وَعَنْ أَبِي شُرَيْحٍ الْعَدَوِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قُلْتُ لِعَمْرِو بْنِ سَعِيدٍ وَهُوَ يَبْعَثُ الْبُعُوثَ إِلَى مَكَّةَ: ائْذَنْ لِي أَيُّهَا الْأَمِيرُ أُحَدِّثْكَ قَوْلًا قَامَ بِهِ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ الْغَدَ مِنْ يَوْمِ الْفَتْحِ، سَمِعْتُهُ يَقُولُ بَعْدَ حَمْدِ اللَّهِ وَالثَّنَاءِ عَلَيْهِ: إِنَّ مَكَّةَ حَرَّمَهَا اللَّهُ تَعَالَى وَلَمْ يُحَرِّمْهَا النَّاسُ. فَلَا يَحِلُّ لِامْرِئٍ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ أَنْ يَسْفِكَ بِهَا دَمًا، أَوْ يَعْضِدَ بِهَا شَجَرَةً. فَإِنْ أَحَدٌ تَرَخَّصَ لِقِتَالِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فِيهَا، فَقُولُوا: إِنَّ اللَّهَ قَدْ أَذِنَ لِرَسُولِهِ وَلَمْ يَأْذَنْ لَكُمْ، وَإِنَّمَا أَذِنَ لِي فِيهَا سَاعَةً مِنْ نَهَارٍ، ثُمَّ عَادَتْ حُرْمَتَهَا الْيَوْمَ كَحُرْمَتِهَا بِالْأَمْسِ وَلْيُبَلِّغِ الشَّاهِدُ مِنْكُمُ الْغَائِبَ. فَقِيلَ لِأَبِي شُرَيْحٍ: مَاذَا قَالَ لَكَ عَمْرٌو؟ قَالَ: قَالَ أَنَا أَعْلَمُ بِذَلِكَ مِنْكَ يَا أَبَا شُرَيْحٍ، إِنَّ الْحَرَمَ لَا يُعِيذُ عَاصِيًا وَلَا فَارًّا بِدَمٍ، وَلَا فَارًّا بِخَرْبَةٍ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.
Әбу Шурайх әл-Адауи (р.а.) жеткізеді: «Меккеге әскер жөнелтіп жатқан Амр ибн Сағидқа былай дедім: “Уа, әмір! Мекке алынған күннің ертеңінде Алла елшісінің (с.а.с.) айтқан сөзін жеткізуіме рұқсат етіңіз. Оның Алланы мақтап, мадақтаған соң былай дегенін өзім естідім: ‘Меккені Алла Тағала харам етті. Оны адамдар харам еткен жоқ. Аллаға және ақырет күніне иман келтірген адамға онда қан төгуге де, ағаш кесуге де болмайды. Егер біреу Алла елшісінің онда соғысқанын алға тартып, өзіне рұқсат іздесе: Алланың Өз елшісіне рұқсат бергенін, ал сендерге рұқсат бермегенін айтыңдар. Маған ол жерде күндіз аз ғана уақытқа рұқсат берілді. Бүгін оның қасиеттілігі кешегідей қайта күшіне енді. Осы жерде болғандарың сөзімді болмағандарға жеткізіңдер’”».
Әбу Шурайхтан: «Амр саған не деді?» – деп сұрады. Ол: «Амр: “Уа, Әбу Шурайх! Мұны мен сенен жақсырақ білемін. Харам аймағы бүлікшіге де, қан төгіп қашқанға да, өзге қылмыс жасап қашқанға да пана болмайды”, – деді», – деп жауап берді.1
Түсіндірме
«الْعَضْدُ» اَلْقَطْعُ بِالْحَدِيدَةِ. وَ« الْفَارُّ» اَلْهَارِبُ. وَ« الْخَرْبَةُ» اَلْعَيْبُ، وَالْمُرَادُ بِهَا هَاهُنَا التَّفَرُّدُ بِالشَّيْءِ وَالتَّغَلُّبُ عَلَيْهِ مِمَّا لَا تُجِيزُهُ الشَّرِيعَةُ، وَقَدْ جَاءَ فِي سِيَاقِ الْحَدِيثِ عَنْ الْبُخَارِيِّ أَنَّ الْخَرْبَةَ: اَلْجِنَايَةُ وَالْبَلِيَّةُ.
1. Амр ибн Сағид ибн әл-Ас ибн Сағид ибн әл-Ас ибн Умәйя сахабалардан да, сахабаларға ізгілікпен ергендерден де болмаған. Ол Язидтің Мәдинадағы әкімі еді. Шамда билікке келген Язид ибн Муғауияға серт беруден бас тартып, Меккеде өз халифалығын жариялаған Абдулла ибн Зубәйірге қарсы Амр Меккеге әскер жөнелтіп жатты. Бұл мәшһүр оқиғаның қысқаша мазмұны мынадай. Муғауия (р.а.) дүние салар алдында ұлы Язидті өзінен кейінгі халифа деп жариялады. Хусейн ибн Әли мен Абдулла ибн Зубәйірден өзге көптеген адам Язидке серт берді. Сахабалардың үлкендерінен Абдулла ибн Омар да серт берген еді. Куфа халқы Хусейнге серт беруге әзір екенін айтып, оны өздеріне шақырды. Хусейн Куфаға аттанып, осы сапарда қаза тапты. Ибн Зубәйір Меккенің қасиетті аймағын паналағандықтан, «Айзул-Бәйт», яғни «Алланың үйін паналаушы» атанды. Ол Меккедегі билікті қолына алды. Язид ибн Муғауия Мәдинадағы өкілдеріне Абдулла ибн Зубәйірге қарсы әскер жөнелтуді бұйырды. Осыдан кейін мәдиналықтар Язидті халифалықтан тайдыруға бірауыздан келісті.
2. Амр Әбу Шурайхқа берген жауабымен мынаны меңзеді: «Мекке – харам аймақ, алайда бұл оның хад жазасына лайық қылмыскерді қорғайтынын білдірмейді. Абдулла ибн Зубәйір қан төгіп, қысастан құтылу үшін сол жерді паналады. Ол жазалануға тиіс». Амрдың сөзінің сыртқы мағынасы дұрыс болғанымен, ол сол сөзді теріс мақсатына дәлел етті. Сахаба Амрдың Меккеге соғыс ашуын құптамады. Меккенің қасиеттілігі қысас үкімін орындауға бөгет болмайтыны рас. Алайда Абдулла ибн Зубәйір қысасқа негіз болатын ешбір іс жасамаған еді. Ол сахаба болумен қатар, білім мен тақуалық секілді асыл қасиеттерге ие болғандықтан, әһлі сүннет ғалымдары оны халифалыққа Язидтен де лайық санады. Оның үстіне, жұрт оған өзгелерден бұрын серт берген еді. Сондықтан халифалыққа сол лайық болатын.
3. Харам аймағында соғысу жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Онда соғысуды харам санағандар осы хадиске және оны қуаттайтын өзге риуаяттарға сүйенген. Кейбір фақиһтар Мекке тұрғындары әділ билеушіге қарсы шықса да, оларға қарумен тойтарыс беруді харам санаған. Олардың пікірінше, бүлікшілерді қоршауға алып, бағынуға мәжбүрлеу керек. Ал фақиһтардың көпшілігі бейбіт жолмен бағынбаған жағдайда соғысуға рұқсат берген. Олар: «Бүлікшілерге тойтарыс беру – тәрк етуге болмайтын Алла ақыларының бірі. Харам аймағында да осы ақыны қорғау оны тәрк етуден абзал», – деген. Нәуәуи осы пікірді қуаттаған.
4. Харам аймағын паналау – бөлек мәселе. Өлім жазасын қажет ететін қылмыс жасап, Меккені паналаған адамды сол жерде өлтіруге болмайды. Имам Ағзам осы хадиске сүйеніп, осындай үкім берген. Ибн Аббас, Ата, Шағби сынды ғалымдар да осы пікірде. Олар «Әли Имран» сүресінің 97-аятындағы ﴿وَمَن دَخَلَهُۥ كَانَ ءَامِنًا﴾ «Кімде-кім Алланың үйіне кірсе, қауіп-қатерден аман болады» деген сөзге сүйенген. Алла Тағала Меккеге кірген адамның аман болатынын білдіргендіктен, хад жазасына лайық қылмыс жасап, кейін Меккені паналаған адамға онда хад жазасы қолданылмайды деген. Олардың айтуынша, бұл кепілдік Меккеге кіргендерге берілген. Қылмысын Меккенің өзінде жасаған адамға жаза қолданылады. Кейбір ғалымдар сыртта хад жазасына лайық қылмыс жасап, Меккені паналаған адамды Харамнан шығарып жазалауға болады деген. Абдулла ибн Зубәйір, Хасан Басри және Мужаһид осы пікірде болған. Ибн әл-Жәузидің жазуынша, Харамнан тыс жерде жасалған қылмыс үшін хад жазасы қарастырылатыны жөнінде ғалымдар келіскен.
Әбу Ханифа мен Ахмад ибн Ханбалдың пікірінше, сыртта қылмыс жасап, Харамды паналаған адамға сол жерде хад жазасы қолданылмайды. Мәлик пен Шәфиғи мұндай адамға хад жазасы қолданылатынын айтқан. Ибн Хазм бір топ сахабаның ондай адамға хад жазасын қолданбау жөнінде үкім бергенін, басқа сахабалардың оған қарсы шықпағанын және бір топ табиғиннің сол үкімді құптағанын жазады. Ол өзгеше үкім берген Шәфиғи мен Мәликті қатты сынап, оларды сахабаларға, Құран мен сүннетке қайшы үкім берді деп айыптаған.
Кейбір ғалымдар Шәфиғи мен Мәликтің пікірін хадистегі оқиғалармен негіздеген. Олардың айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) Меккені алған күні жұртты кешіргенімен, кейбір адамдарға кешірім бермей, оларды қай жерден ұстаса да, тіпті Қағбаның жамылғысына жармасып тұрса да өлтіруді бұйырған. Ибн Хатал Харам аймағының ішінде ұсталып, сол жерде өлтірілді. Осыған сүйенген ғалымдар Харам аймағында қылмыскерге хад жазасын қолдануға болады деген.
Бұл уәжге мынадай жауап берілген. Ибн Хатал діннен шығып, адам өлтірген және Алла елшісін (с.а.с.) келемеждеген.
Ол Харам аймағында қауіпсіздік берілген адамдардың қатарына жатпайтын. Сондықтан шариғат оның Қағбаның жамылғысына жармасып тұрған жерінен ұсталса да өлтірілуін бұйырған.
- 1Бұхари, Илм 37, Жазаус-Саид 8, Мағази 50; Мүслим, Хажж 446 (1354); Тирмизи, Хажж 1 (809), Диет 13 (1406); Нәсәи, Манасик 11, (5, 205, 206).