға тоқтаған. Сонда Күлсүм ибн Хидмнің (р.а.) үйінде он төрт күндей болып, ең алдымен мешіт салдырған. Табаранидің Бинт Нуғманнан жеткізген риуаятында Алла елшісінің (с.а.с.) құрылыста қалай жұмыс істегені баяндалады: «Алла елшісі (с.а.с.) Құбаға келгенде, оны мешіт салып жатқан жерінен көрдім. Ол өзі тас тасып жүрді. Құшақтаған ірі тастарының ауырлығынан шөгіп қалатын. Қарнының немесе кіндігінің үстінен ақ шаңның ізін көрдім. Сахабаларының бірі келіп: “Уа, Алла елшісі, әке-шешем сізге пида болсын! Тасты маған беріңіз, сіздің орныңызға мен көтерейін”, – дейтін. Ол: “Сен де осындай басқа тас ал”, – деп, тасын бермейтін. Алла елшісі (с.а.с.) мешітті осылай салды».

Ғалымдар осы хадиске сүйеніп, Құба мешітін зиярат етуді, онда намаз оқуды және зияратты сенбіге туралауды мұстахаб санаған. Нәсәидің төменде келетін риуаяты мұны қуаттайды: «Кімде-кім Құба мешітіне барып, сонда намаз оқыса, бір ұмраның сауабындай сауап алады». Сағд ибн Әбу Уаққастың (р.а.): «Құба мешітінде екі рәкат намаз оқуды Ақса мешітіне екі рет барғаннан артық көремін», – дегені де риуаят етілген.

2. Ғалымдар бұл хадистен мынадай үкімдер шығарған:

• Құба мен оның мешітінің артықшылығы бар.

• Құба мешітінде намаз оқу – мұстахаб.

• Белгілі бір күндерді ғибадатқа арнауға болады.

• Зияратқа көлікпен де, жаяу да баруға болады.

  1. 1Бұхари, Фазлус-салат 3, 4, Итисам 16; Мүслим, Хажж 516 (1399); Муатта, Салат Фи-Сафар 71, (1, 167); Нәсәи, Масажид 9, (2, 37); Әбу Дәуіт, Мансик 99 (2040).
4617
Кутуб ситтә, № 4617 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Сәһл ибн Хунәйф

وَعَنْ سَهْلِ بْنِ حُنَيْفٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ خَرَجَ حَتَّى يَأْتِيَ مَسْجِدَ قُبَاءَ فَصَلَّى فِيهِ رَكْعَتَيْنِ كَانَ لَهُ كَعَدْلِ عُمْرَةٍ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Хунәйф (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кімде-кім үйінен шығып, Құба мешітіне келіп, онда екі рәкат намаз оқыса, бір ұмраның сауабындай сауап алады”, – деді».1

  1. 1Нәсәи, Масажид 9, (2, 37).