وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ الْإِيمَانَ لَيَأْرِزُ إِلَى الْمَدِينَةِ كَمَا تَأْرِزُ الْحَيَّةُ إِلَى جُحْرِهَا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жылан ініне қайтып паналағандай, иман да Мәдинаға келіп паналайды”, – деді».1
Түсіндірме
يَأْرِزُ» أَيْ يَنْضَمُّ وَيَلْتَجِئُ.
Бұл теңеу Исламның алғашқы орталығы Мәдина болғанын еске салады. Жылан азық іздеп інінен шығады да, қауіп төнгенде қайта оралады. Ислам да Мәдинадан тараған. Мүміндердің Мәдинаға баруға құштарлығы Алла елшісіне (с.а.с.) деген сүйіспеншіліктен туады. Ол көзі тірісінде оны көріп, Исламды өзінен үйренгісі келген. Дүниеден өткеннен кейін де жұрт оның мешітін, қабірін және артында қалған өзге жәдігерлерін көру үшін Мәдинаға келеді.
Қуртуби бұл хадистен Мәдина халқы ұстанған жолдың дұрыстығына дәлел тапқан. Имам Мәликтің мәзһабындағы бір негіз де осыған сүйенеді. Мәдина халқының ұстанған амалы сүннетті танытады, сондықтан олардың амалы дәлел ретінде қабылданып, жекелеген риуаяттан басым қойылады.
Ибн Хажар Қуртубидің пікірін Алла елшісінің (с.а.с.) және әділетті халифалардың дәуірімен шектеп құптайды. Оның айтуынша, алауыздық туып, сахабалар әр тарапқа тарағаннан кейін, әсіресе һижраның екінші ғасырының соңынан бері бұл қағиданы жалпылама қолдануға болмайды. Сондықтан аталған шартты ескеру керек.
- 1Бұхари, Фазаилул-Мәдина 6; Мүслим, Иман 233 (147).