Хадис

Тағун мен оба

Кутуб ситтә, 9-том, 545-тарау · 3 хадис · № 4038–4040

Хадистер

4038
Кутуб ситтә, № 4038 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ الطَّاعُونَ فَقَالَ: كَانَ عَذَابًا يَبْعَثُهُ اللَّهُ تَعَالَى عَلَى مَنْ كَانَ قَبْلَكُمْ فَجَعَلَهُ اللَّهُ رَحْمَةً لِلْمُؤْمِنِينَ، مَا مِنْ عَبْدٍ يَكُونُ فِي بَلَدٍ فِيهِ الطَّاعُونُ فَيَمْكُثُ فِيهِ لَا يَخْرُجُ صَابِرًا مُحْتَسَبًا يَعْلَمُ أَنَّهُ لَا يُصِيبُهُ إِلَّا مَا كَتَبَ اللَّهُ لَهُ، إِلَّا كَانَ لَهُ مِثْلُ أَجْرِ شَهِيدٍ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісінен (с.а.с.) оба жайлы сұралғанда, ол былай деді: “Ол Алланың бұрынғы қауымдарға жіберген азабы еді. Алла оны мүміндерге рақым етті. Қай пенде оба жайлаған мекенде Алланың жазғанынан басқа ештеңе өзіне тимейтінін біліп, сауаптан үміттеніп, сабырмен сол жерде қалса, оған шейіттің сауабындай сауап жазылады”».1

Түсіндірме

1. «Тағун» – ескі сөздік бойынша, көп өлімге себеп болатын эпидемиялық (жұқпалы) ауру деген мағынада қолданылған. Осыған байланысты жаппай өлімге апарып соғатын жұқпалы аурулардың барлығы тағун деп аталған. Оба ауруы – жұқпалы індеттердің ішіндегі ең көп таралғаны болғандықтан «оба» деген сөз бір мағынаға келетін екі сөзге айналған. Сондықтан кейбір жазушылар «тағун – оба ауруы» деген. Ән-Ниһая еңбегінде: «Тағун – бұл кең таралған ауру, ол ауаны (ластайды) бүлдіреді, осы бүлінген жаман ауадан адамдардың денесі мен темпераменті бұзылады» делінген.

Ежелгі Ғұлама Әбу әл-Уалид әл-Бажидің бұған қатысты мәлімдемесі де құнды: «Тағун – бұл кез келген жерде кездесетін қарапайым ауруларға қарағанда, көптеген адамға жұғатын ауру. Ол пайда болған кезде, басқа кездегі сияқты болмайды, яғни, бәрі бір ауруға шалдықса да, аурулары әртүрлі болады».

Ибн Сина бұл турасында келесі мәліметті ұсынған: «Тағун – улы зат, ол өлімге әкеліп соқтыратын ісікті пайда етеді. Бұл ісінулер дененің жұмсақ бөліктерінде және қолтық астында пайда болады. Көбінесе қолтық асты және құлақтың артында немесе мұрынның жұмсақ жерінің жанында шығады...» Ибн Сина обаның пайда болу себебіне қатысты, өз дәуіріне сәйкес түсіндірмелер жазған. Біз оны жазуды қажет деп санамадық. Өйткені оба ауруының 1894 жылы анықталған микробының табиғаты туралы неғұрлым дұрыс ақпарат алынды.

2. Біз үшін бұл жерде Расулалланың (с.а.с.) оба мәселесіне қатысты ұсынған сақтық шаралары мен оның насихаттаған сөздері маңызды. Жоғарыдағы риуаят мұны кәпірлер үшін Алланың жазасы болса да, сабыр ету шартымен мүміндер үшін Алланың мейірімі деп көрсетеді. Егер хадис мұқият зерттелетін болса, сабырдан мақсат, ол ауру пайда болған жерде болса, «маған да жұқпасын» деген алаңдаушылықпен ол жерді тастап кетпеу керек екені түсінікті болады. Яғни, тұрған аймағында оба ауруы шыққан мүмін «Алла маңдайыма не жазған болса, соны көремін» деп, ол жерден кетіп қалмай, орнында қалады. Тап осылай әрекет еткен адам шейіт сауабын алады. Сондай-ақ, Бұхариде келген басқа риуаятта Расулалла (с.а.с.): «Бір жерде оба ауруы шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар!» – деп әмір еткен. Олай болса, сабырды оба ауру шыққан жерден шықпау һәм оба ауруы пайда болған жерге бармау деп түсіну қажет. Бұл аурудың таралуының алдын алуда маңызды сақтық шарасы – карантин.

3. Хадисте оба бұрынғы қауымдар үшін азап, мүміндер үшін рақым болғаны айтылады. Кей ғалымдар: «Бұл рақым күнәға батқан мүмінге де беріле ме?» – деп сұрақ қойған. Оны терістегендер «күнәға батқан адам» дегенде үлкен күнәні қайталаудан тыйылмаған кісіні меңзейді. Олардың пікірінше, ол күнәсін қоймай жүргенде обаға шалдықса, шейіттік дәрежеге ие болмайды. Олар мына аятты дәлел еткен: ﴿أَمْ حَسِبَ ٱلَّذِينَ ٱجْتَرَحُوا۟ ٱلسَّيِّـَٔاتِ أَن نَّجْعَلَهُمْ كَٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ وَعَمِلُوا۟ ٱلصَّٰلِحَٰتِ سَوَآءً مَّحْيَاهُمْ وَمَمَاتُهُمْ سَآءَ مَا يَحْكُمُونَ﴾ «Сонда үнемі жамандық істейтіндер тіршіліктерінде де, өлгеннен кейін де өздерін иман келтіріп, игі істер істегендермен тең көреміз деп ойлады ма?! Олардың өз беттерінше шығарған бұл үкімі қандай жаман әрі қате үкім еді!» («Жәсия» сүресі, 21-аят).

Сондай-ақ, Ибн Мәжада әзірет Омардан (р.а.) мәрфуғ ретінде жеткен риуаят, оба ауруының харамдардың арсыздық күнәлары үшін жаза ретінде пайда болғанын білдіреді: «Егер бір қауымда арсыздық (харамдар) пайда болып, ол көпшілік алдында ашық жасалатын болса, олардың арасында оба және ата-бабаларында бұрын пайда болмаған аурулар пайда болады».2

Ибн Хажар бұл хадистің әлсіз екенін айтқан. Алайда басқа ұқсас риуаяттармен қуатталғанын да көрсетуді ұмытпай, обаның адамдардың күнәсі үшін жаза екені жайындағы өз көзқарасын білдіреді.

الطَّاعُونُ شَهَادَةٌ لِكُلِّ مُسْلِمٍ. Әнәстан (р.а.) жеткен нұсқада: «Обадан қайтыс болу – әр мұсылман үшін шейіттік», – делінген.3 Осы айтылғандардың барлығына қарамастан, осы хадисіндегі мұтлақты (жалпылау) негізге алып «Күнәһар мұсылман да шейіт сауабын алады» деген сөзбен нақты теріске шығармайды және бұл қарсылыққа былай жауап береді: «Күнә батпағына батқан мүміннің алатын шейіттік сауабының, кәміл мүміннің алатын шейіттік сауабымен тең болуы шарт емес. Себебі көптеген шейіттік дәрежелер бар. Күнәһарлардың да дәрежесі әртүрлі. Кейбір күнәһарлар болады, олар Алла жолында «иғла кәлиматуллаһ» үшін жиһал кезінде бас сауғалап қашып бара жатып емес, алға ұмтылып мужаһид ретінде жан тапсырады. Бұл Алла Тағаланың Мұхаммед үмбетіне деген мейірімінің бірі – жазасын жылдамдатып осы дүниеде беруі. Бұл жағдай оба ауруына шалдыққан адамға шейіт сауабының берілуіне кедергі болмайды, әсіресе көбісі бұл күнәны жасамай тұрып, індет келген болса. Алла бәлекетті ешкімді бөліп-жармай бәріне бірдей жібереді. Өйткені арсыздыққа жоламағандар да жамандықты жою жолында қажетті күш жұмсамаған, қажыр-қайрат көрсетпеген».

Ахмад ибн Ханбал түсіндірмесін жасаған Утба хадисінде Расулалла (с.а.с.) айтады: «Өлімнің үш түрі бар: Біріншісі, малы және жанымен Алла жолында жиһад жасаған, тіпті дұшпанмен бетпе-бет келіп, онымен шайқасып жатқанда өлтірілген адам. Ол адам Алланың, Аршының астындағы шатырында мақтаулы болады. Одан тек пайғамбарлар ғана “Пайғамбарлық” дәрежесімен артық болады. Екіншісі, кейбір күнә мен қателіктерге бой алдырған адам. Ол малы-жанымен Алла жолында жиһад жасайды, дұшпанымен кезіккен кезде, жан тапсырғанға дейін шайқасады. Осылайша, оның күнә-қателері жойылады. Өйткені қылыш қателерді жояды. Үшіншісі, мұнафық (екіжүзді адам). Ол жаны мен дүние-мүлкімен өлгенше Алла жолында жиһад жасайды. Бірақ ол тозақтық. Себебі қылыш екіжүзділікті (күнәні) өшірмейді».

Ибн Хажар сөзін жалғап былай дейді: «Шейіттің (басқа адамға) қарыздан басқа барлық күнәлары кешіріледі», – деген хадиске келетін болсақ, бұл хадистен шейіттік кейбір күнәларға кәффарат болмайды деген үкім шығарамыз. Алайда кейбір күнәлардың болуы шейіт (дәрежесін алуға) болуға бөгет болмайды. Шейіттіктің мағынасы мынау: «Алла Тағала бұл мәртебеге қол жеткізген адамға арнайы сауап береді, қосымша сый тарту етеді». Олай болса, хадис мына мәселені түсіндіреді: «Алла шейіттен құл ақысынан басқа күнәлардың барлығын кешіреді. Егер шейіт игі істер жасаған болып, оның шейіт болуы құл ақыларынан тыс күнәларына кәффарат болады деп саналса, игі амалдары оның құл ақыларын өтеуде оған көмекші болады әрі шейіттік мәртебесі өзінде мәңгі-бақи қалады деп айтуға болады. Алайда игі істері жоқ болса, онда оның жағдайы Алланың қалауына қалады. Ең дұрысын Алла біледі».

4. Хадисте айтылған «сабыр ету» сөзі обаға қарсы жасалатын маңызды әрекеттердің бірі болуы керек. Сабыр етілмеген жағдайда, шейіттік сауабына қол жеткізе алмайды деген үкім берілген. Ибн Хажар айтады: «Сабыр ету арқылы деген сөз – өзін уайым-қайғыға салмау, керісінше, Алланың қазасына разы болып әміріне мойынсұну дегенді білдіреді. Бұл хал оба аурумен қайтыс болған адамға шейіттік сауаптың берілуінде шартты етілген. Бұл оба шыққан жерде қалып, сол жерден қашу мақсатында басқа жерге бармау. Негізінде, бұл әрекет басқа хадистерде нақты ашық айтылып тыйым салынған». (Ибн Хажар меңзеген хадис артынша берілетін болады)

  1. 1Бұхари, «Тыбб», 31 (№5734), «Әнбия», 50, «Қадар», 15.
  2. 2Жанан «Егер бір қауымда зина көбейсе, өлім де көбейеді» деген сөзді кейбіреулер сол кезеңде тараған ЖҚТБ-мен байланыстырғанын жазады. Автор бұл түсіндірмеде індеттің шығуын зина мен бір жынысты қатынастың таралуына теліп, оның емі табылмағанын айтады. Жаппай өлім туралы хабарды ол пайғамбарлық мұғжизаға балаған.
  3. 3Бұхари, №2830, №5731. Мүслим, №1916а.
4039
Кутуб ситтә, № 4039 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Усама

عَنْ أُسَامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا سَمِعْتُمْ بِالطَّاعُونِ بِأَرْضٍ فَلَا تَدْخُلُوهَا، وَإِذَا وَقَعَ بِأَرْضٍ، وَأَنْتُمْ بِهَا فَلَا تَخْرُجُوا مِنْهَا فِرَارًا مِنْهُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَمَالِكٌ وَالتِّرْمِذِيُّ..

Қазақша аудармасы

Усама (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бір жерде оба шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Оба сендер тұрған жерде шықса, одан қашып, сыртқа кетпеңдер”, – деді».1

  1. 1Бұхари, Тибб 30, Әнбия 50, Хиял 13; Мүслим, Сәлам 92, (2218); Муатта, Жами 23, (2, 896); Тирмизи, Жанаиз 66, (1065).
4040
Кутуб ситтә, № 4040 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ يَحْيَى بْنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ بَحِيرٍ قَالَ: «أَخْبَرَنِي مَنْ سَمِعَ فَرْوَةَ بْنِ مُسَيْكٍ الْمُرَادِيَّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ عِنْدَنَا أَرْضٌ يُقَالَ لَهَا أَبْيَنُ هِيَ أَرْضُ رِيفِنَا وَمِيرَتِنَا، وَهِيَ وَبِيئَةٌ؟ فَقَالَ: دَعْهَا عَنْكَ، وَإِنَّ مِنَ الْقَرَفِ التَّلَفَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «الرِّيفُ»: الْأَرْضُ ذَاتَ الزَّرْعِ وَالْخُصَبُ.وَ»الْمِيرَةُ»: الطَّعَامُ.وَ»الْقَرَفُ»: الدَّنُوَّ مِنَ الشَّئِ، وَكُلُّ شَئٍ دَانِيَتُهُ قَدْ قَارْفَتُهُ.وَ»التَّلَفُ»: الْهَلَاكَ أَرَادَ أَنْ مِنْ قُرْبٍ مِنَ الْمَرِيضِ، وَدَنَا مِنْهُ تَلَفُ، وَلَيْسَ هَذَا مِنْ بَابَ الْعَدْوَى بَلْ مِنْ بَابِ الطِّبِّ.

Қазақша аудармасы

Яхия ибн Абдулла ибн Бахир былай дейді: «Фәруа ибн Мусәйк әл-Мурадидің (р.а.) мына сөзін естіген кісі маған жеткізді: “Уа, Алла елшісі, Әбиян деген жеріміз бар. Егінімізді сол жерде егіп, азығымызды содан табамыз. Бірақ ол жерде жұқпалы дерт бар”, – дедім. Ол: “Ол жерден аулақ бол. Ауруға жақындау опатқа соқтыруы мүмкін”, – деді».1

Түсіндірме

1. Жоғарыдағы екі хадис – оба ауруы шыққан жерге жақындамау туралы Расулалланың (с.а.с.) ашық айтқан хадистері. Ғалымдар бұл әрекет ырым, наным-сенім емес, медицина екенін айрықша атап өткен. Хаттаби айтады: «Өйткені жақсы ауамен тыныстау – дененің саулығына көмекші құралдың бірі. Дәрігерлердің айтуынша, ауа райының қолайсыздығы, ауаның ластығы – дененің сау болуына ең зиянды факторлардың бірі. Дегенмен мұның бәрі Алла Тағаланың рұқсаты және қалауымен жүзеге асырылады».

2. Алдыңғы хадисте айтылған «Оба ауруы шыққан жерге бармау және оба ауруы шыққан жерде болып, сол жерден шықпау» тыйымының үкімі жайлы ғалымдар арасында: «Харам дегенді білдіре ме әлде жақындамау дегенді ме?» деген талас-тартыс туындаған. Кейбір ғалымдар бұған рұқсат етілген деген үкім берген. Бұл көзқарасты құптағандар бұған обадан шыққан кейбір сахабаларды мысалға келтіреді: Әбу Мұса әл-Ашғари, Муғира ибн Шуғба, сол сияқты, табиғиннан әл-Әсуад ибн Хилал, Мәсруқ секілді бір топ ғалымдар оба пайда болған жерге кіру немесе одан шығу танзиһи мәкруһ, сондықтан тәуекелге жүгінген адамдардың ондай жерге кіріп-шығуында ешбір оқастық жоқ деген үкім берген. Кейбір ғалымдар айтылған хадистердің сырттай мағынасын есепке алып «нақты тыйым салынған» деп, оба шыққан жерге бару немесе сондай жерден шығу «харам» деген үкім берген. Осы көзқарасты ұстанған ғұламалар Расулалладан (с.а.с.) бұл мәселе турасында жеткен қатаң ескертуді дәлел ретінде көрсете отырып, өздерінің көзқарастарын қуаттайды. Ахмад ибн Ханбал және ибн Хузаймадан жеткен ұзын хадисте мынадай сөйлем бар: «Обадан қашқан адам соғыстан қашқан адамдай күнәға батады. Ал сабыр етіп, оба шыққан жерден кетпей ажал тапқан адамға шейіт сауабы жазылады». Бір хадисте: «Обадан қашқан адам соғыстан қашқан адам сияқты күнәға батады, обадан шыққан жерде сабыр еткен адам соғыста сабыр еткен адам сияқты сауап алады». Соғыс майданынан қашу үлкен күнәларға жататыны белгілі, яғни – харам. Сонымен қатар, ғұламалар бір әрекетке харам деп есептелген әрекеттерге ұқсас қатаң жаза берілетінін (немесе қатаң жаза берілетіні уәде етілген баяндауларды), сол әрекеттің де харам үкімге кіруіне дәлел санаған және мұны бір қағида ретінде анықтаған. Оба шыққан жерге кірмеу туралы әйгілі оқиға әзірет Омардан (р.а.) риуаят етілген. Бұхарида берілгеніне қарамастан «Тәйсир» авторы бұл жерге енгізбеген риуаяттың аудармасын береміз:

Ибн Аббас (р.а.) былай баяндайды: «Омар (р.а.) Шамға аттанды. Сарғ деген жерге жеткенде, әскер басшылары Әбу Убәйда ибн Жәррах пен қасындағылар оны қарсы алып, Шамда оба жайлағанын хабарлады. Омар: “Алғашқы мұһажирлерді шақыр”, – деді. Оларды шақырдым. Омар Шамдағы оба жайын айтып, олармен ақылдасты. Пікірлері екіге жарылды. Кейбірі: “Белгілі бір іспен жолға шықтыңыз, кері қайтпағаныңыз жөн”, – десе, өзгелері: “Қасыңызда халық пен Алла елшісінің (с.а.с.) сахабалары бар. Оларды оба шыққан жерге апаруыңызды құптамаймыз”, – десті. Омар: “Енді кете тұрыңдар. Ансарларды шақыр”, – деді. Ансарларды шақырдым. Омар олармен де кеңесті. Олардың пікірі мұһажирлердікіндей екіге бөлінді. Омар оларға да тарай тұруды айтты. Содан соң: “Мекке алынған жылы көшкен Құрайыштың үлкендерін шақыр”, – деді. Оларды шақырдым. Олар бір ауыздан: “Кісілерді кері қайтарыңыз. Оларды оба жайлаған жерге апармағаныңыз жөн”, – деді. Сонда Омар жұртқа: “Таңертең көлігіме мініп, кері қайтамын. Сендер де дайындалыңдар”, – деп жар салды. Әбу Убәйда ибн Жәррах сонда былай деді:

– Уа, Омар, Алланың тағдырынан қашпақсың ба? – деді.

Омар (р.а.): «Бұл сөзді сенен басқа біреу айтса ғой, Әбу Убәйда! Иә, Алланың бір тағдырынан екінші тағдырына барамыз», – деп жауап қатты да, ойын былай түсіндірді:

– Сенің түйелерің бір жағы көкорай, екінші жағы қуаң алқапқа келді делік. Оларды көкорайға жайсаң да, қуаң жерге жайсаң да, Алланың тағдырымен жайған болмайсың ба? Сол кезде бір шаруамен кідірген Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) келіп, мән-жайға қаныққан соң былай деді:

– Уа, Омар, бұл жайлы Алла елшісінен (с.а.с.) естігенім бар. Ол: “Бір жерде оба шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Оба сендер тұрған жерде шықса, одан қашып, сыртқа кетпеңдер”, – деген». Омар (р.а.) мұны естіген соң Аллаға шүкір айтып, кері қайтты.

Ибн Хажар осы риуаятты түсіндіргенде Омардың (р.а.) кейін кері қайту шешіміне өкінгені туралы өзге хабарларды да келтіреді. Оларға егжей-тегжейлі тоқталмай, дәрігер Зеки Чыкманның мына түсіндірмесін берейік: «“Жұқпа жоқ” деген хадис пен “Оба шыққан жерге бармаңдар, сол жерде болсаңдар, сыртқа шықпаңдар” деген хадисті қатар қарастырғанда екі тұжырымға келеміз.

1. Чыкманның түсіндіруінше, сырқат пен індет Алланың қалауымен болады. Ол бұған Ысмайылға (а.с.) қатысты мысал келтіріп, пышақ әдетте кесетін құрал болғанымен, бұл оқиғада оның әсері Алланың әміріне бағынышты болғанын айтады. Өз заманындағы жұқпалы аурулар клиникаларында көптеген дәрігер мен қызметкер істейтінін, жұқпалы вирустармен жиі бетпе-бет келсе де, олардың сырқаттануы мен өлім-жітімі өзге клиникалардағы көрсеткіштен аспайды деп жазады. Чыкман мұны жұқпа өздігінен әсер етеді деген пікірге қарсы дәлел санаған. Сонымен бірге тазалық пен дезинфекцияға мән берілмесе, аурудың таралуы артуы мүмкін екенін ескерткен. Ол мұны Исламның тазалық туралы бұйрығымен байланыстырады.

2. Чыкман бұл хадистен карантин туралы да үкім шығарады. Оның түсіндіруінше:

1) «Оба шыққан жерге бармаңдар» деген сөз өмір мен денсаулықты қатерге тігуге болмайтынын білдіреді.

2) «Оба шыққан жерден кетпеңдер» деген сөздің екі мәні бар.

а) Науқастарды тастап кетпей, оларға жәрдем беріңдер.

ә) Белгісі білінбеген ауру қоздырғышын сыртқа алып шығып, қорғанысы жоқ адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеңдер. Чыкман науқастардың қасында болған кейбір адамдардың бойында дертке қарсы қорғаныс қалыптасады деп те пайымдайды.»

  1. 1Әбу Дәуіт, Тибб 24, (3923).