وَفِي أُخْرَى لَهُ عَنْ سَخْبَرَةَ مَرْفُوعًا: «مَنْ طَلَبَ الْعِلْمَ كَانَ كَفَّارَةً لِمَا مَضَى».
Тирмизи Сахбарадан (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Кім ілім іздесе, сол ізденісі өткен күнәларына кәффарат болады».1
Түсіндірме
1. Кей ғалымдар бұл хадисте шариғат ілімі меңзеледі деген. «Ілім» жалпы мағынада айтылғандықтан, оған Алланың разылығы және үмбеттің қажеті үшін үйренген пайдалы ілімнің бәрін жатқызуға болады. Тек дүниелік пайда көздеп немесе арам ойын іске асыру үшін ілім іздегендер бұған жатпайды. Мұнда ниеттің дұрыстығы маңызды.
2. Әли әл-Қари ілім іздеу күнәларға кәффарат болатынына назар аударған. Алайда Құран мен мәшһүр сүннетте кей күнәлардың өтемі ретінде хад жазасы, қысас немесе мал-мүлікпен өтелетін кәффарат көрсетілген. Сондықтан ілім іздеу кіші күнәларға кәффарат болады деп түсінген жөн. Ғалымдар бұл өтем кіші күнәларға, адамның Алла алдындағы не өзіне қатысты міндеттеріне жүретінін айтқан. Ілім іздеу адамға жасаған зұлымдығына тәубе етіп, жамандығын жақсылықпен өтеуге де көмектеседі.
- 1Тирмизи, «Ілім», 2 (№ 2648). Тирмизи жеткізілу тізбегін әлсіз деп бағалаған.