Хадис

Кутуб ситтә, № 4570

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
689. Жұма күні
Нөмірі
№ 4570 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
4570
Кутуб ситтә, № 4570 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «ذَكَرَ النَّبِيُّ ﷺ يَوْمَ الْجُمُعَةِ فَقَالَ: فِيهِ سَاعَةٌ لَا يُوَافِقُهَا عَبْدٌ مُسْلِمٌ وَهُوَ قَائِمٌ يُصَلِّي يَسْأَلُ اللَّهَ تَعَالَى شَيْئًا إِلَّا أَعْطَاهُ إِيَّاهُ. وَأَشَارَ بِيَدِهِ، يُقَلِّلُهَا». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.) жұма күні жайында: “Бұл күні бір мезет бар. Қай мұсылман сол мезетке намаз оқып тұрып, Алладан бір нәрсе сұраса, Алла оған сұрағанын береді”, – деді. Сол мезеттің қысқалығын қолымен ишаралап көрсетті».1

Түсіндірме

1. Бұл хадис жұма күнінің ең құнды қасиеттерінің бірін, дұға қабыл болатын мезетін баяндайды. Мұсылман сол мезетте Алладан игілік немесе сұрауға рұқсат етілген қажетін тілесе, Алла дұғасын қабыл етіп, сұрағанын береді. Хадисте осы берекелі уақыттың қысқалығы да көрсетілген. Мұндағы «сағат» қазіргі мағынадағы алпыс минут емес, қысқа ғана мезет. Хадистің оның қысқалығына арнайы назар аударуы сол мезетке тап болу үшін ықтиятты болу керегін аңғартады.

2. Тағы бір мәселе – бұл сағаттың (24 сағат тәуліктің) күннің қай уақытына сай келетінінің белгісіз болуы. Түнге ме, күндізге ме? Бұлардың қай уақытына сәйкес келеді? Сәресі, духа, бесін, екінті, ақшам немесе құптан. Қайсысына сәйкес келеді, бұл да белгісіз. Ибн Хажар бұл мәселеге байланысты 42 түрлі (бір бөлігі қабылданбаған) пікір жазып талдаған. Күндіз бен түннің барлық уақытын қамтитын бұл пікірлерге бұл жерде тоқталмаймыз. Жалпы қабылданған екі риуаяттың бірі бойынша, бұл сағат – құтбашы мінберге шыққаннан бастап, намазды оқытып болғанға дейінгі уақыт делінсе, екінші хадисте «екінті уақытының соңғы сәттерінен іздеңдер» делінген. Осы екінші көзқарасты ұстанған Әбу Һурайра мен Абдулла ибн Сәламның: «Бұл сағат намаз уақытымен қатар келмейді. Негізінде, намаз халіндегі мүминнің дұғасы қабыл болады», – деген қарсылықты пікіріне басқа бір насспен (аят-хадиспен) жауап беріліп: «Мұсылман намаз оқып болып, келесі намазды күтсе, намаз оқып тұрғандай сауап жазылады» деген үкімде болатыны ескертілген. Құтба кезінде «намаз оқылмайды» деп айтылды және бұл пікірге қарсылық білдірілді. Алайда бұл қарсылыққа да «намаз» мағынасында қолданылған салат (намаз) сөзі «дұға» дегенді де білдіреді деп жауап берілді. Сол сияқты мәтінде айтылған қиям (намазға тұру халі) сөзі де әрі қарай жалғастыруға жорылған.

Сонымен «қайм» мен «мусалли» өрнегі – бір бөлшекпен және оның тұтасымен (жузи және кулли) білдіру түрі. Өйткені қиям халі де намаздың бір бөлігі. Тура рукуғ, сәжде және отырыс секілді намаздағы басқа қимылдар сияқты. Құнды бір көзқарас бойынша, бұл сағат жұма күнінің ішінде жасырылған, дәл Қадір түнінің рамазан айының соңғы он күнінде, Алланың ұлық есімдерінің (Исм Ағзам) Алланың көркем есімдерінің ішінде жасырынғаны сияқты. Ибн Омар: «Бір күн ішінде бір қажеттілікті сұрау оңай шаруа», – деді және бұған былай деп қосты: «Мұның мәні – жұма күні бойы дұға етуді жалғастыру керек. Сонда дұға қабыл болатын сағатқа сәйкес келу үшін күні бойы дұға жасалған болады». Кәғб ибн Мәлик былай дейді: «Бір топ адамдар келісіп, дұға ету үшін жұма күнін бөліп алса, олар осы сағатқа оңай қол жеткізеді. Сондай-ақ көптеген ғалымдар: «Жұма күні дұғаның қабыл болатын сағатына сәйкес келеді деген үмітпен көп дұға ету – мұстахаб», – деп түсіндірген.

3. Ибн Хажар мынадай ықтимал сұрақты келтіріп, оған жауап береді: «Біреу: “Хадистің тура мағынасы дұға мен оның аталған шарттармен қабыл болуын білдіреді. Бірақ уақыт аймаққа қарай өзгереді. Бір жерде намаз оқитындар басқалардан ертерек әрекет етеді. Дұғаның қабыл болу мезеті уақытқа тәуелді болса, әр аймақтағы дұғаның қабыл болуы қалай үйлеседі?” – деуі мүмкін. Жауап мынадай: дұға қабыл болатын мезет намаз оқитын әр мұсылманның өз уақытына байланысты болуы мүмкін. Мәкруһ уақыттар туралы да осыған ұқсас үкім айтылған».

  1. 1Бұхари, Жұма 37, Талақ 24, Дағауат 61; Мүслим, Жұма 13 (852); Муатта, Жұма 15, (1, 108); Нәсәи, Жұма 45, (3, 115, 116).