Хадис

Ақиқа

Кутуб ситтә, 9-том, 538-тарау · 7 хадис · № 3968–3974

Хадистер

3968
Кутуб ситтә, № 3968 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Сәмура ибн Жундуб

عَنْ سَمُرَةَ بْنِ جُنْدُبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: كُلُّ غُلَامٍ رَهِينَةٌ بِعَقِيقَةٍ تُذْبَحُ عَنْهُ يَوْمَ سَابِعِهِ، وَيُحْلَقُ رَأْسُهُ وَيُسَمَّى». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Сәмура ибн Жундуб (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Әр сәби ақиқа құрбанына бодаулы. Туғанына жеті күн толғанда оның атынан ақиқа шалынып, шашы алынады және есімі қойылады».1

Түсіндірме

1. Әл-Асмағидің түсіндіруінше, «ақиқа» сөзінің бастапқы мағынасы – сәби басындағы туа біткен шаш. Балаға шалынған қой да осылай аталған, өйткені мал шалынғанда осы шаш алынады. Әбу Ұбайд мұны бір заттың өзімен бірге жүретін немесе өзіне себеп болған басқа заттың атымен аталуы деп түсіндіреді. Кей ғалымдар: «Ақиқа – шалынған мал. Малды сою – оны кесіп, мүшелеу. عَقَّ сөзі тілде “тілу”, “бөлу”, “кесу” дегенді білдіреді», – дейді. Ахмад ибн Ханбал «ақиқа – сәбидің шашы» деген түсіндірмені қабылдамай, мұны шалынған малдың атауы деп біледі. Ибн Абдулбәрр осы пікірді дұрысырақ санаған.

2. Хадис сәби туғанының жетінші күні оның атынан ақиқа шалуды үйретеді. Мұның маңызы сәбиді бодаудағы затқа теңеу арқылы білдірілген. «Сәби бодаулы» дегеннің мәні неде? Хаттаби бұл жөніндегі түрлі жорамалдарды айтып, Ахмад ибн Ханбалдың түсіндірмесін ұтымды санайды: «Бұл сөз шапағатқа қатысты. Ақиқа шалынбай жатып, сәби шетінеп кетсе, ата-анасына шапағат ете алмайды». Ибн әл-Әсир әл-Жазари «Ән-Ниһаяда»: «Сәбиге ақиқа қажет. Осы қажеттілік пен одан босамауы кепілге қойылған затты ұстап отырған кісінің қолындағы бодауға ұқсатылған», – дейді. Борыш өтелмей, бодаудағы зат босатылмайтыны секілді, бұл түсіндірмеде сәби ақиқа шалынғанда бодаудан босайды.

Турбушти былай түсіндіреді: «Сәби бодаудағы зат тәрізді. Осы бодаудан босамайынша, одан пайда көре алмаймыз. Нығметке ие болған кісі міндетін атқарып, шүкірін өтегенде ғана нығмет кемеліне келеді. Бұл нығметтің шүкірі – Алла елшісі (с.а.с.) сүннет еткен амал». Яғни Аллаға шүкір етіп, сәбидің амандығын тілеу үшін оның атынан құрбан шалынады. Алла елшісі осы хадисте баланың амандығы мен жақсы өсіп-жетілуін ақиқаға бодаулы етіп бейнелеген болуы мүмкін.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Адахи», 21 (№2837–2838, қазіргі бірқатар нөмірлеуде №2838). Тирмизи, «Адахи», 23 (№1572, қазіргі нөмірлеуде №1522). Нәсәи, «Ақиқа», 5 (7/166).
3969
Кутуб ситтә, № 3969 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ زَيْدٍ بْنِ أَسْلَمٍ عَنْ رَجُلٍ مِنْ بَنِي ضَمْرَةَ عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ الْعَقِيقَةِ، فَقَالَ: لَا أُحِبُّ الْعُقُوقَ، كَأَنَّهُ كَرِهَ الْإِسْمَ. قَالَ: وَمَنْ وُلِدَ لَهُ وَلَدٌ فَأَحَبَّ أَنْ يَنْسُكَ عَنْهُ فَلْيَفْعَلْ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләм Бәни Дамраның бір кісісінен, ал ол сахаба болған әкесінен (р.а.) мына хабарды жеткізген: «Алла елшісінен (с.а.с.) ақиқа жайында сұралғанда, ол: “Мен ата-анаға қарсы келуді (ұқуқты) ұнатпаймын”, – деп жауап берді. Бұл атауды ұнатпаған секілді. Артынша: “Кімнің баласы туып, оның атынан құрбан шалғысы келсе, шалсын”, – деді».1

Түсіндірме

1. «Ұқуқ» сөзі кесу, бөлу, үзу деген мағыналарды білдіреді. Баланың ата-анасына бағынбауы да «ұқуқ» деп аталады, өйткені ата-анаға тиесілі құрмет пен ізет үзілді деген сөз. Аллаға қатысты айтылса, Оның бұйрығына қарсы келуді білдіреді. Бұл хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Жақсылықты тастап, қарсы келуді ұнатпаймын», – деген мағынаны көздеген. Ақиқа шалуға өзі талай хадисте ынталандырған. Зурқанидің айтуынша, шешендік өнердің бір қағидасы бойынша, екі мағыналы сөздің бірі жағымсыз болса, оны сол күйінде қолданудан сақтанған жөн.

Алла елшісі (с.а.с.) «ұқуқ» мағынасын да аңғартатын «ақиқа» атауын ұнатпағанын білдіріп, артынша «нусук» сөзін қолданып, дүниеге келген сәби үшін құрбан шалуға ынталандырған. Осыдан баланың атынан мал шалуды ұнатқаны және мұның мұстахаб амал екені аңғарылады. «Нусук» – парыз қажылықтың рәсімдері мен сонда шалынатын құрбанға қатысты сөз.

Ибн Абдулбәрр былай дейді: «Бұл хадис мағынасы жағымсыз атауларды қолданудың мәкруһ екенін де көрсетеді. Алла елшісі (с.а.с.) көркем есімдерді ұнататын.2 Хадистің сыртқы мағынасына қарағанда, баланың атынан шалынған малды “насика” деу керек. Бірақ осыған сүйеніп үкім берген ғалымды білмеймін. Ғалымдар бұл хадиске амал етпеген секілді. Өйткені Алла елшісінің аталған құрбанды “ақиқа” деп атаған риуаяттарын сахихырақ санаған». Зурқани бұған былай деп қосады: «Ибн Абдулбәрр, сірә, мүжтаһидтерді меңзеген. Әйтпесе Ибн Әбид-Дам кейбір шафиғи ғалымдарының “Бала үшін шалынған малды ‘забиха’ немесе ‘насика’ деу – мұстахаб, ‘ақиқа’ деу құптанды ‘атама’ деу тәрізді мәкруһ” дегенін жеткізген».

Зурқани сөзін былай жалғайды: «Кейбір ғалымдар “Муаттадағы” осы хадисте ақиқаны шариғи амал деп бекітетін де, жоққа шығаратын да дәлел жоқ деген. Олар Құрбан айтта мал шалу уәжіп болғанда ақиқа үкімі жойылды деп есептеген. Имам Мұхаммед те осы пікірде. Алайда хадистің соңы ақиқа шалуға болатынын бекітеді. Хадистің мақсаты – бұл құрбанды “насика” деп атаудың абзал екенін білдіру».

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Ақиқа», 1 (2/500, кітап пен хадис нөмірі бойынша 26/1). Түрікше басылымда «Бәни Әсләм» делінген, ал риуаяттың арабша мәтінінде «Бәни Дамра» деп көрсетілген.
  2. 2Алла елшісінің (с.а.с.) жақсы есім қоюға ынталандыруы, нашар есімдерді жақтырмай, тіпті ауыстырғаны туралы риуаяттар №113–142 хадистерде берілді.
3970
Кутуб ситтә, № 3970 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ أُمِّ كُرْزٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: عَنْ الْغُلَامِ شَاتَانِ مُكَافِئَتَانِ، وَعَنْ الْجَارِيَةِ شَاةٌ، وَلَا يَضُرُّكُمْ ذُكْرَانًا كُنَّ أَمْ إِنَاثًا». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ. وَقَوْلُهُ «مُكَافِئَتَانِ»: بِكَسْرِ الْفَاءِ: يُرِيدُ شَاتَيْنِ مُسَنَّتَيْنِ تَجُوزَانِ فِي الْضَحَايَا لَا تَكُونَ إِحْدَاهُمَا مُسِنَّةً وَالْأُخْرَى غَيْرَ مُسِنَّةٍ

Қазақша аудармасы

Үммі Курз (р.а.) былай деген: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Ұл бала үшін бір-біріне тең екі қой, қыз бала үшін бір қой шалынады. Олардың еркек не ұрғашы болуының айыбы жоқ”, – дегенін естідім».1

Түсіндірме

1. Хадисте ақиқаға ұл бала үшін екі, қыз бала үшін бір қой шалу айтылған. Ұл балаға шалынатын екі қой да құрбандық малына қойылатын талаптарға толық сай болуы керек.

2. Ұл балаға екі қошқар шалынады деген ғалымдар пікірін басқа дәлелдермен де қуаттаған. Олар: «Шариғатта мұра, куәлік, діни амал және құл азат ету жөніндегі кейбір үкімдерде әйелдің үлесі екіге бір қатынасымен белгіленген. Әбу Үмама мен басқа сахабалардан жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): “Мұсылман кісі мұсылман ер құлды азат етсе, құлдың әр мүшесі оны тозақ отынан құтқаруға себеп болады. Екі мұсылман күңді азат етсе де солай: олардың әр екі мүшесі азат етушінің бір мүшесін оттан құтқарады”, – деген. Ақиқа үкімі де осы қағидаға сай», – дейді.

3. Хадистің сыртқы мағынасы ақиқаның уәжіптігін аңғартса да, Ислам ғалымдары өзге риуаяттарды қоса қарап, уәжіп деп үкім бермеген. Тек заһирилер ақиқаны уәжіп санайды. Шафиғи, ханбали және мәлики мәзһабтарында ол – сүннет, ханафилерде – мубах, әрі кеткенде мәндүп. Шалмаған адамға міндет жүктелмейді. Көпшілік ғалымның пікірінше, қызға да, ұлға да бір құрбан жеткілікті. Келесі екі риуаятта сүннетті қалтқысыз ұстанған Абдулла ибн Омар мен басқа да қадірлі кісілердің әр балаға бір қойдан шалғаны айтылады. Кейбір ғалымдар осы хадиске сүйеніп, ұл балаға екі қой шалғанды абзал санаған. Ақиқаға шалынатын мал құрбандыққа қойылатын барлық талапқа сай болуы керек. Ауру, ақсақ, соқыр, құлақсыз немесе әлі жетілмеген мал жарамайды. Хадистерде көбіне қой аталғандықтан, кейбір ғалымдар ақиқаға қой шалу керек деген. Көпшілік түйе мен ірі қара шалуға да болады деп есептеген. Табаранидің бір риуаятында ақиқаға түйе, ірі қара және қой-ешкі шалуға болатыны айтылады.

Қасталани «Иршад әс-сариде»: «Ақиқаның еті өзге тойдағыдай пісіріледі. Тек сирағын пісірмейді. Хакимнің бір риуаятында сирақ баланы босандырған әйелге шикідей берілетіні айтылады», – деген. Ақиқаның сүйегін сындырмай, буынынан ажыратып пісірген. Сөйтіп баланың амандығын ырым еткен. Бала кішіпейіл, нәпсіқұмарлық пен дөрекіліктен алыс болып өссін деп, сүйектерін сындыруды мұстахаб санағандар да болған. Ақиқаның етінен үй иелерінің де жеуіне болады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Адахи», 21 (№2834–2836). Тирмизи, «Адахи», 17 (№1516). Нәсәи, «Ақиқа», 3 (7/165).
3971
Кутуб ситтә, № 3971 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ نَافِعٍ: «أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا لَمْ يَكُنْ يَسْأَلُهُ أَحَدٌ مِنْ أَهْلِهِ عَقِيقَةً إِلَّا أَعْطَاهُ إِيَّاهَا، وَكَانَ إِنَّمَا يُعِقُّ عَنْ وَلَدِهِ بِشَاةٍ شَاةٍ، عَنْ الذُّكورِ وَالْإِنَاثِ، وَكَذَلِكَ كَانَ يَفْعَلُ عُرْوَةُ بْنُ الزُّبَيْرِ رَحِمَهُ اللَّهُ. قَالَ مَالِكٌ: وَبَلَغَنِي أَنَّ عَلِيَّ بْنَ أَبِي طَالِبٍ كَانَ يَفْعَلُ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Нафиғ (рахимаһуллаһ) былай деген: «Ибн Омардан (р.а.) отбасы мүшелерінің бірі ақиқаға мал сұраса, ол беретін. Ұл-қыз демей, әр баласына бір қойдан шалатын. Ұруа ибн Зубәйр де солай істеген».

Имам Мәлик: «Маған жеткен хабарға қарағанда, Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) те осылай істеген», – деген.1

Түсіндірме

Бұл риуаят ұлға да, қызға да ақиқа ретінде бір қой шалуға дәлел. Ибн Омар, Ұруа және Әли секілді кісілердің осылай істегені жеткізілген.

Бұл жөніндегі түйінді алдыңғы хадистің түсіндірмесінде келтірдік.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Ақиқа», 4 (2/501).
3972
Кутуб ситтә, № 3972 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ عَقَّ عَنْ الْحَسَنِ وَالْحُسَيْنِ كَبْشًا كَبْشًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. وَلَفْظُ النَّسَائِيِّ: «بِكَبْشَيْنٍ كَبْشَيْنٍ»

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) немерелері Хасан мен Хүсейіннің әрқайсысына ақиқаға бір қошқардан шалғанын жеткізген.

Нәсәидегі нұсқада: «Әрқайсысына екі қошқардан шалды», – делінген.1

Түсіндірме

Ұлға да, қызға да бір мал шалу жеткілікті дегендер осы риуаятқа сүйенген. Нәсәидегі нұсқадан басқа, Әбу Дәуітте Амр ибн Шуғайбтың әкесінен, ал оның өз атасынан жеткізген риуаятында да ұлға екі қой шалу айтылған. Ибн Хажар: «Әбу Дәуіттің бұл риуаятын дәлел деп қабылдасақ та, оның мәні – ұл балаға екі мал шалу. Бір мал шалуға рұқсат беретін хадистердің үкімі жойылмайды. Сан шарт емес, мұстахаб», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Адахи», 21 (№2841). Нәсәи, «Ақиқа», 4 (7/166).
3973
Кутуб ситтә, № 3973 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «اَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَقَّ عَنْ الْحَسَنِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ بِشَاةٍ وَقَالَ يَا فَاطِمَةُ: احْلِقِي رَأْسَهُ وَتَصَدَّقِي بِزِنَةِ شَعْرِهِ فِضَّةً، فَوَزَنَّاهُ فَكَانَ وَزْنُهُ دِرْهَمًا، أَوْ بَعْضَ دِرْهَمٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) Хасанға (р.а.) ақиқа ретінде бір қой шалды да: “Уа, Фатима, баланың шашын алып, шашының салмағындай күмісті садақа ет!” – деді.

Шашын таразыға тартқан едік, салмағы бір дирһам немесе бір дирһамның бір бөлігі болып шықты».1

  1. 1Тирмизи, «Адахи», 20 (№1519).
3974
Кутуб ситтә, № 3974 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ جَعْفَرِ بْنِ مُحَمَّدٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ فَاطِمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّهَا وَزَنَتْ شَعْرَ الْحَسَنِ وَالْحُسَيْنِ، وَزَيْنَبَ، وَأُمِّ كُلْثُومٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ، وَتَصَدَّقَتْ بِزِنَةِ ذَلِكَ فِضَّةً». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Жағфар ибн Мұхаммед әкесінен, ал ол Фатимадан (р.а.) мына хабарды жеткізген: «Фатима Хасанның, Хүсейіннің, Зейнептің және Үммі Күлсімнің (р.а.) шаштарын өлшеп, олардың салмағындай күмісті садақа етті».1

Түсіндірме

1. Екі риуаятта Фатиманың (р.а.) төрт баласының шашын алғаны баяндалады. Алла елшісінің (с.а.с.) ұл баланың шашын алуға бұйырғаны айтылған. Зейнеп пен Үммі Күлсімге қатысты дәл сондай бұйрықтың берілгені анық емес. Түсіндірмешілер бұл екі немересі де Алла елшісі тірі кезде туғандықтан, оларға да солай бұйырған болуы мүмкін дейді. Арнайы бұйрық жетпегеннің өзінде, Фатима (р.а.) ұл балаларға жасалған амалды негізге алып, қияспен істеген болуы ықтимал.

2. Ислам әдебіне сай, сәби туғанда туа біткен шашын алып, салмағындай күмісті садақа ету – мұстахаб. Мүмкіндігі бар кісінің күмістің орнына алтын бергені абзал. Ибн Абдулбәрр: «Ғалымдар Фатиманың (р.а.) ақиқа мен өзге де амалдарын мұстахаб санаған», – деген. Әбул-Уәлид әл-Бажи де: «Алынған шаштың салмағындай садақа беру – ізгі амал», – дейді.

Бұхариде: مَعَ الْغُلَامِ عَقِيقَةٌ، فَأَهْرِيقُوا عَنْهُ دَمًا وَأَمِيطُوا عَنْهُ الْأَذَى «Бала туған кезде ақиқа шалынады. Оның атынан қан ағызып, бойындағы жайсыздықты кетіріңдер»2, – делінген. Кейбір ғалымдар жайсыздықты кетіруді туа біткен шашты алу деп түсінген.

Табаранидің бір риуаятында: وَيُمَاطُ عَنْهُ أَذًى وَيُحْلَقُ رَأْسُهُ «Бойындағы жайсыздық кетіріліп, шашы алынады»3, – делінген. Мұнда жайсыздықты кетіру мен шаш алу екі бөлек амал ретінде аталған. Демек, жайсыздықты кетіруді кеңірек мағынада түсінген жөн.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Ақиқа», 2 (2/501).
  2. 2Бұхари, «Ақиқа», №5472.
  3. 3Табарани нұсқасынан үзінді, Жанан басылымы, 11-том, ақиқа тарауы.