Хадис

Қонақасы мен көңіл көтерудің өміріміздегі орны. Қонақасы

Кутуб ситтә, 9-том, 540-тарау · 3 хадис · № 3978–3980

Хадистер

Исламда қонақ шақырудың өзіндік орны бар. Қонақасы – шариғат рұқсат еткен көңіл көтерудің бір мүмкіндігі. Алла елшісі (с.а.с.) бұдан тыс арнайы көңіл көтеру уақытын белгілемеген, тіпті: «Көңіл көтеру үшін жаратылмадық», – деген. Сәбидің дүниеге келуі, сүндет той, жолаушыны қарсы алу, Құран хатымы, іргетас қалау, кәсіп игеру және жаңа өнімнің алғашқы жемісін тату секілді қуанышты сәттер көбіне дастархан жаюмен аяқталады. Ешбір рәсімге орайластырылмайтын қонақасы да бар. Сондықтан бұл жөнінде тоқталайық. Ғалымдар хадистерге сүйеніп, қонақ шақырудың көптеген әдебін айқындаған. Кейбір егжей-тегжейін үйлену тойы туралы тұсқа қалдырып, ғалымдар сүннетке сай санаған, әрқайсысының жеке атауы бар сегіз түрлі қонақасыны келтіреміз.

1. Сүндет тойда берілетін ас.

2. Сәби дүниеге келгенде берілетін ас.

3. Ақиқаға берілетін ас.

4. Әйелдің ажырасудан аман қалғанына орай берілетін ас.

5. Жолаушы сапардан оралғанда берілетін ас.

6. Қоныс тойдың асы.

7. Бір пәледен құтылғанда берілетін ас.

8. Арнайы себепсіз берілетін ас.

Үйлену тойында берілетін асқа арнайы тоқталамыз.

Той

Мерекелер секілді, үйлену тойында да белгілі шарттар мен әдеп аясында көңіл көтеруге рұқсат. Алла елшісі (с.а.с.) бұған ынталандырған да. Бір хадисте: «Халал мен харамның айырмасы – некеде қағылған дабыл мен айтылған ән», – деп, некені жұртқа жариялауды білдірген. Хадис дабыл мен ән болатын тойдың некені жария етуге жарайтынын көрсетеді. Ибн Аббастан жеткен тағы бір хабар да осыны қуаттайды. Айша (р.а.) мәдиналық туысын тұрмысқа ұзатады. Тойға келген Алла елшісі (с.а.с.): «Қызды күйеуінің үйіне аттандырдыңдар ма?» – деп сұрайды. «Иә», – дегенде: «Қызбен бірге ән айтатын адам жібердіңдер ме?» – дейді. Айша: «Жоқ», – дегенде, ол: «Ансардың осындайда көңіл көтеретін дәстүрі бар. Қызбен бірге әнші жібергенде, олар былай айтар еді:

“Сіздерге келдік, сіздерге келдік,

Бізге де шаттық, сіздерге де шаттық”», – дейді.

Әбу Ләһабтың қызы тұрмысқа шыққанда, тойға келген Алла елшісі (с.а.с.): «Көңіл көтеретін ештеңе жоқ па?» – деп сұраған.

Рубәййиғ бинт Муғаууиз де Алла елшісінің (с.а.с.) өзінің тойында болғанын айтады. Ол дабыл қағып, Бәдір шайқасы туралы жыр айтқан екі күңді тыңдаған. Бірі: «Араларыңда ертең не боларын білетін пайғамбар бар», – дегенде, Алла елшісі: «Ол сөзді қой. Алдыңғы айтқандарыңды жалғастыр. Ғайыпты Алла ғана біледі», – деген.

Бір үйден дабыл немесе басқа аспаптың даусы естілсе, Алла елшісі (с.а.с.) онда не болып жатқанын сұрайтын. «Той», – деген жауап алса: «Бұл – неке, зина емес», – деп, құп көретінін білдіретін.

Тойда өзге де көңіл көтеруге рұқсат екенін білдіретін бір хабарды келтірейік. Муаз ибн Жәбәл Алла елшісімен (с.а.с.) бірге ансардың бірінің тойына барған. Алла елшісі қызды сұратып, неке қиғаннан кейін: «Алла тату тұрмыс, игілік пен бақ нәсіп етсін! Ризықтарыңа береке беріп, өздеріңді мүбәрак қылсын!» – деп дұға еткен. Дәстүр бойынша күйеу жігіттің бас жағында дабыл қағылған. Жеміс пен тәттілер салынған себеттер әкелінгенде, Алла елшісі жұртқа шашу шашқан. Ел теруге ұмтылмай, орындарында тұрған. Ол таңырқап: «Неге термейсіңдер?» – деп сұрайды. Олар: «Уа, Алла елшісі, бұрын бізге жапа-тармағай талап алуға бірнеше рет тыйым салған едіңіз», – дейді. Ол: «Сендерге олжаны талап алуға тыйым салдым. Тойдың шашуын тере беріңдер», – дейді. Муаз: «Алла елшісінің (с.а.с.) оны да, бізді де шашу теруге ынталандырғанын көрдім», – деген.

Үйленгенде «бір қой сойсаң да ас бер» деген Алла елшісі (с.а.с.): «Тойға шақырылсаңдар, барыңдар. Шақыруға бармаған кісі Аллаға және Оның елшісіне қарсы келген болады», – деп те ескерткен. Осы сөздерімен той беріп, жұртты қуанышқа ортақтастыруды орнықтырғысы келген.

Сахабалардың осы дәстүрді ұстанғанын мына хабардан көреміз. Амир ибн Сағд былай дейді: «Бір тойда сахабалардан Қараза ибн Кәғб пен Әбу Мәсғуд әл-Ансариге жолықтым. Олардың жанында әнші күңдер мен аспаптар бар екен. Шыдай алмай: “Пайғамбардың сахабасы, әрі Бәдірге қатысқан кісілер бола тұра, осындайды тыңдап отырсыздар ма?” – дедім. Олар: “Қаласаң, бізбен бірге отырып тыңда, қаламасаң, кете бер. Бізге тойда көңіл көтеруге және жаназада жылауға рұқсат берілген”, – деді».

Ғалымдар неке қию, алғашқы түн, той асы секілді үйлену рәсімдерінің әр кезеңінде дабыл қағуға болатынын айтқан.

Жылдық және апталық мерекелермен бірге осы рәсімдерді, қонақасылар мен тойларды жөн-жосығымен өткізсе, көңіл сергітер мүмкіндік те жетеді. Мұндай отырыстар елді араластырып, адамдардың арасын жақындатады. Бұлардан тыс жеке немесе тыйым салынған ермек іздеуге елеулі қажеттілік қалмайды.

Музыка

Көңіл сергітіп, бос уақытты өткізуге жиі қолданылатын өнердің бірі – музыка. Діннің музыкаға қатысты ұстанымы жоғарыда қысқаша айтылды. Маңызды мәселе болғандықтан, оған арнайы тоқталамыз.

Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен кейбір риуаяттар музыкаға белгілі шарттармен рұқсат берсе, өзгелерінде тыйым айтылады.

1. Әбу Дәуіт жеткізген риуаятта Нафиғ былай дейді: «Абдулла ибн Омар аспап үнін ести сала, саусақтарымен құлағын бітеп, жолдан шетке шықты. Сосын: “Уа, Нафиғ, дауыс әлі естіліп тұр ма?” – деп сұрады. “Жоқ”, – дегенімде құлағынан саусақтарын алып: “Бірде Алла елшісімен (с.а.с.) бірге келе жаттым. Ол да сондай үн естігенде мен істегендей істеді”, – деді».

Әбу Дәуіттің келесі риуаятында аспапта ойнаған адамның малшы болғаны, ал Нафиғтың сол сапарда Ибн Омарға (р.а.) мінгесіп келе жатқаны айтылады.

2. Ибн Омар бірде базарда ән салып тұрған қызды көріп: «Шайтан орнына біреу қалдырса, осыны қалдырар еді», – деген.

Бір хадисте: «Ән-жыр жүректе екіжүзділікті өсіреді», – делінген. Ибн Аббас мұны: «Су егінді көгертетіні секілді, ән жүректегі екіжүзділікті өсіреді. Зікір де жүректегі иманды солай өсіреді», – деп түсіндірген.

3. Тағы бір хадисте: «Дүниеде де, ақыретте де лағынеттелген екі үн бар: нығметке бөленгенде аспап тарту және пәлеге ұшырағанда зарлау», – делінеді.

4. Музыкаға тыйым салынғанын білдіретін бір риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) заманында ән айтуды кәсіп еткен күңдерге қатысты: «Алла әнші күңдерді сатып алу мен сатуды, олардың құнын және әнін тыңдауды харам етті».

5. Музыканың кейбір түріне тыйым барын білдіретін риуаятта Әнәс (р.а.) былай деген: «Бәра ибн Мәликтің даусы әдемі еді. Бір сапарда Алла елшісі (с.а.с.) оған: “Шыны құтылардан сақтан”, – деді. Сонда Бәра ән айтуын тоқтатты».

Хадисті келтірген Хаким ұстазы Мұхаммед ибн Иса әл-Аттардың: «Алла елшісі (с.а.с.) Бәраның дауысын әйелдердің естігенін қаламаған», – деген түсіндірмесін де қосады. Аспап тартқан күңдерге тыйым салынбағанын олардың балиғатқа толмаған қыздар болғанымен түсіндірген.

6. Музыканы харам санаған кейбір ғалымдар осы риуаяттармен қатар «Лұқман» сүресінің 6-аятындағы мына сөзді дәлел еткен: ﴿وَمِنَ ٱلنَّاسِ مَن يَشْتَرِى لَهْوَ ٱلْحَدِيثِ لِيُضِلَّ عَن سَبِيلِ ٱللَّهِ بِغَيْرِ عِلْمٍ وَيَتَّخِذَهَا هُزُوًا﴾ «Адамдар арасында ешқандай ілімге сүйенбестен, ел-жұртты Алланың жолынан адастыру әрі аяттарын мазаққа айналдыру үшін алдандыратын арзан сөздерді сатып алатындар бар». Аяттағы «арзан сөздер» музыка мен соған ұқсас нәрселерді меңзейді деген түсіндірме Хасан әл-Басри мен Ибн Аббастан жеткен.

Осы дәлелдерге сүйенген ғалымдар музыка жөніндегі үкімді әртүрлі түсіндірген.

1. Кейбір фақиһтар музыканы түгелдей харам, оны әдейі тыңдауды күнә санаған. Олардың пікірінше, байқаусызда естіп қалу күнәға жатпайды.

2. Кейбір ғалымдар өлеңнің ұйқасы мен тілдің көркемдік өлшемін ұғыну үшін музыканы қолдануды күнә санамаған.

3. Бірқатар ғалым жалғыз кісіге оңаша отырғанның жабырқауын сейілту үшін ән айтуға рұқсат берген. Алайда мұның ермек үшін болмауын шарт еткен.

4. Айтылатын өлеңде хикмет, ғибрат немесе фиқыһ тәрізді пайдалы білім болса, айыбы жоқ дегендер болған.

5. Кейбір ғалымдар мереке мен тойда дабыл қағуды рұқсат санаған.

Музыканың үкімі оның түрі мен қолданылу жағдайына қарай өзгереді. Рұқсат беретін сахих риуаяттарды хадис ілімінің орныққан қағидаларына сыймайтын жасанды жорамалмен мансұх санап, музыкаға жаппай тыйым салу жөнсіз. Әлсіздігі бар болса да, тыйым салатын риуаяттарды ескерген жөн. Хадис ілімінде бір тақырыпта бірнеше әлсіз риуаят келсе, олар бірін-бірі қуаттап, ортақ негізін білдіреді. Оның үстіне, жоғарыда «әл-Мустадрактан» келтірген хадис сахих деп бағаланған. Жақтайтын және тыйым салатын риуаяттардың арасынан міндетті түрде насх немесе таржих іздеудің қажеті жоқ. Әрқайсысының қолданылатын аясын айқындап, екеуіне де амал етуге болады. Ислам ғалымдарының көбі осы жолды ұстанып, музыканың халал немесе харам болатын шарттарын атаған.

Музыка туралы айрықша пікір айтқан ғалым – Бәдиүззаман Саид Нұрси. Ол бұрынғы ғалымдар сияқты тек насстарды талдаумен шектелмей, сол насстардан шығатын үкімнің адам жаратылысы мен өмір жағдайына қалай үйлесетінін пайымдаған. Оның пікірінше, адам рухы белгілі мөлшерде музыканы қажет етеді: «Иә, адам ақиқатқа мұқтаж болғаны секілді, көңіл сергітетін кейбір әуестікке де мұқтаж. Бірақ сол әуестік бестен бір мөлшерінде ғана болуы керек».1

Әбу Дәрданың (р.а.): «Хақты құлшыныспен іздеу үшін жүрегімді хақ істерден өзге нәрсемен тынықтырамын», – деген сөзін де осы тұрғыдан түсінуге болады.

Бар ісінде зікір мен жан тыныштығын іздейтін кейбір кісілер рухани толысуына қарай музыканың кез келген түрінен өз еркімен бас тартуы мүмкін. Олардың бұл ұстанымы құрметке лайық. Алайда осы жеке бейімділікті бәріне ортақ үкім етіп, музыкаға жаппай тыйым салу көпшіліктің жаратылысына сай үкім бекіткен шариғаттың мәніне үйлеспейді.

Медицина және руқия бөлімі

Емделудің рұқсат етілуі

ЕСКЕРТУ: №3990 және №3996 хадистердің түсіндірмесінде келтірілген мысалдар медициналық хадистерді қалай түсіну керектігін көрсетеді. Оларға амал етерде ғалымдардың түсіндірмесін және сөздің айтылған жағдайын білу қажет. Бұл қағида медициналық хадистермен қатар фиқыһ, ақида, халал мен харамға қатысты хадистерге де қолданылады. Алла елшісі (с.а.с.) сөзін тыңдаушының жағдайына қарай айтқан. Мәселе маңызды болғандықтан, мұны осы тараудың басында еске салдық.

3978
Кутуб ситтә, № 3978 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Дәрда

عَنْ أَبِي الدَّرْدَاءَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى أَنْزَلَ الدَّاءَ وَالدَّوَاءَ، وَجَعَلَ لِكُلِّ دَاءٍ دَوَاءً، فَتَدَاوَوْا وَلَا تَتَدَاوَوْا بِحَرَامٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Дәрда (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізген: «Алла Тағала дертті де, дәріні де түсірді. Әр дерттің дауасын жаратты. Емделіңдер, харам нәрсемен емделмеңдер».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) әр дерттің дауасы барын айрықша айтқан. Сондықтан қандай да бір ауру жөнінде «бұның емі болмайды» деп кесіп айтпаған дұрыс. Адамзат кей аурудың емдеу жолын әлі таппаған болуы мүмкін. Исламдық сенім тұрғысынан бұл ізденісті тоқтатуға себеп емес. Автор өз дәуірінде ЖҚТБ жайында «ешқашан емі табылмайды» деген пікірлерге де осы тұрғыдан қарайды. Ол Алланың шипа қазынасында бұл дерттің де дауасы бар деген сенімін Алла елшісінің (с.а.с.) осы және осыған ұқсас сөздерімен негіздейді.

2. Осы хадисте дініміз тыйым салмаған таза әрі халал заттан жасалған дәріні қолдану айтылған. Демек, әр дертке осындай заттардан жасалатын дауа да бар деп түсінуге болады.

Харам нәрседен дәрі жасау, сондай-ақ масайтатын затты емге қолдану жайында ғалымдар әртүрлі пікір айтқан.

Байһақи былай дейді: «Лас заттан дәрі жасауға тыйым салған осы және өзге хадистер сахих болса, олардың үкімі зәрулік тумаған жағдайда масайтатын және харам затпен емделуге тыйым салуға қатысты. Осылай түсінсек, бұл хадистерді Ұрайна оқиғасында айтылған арнайы рұқсатпен сабақтастыра аламыз».

Ибн Раслан «Шарх әс-сунанда» мәселені былай түсіндіреді: «Шафиғи мәзһабындағы дұрыс пікір бойынша, “Сахихайндағы” Ұрайна оқиғасына сүйеніп, масайтатын заттан өзге нәжіс нәрселермен емделуге рұқсат етілген. Сол хадисте Алла елшісі (с.а.с.) Ұрайнадан келгендерге түйе зәрін ішуді бұйырған». Ибн Расланның түсіндіруінше, таза дәрі нәжіс заттан жасалған дәрінің орнын баса алса, соңғысына қажеттілік қалмайды. Шәуқани мұндай түсіндірмені жасанды санайды. Оның пікірінше, Алла елшісінің (с.а.с.) түйенің зәріне қатысты арнайы рұқсаты бар, сондықтан оны «харам» немесе «нәжіс» деп атау орынсыз. Жалпы тыйым мен дербес рұқсатты бірге түсіндіргенде, бұл рұқсат өзге харам заттармен емделуге салынған тыйымды жоймайды.

Әбу Дәуіт жеткізген басқа бір риуаятта дәрігер жасаған дәрісіне құрбақа етін қосу жайында сұрайды. Алла елшісі (с.а.с.) құрбақаны өлтіруге рұқсат бермейді. Ғалымдар мұны өлтіруге тыйым салынған жануарды дәріге қолдануға да болмайтынына дәлел санаған. Олар тыйымды жануардың нәжіс немесе жиіркенішті болуымен байланыстырған. Хаттаби: «Риуаят құрбақаны жеудің харам екенін, оның еті жеуге рұқсат етілген су жануарларына жатпайтынын көрсетеді. Бұл оның өз затына қатысты немесе бәбісек, сұрад сияқты етіне тыйым салынған жануарлармен бір үкімде болуына қатысты болуы мүмкін. Егер өз затына қатысты тыйым болмаса, басқа себебі бар. Алла елшісі (с.а.с.) жануарды жеуден өзге мақсатпен союға тыйым салған», – дейді.

Хаттаби дәрінің жағымсыз болуының екі себебін көрсетеді:

1. Дәріге масайтатын зат немесе еті желінбейтін жануардың еті секілді харам нәрсе қосылса, ол нәжіс болады. Хаттаби өз дәуірінің дәрігерлері кейбір жануарлардың зәрі мен қи-қоқысын емге пайдаланғанын айта келіп, оларды қолдануды харам санаған. Жалпы тыйымнан сүннетте келген Ұрайна оқиғасына қатысты рұқсатты бөлек қарастырған.

2. Дәрінің дәмі де жағымсыз болуы мүмкін. Хаттабидің айтуынша, сүннет жолы – әр риуаяттың орнын сақтап, бірін екіншісіне араластырмау. Жағымсыз дәм науқасқа ауыр тиіп, оны тіксіндіреді. Дәрінің көбі ащы болғанымен, кейбіріне төзу жеңілірек.

Ханафи мәзһабында харам немесе таза емес затпен емделуге, негізінен, рұқсат берілмейді. Кейбір фақиһтардың пікірінше, ауруды не ауруға әкелетін әлсіздікті емдейтін мубах дәрі табылмай, әділ мұсылман дәрігер шипа болуы мүмкін деп бағаласа, өз затына байланысты харам нәрсені зәрулік мөлшерінде қолдануға болады. Тек тазарту секілді емге жатпайтын мақсатпен қолдануға болмайтынына ғалымдар келіскен. Автордың пікірінше, мұсылман әрі білікті дәрігер мұндай кеңес бермейді. Берсе, бұл оның діни ұстанымына немесе біліктілігіне қатысты кемшілікті аңғартады.

Діни жағы бар медициналық мәселені талқылағанда, автор білікті мұсылман дәрігердің кеңесіне сүйенуді айтады. Осындай мәселеде кеңес сұраған кісі дәрігердің осы сипаттарына мән беруі керек деп есептейді. Автордың пікірінше, бұл талап мұсылманмын деп айтып, бірақ намазын оқымайтын және харамнан сақтанбайтын кісіге қатысты толық орындалмайды.

  1. 1Әбу Дәуіт, Тибб 11, (3874).
3979
Кутуб ситтә, № 3979 · тараудағы реті: 2

وَلِلْبُخَارِيِّ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا أَنْزَلَ اللَّهُ مِنْ دَاءٍ إِلَّا أَنْزَلَ لَهُ دَوَاءً». وَلِأَبِي دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيِّ بِمَعْنَاهُ، وَزَادَ: «إِلَّا دَاءً وَاحِدًا. قِيلَ: وَمَا هُوَ؟ قَالَ: الْهَرَمُ»

Қазақша аудармасы

Бұхаридің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Алла қандай дерт түсірсе, оның дауасын да түсірген», – деген. Әбу Дәуіт пен Тирмизидегі мағыналас риуаятта: «Бір дерттен басқасының», – деген сөз қосылған. «Ол қандай дерт?» – деп сұралғанда: «Кәрілік», – деп жауап берген.1

  1. 1Бұхари, «Тибб», 1 (№5678). Әбу Дәуіт, «Тибб», 1 (№3855). Тирмизи, «Тибб», 2 (№2038, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №2039). Ибн Мәжа, «Тибб», 1 (№3436).
3980
Кутуб ситтә, № 3980 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ لِكُلِّ دَاءٍ دَوَاءً، فَإِذَا أُصِيبَ دَوَاءُ الدَّاءِ بَرَأَ بِإِذْنِ اللَّهِ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Әр дерттің дауасы бар. Дәрі дертке дөп келсе, науқас Алланың рұқсатымен сауығады», – дегенін жеткізген.1

Түсіндірме

1. Бұхариде де келген алдыңғы хадис, әрбір аурудың дауасы мен дәрі-дәрмегі барына адамдарды, иман келтіргендерді сендіруге бағытталған. Хадистің әртүрлі жолдары бар: يَا أَيُّهَا النَّاسُ، تَدَاوَوْا «Уа, адамдар! Емделіңдер». إِنَّ اللَّهَ حَيْثُ خَلَقَ الدَّاءَ خَلَقَ الدَّوَاءَ، فَتَدَاوَوْا «Алла дертті жаратқан жерде емін де жаратқан. Емделіңдер». تَدَاوَوْا يَا عِبَادَ اللَّهِ، فَإِنَّ اللَّهَ لَمْ يَضَعْ دَاءً إِلَّا وَضَعَ لَهُ شِفَاءً إِلَّا دَاءً وَاحِدًا: الْهَرَمُ. وَفِي رِوَايَةٍ: «إِلَّا السَّامَ» «Уа, Алланың құлдары, емделіңдер! Алла бір дерттен басқасының бәріне шипа жаратқан. Ол – кәрілік». Басқа нұсқада: «Өлімнен басқасына», – делінген.2

Әбу Хузама әкесінен жеткізген бір риуаятта былай делінген: «Уа, Расулалла! Емделу мақсатында (руқия) оқытып, дем салдырып, дәрі қабылдауымызға не дейсіз? Мұнымен Алланың жазған тағдырынан бір нәрсе өзгере ме?» – деп сұрап едім. Ол: «Егер дәрі сырқаттың шипасын берсе, ол да Алланың қалауымен болатын тағдыр», – деді».

Жәбирдің (р.а.) риуаяты ерекше назарға лайық. Онда шипа дәрінің дертке дөп келуіне және Алланың рұқсатына байланысты екені айтылған. Мүмін қолынан келгенше ем іздейді, шипаның Алланың рұқсатымен келетінін ұмытпайды. Сауыққанда мұны Алладан біліп, Оған шүкір етіп, мадақ айтады. Дәрі емделуде маңызды болғанымен, оның әсері адамның бітіміне, дәрінің мөлшері мен қолдану тәсіліне және дерттің түріне қарай өзгереді. Кейде дертті толық немесе ішінара емдейді, кейде оны асқындырады, ал кейде жанама әсерінен басқа сырқат туындайды. Осыны білетін мүмін дәрі қабылдаумен қатар Раббысынан шипа тілеп, жалбарынады. Бұл да хадистер үйрететін қағидалардың бірі.

2. Бұл хадистер емнің себептерін ескеруге шақырады. Мүмін нәтижені Алладан біліп, Оған тәуекел етеді. Хадис түсіндірушілерінің айтуынша, дәрінің әсері Алланың оған берген қасиеті мен рұқсатына байланысты, әрі дәрінің де зияны болуы мүмкін екенін білетін адамның емделуі тәуекелге кедергі болмайды. Олар мұны аштық пен шөлді ас-сумен басуға, өмірге қауіпті нәрседен сақтануға ұқсатқан.

3. Кей риуаятта кәрілік пен өлімнен өзге дертке дауа бар екені айтылады. Автор мұны ауруды зерттеуге, емі табылмады деген сырқатқа шалдыққан адамды үміттендіруге шақыру деп түсіндіреді. Сондай-ақ ол кәрілік пен өлімнің де белгілі себептермен келетінін еске салып, кәрілік туралы хадистерді тереңірек зерделеу жайында ой қозғайды.

Төменде берілген әзірет Бәдиуззаманның бір ескертпесі де мүмин дәрігерлерге керемет нәтижелерге қол жеткізуге кепілдік беретін маңызды зерттеулерге есік ашатын ынталандыру элементі болып табылады: «Ғаламдағы тіршілік иелерінің көзден таса болып, өлімнен құтыла алмауының себебі, адам бойындағы зат алмасу, зат бөлудің, кіріс-шығыстың тепе-теңсіздігінен пайда болады. Балалық шақтан кемелділік жасқа дейін ағзада шығыстан көп кіріс, яғни, шығыннан пайда көп болса, ал енді жас ұлғайып қартая келе денедегі кірістен гөрі шығыс яғни пайдаға қарағанда шығын көп болады. Ағзадағы зат алмасу процессі әрдайым тепе-теңдікте болмайды. Әрине, мұның соңы өлімге апарады. Ал мәңгі әлемде, о дүниеде денедегі түйірдің өзі тұрақтанып, олар ыдырамайды, бөлінбейді. Немесе әлгі зат алмасу, зат бөлу процесі тепе-теңдікте жүзеге асып, біркелкі болатындықтан кіріс-шығысы да өзара тең, бірдей болмақ».

Саид Нұрси мұны жәннаттағы мәңгілік өмір мен баянды жастықты түсіндіру үшін айтқан.

  1. 1Мүслим, «Сәлам», 69 (№2204).
  2. 2Әбу Дәуіт, «Медицина», №3855; Тирмизи, «Медицина», №2038; Ахмад, «Муснад», №12596. Жанан басылымы, 11-том, емделу тарауы.