Хадис

Кутуб ситтә, № 4040

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
545. Тағун мен оба
Нөмірі
№ 4040 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
4040
Кутуб ситтә, № 4040 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ يَحْيَى بْنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ بَحِيرٍ قَالَ: «أَخْبَرَنِي مَنْ سَمِعَ فَرْوَةَ بْنِ مُسَيْكٍ الْمُرَادِيَّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ عِنْدَنَا أَرْضٌ يُقَالَ لَهَا أَبْيَنُ هِيَ أَرْضُ رِيفِنَا وَمِيرَتِنَا، وَهِيَ وَبِيئَةٌ؟ فَقَالَ: دَعْهَا عَنْكَ، وَإِنَّ مِنَ الْقَرَفِ التَّلَفَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «الرِّيفُ»: الْأَرْضُ ذَاتَ الزَّرْعِ وَالْخُصَبُ.وَ»الْمِيرَةُ»: الطَّعَامُ.وَ»الْقَرَفُ»: الدَّنُوَّ مِنَ الشَّئِ، وَكُلُّ شَئٍ دَانِيَتُهُ قَدْ قَارْفَتُهُ.وَ»التَّلَفُ»: الْهَلَاكَ أَرَادَ أَنْ مِنْ قُرْبٍ مِنَ الْمَرِيضِ، وَدَنَا مِنْهُ تَلَفُ، وَلَيْسَ هَذَا مِنْ بَابَ الْعَدْوَى بَلْ مِنْ بَابِ الطِّبِّ.

Қазақша аудармасы

Яхия ибн Абдулла ибн Бахир былай дейді: «Фәруа ибн Мусәйк әл-Мурадидің (р.а.) мына сөзін естіген кісі маған жеткізді: “Уа, Алла елшісі, Әбиян деген жеріміз бар. Егінімізді сол жерде егіп, азығымызды содан табамыз. Бірақ ол жерде жұқпалы дерт бар”, – дедім. Ол: “Ол жерден аулақ бол. Ауруға жақындау опатқа соқтыруы мүмкін”, – деді».1

Түсіндірме

1. Жоғарыдағы екі хадис – оба ауруы шыққан жерге жақындамау туралы Расулалланың (с.а.с.) ашық айтқан хадистері. Ғалымдар бұл әрекет ырым, наным-сенім емес, медицина екенін айрықша атап өткен. Хаттаби айтады: «Өйткені жақсы ауамен тыныстау – дененің саулығына көмекші құралдың бірі. Дәрігерлердің айтуынша, ауа райының қолайсыздығы, ауаның ластығы – дененің сау болуына ең зиянды факторлардың бірі. Дегенмен мұның бәрі Алла Тағаланың рұқсаты және қалауымен жүзеге асырылады».

2. Алдыңғы хадисте айтылған «Оба ауруы шыққан жерге бармау және оба ауруы шыққан жерде болып, сол жерден шықпау» тыйымының үкімі жайлы ғалымдар арасында: «Харам дегенді білдіре ме әлде жақындамау дегенді ме?» деген талас-тартыс туындаған. Кейбір ғалымдар бұған рұқсат етілген деген үкім берген. Бұл көзқарасты құптағандар бұған обадан шыққан кейбір сахабаларды мысалға келтіреді: Әбу Мұса әл-Ашғари, Муғира ибн Шуғба, сол сияқты, табиғиннан әл-Әсуад ибн Хилал, Мәсруқ секілді бір топ ғалымдар оба пайда болған жерге кіру немесе одан шығу танзиһи мәкруһ, сондықтан тәуекелге жүгінген адамдардың ондай жерге кіріп-шығуында ешбір оқастық жоқ деген үкім берген. Кейбір ғалымдар айтылған хадистердің сырттай мағынасын есепке алып «нақты тыйым салынған» деп, оба шыққан жерге бару немесе сондай жерден шығу «харам» деген үкім берген. Осы көзқарасты ұстанған ғұламалар Расулалладан (с.а.с.) бұл мәселе турасында жеткен қатаң ескертуді дәлел ретінде көрсете отырып, өздерінің көзқарастарын қуаттайды. Ахмад ибн Ханбал және ибн Хузаймадан жеткен ұзын хадисте мынадай сөйлем бар: «Обадан қашқан адам соғыстан қашқан адамдай күнәға батады. Ал сабыр етіп, оба шыққан жерден кетпей ажал тапқан адамға шейіт сауабы жазылады». Бір хадисте: «Обадан қашқан адам соғыстан қашқан адам сияқты күнәға батады, обадан шыққан жерде сабыр еткен адам соғыста сабыр еткен адам сияқты сауап алады». Соғыс майданынан қашу үлкен күнәларға жататыны белгілі, яғни – харам. Сонымен қатар, ғұламалар бір әрекетке харам деп есептелген әрекеттерге ұқсас қатаң жаза берілетінін (немесе қатаң жаза берілетіні уәде етілген баяндауларды), сол әрекеттің де харам үкімге кіруіне дәлел санаған және мұны бір қағида ретінде анықтаған. Оба шыққан жерге кірмеу туралы әйгілі оқиға әзірет Омардан (р.а.) риуаят етілген. Бұхарида берілгеніне қарамастан «Тәйсир» авторы бұл жерге енгізбеген риуаяттың аудармасын береміз:

Ибн Аббас (р.а.) былай баяндайды: «Омар (р.а.) Шамға аттанды. Сарғ деген жерге жеткенде, әскер басшылары Әбу Убәйда ибн Жәррах пен қасындағылар оны қарсы алып, Шамда оба жайлағанын хабарлады. Омар: “Алғашқы мұһажирлерді шақыр”, – деді. Оларды шақырдым. Омар Шамдағы оба жайын айтып, олармен ақылдасты. Пікірлері екіге жарылды. Кейбірі: “Белгілі бір іспен жолға шықтыңыз, кері қайтпағаныңыз жөн”, – десе, өзгелері: “Қасыңызда халық пен Алла елшісінің (с.а.с.) сахабалары бар. Оларды оба шыққан жерге апаруыңызды құптамаймыз”, – десті. Омар: “Енді кете тұрыңдар. Ансарларды шақыр”, – деді. Ансарларды шақырдым. Омар олармен де кеңесті. Олардың пікірі мұһажирлердікіндей екіге бөлінді. Омар оларға да тарай тұруды айтты. Содан соң: “Мекке алынған жылы көшкен Құрайыштың үлкендерін шақыр”, – деді. Оларды шақырдым. Олар бір ауыздан: “Кісілерді кері қайтарыңыз. Оларды оба жайлаған жерге апармағаныңыз жөн”, – деді. Сонда Омар жұртқа: “Таңертең көлігіме мініп, кері қайтамын. Сендер де дайындалыңдар”, – деп жар салды. Әбу Убәйда ибн Жәррах сонда былай деді:

– Уа, Омар, Алланың тағдырынан қашпақсың ба? – деді.

Омар (р.а.): «Бұл сөзді сенен басқа біреу айтса ғой, Әбу Убәйда! Иә, Алланың бір тағдырынан екінші тағдырына барамыз», – деп жауап қатты да, ойын былай түсіндірді:

– Сенің түйелерің бір жағы көкорай, екінші жағы қуаң алқапқа келді делік. Оларды көкорайға жайсаң да, қуаң жерге жайсаң да, Алланың тағдырымен жайған болмайсың ба? Сол кезде бір шаруамен кідірген Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) келіп, мән-жайға қаныққан соң былай деді:

– Уа, Омар, бұл жайлы Алла елшісінен (с.а.с.) естігенім бар. Ол: “Бір жерде оба шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Оба сендер тұрған жерде шықса, одан қашып, сыртқа кетпеңдер”, – деген». Омар (р.а.) мұны естіген соң Аллаға шүкір айтып, кері қайтты.

Ибн Хажар осы риуаятты түсіндіргенде Омардың (р.а.) кейін кері қайту шешіміне өкінгені туралы өзге хабарларды да келтіреді. Оларға егжей-тегжейлі тоқталмай, дәрігер Зеки Чыкманның мына түсіндірмесін берейік: «“Жұқпа жоқ” деген хадис пен “Оба шыққан жерге бармаңдар, сол жерде болсаңдар, сыртқа шықпаңдар” деген хадисті қатар қарастырғанда екі тұжырымға келеміз.

1. Чыкманның түсіндіруінше, сырқат пен індет Алланың қалауымен болады. Ол бұған Ысмайылға (а.с.) қатысты мысал келтіріп, пышақ әдетте кесетін құрал болғанымен, бұл оқиғада оның әсері Алланың әміріне бағынышты болғанын айтады. Өз заманындағы жұқпалы аурулар клиникаларында көптеген дәрігер мен қызметкер істейтінін, жұқпалы вирустармен жиі бетпе-бет келсе де, олардың сырқаттануы мен өлім-жітімі өзге клиникалардағы көрсеткіштен аспайды деп жазады. Чыкман мұны жұқпа өздігінен әсер етеді деген пікірге қарсы дәлел санаған. Сонымен бірге тазалық пен дезинфекцияға мән берілмесе, аурудың таралуы артуы мүмкін екенін ескерткен. Ол мұны Исламның тазалық туралы бұйрығымен байланыстырады.

2. Чыкман бұл хадистен карантин туралы да үкім шығарады. Оның түсіндіруінше:

1) «Оба шыққан жерге бармаңдар» деген сөз өмір мен денсаулықты қатерге тігуге болмайтынын білдіреді.

2) «Оба шыққан жерден кетпеңдер» деген сөздің екі мәні бар.

а) Науқастарды тастап кетпей, оларға жәрдем беріңдер.

ә) Белгісі білінбеген ауру қоздырғышын сыртқа алып шығып, қорғанысы жоқ адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеңдер. Чыкман науқастардың қасында болған кейбір адамдардың бойында дертке қарсы қорғаныс қалыптасады деп те пайымдайды.»

  1. 1Әбу Дәуіт, Тибб 24, (3923).