وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: صَلَاةٌ فِي مَسْجِدِي هَذَا أَفْضَلُ مِنْ أَلْفِ صَلَاةٍ فِيمَا سِوَاهُ مِنَ الْمَسَاجِدِ إِلَّا الْمَسْجِدَ الْحَرَامَ». وَفِي رِوَايَةٍ: «صَلَاةٌ فِي مَسْجِدِي هَذَا خَيْرٌ مِنْ أَلْفِ صَلَاةٍ فِيمَا سِوَاهُ مِنَ الْمَسَاجِدِ إِلَّا الْمَسْجِدَ الْحَرَامَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.
Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Осы мешітімде оқылған бір намаз Харам мешітінен өзге мешіттерде оқылған мың намаздан артық”, – деді».
Басқа риуаятта: «Осы мешітімде оқылған бір намаз Харам мешітінен өзге кез келген мешітте оқылған мың намаздан қайырлы», – делінген.1
Түсіндірме
Ибн Хажар түсіндірмесінде Харам мешіті мен Ақса мешітінде оқылған намаздың артықшылығы санмен көрсетілген өзге хадистерді де келтіреді. «Муснәдтегі» бір риуаятта: «Осы мешітімде оқылған бір намаз Харам мешітінен өзге мешітте оқылған мың намаздан артық. Харам мешітінде оқылған бір намаз осы мешітімдегі жүз намаздан артық», – делінген. Бәззардың бір риуаятында: «Харам мешітінде оқылған бір намаз жүз мың намазға, осы мешітімде оқылған бір намаз мың намазға, ал Бәйтул-Мақдисте оқылған бір намаз бес жүз намазға тең», – делінген.
عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «صَلَاةٌ فِي مَسْجِدِي هَذَا أَفْضَلُ مِنْ أَلْفِ صَلَاةٍ فِيمَا سِوَاهُ مِنَ الْمَسَاجِدِ، إِلَّا الْمَسْجِدَ الْحَرَامَ، وَصَلَاةٌ فِي الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ أَفْضَلُ مِنْ مِائَةِ صَلَاةٍ فِي هَذَا».
Абдулла ибн Зубәйір (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Осы мешітімде оқылған бір намаз Харам мешітінен өзге мешітте оқылған мың намаздан артық. Харам мешітінде оқылған бір намаз осы мешітімдегі жүз намаздан артық».2
عَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ: «فَضْلُ الصَّلَاةِ فِي الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ عَلَى غَيْرِهِ مِائَةُ أَلْفِ صَلَاةٍ، وَفِي مَسْجِدِي أَلْفُ صَلَاةٍ، وَفِي مَسْجِدِ بَيْتِ الْمَقْدِسِ خَمْسُمِائَةِ صَلَاةٍ».
Бәззар Әбу Дәрдадан (р.а.) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Харам мешітінде оқылған бір намаз өзге жерде оқылған жүз мың намазға, осы мешітімде оқылған бір намаз мың намазға, ал Бәйтул-Мақдис мешітінде оқылған бір намаз бес жүз намазға тең», – деген.3
- 1Бұхари, Фазаилу-салат 1; Мүслим, Хаж 505 (1394); Муатта, Құбыла 9, (1, 196); Тирмизи, Салат 243 (325); Нәсәи, Масажид 7, (2, 35). «Артық» сөзімен келген нұсқа Ибн Мәжада берілген («Иқамат әс-салат», №1161).
- 2Ахмад ибн Ханбал, «Муснад», №16117.
- 3Бәззар, «Муснад», №4142. Хадис кей басылымда №4147 болып берілген.