وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «لَمَّا قَدِمَ النَّبِيُّ ﷺ الْمَدِينَةَ وُعِكَ أَبُو بَكْرٍ وَبِلَالٌ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فَدَخَلْتُ عَلَيْهِمَا. فَقُلْتُ: يَا أَبَتِ، كَيْفَ تَجِدُكَ؟ وَيَا بِلَالُ، كَيْفَ تَجِدُكَ؟ وَكَانَ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ إِذَا أَخَذَتْهُ الْحُمَّى يَقُولُ: كُلُّ امْرِئٍ مُصَبَّحٌ فِي أَهْلِهِ وَالْمَوْتُ أَدْنَى مِنْ شِرَاكِ نَعْلِهِ. وَكَانَ بِلَالٌ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ إِذَا أَقْلَعَ عَنْهُ الْحُمَّى يَرْفَعُ عَقِيرَتَهُ، وَيَقُولُ: أَلَا لَيْتَ شِعْرِي هَلْ أَبِيتَنَّ لَيْلَةً بِوَادٍ وَحَوْلِي إِذْخِرٌ وَجَلِيلٌ وَهَلْ أَرِدَنْ يَوْمًا مِيَاهَ مِجَنَّةٍ وَهَلْ يَبْدُوَنَّ لِي شَامَةٌ وَطَفِيلُ؟ وَفِي رِوَايَةٍ لِلْبُخَارِيِّ: قَالَ بِلَالٌ: اللَّهُمَّ الْعَنْ شَيْبَةَ بْنَ رَبِيعَةَ، وَعُتْبَةَ بْنَ رَبِيعَةَ، وَأُمَيَّةَ بْنَ خَلَفٍ، كَمَا أَخْرَجُونَا مِنْ أَرْضِنَا إِلَى أَرْضِ الْوَبَاءِ. قَالَتْ: فَأَخَبَرْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ بِذَلِكَ. فَقَالَ: اللَّهُمَّ حَبِّبْ إِلَيْنَا الْمَدِينَةَ كَحُبِّنَا مَكَّةَ أَوْ أَشَدَّ. اَللَّهُمَّ وَصَحِّحْهَا وَبَارِكْ لَنَا فِي مُدِّهَا وَصَاعِهَا، وَانْقُلْ حُمَّاهَا، وَاجْعَلْهَا بِالْجُحْفَةِ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ.
Әзірет Айша (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға келгенде Әбу Бәкір мен Біләл (р.а.) сырқаттанып қалды. Қастарына барып: “Әкешім, халіңіз қалай? Уа, Біләл, халің қалай?” – деп сұрадым. Қызуы көтерілгенде Әбу Бәкір: “Әркім таңды өз үйінде атырады, ал ажал оған аяқкиімінің бауынан да жақын”, – дейтін. Біләлдің қызуы басылғанда, ол дауысын көтеріп, Меккеге деген сағынышын жырлайтын: “Шіркін, айналамда изхир мен жәлил өсіп тұрған алқапта бір түн түнеу бұйырар ма екен? Мәжәннаның суына тағы бір күні жетер ме екем? Шама мен Тафил таулары көзіме тағы көрінер ме екен?” Бұхаридегі бір нұсқада Біләл: “Уа, Алла! Бізді жұртымыздан індет жайлаған жерге қуып шыққан Шәйба ибн Рабиғаға, Утба ибн Рабиғаға және Умәйя ибн Халафқа лағынет ет!” – деп дұға жасады.»
Айша (р.а.) сөзін былай жалғастырады: «Бұл жағдайды Алла елшісіне (с.а.с.) айттым. Ол: “Уа, Алла! Мәдинаны бізге Меккедей, тіпті одан да артық сүйдір. Уа, Алла, оны сырқаттан арылтып, мудды мен сағын бізге берекелі ет. Ондағы безгекті Жухфаға көшір”, – деп дұға етті».1
Түсіндірме
اَلْوَعْكُ» اَلْأَلَمُ، وَقِيلَ: هُوَ أَلَمُ الْحُمَّى. وَ« الْعَقِيرَةُ» الصَّوْتُ. وَ« الْجَلِيلُ» الثُّمَامُ وَهُوَ مِنْ نَبَتِ الْبَادِيَةِ. وَ« مِجَنَّةٌ» مَوْضِعُ مَعْرُوفٍ بَيْنَهُ وَبَيْنَ مَكَّةَ سِتَّةَ أَمْيَالٍ، وَكَانَ لِلْعَرَبِ فِيهِ سُوقٌ. وَ« شَامَةٌ وَطَفِيلٌ» جَبَلَانِ بِأَرْض مَكَّةَ وَمَا سِوَاهَا.
1. Хадистен Меккеден Мәдинаға һижрет еткен мұһажирлердің кейбірі жаңа жердің ауасына үйрене алмай, сырқаттан төсек тартып қалғанын және оған ел сағынышы қосылғанын көреміз. Ауырып жатқан Біләл Меккенің алқабында бір түн түнеуді аңсаған. Ол туған мекенін ғана емес, оның айналасындағы өсімдіктерді де сағынып еске алады.
Изхир – хош иісті шөп.
Жәлил – қырда өсетін шөп.
Мәжәнна – Меккеден алты миль қашықтағы жер. Жаһилият дәуірінде онда жәрмеңке өткен.
Шама мен Тафил – Мекке маңындағы екі тау.
Мудд пен сағ – сол дәуірде азық-түлікті өлшеуге қолданылған мөлшерлер.
2. Айша (р.а.) осы жағдайды хабарлағанда, Алла елшісінің (с.а.с.) бұған ерекше көңіл бөлгенін оның дұғасынан байқаймыз. Бұхаридегі риуаяттың жалғасында Айша (р.а.): «Біз Меккеден Мәдинаға һижрет етіп келгенде, Мәдина Араб түбегінде безгек ең көп тараған жер еді. Бутхан алқабынан түсі өзгерген, сасық су ағатын», – деген. Алла елшісінің (с.а.с.) дұғасынан кейін Мәдинаның ауасы жақсарып, қала бұл аурудан арылғаны аңғарылады.
3. Хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) Мәдинаның безгегін Жухфаға көшіруді сұрағаны айтылады. Ол кезде Жухфада мүшріктер тұрған. Хаттабидің айтуынша, онда яһудилер тұрған. Түсіндірмешілер бұл дұғаның тез қабыл болып, Мәдинаның берекелі әрі жайлы қалаға, ал Жухфаның безгек жайлаған мекенге айналғанын және Жухфаның одан ұзақ уақыт арылмағанын айтады. Нәуәуи: «Бұл дұғада Алла елшісінің (с.а.с.) айқын мұғжизасы бар. Содан бері Жухфа жұрт қоныстанбайтын жерге айналған. Кім оның суынан ішсе, безгекке шалдығады», – деген.
4. Хадис кейбір сопылардың әулиелікте кемелдікке жету үшін тағдырға разы болып, ауыртпалық пен аурудан арылуды тілеп дұға етпеу керек деген пікірінің сүннетке қайшы екенін көрсетеді. Сондай-ақ бұл хадис мұғтазилалардың кейбірі айтқан «дұға әуелгі тағдырға әсер етпейді» деген пікірді теріске шығарады. Өйткені дұғадан кейін Мәдинада жұрт тілеген өзгерістер болды.
- 1Бұхари, Фазаилул-Мәдина 11, Манақибул-Ансар 46, Марда 8, 22, 43; Мүслим, Хажж 480 (1376); Муатта, Жами 14, (2, 890, 891).