وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: نِسَاءُ قُرَيْشٍ خَيْرُ نِسَاءِ رَكِبْنَ الْإِبِلَ، أَحْنَاهُ عَلَى طِفْلٍ فِي صِغَرِهِ، وَأَرْعَاهُ عَلَى زَوْجٍ فِي ذَاتِ يَدِهِ، وَكَانَ أَبُو هُرَيْرَةَ يَقُولُ: وَلَمْ تَرْكَبْ مَرْيَمُ بِنْتُ عِمْرَانَ بَعِيرًا قَطُّ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Құрайыш әйелдері – түйеге мінген әйелдердің ең қайырлылары. Олар баласы кішкентайында оған барынша мейірім танытып, ерінің дүние-мүлкіне барынша ұқыпты қарайды”, – деді». Әбу Һурайра (р.а.): «Имран қызы Мәриям ешқашан түйеге мінбеген», – дейтін.1
Түсіндірме
«أَحْنَاهُ» مِنَ الْحُنَوِّ، وَهُوَ الْعَطْفُ وَالشَّفَقَةُ. وَ«أَرْعَاهُ» مِنَ الْمُرَاعَاةِ وَالْحِفْظِ وَالِاحْتِيَاطِ وَالرِّفْقِ بِهِ وَتَخْفِيفِ الْكُلَفِ وَالْأَثْقَالِ عَنْهُ. وَ«ذَاتُ يَدِهِ» مَا يَمْلِكُ مِنْ مَالٍ وَغَيْرِهِ.
1. Расулалла (с.а.с.) некелесуді ұсынғанда, Сәуда (басқа нұсқада Әбу Талибтің қызы Үммі Һани) қайтыс болған ерінен бес-алты баласы қалғандықтан ұсынысты қабылдай алмай: «Балаларым болмағанда, сізге тұрмысқа шығуға қуанар едім», – деген. Осы сөзді естіген Расулалла оны мақтап, бұл хадисті айтқан.
2. Хадистегі «түйеге мінгендер» деген тіркеспен арабтар меңзелген. Өйткені ол дәуірде түйеге көбіне арабтар мінген. Демек, хадистің мағынасы: «Араб әйелдерінің ең қайырлылары – Құрайыштан шыққандар».
3. «Барынша мейірімді» деп аударылған «ахна» сөзі «хания» сөзінің күшейтпелі шырайы. Нәуәуи «хания» сөзін «жетім баласы ержеткенше тұрмысқа шықпайтын әйел» деп түсіндірген. Оның айтуынша, мұндай жағдайда тұрмысқа шыққан әйелге бұл атау қолданылмайды. Күйеуі қайтыс болған әйел жас баласы барда тұрмысқа шықса, балаға қиын болуы мүмкін. Өйткені ана балаға қамқорлық ету құқығынан айырылып, жаңа күйеуі жетім баланы өз отбасына қабылдамауы мүмкін. Сонда анасының қарауындағы бала бөтен адамдардың қолында қалып, тәрбиесіне нұқсан келуі ықтимал. Расулалла (с.а.с.) жетім баласы ержеткенше тұрмысқа шықпауды ұстанған Құрайыш әйелдерін мақтап, осы өнегені дәріптеген. Олардың мақтауға лайық екінші қасиеті – ерінің дүние-мүлкіне ұқыпты болып, орынсыз шығын мен ысыраптан сақтануы. Хадисте текті әйелге, әсіресе Құрайыш әйеліне үйленуге ынталандыру бар. Осыған сүйеніп, үйленгенде текті жар іздеу мұстахаб делінген. Сондай-ақ ғалымдар некедегі теңдікті әуелі тектен іздеу керектігін және бұл жағынан өзге әйелдер Құрайыш әйелдерімен теңесе алмайтынын айтқан. Риуаят балаларға мейірім мен жанашырлық танытуды, олардың тәрбиесіне ананың тікелей көңіл бөлуін, ерінің дүние-мүлкін сақтап, оны есеппен жұмсауды дәріптейді.
- 1Бұхари, Никах 12, Әнбия 46, Нафақат 10; Мүслим, Фазаилус-Сахаба 10 (2529).