Хадис

Фәрәғ пен атира

Кутуб ситтә, 9-том, 539-тарау · 3 хадис · № 3975–3977

Хадистер

3975
Кутуб ситтә, № 3975 · тараудағы реті: 1

عَنْ نُبَيْسَةَ الْهُذَلِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَادَى رَجُلٌ يَا رَسُولَ اللَّهِ كُنَّا نَعْتِرُ عَتِيرَةً فِي الْجَاهِلِيَّةِ فِي رَجَبٍ، فَمَا تَأْمُرُنَا؟ فَقَالَ: اذْبَحُوا لِلَّهِ فِي أَىِّ شَهْرٍ كَانَ، وَبِرُّوا لِلَّهِ وَأَطْعِمُوا لِلَّهِ. قَالُوا: إِنَّا كُنَّا نَفْرَعُ فَرَعًا فِي الْجَاهِلِيَّةِ، فَمَا تَأْمُرُنَا؟ قَالَ: فِي كُلِّ سَائِمَةٍ فَرَعٌ تَغْذُوهُ مَاشِيَتُكَ حَتَّى إِذَا اسْتَحْمَلَ لِلْحَجِيجِ ذَبَحْتَهُ فَتَصَدَّقْتَ بِلَحْمِهِ عَلَى ابْنِ السَّبِيلِ. قِيلَ لِأَبِي قِلَابَةَ: كَمِ السَّائِمَةُ؟ قَالَ: مِائِةٌ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Нубәйша әл-Һузәли (р.а.) былай деген: «Бір кісі: “Уа, Алла елшісі! Біз жаһилиятта ережеп айында атира шалатынбыз. Енді бізге не бұйырасыз?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Қай айда болса да, Алла үшін сойыңдар. Алла разылығы үшін игілік жасап, адамдарға ас беріңдер”, – деді. Олар: “Жаһилиятта фәрәғ шалатынбыз. Енді бізге не бұйырасыз?” – деді. Алла елшісі: “Жайылымдағы әр отардан бір фәрәғ шалынады. Малыңның төлі қажылардың жүгін көтере алатындай болғанша, оны малмен бірге өсіресің. Содан соң сойып, етін жолаушыға садақа етесің”, – деді».

Әбу Қилабадан: «Фәрәғ шалынатын отарда қанша мал болуы керек?» – деп сұрағанда, ол: «Жүз бас», – деп жауап берді.1

Түсіндірме

1. Фәрәғ пен атира – жаһилияттағы арабтардың пұттарына арнап шалған екі түрлі құрбаны. Фәрәғ – отардың алғашқы төлі. Малы өсіп-өнсін деп, оны пұтқа арнап сойған. Етін өздері де, үй іші де жемеген. Кейбір түсіндірмеде: «Жаһилиятта кісінің түйесі жүзге жетсе, әлі боталамаған бір түйесін пұтына арнап сойған. Соны фәрәғ деп атаған», – делінеді.

Атира – ережеп айының алғашқы он күнінде пұтқа арнап шалынған нәзір құрбаны. Кісі: «Малым мына санға жетсе, әр он бестен бір басын ережепте соямын», – деп нәзір айтқан. Мұны «ражабия» деп те атаған. Исламның алғашқы жылдарында мұсылмандар да осы екі құрбанды шалған, кейін бұл үкім жойылған деген пікір бар. Кейбір ғалымдар фәрәғ пен атира шалуға рұқсат деп, «Фәрәғ та, атира да жоқ» деген хадисті «уәжіп емес» деп немесе «уәжіп құрбан секілді Аллаға жақындататын дербес рәсім емес» деп түсіндірген. Олардың айтуынша, етін мұқтаждарға тарату – садақа әрі ізгі амал.

2. Алла елшісі (с.а.с.) Алла үшін сойылып, еті Алланың разылығы үшін қайырымдылыққа жұмсалатын болса, жылдың кез келген айында мал шалуға рұқсат берген. Фәрәғ пен атира туралы өзге түсіндірмелер де бар.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Адахи», 20 (№2830). Нәсәи, «Фәрәғ», 7–8 (7/169, 171).
3976
Кутуб ситтә, № 3976 · тараудағы реті: 2

وَفِي أُخْرَى لِلنَّسَائِي عَنْ الْحَارِثِ بْنِ عَمْرٍو: «أَنَّهُ سَأَلَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنِ الْعَتَائِرِ وَالْفَرَائِعِ، فَقَالَ: مَنْ شَاءَ عَتَرَ، وَمَنْ شَاءَ لَمْ يَعْتِرْ، وَمَنْ شَاءَ فَرَعَ، وَمَنْ شَاءَ لَمْ يَفْرَعْ، وَفِي الْغَنَمِ أُضْحِيَتُهَا، وَقَبَضَ أَصَابِعَهُ إِلَّا وَاحِدَةً»

Қазақша аудармасы

Нәсәидің бір риуаятында Харис ибн Амр Алла елшісінен (с.а.с.) атира мен фәрәғ жайында сұрайды. Ол: «Қалаған атира шалсын, қаламаған шалмасын. Қалаған фәрәғ шалсын, қаламаған шалмасын. Ұсақ малдан құрбандыққа бір бас шалынады», – деп, бір саусағынан басқасын бүккен.1

  1. 1Нәсәи, «Фәрәғ», 1 (7/168–169).
3977
Кутуб ситтә, № 3977 · тараудағы реті: 3

وَلِلْخَمْسَةِ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: لَا فَرَعَ وَلَا عَتِيرَةَ». «و»الْفَرَعُ»: أَوَّلُ النَّتَاجِ كَانُوا يَذْبَحُونَهُ لَطَوَاغِيَتِهِمْ».وَالْعَتِيرَةُ»: الذَّبِيحَةُ فِي رَجَبٍ

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Фәрәғ та, атира да жоқ», – деген сөзін жеткізген.1

Түсіндірме

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен соңғы риуаятта атира мен фәрәғ шалуға анық тыйым салынған. Әбу Дәуіттің бір риуаятында «Фәрәғ – хақ» делінеді. Имам Шафиғи: «Мал Алла үшін сойылса, фәрәғқа рұқсат», – деп, хадистерді осылай сабақтастырады. Жаһилият рәсімі ретінде қабылданбаған бұл құрбандарды тек Алла разылығы үшін, Ислам әдебімен шалуға рұқсат етілген. Нәсәидегі бір риуаятта Муаз ережеп айында Ибн Аунның атира шалғанын өз көзімен көргенін айтады. Бұл құрбандар жөнінде жоғарыда түсіндірілді.

  1. 1Бұхари, «Ақиқа», 4. Мүслим, «Адахи», 32 (№1976). Әбу Дәуіт, «Адахи», 20 (№2831–2832). Тирмизи, «Адахи», 15 (№1512). Нәсәи, «Фәрәғ», 1 (7/167).