وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَقُولُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ يَوْمَ الْقِيَامَةِ: يَا آدَمُ. فَيَقُولُ: لَبَّيْكَ وَسَعْدَيْكَ وَالْخَيْرُ فِي يَدَيْكَ. فَيُنَادَى بِصَوْتٍ: إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكَ أَنْ تُخْرِجَ بَعَثًا إِلَى النَّارِ. قَالَ: يَا رَبِّ، وَمَا بَعْثَ النَّارِ؟ قَالَ: مِنْ كُلِّ أَلْفٍ تِسْعُمِائَةٌ وَتِسْعَةٌ وَتِسْعُونَ. فَحِينَئِذٍ تَضَعُ الْحَامِلُ حَمْلَهَا، وَيَشِيبُ الْوَلِيدُ، وَتَرَى النَّاسَ سُكَارَى وَمَا هُمْ بِسُكَارَى وَلَكِنَّ عَذَابَ اللَّهِ شَدِيدٌ. فَشَقَّ ذَلِكَ عَلَى النَّاسِ حَتَّى تَغَيَّرَتْ وُجُوهُهُمْ. فَقَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَأَيُّنَا ذَلِكَ؟ فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مِنْ يَأْجُوجَ وَمَأْجُوجَ تِسْعُمِائَةٌ وَتِسْعَةٌ وَتِسْعُونَ وَمِنْكُمْ وَاحِدٌ. ثُمَّ أَنْتُمْ فِي النَّاسِ كَالشَّعْرَةِ السَّوْدَاءِ فِي الثَّوْرِ الْأَبْيَضِ، أَوْ كَالشَّعْرَةِ الْبَيْضَاءِ فِي الثَّوْرِ الْأَسْوَدِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Әбу Сағид (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Қиямет күні ұлық Алла: “Уа, Адам!” – деп шақырады. Адам: “Әміріңе әзірмін, қызметіңе дайынмын. Бар жақсылық Сенің қолыңда”, – дейді. Сонда: “Алла саған тозаққа жіберілетін топты бөліп шығаруды бұйырады”, – деген дауыс естіледі. Адам: “Уа, Раббым, ол топ қанша?” – дейді. Оған: “Әр мыңнан тоғыз жүз тоқсан тоғыз”, – делінеді. Сонда жүкті әйел ішіндегі баласын түсіреді, баланың шашы ағарады. Жұртты мас күйде көресің, бірақ олар мас емес. Алланың азабы тым қатты»1.
Бұл сөз сахабаларға ауыр тиіп, өңдері өзгеріп кетті. Олар: «Уа, Алланың Елшісі, арамыздан оған кім жатады?» – деп сұрады. Ол: «Тоғыз жүз тоқсан тоғызы Яжүж бен Мәжүжден, біреуі сендерден болады. Сендер басқа адамдардың арасында ақ өгіздегі бір тал қара қылдай немесе қара өгіздегі бір тал ақ қылдайсыңдар», – деді2.
Түсіндірме
1. Хадистегі мыңның біреуі мен тоғыз жүз тоқсан тоғызы туралы хабар сахабаларға ауыр тиді. Қирмани бұл сандар аздық пен көптікті бейнелеп, одан артық сан болуына кедергі келтірмейді деген. Ибн Хажар Адамның барлық ұрпағын есепке алғанда, мүміндердің үлесі осындай аз болуы мүмкін екенін айтқан. Ол тозаққа бөлінгендердің қатарына сенбегендермен бірге жазаланатын күнәһарлар да кіруі ықтимал деген түсіндірмені келтіреді.
2. Кейбір тәпсіршілер жүкті әйелдің ішіндегі баласын түсіруі мен баланың шашының ағаруын Қиямет орнар алдындағы оқиға деп түсінген. Қирмани мұны сол күнгі үрейдің күшін білдіретін бейне деп санаған. Нәуәуи екі түсінік ұсынған. Біріншісінде, сол сәттің қорқынышы соншалық, жүкті әйел болса, баласын түсірер еді. Арабтар қатты қайғыны адамның шашын ағартатын ауыртпалыққа теңеген. Екіншісінде, әр адам қайтыс болған қалпында тіріліп, жүкті әйел, сәби немесе емізулі ана да сол күйінде тұрады. Сонда Адамға айтылған әмірді естіген жұртты хадисте сипатталған үрей билейді.
- 1Бұл тұс «Хаж» сүресінің 2-аятынан алынған. Бір түсіндірмеде Қияметтегі үрейдің күшін білдіретіні айтылады. Араб тіліндегі «أَصَابَنَا أَمْرٌ يَشِيبُ مِنْهُ الْوَلِيدُ» тіркесінің мағынасы – «Басымызға баланың шашын ағартатындай ауыр іс түсті».
- 2Бұхари, Тәфсир, Хаж 1, Әнбия 7, Риқақ 46, Тәухид 32; Мүслим, Иман 379, (222).