Хадис

Кутуб ситтә, № 4220

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
577. Ұмра және руқба
Нөмірі
№ 4220 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
4220
Кутуб ситтә, № 4220 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Зәйд ибн Сәбит

وَعَنْ زَيْدِ بْنِ ثَابِتٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ أَعْمَرَ شَيْئًا فَهُوَ لِمُعْمَرِهِ مَحْيَاهُ وَمَمَاتَهُ، وَلَا تُرْقِبُوا، فَمَنْ أَرْقَبَ شَيْئًا فَهُوَ سَبِيلُهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. «الْعُمْرَى» أَنْ يُعْطِيَ الْإِنْسَانُ آخَرَ دَارًا أَوْ أَرْضًا وَيَقُولَ لَهُ: هِيَ لَكَ كُلَّ عُمْرِي أَوْ عُمْرِكَ، فَإِذَا مِتَّ رَجَعَتْ إِلَيَّ. وَ«الرُّقْبَى» أَنْ يُعْطِيَهُ إِيَّاهَا عَلَى أَنْ تَكُونَ لِلْبَاقِي مِنْهُمَا، فَيَقُولَ: إِنْ مِتُّ قَبْلَكَ فَهِيَ لَكَ، وَإِنْ مِتَّ قَبْلِي فَهِيَ لِي؛ لِأَنَّ كُلَّ وَاحِدٍ مِنْهُمَا يَرْقُبُ مَوْتَ صَاحِبِهِ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Сәбит (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Кім бір затты ұмраға берсе, ол зат оны алған адамға көзі тірісінде де, қайтыс болғаннан кейін де тиесілі. Мүліктеріңді рұқбаға бермеңдер. Кім бір затты рұқбаға берсе, ол да осы тәртіппен мирасқа қалады».1

Түсіндірме

1. Хадисте ұмра мен рұқба қатар аталады. Жоғарыда айтылғандай, бұлар – бір-біріне жақын мәмілелер. Ұмрада бір кісі екіншісіне үйін не жерін өзінің немесе алушының ғұмырына береді. Рұқбада мүліктің тірі қалған кісіге тиесілі болуы шарт етіледі: «Үйімді саған сыйладым. Менен бұрын қайтыс болсаң, үй маған қайтады. Мен сенен бұрын қайтыс болсам, үй саған қалады».

Кей ғалымдар ұмра мен рұқбаның аражігін ажыратып, осы хадиске сүйене отырып, ұмраға рұқсат берген, ал рұқбаға рұқсат бермеген. Зурқани рұқбаға рұқсат бермегендердің арасында Әбу Ханифа мен Мәликті және бір топ ғалымды атайды. Көпшілік ғалымның рұқбаға рұқсат бергенін де айтады. Ахмад ибн Ханбал мен Исхақ ибн Раһуя: «Рұқба да ұмра секілді. Мүлік алған адамға тиесілі болады, берген кісіге қайтарылмайды», – деген.

2. Хадисте рұқбадан тыйған сөз «мұны жасамаған жөн» деген мағынада айтылған. Яғни екі тараптың мүддесіне сай келмесе де, жасалған мәміле жарамды болады. Хадистің соңындағы «Кім бір затты рұқбаға берсе, ол да осы тәртіппен мирасқа қалады» деген сөз осыны аңғартады. Әбу Дәуіт Жәбирден (р.а.) жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Ұмра да, рұқба да мүлікті алған кісі үшін жарамды», – деген. Бұл риуаят ұмра мен рұқбаны бір үкімге жатқызғандарға және рұқбаға үзілді-кесілді тыйым салынбағанына дәлел.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Буйуғ», 89 (№ 3559). Нәсәи, «Рұқба», 1 (6/269).