وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ خَرَجَ فِي طَلَبِ الْعِلْمِ فَهُوَ فِي سَبِيلِ اللَّهِ حَتَّى يَرْجِعَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Ілім іздеп жолға шыққан кісі қайтып келгенше Алла жолында болады».1
Түсіндірме
Алла елшісі (с.а.с.) мұсылмандарды ілім үшін сапар шегуге үндеген. Ол заманда сапардың қатері де, машақаты да көп еді. Соған қарамастан, ілімге ынта ояту қажет болды. Хадис, тәпсір, өмірбаян, тарих секілді ілімдердің таралуына сапардың пайдасы зор еді. Мұсылмандар ілімді дүниенің түкпір-түкпіріне жеткізіп, адамдарды қараңғылықтан жарыққа, зұлымдықтан әділетке бастау үшін жолға шыққан. Сахабалар, табиғиндер және олардың ізбасарлары Ислам мәдениетін алыс-жақын елдерге жеткізген.
Құранның «Кәһф» сүресінің 65–82-аяттарында Мұсаның (а.с.) Қызырмен (а.с.) бірге сапар шеккені баяндалады. Мұса: ﴿هَلْ أَتَّبِعُكَ عَلَىٰ أَنْ تُعَلِّمَنِ مِمَّا عُلِّمْتَ رُشْدًا﴾ «Өзіңе үйретілген жақсылыққа, тура жолға бастайтын ілім мен даналықтан маған да үйретуің үшін саған ерсем бола ма?» – деп рұқсат сұрайды. Сөйтіп екеуі кемеге мініп, бірнеше жерді бірге аралайды.2