Хадис

Кутуб ситтә, № 4230

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
579. Бәдір шайқасы
Нөмірі
№ 4230 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
4230
Кутуб ситтә, № 4230 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «حَدَّثَنِي عُمَرُ بْنُ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: لَمَّا كَانَ يَوْمُ بَدْرٍ نَظَرَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَى الْمُشْرِكِينَ وَهُمْ أَلْفٌ، وَأَصْحَابُهُ ثَلَاثُمِائَةٌ وَتِسْعَةَ عَشَرَ رَجُلًا فَاسْتَقْبَلَ الْقِبْلَةَ ثُمَّ مَدَّ يَدَيْهِ. فَجَعَلَ يَهْتِفُ بِرَبِّهِ: اللَّهُمَّ أَنْجِزْ لِي مَا وَعَدْتَنِي. اللَّهُمَّ آتِنِي مَا وَعَدْتَنِي، اللَّهُمَّ إِنْ تَهْلِكْ هَذِهِ الْعِصَابَةُ مِنْ أَهْلِ الْإِسْلَامِ لَا تُعْبَدْ فِي الْأَرْضِ. فَمَا زَالَ يَهْتِفُ بِرَبِّهِ مَادًّا يَدَيْهِ حَتَّى سَقَطَ رِدَاؤُهُ عَنْ مَنْكِبَيْهِ. فَأَتَاهُ أَبُو بَكْرٍ فَأَخَذَ رِدَاءَهُ فَأَلْقَاهُ عَلَى مَنْكِبَيْهِ. ثُمَّ الْتَزَمَهُ مِنْ وَرَائِهِ وَقَالَ: يَا نَبِيَّ اللَّهِ كَفَاكَ مُنَاشَدَتَكَ رَبَّكَ، فَإِنَّهُ سَيُنْجِزُ لَكَ مَا وَعَدَكَ. فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿إِذْ تَسْتَغِيثُونَ رَبَّكُمْ فَاسْتَجَابَ لَكُمْ أَنِّي مُمِدُّكُمْ بِأَلْفٍ مِنَ الْمَلَائِكَةِ مُرْدِفِينَ﴾، فَأَمَدَّهُ اللَّهُ تَعَالَى بِالْمَلَائِكَةِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ. «العِصَابَةُ» الْجَمَاعَةُ مِنَ النَّاسِ. وَ»الْمُنَاشَدَةُ» الْمَسْأَلَةُ وَالطَّلَبُ وَالِابْتِهَالُ إِلَى اللَّهِ تَعَالَى، وَهِيَ تَفْسِيرٌ فَجَعَلَ يَهْتِفُ بِرَبِّهِ. وَ»مُرْدِفِينَ» أَيْ مُتَتَابِعِينَ يَتْبَعُ بَعْضُهُمْ بَعْضًا.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а.) мына әңгімесін жеткізеді: «Бәдір күні Алла елшісі (с.а.с.) мүшріктерге қарады. Олар мың кісі, ал сахабалар үш жүз он тоғыз адам еді. Алла елшісі (с.а.с.) құбылаға бет бұрып, қос қолын жайды да, Раббысына дауыстап жалбарынды: “Уа, Аллам! Маған берген уәдеңді орындай гөр. Уа, Аллам! Уәде еткеніңді нәсіп ет. Уа, Аллам! Ислам жұртының мына тобы құрыса, жер бетінде Саған құлшылық жасалмай қалады”.

Қос қолын жайып, Раббысына жалбарынуын жалғастыра берді. Ақыры шапаны иығынан сусып түсті. Әбу Бәкір (р.а.) жанына келіп, шапанын алып, иығына жапты. Содан соң артынан құшақтап: “Уа, Алланың пайғамбары! Раббыңа осынша жалбарынғаның жетер. Ол сізге берген уәдесін орындайды”, – деді. Сол кезде Алла Тағала: ﴿إِذْ تَسْتَغِيثُونَ رَبَّكُمْ فَاسْتَجَابَ لَكُمْ أَنِّي مُمِدُّكُمْ بِأَلْفٍ مِنَ الْمَلَائِكَةِ مُرْدِفِينَ﴾ “Сендер сол кезде Раббыларыңа жалбарынып, медет тілеумен болған едіңдер. Сонда Ол: ‘Мен сендерді бірінен кейін бірі келетін мың періштемен қолдап жебеймін’, – деп, дұғаларыңды қабыл етті”, – деген аятты түсірді («Әнфал», 9-аят). Алла оған періштелерді көмекке жіберді».1

Түсіндірме

Бұл оқиға сырттай қарағанда, Әбу Бәкірдің (р.а.) Аллаға сенімі Алла елшісінің (с.а.с.) сенімінен артықтай көрінуі мүмкін. Хаттаби оны былай түсіндіреді: «Әбу Бәкірдің Аллаға сенімі Алла елшісінің сенімінен артық деп ойлау жөнсіз. Алла елшісінің (с.а.с.) соншалық жалбарынуына сахабаларына деген жанашырлығы себеп болды. Ол сахабаларының жүрегіне қуат бергісі келді. Өйткені бұл – олармен бірге қатысқан алғашқы ірі шайқасы. Сахабалар оның дұғасының қабыл болатынын білетін. Сол себепті олардың көңілін орнықтыру үшін ұзақ дұға етті. Әбу Бәкір қасына келіп, жалбарынуын тоқтатуын сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.) тоқтады. Әбу Бәкірдің көңілі жайланып, рухы бекігенін көргенде, дұғасының қабыл болғанын ұқты. Сөйтіп, ﴿سَيُهْزَمُ الْجَمْعُ وَيُوَلُّونَ الدُّبُرَ﴾ “Жақында ол қауым жеңіліс тауып, ту сырттарын беріп қашатын болады” («Қамар», 45-аят) деп, дұғасын аяқтады».

  1. 1Мүслим, «Жиһад», 58 (№ 1763); Бұхари, «Мағази», 4; Тирмизи «Тәпсір», «Әнфал» (3081); Әбу Дәуіт, «Жиһад», 131 (№ 2690).