عَنْ أَوْسِ بْنِ أَوْسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ مِنْ أَفْضَلِ أَيَّامِكُمْ يَوْمَ الْجُمُعَةِ، فِيهِ خُلِقَ آدَمُ عَلَيْهِ السَّلَامُ، وَفِيهِ قُبِضَ، وَفِيهِ النَّفْخَةُ، وَفِيهِ الصَّعْقَةُ، فَأَكْثِرُوا عَلَيَّ مِنَ الصَّلَاةِ فِيهِ، فَإِنَّ صَلَاتَكُمْ مَعْرُوضَةٌ عَلَيَّ. قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَكَيْفَ تُعْرَضُ عَلَيْكَ صَلَاتُنَا؟ وَقَدْ أَرِمْتَ؟ فَقَالَ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى حَرَّمَ عَلَى الْأَرْضِ أَنْ تَأْكُلَ أَجْسَادَ الْأَنْبِيَاءِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Әус ибн Әус (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Күндеріңнің ең абзалдарының бірі – жұма. Адам (а.с.) осы күні жаратылды, осы күні дүниеден өтті. Сүр осы күні үрленеді, жан алатын дауыс та осы күні болады. Сол күні маған көп салауат айтыңдар. Салауаттарың маған жеткізіледі”, – деді. Сонда жұрт:
– Уа, Расулалла, денеңіз шіріп кеткенде, салауатымыз сізге қалай жеткізіледі? – деп сұрады. Ол:
– Алла Тағала жерге пайғамбарлардың денесін жеуге тыйым салған, – деп жауап берді».1
Түсіндірме
1. Хадисте жұма «күндердің ең абзалы» емес, «ең абзал күндердің бірі» деп аталған. Әли әл-Қари осы хадиске сүйеніп, мұнда күндердің ең абзалы Арафаның өзі жұмаға пара-пар екеніне ишара барын айтады.
2. Кейбір ғалымдар хадистегі «нәфха» екінші рет Сүр үрленуін, яғни ізгі адамдарды жәннатқа жеткізетін үрлеуді білдіреді деген. Басқалары: «Бұл – бірінші үрлеу. Өйткені жалпы түрде “үрлеу” делінгенде әдетте алғашқысын түсінеміз», – деген.
3. Сайхадан (жантүршігерлік қорқынышты дауыс (жарылыс)) – адамдарды қорқыныштан өлтіретін айқай. Бұл айқай – бірінші нәфханың аты. Бір қарағанда жаңа ғана «нәфха» деп айтылған хадиске сайха деп қайталайды. Алдыңғы, екінші Нәфха қабылданған кезде, сайхамен бірінші нәфханы түсінген орынды болады. Расулалла жұма күнінің артықшылығын, қайырлы болу себебін түсіндіргенде, сол күні болған және болатын басқа да оқиғаларды айтып өтеді: «Жұма күні дұғалар міндетті түрде қабыл болатын сәт бар. Жұма – Расулалла Арафатта тұруды қалыптастырған күн. Бұл күні жер бетіндегі барша мұсылмандар мешіттерде жиылып, жамағатпен намаз оқиды. Бұл жиналу қажылықтағы және Қиямет күніндегі жиналуға ұқсайды. Сондықтан бұл күнгі ғибадат жамағатпен жасалғандықтан, мейрам дәрежесіне көтерілген. Сол себепті жұма күні жиналып, құтба оқуға шақырылған. Сонда адамның не үшін жаратылып, қайда баратыны, жәннат пен тозақ еске түседі. Осы себепті жұма күні таң намазында «Сәжде» және «Инсан» сүрелерін оқыған сүннет. Өйткені бұл сүрелерде жұма күні болған және болатын нәрселер айтылады. Әзірет Адамның жаратылысы, жаратылыстың басы мен соңы сияқты. Сол себепті жұма күні жасалған ғибадаттар басқа күндері жасалғандардан абзал. Тіпті кәпірлер де жұманың күндізі мен түнін құрметтейді. Сондай-ақ жұма күні жәннаттағы «йаумул-мазид» яғни, ерекше күнге сәйкес келеді. «Бұл күн – жәннат тұрғындары миск (хош иісті) төбенің басына жиналатын ерекше күн». Осы себепті жұма күні Арафатта тұру басқа күні Арафатта тұрғаннан артық. «Егер Арафат күні мен жұма күні бір күнге сәйкес келсе, ол 72 қажылыққа тең» деген хабар бұрыс, хадисте ешқандай негіз жоқ. «Алланың алдында күндердің ең қайырлысы – жұма күні» деген хадис аптаның ең қайырлы күнін анықтайды. Жылдың ең абзал күні – Арафа және құрбан айт күні. Шәфиғидің айтуынша, олардың ең абзалы – Арафа күні. Себебі бұл күні ұсталған ораза өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық) күнәлардың кешірілуіне себепкер болады. Сонымен қатар, Алла Тағала сол күні саны бойынша ең көп адамды тозақ отынан азат етеді және Арафатта тұрған құлдарымен періштелерге мақтанады. Кейбіреулер: «Ең ұлық күн – құрбан шалатын күн. Бұл күні адамдар тәубе етіп, Алладан жарылқау тілейді, бір-бірінің үйіне зиярат жасап, барыс-келіс жасайды» (Мунауи)
4. Салауаттың Расулаллаға жеткізілуі оның жұма күні Пайғамбарға ұсынылатынын білдіреді. Жұма күні және жұмаға қараған түні салауат айтудың артықшылығы туралы риуаят көп. Салауат – әрдайым қабыл болатын дұға. Ол періштелер арқылы Алла елшісіне жетеді. Жұмада бұл амалдың сауабы артады.
5. Хадистің соңында Расулалла пайғамбарлардың денесі қабірлерінде шірімейтінін айтады. Ғалымдар зерттеулеріне сүйеніп, пайғамбарлар қабірлерінде тірі, періштелер тәрізді ас-ауқатқа мұқтаж емес әрі құлшылық етіп, намаз оқиды деп санаған. Осыған сай Расулалла қабірінде тірі, үмбетінің құлшылығына қуанады деуге болады. Ғалымдардың айтуынша, өзге марқұмдар да қабірлерінде кей нәрсені біліп, естиді. Ибн Аббас Расулалланың: «Адам өзі таныған мүміннің қабіріне барып сәлем берсе, марқұм оны танып, сәлеміне жауап қайтарады», – деген сөзін жеткізген. Расулалланың Бақи зиратына жиі барып, марқұмдарға сәлем бергені белгілі. Құранда шейіттердің де тірі екені және оларға ризық берілетіні айтылады. Сондықтан пайғамбарлардың қабірдегі өмірін ақылға сыймайды деуге негіз жоқ. Расулалланың «Пайғамбарлар қабірлерінде тірі» деген хадисі анық жеткен риуаяттарға жатады.
- 1Әбу Дәуіт, Салат 207 (1047); Нәсәи, Жұма 5, (3, 91, 92).