Хадис

Руқияға (дем салуға) тыйым

Кутуб ситтә, 9-том, 544-тарау · 4 хадис · № 4034–4037

Хадистер

4034
Кутуб ситтә, № 4034 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Имран ибн Хусайн

عَنْ عِمْرَانَ بْنِ حُصَيْنٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَدْخُلُ الْجَنَّةَ مِنْ أُمَّتِي سَبْعُونَ أَلْفًا بِغَيْرِ حِسَابٍ. قِيلَ: مَنْ هُمْ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: الَّذِينَ لَا يَكْتَوُونَ، وَلَا يَسْتَرْقُونَ، وَلَا يَتَطَيَّرُونَ، وَعَلَى رَبِّهِمْ يَتَوَكَّلُونَ، فَقَامَ عُكَّاشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ: اُدْعُ اللَّهَ تَعَالَى أَنْ يَجْعَلَنِي مِنْهُمْ قَالَ: أَنْتَ مِنْهُمْ، فَقَامَ آخَرُ، فَقَالَ يَا نَبِيَّ اللَّهِ: اُدْعُ اللَّهَ أَنْ يَجْعَلَنِي مِنْهُمْ؟ فَقَالَ: سَبَقَكَ بِهَا عُكَّاشَةُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Имран ибн Хусайн (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Үмбетімнен жетпіс мың адам жәннатқа есепсіз кіреді”, – деді. “Уа, Алла елшісі, олар кімдер?” – деп сұралғанда, ол: “Олар қарып емделмейді, дем салдырмайды, жаман ырымға сенбейді әрі Раббыларына тәуекел етеді”, – деді. Сонда Ұккаша (р.а.) орнынан тұрып: “Алла мені де солардың бірі етсін деп дұға етіңіз”, – деді. Ол: “Сен солардың бірісің”, – деді. Тағы бір кісі тұрып: “Уа, Алланың пайғамбары, мені де солардың бірі етсін деп Аллаға дұға етіңіз”, – деді. Сонда ол: “Сенен Ұккаша озып кетті”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Нәуәуи былай түсіндіреді: «Ғұламалар хадистің мағынасы жайында әртүрлі пікір айтқан. Имам Мазири: “Кей ғалымдар осыған сүйеніп, емделуді мәкруһ санаған. Басым көпшілік бұған қосылмай, Алла елшісінен (с.а.с.) дәрі мен тағамның пайдасы жайында жеткен көптеген риуаятты дәлел еткен. Солардың қатарында қара зере, құст, сабыр сияқты өсімдіктер аталады. Алла елшісінің (с.а.с.) өзі де дәрі қолданған. Айша (р.а.) оның бірнеше рет емделгенін жеткізген. Шипа сұрап дұға еткені және кейбір сахабаның дем салғаны үшін ақы алғаны туралы риуаяттар да емделуге рұқсат екенін көрсетеді. Сондықтан осы хадистегі дем салуға қатысты шектеуді дәрі өз табиғатымен әсер етеді деп сеніп, істің нәтижесін Аллаға тапсырмайтын жандарға қатысты түсіну керек”, – дейді. Қади Ияд: “Бұл жорамалды көпшілік ұстанғанымен, ол дұрыс емес. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) сол кісілердің абзал екенін, жәннатқа есепсіз кіретінін және жүздерінің толған айдай жарқырайтынын хабарлаған. Егер аталған жорамал дұрыс болса, олар мұндай артықшылықпен айрықшаланбас еді. Істің нәтижесі Алланың қолында деген сенім барша мүмінге ортақ. Оған қайшы сенген адам діннен шығады”, – дейді».

Ғұламалар, әсіресе мағани ілімін меңгергендер, мұны жан-жақты талдаған. Әбу Сүлеймен әл-Хаттаби және өзге ғалымдар мұнда дем салдырудан бас тартып, Аллаға тәуекел еткен, Оның қазасы мен сынағына разы болған жандар меңзеледі дейді. Хаттаби мұны иманы айқын сенімге жеткендердің биік дәрежесі деп атап, сол пікірді құптаған ғалымдарды атайды. Қади Ияд: «Хадистің сыртқы мағынасы осы. Бұлай түсінгенде, хадисте аталған қарып емдеу мен дем салу және емнің өзге түрлері арасында айырма қалмайды», – дейді. Дәууди мұндағы сөз сырқаттың алдын алу үшін дені сау адамның жасайтын амалдарына қатысты деп түсіндірген. Оның пікірінше, сау кісінің тұмар тағуы мен дем салдыруы мәкруһ, ал сырқат адамның бұларға жүгінуіне рұқсат.

Кей ғалымдар мәкруһ үкімі емнің барлық түріне жүрмей, белгілі себеппен руқия мен қарып емдеуге қатысты екенін айтқан. Олардың пікірінше, емделу тәуекелге қайшы келмейді. Алла елшісі (с.а.с.) және кейінгі ізгі буынның көптеген өкілі емделген. Тамақ жеу мен су ішу аштық пен шөлді басуға қажет. Кәләм ғалымдары бұған жүгіну тәуекелге нұқсан келтірмейді, демек, сол арқылы тәнді күтуге тыйым салынбайды дейді. Ғұламалар адамның өзі мен отбасына азық табуы да тәуекелге қайшы келмейтінін айтқан. Тек ол несібесін еңбегінің өзі береді деп сенбей, істің нәтижесін Аллаға тапсыруы керек.

Жалпы емделу мен қарып емдеудің айырмасына келсек, Қади Ияд екеуіне де рұқсат барын айтады. Ол Алла елшісінің (с.а.с.) өзі де, өзге адам үшін де емге жүгінгенін еске салады. Өзі қарып емделмегенімен, басқа біреуді солай емдеген. Сахих риуаятта үмбетіне одан тыйып: «Қарып емделуді ұнатпаймын», – деген. Қади Иядтың сөзі осымен аяқталады. Дұрысын Алла біледі. Хадистің сыртқы мағынасына Хаттаби мен оны құптағандардың жоғарыда айтылған пікірі жақын. Олардың түсіндіруінше, хадисте Аллаға тәуекелі кәміл болып, басына келген қиындықты қайтару үшін себептерге жүгінбегендер мақталған. Бұл хәлдің артықшылығына және осындай жандардың абзалдығына шүбә жоқ. Алла елшісінің (с.а.с.) өзі және өзге адам үшін емге жүгінуі емделуге рұқсат екенін көрсетеді. Дұрысын Алла біледі.

Расулалланың (с.а.с.) хадисте келген «Олар... Раббыларына тәуекел ететіндер» сөзіне келер болсақ, арғы-бергі ғалымдар бұл жердегі тәуекел турасында пікір қайшылығына түскен. Имам Әбу Жағфар әт-Табари және басқа да ғалымдар алғашқы кезеңдегі ғалымдардан хабар жеткізіп былай дейді: «Тәуекел атауына жыртқыш жануардан да, қандай да бір дұшпаннан да еш қаймықпай, жүрегінде Алладан өзге жаратылыс атаулыдан қорқу сезімі жоқ, тіпті Алланың ризығы мәселесінде де өзіне өлшеп беріліп қойған ризыққа арқа сүйеп, ризық іздеуде ешқандай әрекетке бармағандардан өзге пенделер лайық емес», – дейді. Бұл кісілер аталмыш көзқарастарына бірқатар риуаяттарды дәлел етіп келтірген. Енді бір топ ғалымдар былай дейді: «Мұның өлшемі Аллаға иман етіп, Оның жіберген қиындықтары уақытша сынақ үшін берілгеніне айқын сеніп, ризықты тек қажет мөлшерде ғана тауып, тұтынуда Алла елшісінің сүннетіне сүйеніп, Пайғамбарлар секілді дұшпандардан аулақ жүру (яғни, олармен бірден жауласа кетпей, даналық, парасаттылық таныту)». Қади Ияд бұл турасында былай дейді: «Бұл көзқарас Табаридің және фақиһ ғалымдардың таңдаған тақырыбы. Алғашқы көзқарас бірқатар сопылық өкілдерінің, яғни, ар ілімімен айналысатын ғалымдардың көзқарасы. Бұлардың біразы жумһур ғалымдарының көзқарастарына жақын көзқарасты құптаған. Алайда олардың көзқарасында да тәуекел ұғымы мен себептерге сүйеніп қалған пенделерді сипаттауға сай келмейді. Керісінше, себептерді жасау – Алланың қойып берген заңдылығы. Оның хикметі адамның бір пайдалы нәрсеге қол жеткізіп, зиянды нәрседен тосылуында сергектік танытуы. Барлық нәрсе – Алладан». Қади Иядтың сөзі осымен бітті. Ал имам Әбул-Қасым әл-Қушайри бұл мәселе жайында былай деп сөз тарқатады: «Біліп қойғын, тәуекелдің орны – жүрек. Адамның қандай да бір нәрсеге ұмтылып әрекет етуі оның жүрегіндегі тәуекелге қарама-қайшы емес. Оның жүрегінде Аллаға деген сенімі болса жеткілікті. Егер қандай да бір іс қиындап кетсе, бұл Құдайдың тағдырынан, дәл солай жеңілдесе де тағдырдан». Сәһл ибн Абдулла әт-Тустари: «Тәуекел дегеніміз адамның өз-өзін қобалжусыз байсалды ұстап, тағдырдың ағысына өзін бос қоя беруі» деп анықтама берсе, ал Әбу Осман әл-Жабри былай дейді: «Тәуекел дегеніміз Аллаға сеніммен қатар Оны өзіне жеткілікті деп білуі». Тәуекел ұғымына былай деп те анықтама бергендер болған: «Тәуекел дегеніміз аз бен көптің адам үшін тең болуы». Дұрысын Алла білуші.

  1. 1Мүслим, Иман, 371, (218).
4035
Кутуб ситтә, № 4035 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: إِنَّ فِي الرُّقَى وَالتَّمَائِمِ وَالتِّوَلَةِ شِرْكًا، فَقَالَتْ امْرَأَةٌ: لَا تَقُولُوا هَذَا لَقَدْ كَانَتْ عَيْنِي تَقْذِفُ فَكُنْتُ أَخْتَلِفُ إِلَى فُلَانٍ الْيَهُودِيِّ فَيَرْقِينِي فَتَسْكُنُ. قَالَ عَبْدُ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: إِنَّمَا ذَلِكَ عَمَلُ الشَّيْطَانِ، كَانَ يَنْخُسُهَا بِيَدِهِ، فَإِذَا رَقَاكِ كَفَّ عَنْهَا. إِنَّمَا كَانَ يَكْفِيكِ أَنْ تَقُولِي كَمَا كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَقُولُ: أَذْهِبِ الْبَأْسَ رَبَّ النَّاسِ اشْفِ أَنْتَ الشَّافِي، لَا شِفَاءَ إِلَّا شِفَاؤُكَ شِفَاءً لَا يُغَادِرُ سَقَمًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «التِّوَلَةُ» بِكَسْرِ التَّاءِ وَفَتْحِ الْوَاوِ: مَا تُحَبِّبُ الْمَرْأَةَ إِلَى زَوْجِهَا مِنْ أَنْوَاعِ السِّحْرِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Мен Алла елшісінің (с.а.с.): “Дем салу, тұмар тағу және сүйіспеншілік сиқырын жасау – ширк”, – дегенін естідім». Сонда бір әйел: «Бұлай демеңіз! Көзім ауырып жүргенде бір яһудиге бардым. Ол дем салып еді, ауырсыну басылды», – деді. Ибн Мәсғуд (р.а.) былай жауап берді: «Бұл шайтанның ісі. Ол көзіңді қолымен түртетін. Әлгі кісі дем салғанда, түртуін қойды. Саған Алла елшісі (с.а.с.) айтқан мына дұға жетер еді: “Уа, адамдардың Раббысы, дертті кетіріп, шипа бере гөр! Шипа беруші – Өзіңсің. Сенің шипаңнан өзге шипа жоқ. Ешбір сырқат қалдырмайтын шипа бере гөр!”»1

Түсіндірме

1. Тиуәлә (тәнті қылу) тілімізде «махаббат тұмары» деп аталатын ерлі-зайыптыларды бір-біріне сүйдіру, тату-тәтті өмір сүруі үшін жасалатын сиқырдың аты. Алиюл Қари мұны былай сипаттайды: «Бұл – сиқырдың бір түрі. Бұл – не сиқыр оқылған жіп, не сиқыр жазылған қағаз. Ол махабат үшін немесе басқа мақсат үшін жасалады».

2. Руқия (дем салу) және тәмиманың (тұмарлардың) Аллаға серік қосумен арақатынасын, бұлардың ашық немесе жабық ширкке апаратын ой-пікірлер мен сенімдердің қайнар көзі болатынымен түсіндіреді. Әл-Қади айтады: «Бұларға Аллаға серік қосу деп айтылуының себебі, не Алла елшісінің (с.а.с.) кезінде барлығына белгілі болған және жаһилият дәуірінен бері қолданылып келе жатқан түрімен байланысты. Бұл түр – Аллаға серік қосуды қамтитын сипатта. Немесе мұны пайдалану оның әсер ететініне сенуге байланысты болған. Сол себепті тыйым салынған. Өйткені бұл сенім Аллаға серік қосуға апарады. (Құбылыстар Алланың жаратуы және рұқсаты арқылы пайда болады, онсыз тұмардың, дем салудың әсері болмайды)».

Негізінде, Расулалладан (с.а.с.) риуаят етілген дем салуда мұндай бұрыс сенімдерді түзететін және кетіретін сөз бар: «Уа, адамдардың Раббы! Мені қайғымнан арылта гөр! Маған шипа бере гөр! Шипа беруші Сенсің. Сенен басқа шипа беретін жоқ...»

  1. 1Әбу Дәуіт, Тибб 17, (3883).
4036
Кутуб ситтә, № 4036 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ النُّشْرَةِ فَقَالَ: هُوَ مِنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «النُّشْرَةُ»: مَا يَحِلُّ بِهِ عَنْ الْمَرِيضِ مَا خَامِرَهُ مِنَ الدَّاءِ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) нушра, яғни сиқырдың әсерін қайтару үшін жасалатын амал туралы сұралғанда: “Ол – шайтанның ісі”, – деді».1

Түсіндірме

1. Нушра (сиқырмен дем салу) – руқияның бір түрі. Ибн әл-Әсир мұны «Жын тиді деп саналған адамды емдеуде қолданылатын дем салу және ем» деп сипаттаған және дем салудың бұл түрінің «нушра» деп аталуы, онымен адамды тұмшалап, орап алған аурудың шешілетініне сенумен түсіндіріледі2. Нақтырақ айтсақ, бұл жын тиген деп саналған адамның жындарын тарату үшін жасалған руқия (дем салу) деп аталады. Көріп отырғанымыздай, бұл сиқырдың бір түрі. «Фатхул-Уәдудте» мұның сиқыр деп аталуы турасында басқа бір ықтимал берілген: «Нушра руқиясында шайтан есімдері қамтылған немесе түсініксіз тілде жасалған болуы мүмкін. Осы себепті сиқырға телінген. Нушра деп аталуы – бәле-жаланың онымен ашылып, аурудың онымен кетірілетініне байланысты». Бұл сөздің өзі – «жайып ашу» деген мағынаны білдіретін «нашара» етістігінен шыққан есім. Оның мағынасы әлдебір ауру қандай да бір нәрсеге оралған болып, одан емделу үшін оны жайып ашу керек дегенді білдіреді.

2. Нушраның «Шайтан ісі» деп сипатталауы – дем салу турасындағы алдыңғы хадисте түсіндірілген себептерге сүйенеді. Біріншіден, бұл жаһилият дәуірінен бері белгілі және қолданылып жүрген әдіс. Сол дәуірден жеткен нәрселердің ислами рухқа сәйкестігі кездейсоқтық. Әсіресе, мұндай жын тию сияқты ғайыптық, рухани мәселелерге қатысты. Оның үстіне бұл іс емдік мақсатта жасалады. Пайда болатын барлық нәтиженің Алладан екеніне сену қажет кезде, оны жаһилият дәстүріне сай жасалған істен көру Аллаға серік қосумен тең. Сол үшін «Шайтан ісі» саналады. Ғалымдар басқа хадистердің рұқсатын басшылыққа ала отырып, Құран аяттары, Алланың көркем есімдері, Раббани сипаттар, Расулалладан жеткен танымал дұғаларды қамтитын (руқия) дем салулардың, нушралардың әбестігі жоқ деген. Ендеше, Расулалланың (с.а.с.) руқияны теріске шығаруы, одан бас тартуы – жаһилият тәсіліндегі дем салулар мен Исламдық мазмұнның шегінен шығатын нушраларға байланысты.

  1. 1Әбу Дәуіт, Тибб 9, (3868).
  2. 2«Нушра» ашу, жаю, шығару, шешу мағыналарын білдіретін «нәшр» сөзінен тараған.
4037
Кутуб ситтә, № 4037 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ عِيسَى بْنِ حَمْزَةَ قَالَ: «دَخَلْتُ عَلَى عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُكَيْمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ وَبِهِ حُمْرَةٌ، فَقُلْتُ: أَلَا تُعَلِّقُ تَمِيمَةً؟ فَقَالَ: نَعُوذُ بِاللَّهِ مِنْ ذَلِكَ. قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ تَعَلَّقَ شَيْئًا وُكِلَ إِلَيْهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Иса ибн Хамза былай дейді: «Абдулла ибн Укәймге (р.а.) бардым. Денесіне қызыл бөртпе шыққан екен. “Тұмар тақпайсың ба?” – деп сұрадым. Ол: “Одан Аллаға сыйынамын. Алла елшісі (с.а.с.): ‘Кім бір нәрсе тақса, сол таққанына тапсырылып қойылады’1, – деген”, – деді».

Түсіндірме

1. Бұл хадис «әт-Тәйсир» еңбегінде Әбу Дәуітке телінгенімен, бұл жерде Тирмизидікі деп көрсетілген. Суюти «әл-Жамиғус-Сағир» еңбегінде хадистің Ахмад ибн Ханбал және Хаким тарапынан түсіндірме жасалғанына ишарат етеді. Хадистің Тирмизидегі берілген жолы мен жоғарыда берілген жолының арасында айырмашылықтар бар. Ол жерде «Бұдан Аллаға сыйынып, пана тілеймін» сөзінің орнына «Өлім бұдан жақынырақ» деп айтылған.

2. Бұл бөлімде басқа хадис Уқба ибн Амир (р.а.) тарапынан риуаят етілген: «Кім тұмар тағатын болса, Алла Тағала оның мақсатына жеткізбесін. Кім көзмоншақ2 тағатын болса, Алла оны көз тиюден сақтамасын».

3. Біреудің таққан нәрсесіне сенуі – шипаны сол нәрседен тілеу дегенді білдіреді. Шипаны беретін – Алла! Одан басқа ешкім де, еш нәрсе де емдей алмайтындықтан, адамның дауаны таққан нәрседен күтуі, шипасыз қалу, күткен нәрсесіне қол жеткізе алмау деген сөз.

Мунауидің хадиске берген түсіндірмесінде бұдан мақсат мынау: «Кімде-кім жаһилият тұмарын тағып, бұдан пайда күтіп «жамандықты кетіреді, берекет пен шипа береді» деп сенсе, бұл әрекет – харам, ал харамда дауа болмайды. Егер ол жоғарыда айтылған нәрселерге сенбесе де, мағынасын білмейтін, түсініксіз нәрселер жазылған тұмар тағатын болса, мұның үкімі де дәл сондай болады. Ал кімде-кім Алла Тағаланың көркем есім-сипаттары жазылған нәрсені тағып жүретін болса, бұған рұқсат етіледі. Тіпті бұл талап етілетін және ұнамды іс. Өйткені кімде-кім мәселесін Алланың есімдеріне тапсырып, тәуекел ететін болса, Алла оған жәрдем береді. Ибн әл-Арабидің: «Құран аяттарын жазып тұмар жасап тағу – бұл сүннет жолы емес. Сүннет – Құран сүрелерін жаттап алып, оқып жүру, іліп қою емес», – деген сөзі қабылданбайды. Оның мағынасы келесідей: «Кім Алладан өзге бір жаратылысқа сенетін болса, Алла Тағала ол адамды сол жаратылысқа тапсырып қояды. Кім мұқтаждықтарын Аллаға айтып, Одан сұрайтын болса және барлық ісін Оған тапсыратын болса, Алла оның барлық мәселесін шешіп, алыстағыларды оған жақындатады және барлық қиындықтарды жеңілдетеді. Кімде-кім біреуге жабысса немесе оның білімі мен ақылына сенсе және өзінің күш-қуатына сенсе, Алла оны осы нәрселерге тапсырып қояды да, оны өз көмегінен мақұрым етіп, назар салмайды. Осылайша тілектері мен үміттері орындалмайды. Бұл айтылғандар көптеген шариғи насс (аят-хадис) және қолданыстағы тәжірибелерде нақты белгілі болған мәселе».

Бұдан қорытынды, тұмар, дем салу, нушра, көз моншақ сияқты көз тию, ауруларға, қайғы-қасіретке т.б. қарсы қолданылатын әртүрлі оқу және тағу турасында жеткен тыйымдардың, жаһилият әдебіне сай, мағынасыз немесе күпірлікті білдіретін мағынадағы және медетті, әсерді олардан күту сияқты сеніммен әрекет етулер меңзелген. Бұл айтылған ластықтардан пәк, тұнық болған ислами мазмұндағы ислами сенімге сай тұжырымға кіретіндер тыйымнан шығарылған. Бұл мәселеде ғұламалар біраузыдан келіскен. Бұған қарсы жекелеген қарсылықтар болса да, үмбеттің жолы әдетте жумһур ғұламаның жолы.

  1. 1Тирмизи, «Тыбб», 24 (№2072, Жанан нөмірлеуінде №2073). Тирмизи нұсқасында риуаятшы Иса ибн Абдуррахман ибн Әбу Ләйлә деп аталған.
  2. 2«Уәдаға» – балаларға көз тимесін деп тағылған теңіздің ақ бақалшағы («Ән-Ниһая»).