Хадис

Кутуб ситтә, № 4264

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
589. Бәни Мұсталық жорығы
Нөмірі
№ 4264 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
4264
Кутуб ситтә, № 4264 · тараудағы реті: 1

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَوْنٍ قَالَ: «كَتَبْتُ إِلَى نَافِعٍ رَحِمَهُ اللَّهُ أَسْأَلُهُ عَنْ الدُّعَاءِ قَبْلَ الْقِتَالِ. فَكَتَبَ إِلَيَّ: إِنَّمَا كَانَ ذَلِكَ فِي أَوَّلِ الْإِسْلَامِ، وَقَدْ أَغَارَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَى بَنِي الْمُصْطَلِقِ، وَهُمْ غَارُّونَ، وَأَنْعَامُهُمْ تُسْقَى عَلَى الْمَاءِ فَقَتَلَ مُقَاتِلَتَهُمْ وَسَبَى ذَرَارِيَّهُمْ وَأَصَابَ يَوْمَئِذٍ جُوَيْرِيَةَ. حَدَّثَنِي بِهِ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ عُمَرَ، وَكَانَ فِي ذَلِكَ الْجَيْشِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. «الْمُرَيْسِيعُ» بِالْعَيْنِ الْمُهْمَلَةِ وَالْمُعْجَمَةِ: مَاءٌ مَعْرُوفٌ بِالْحِجَازِ. وَمَعْنَى «غَارُّونَ» أَيْ غَافِلُونَ. وَالْغُرَّةُ: الْغَفْلَةُ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Аун былай дейді: «Нафиғқа (рахимаһуллаһ) соғыс алдында Исламға шақыру жайын сұрап хат жаздым. Ол маған: “Бұл Исламның алғашқы кезінде еді. Расулалла (с.а.с.) Бәни Мұсталыққа тұтқиылдан шабуыл жасады. Олар бейқам отырған, малдарын суатта суарып жатқан еді. Жауынгерлерін өлтіріп, әйелдері мен балаларын тұтқынға алды. Сол күні Жуайрия да қолға түсті”, – деп жауап жазды».1

Түсіндірме

Бәни Мұсталық жорығы һижреттің алтыншы жылы шағбан айында болды. Расулаллаға (с.а.с.) Бәни Мұсталық мұсылмандарға қарсы жорыққа қамданып жатыр деген хабар жетті. Ол хабарды ести сала жолға шығып, Құдайд өңіріндегі Мұрайсиғ деген суатта оларды бейқам отырған тұсында басып қалды. Аз ғана қақтығыстан кейін Бәни Мұсталық жеңілді. Сол кезде мұсылмандар өздерінің бір адамын қателесіп өлтіріп алды.

Расулалла (с.а.с.) тұтқынға түскендерді мұсылмандарға бөліп берді. Олардың арасында Бәни Мұсталықтың басшысы әл-Харис ибн Дырардың қызы Жуайрия да бар еді. Ол Сәбит ибн Қайстың үлесіне тиіп, еркіндік алу үшін құнын өтемек болып, онымен жазбаша келісім жасасты. Сол келісімдегі төлемге көмектесуін Расулалладан (с.а.с.) сұрады. Расулалла (с.а.с.): «Бұдан да қайырлы іске қалай қарайсың?» – деді. Ол: «Ол не, уа, Алланың елшісі?» – деп сұрады. Расулалла (с.а.с.): «Келісімдегі құныңды өтеп, сені өзіме жар етемін», – деді. Жуайрия (р.а.) келісті.

Бұл хабарды естіген жұрт: «Бұлар – Расулалланың (с.а.с.) қайын жұрты», – деп, қолдарындағы тұтқындарды босатты. Осылайша жүзден астам отбасы еркіндікке шықты. Өз қауымына одан артық жақсылық әкелген әйел болмаған деседі.

Осы жорықта мұсылмандар суаттан су алып жатқанда бір оқиға болды. Омардың (р.а.) ақы төлеп жұмсайтын Бәни Ғыфардан шыққан Жаһжаһ деген адамы мен Хазраждың Бәни Ауф руымен одақтас Синан әл-Жуһани су басына бір мезгілде келді. Сөзге келіп қалып, ақыры төбелесті. Жуһани: «Уа, ансарлар!» – деп, Жаһжаһ: «Уа, мұһажирлер!» – деп көмек сұрады. Осы жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген Абдулла ибн Убай ашуға мінді. Жанында өз адамдары мен жас Зәйд ибн Әрқам бар еді. Ол: «Мынаны да істеді ме? Істейді, өйткені біздің елде көбейіп алды. Алламен ант етейік, ﴿لَئِنْ رَجَعْنَا إِلَى الْمَدِينَةِ لَيُخْرِجَنَّ الْأَعَزُّ مِنْهَا الْأَذَلَّ﴾ “Күмәндарың болмасын, осыдан Мәдинаға оралатын болсақ, ұлықтар ол жерден бейшараларды міндетті түрде қуып шығады”», – деді («Мұнафиқун» сүресі, 8-аят). Сосын қасындағыларға: «Мұны өз бастарыңа өздерің тіледіңдер. Елдеріңнен орын беріп, мал-мүліктеріңді соларға үлестірдіңдер. Алламен ант етейін, қолдағы барларыңды бермесеңдер, олар бұл жерден кетіп, басқа жерді паналар еді», – деді.

Зәйд естігенін Расулаллаға (с.а.с.) жеткізді. Сол жерде отырған Омар (р.а.): «Уа, Алланың елшісі! Аббад ибн Бишрге бұйырыңыз, әлгінің көзін құртсын», – деді. Расулалла (с.а.с.): «Жоқ, “Мұхаммед өз серіктерін өлтіртіп жатыр” дегізбеймін», – деп, бұл ұсынысты қабылдамады. Әскерге жүруге бұйрық берді. Жұрттың сол кездегі көңіл күйін өзгерту үшін әдетте жолға шықпайтын мезгілде аттанды.

Сол кезде ансардың беделді кісілерінің бірі Усәйд ибн Худайр келіп:

– Уа, Алланың елшісі! Әдетте мұндай уақытта жолға шықпайтын едіңіз ғой, – деді.

– Абдулла ибн Убайдың айтқаны құлағыңа тимеді ме?

– Ол не деді, уа, Алланың елшісі?

– Мәдинаға оралғанда абыройлы адам қор болғанды қаладан қуып шығады деп ойлапты.

– Алламен ант етейін, қаласаңыз, оның өзін қуып жіберіңіз. Абыройлы – сізсіз, қор болған – сол, – деді де, сөзін былай жалғады: «Уа, Алланың елшісі! Оған мейіріммен қараңыз. Алла сізге игілік нәсіп етті. Оның қауымы басына кигізер тәжін әзірлеп қойған еді. Сіз келген соң бұл іс тоқтады. Содан бері ол биліктен қағылғанын сізден көріп жүр».

Зәйд ибн Әрқам сөздерін Расулаллаға (с.а.с.) жеткізгенін естіген Абдулла ибн Убай Расулаллаға (с.а.с.) келіп, ондай сөз айтпағанына Алла атымен ант етті. Ол өз қауымының ішінде беделді еді. Қауымдастары: «Уа, Алланың елшісі! Зәйд қателескен шығар», – десті. Расулалла (с.а.с.) Зәйдті шақырып, сөкті. Бірақ көп ұзамай түскен уахи Зәйдтің сөзін растады («Мұнафиқун» сүресі, 1-аят).

Бұл оқиғаны екіжүзді Абдулла ибн Убайдың шынайы мұсылман болған ұлы Абдулла да естіді. Дереу Расулаллаға (с.а.с.) келіп: «Әкемді өлтіртпек болғаныңызды естідім. Сондай шешім қабылдасаңыз, оны маған тапсырыңыз, басын өзім әкелемін. Басқа біреуге тапсырсаңыз, әкемді өлтірген адамның ел ішінде жүргенін көргенде шыдай алмай, оны өлтіріп қоюым мүмкін. Сөйтіп, бір кәпір үшін бір мүмінді өлтіріп, тозаққа түсем бе деп қорқамын», – деді. Расулалла (с.а.с.): «Арамызда жүргенде оған мейірім танытып, жақсы мәміледе боламыз», – деді.

Бұдан кейін ол бір келеңсіздікке себеп болса, өз қауымдастары оны кінәлап, қатал сөйлеп, сес көрсететін болды.

  1. 1Бұхари, «Итқ», № 2541. Мүслим, «Жиһад», № 1730. Әбу Дәуіт, «Жиһад», № 2633.