Хадис

Емдеу тәртібі

Кутуб ситтә, 9-том, 541-тарау · 4 хадис · № 3981–3984

Хадистер

3981
Кутуб ситтә, № 3981 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Уқба ибн Амир

عَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا تُكْرِهُوا مَرْضَاكُمْ عَلَى الطَّعَامِ وَالشَّرَابِ، فَإِنَّ اللَّهَ تَعَالَى يُطْعِمُهُمْ وَيَسْقِيهِمْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ұқба ибн Амир (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізген: «Науқастарыңды ішіп-жеуге қинамаңдар. Алла оларды тамақтандырып, сусындатады1».

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) осы риуаятта тәбеті тартпаған науқасты қинап тамақтандырмауды айтқан. Оның себебін «Алла оларды тамақтандырып, сусындатады» деген сөзбен білдірген. Автор мұны Алла елшісінің мұғжизаларының бірі деп бағалап, тәбеті тартпаған сырқатқа асты күшпен жегізу пайда орнына зиян тигізуі мүмкін деген өз дәуіріндегі медицина пікірін мысалға алады. Ол ашығумен емдеуді зерттеген Эдуард Дьюидің еңбегін сипаттайтын автордан мына пайымды келтіреді: дене қызуы 38 градустан асқанда ас қорыту бездері фермент бөлуді тоқтатады, сол себепті жаңа сығылған жеміс шырынынан өзге асқа қажетті фермент болмай, қорытылмаған ас ішекте шіріп, ағзаны улайды.2 Дьюи қызуы көтерілген науқастың аш қалғанда жоғалтқан салмағы тамақ күштеп берілгендегіден артық болмағанын және ас қорытуға жұмсалған қуат ағзаның сырқатқа қарсы күресуге жұмсайтын қуатын кемітетінін айтқан. Ол қышқыл ішіп, асқазаны күйген екі баланың бірі 75, екіншісі 90 күн ас ішпей өмір сүрді деген мысал да келтірген. Жанан осы деректерді түсіндіре келе, Алла ас қорытуға жұмсалатын қуатты сырқатқа қарсы жұмсау үшін оны уақытша тоқтатып, ағзаны бұрын жиналған қорынан нәрлендіреді деп пайымдайды. Хадистегі Алланың науқасқа ас пен сусын беруі туралы сөзді ол осыған ишарат санайды. Ислам ғалымдары да бұл сөзді: «Алла науқасқа ас пен сусынның орнын басатын нәрсемен жәрдем береді, аштық пен шөлге сабыр дарытады. Өмір мен күш-қуаттың түп иесі – Алла», – деп түсіндірген.

Әл-Қади мұны былай түсіндіреді: «Алла науқастардың күш-қуатын қорғайды, ішіп-жеу арқылы рухты қорғайтын және денені өз қалпына келтіруге пайдасын тигізетін заттармен көмектеседі».

  1. 1Тирмизи, «Тибб», 4 (№2040).
  2. 2Жанан 1966 жылы басылған Лежён кітабынан алған бұл пайымды дәрігерлердің сақтықпен қабылдағанын атап өтеді. Оның жазуынша, дәрігерлер тәбеті тартпаған қызуы бар адамды қинап тамақтандырудың зиянды болуы мүмкін екенін мойындағанымен, ішекте ас шіриді деген түсіндірмемен келіспеген. Олар қызу көтерілгенде асқазанның асты қабылдамауы, қабылдаса да ішекке жібермеуі, жіберген жағдайда оның сыртқа шығарылуы мүмкін екенін айтқан (11-том, №3981 хадистің түсіндірмесі).
3982
Кутуб ситтә, № 3982 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «لَدَدْنَا رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فِي مَرَضِهِ، فَجَعَلَ يُشِيرُ إِلَيْنَا أَنْ لَا تَلُدُّونِي، فَقُلْنَا: كَرَاهِيَةُ الْمَرِيضِ لِلدَّوَاءِ، فَلَمَّا أَفَاقَ قَالَ: أَلَمْ أَنْهَكُمْ أَنْ تَلُدُّونِي؟ قُلْنَا: كَرَاهِيَةُ الْمَرِيضِ لِلدَّوَاءِ، فَقَالَ: لَا يَبْقَى أَحَدٌ فِي الْبَيْتِ إِلَّا لُدَّ، وَأَنَا أَنْظُرُ إِلَّا الْعَبَّاسَ، فَإِنَّهُ لَمْ يَشْهَدْكُمْ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ. «اللَّدُودُ» سَقْيُ الْمَرِيضِ الدَّوَاءَ فِي أَحَدِ جَانِبَيْ فَمِهِ، وَإِنَّمَا أَمَرَ ﷺأَنْ يَلُدَّ كُلَّ مَنْ فِي الْبَيْتِ عُقُوبَةً لَهُمْ عَلَى فِعْلِ ذَلِكَ بِهِ بِغَيْرِ إِذْنِهِ بَعْدَ نَهْيِهِ عَنْهُ

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) сырқаттанып жатқанда, аузының бір шетінен дәрі құйдық. Ол бізге құймаңдар деп ишарат етті. Біз: “Науқас дәріні жақтырмайды ғой”, – деп ойладық. Есін жиғанда ол: “Маған дәрі құймаңдар деп ишарат етпедім бе?” – деді. Біз: “Науқастың дәріні жақтырмағаны болар деп ойладық”, – дедік. Сонда ол: “Үйдегілердің бәріне көз алдымда осы дәрі құйылсын. Тек Аббасқа құйылмасын, ол сендермен бірге болған жоқ”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл хадис Алла елшісі (с.а.с.) ауырған кезде, оның қалауынсыз, мәжбүрлеп ішкізілген дәрі оқиғасын баяндайды. Ләдуд «ауыздың бір жағынан дәрі ішкізу, құю» деген мағынаға келеді. Расулалла (с.а.с.) есін жиған кезде, дәріге қарсылық білдіріп, «ішкізбеңдер!» деп, ишарат етсе де, жанындағылар оның бұйрығына қарсы шығып, жеке ұйғарымдарымен дәрі ішкізеді. Содан кейін Расулалла (с.а.с.) тап сол дәрінің бір бөлгін оларға жаза ретінде ішкізеді. Расулалланың (с.а.с.) бұл әрекетін «қысас», «кек алу» деп бағалағандар да болған. Ибн Хажар бұл оқиғаны: «Менің ойымша, Алла елшісі (с.а.с.) бұл әрекетін мұндай жағдайдың қайта қайталанбауы үшін сақтық ретінде жасады», – деп жорамалдаған. Бұл жағдаятты «Алла елшісі (с.а.с.) емге жүгінсе де дәрі қабылдағысы келмеді. Себебі ол бұл ауруымен өзінің көп ұзамай жан тапсыратынын білді. Өлетіні белгілі болған адамның дәрі қабылдауы мәкруһ», – деп жорамалдағандар да болған. Алайда Ибн Хажар бұл жорамалға келіспейді. Ол: «Меніңше, бұл Тахийр2 оқиғасы және оның жүзеге асуынан бұрын болған. Ол бұлай емделуді құп көрмеді, себебі бұл ем оның сол кездегі ауруына сәйкес емес еді. Қасындағы адамдар Алла елшісінің (с.а.с.) өкпесі қабынған деп ойлап, оған өкпенің қабынуына қарсы дәрі ішкізген. Олар бұл дәріні соған тиімді деп санаған. Алайда хабарда айтылғанындай, оның өкпесі қабынып ауырған жоқ.

  1. 1Бұхари, «Тибб», 21 (№5712), «Мағази», 83. Мүслим, «Сәлам», 83 (№2213).
  2. 2Тахйир – кей хадистерде айтылғандай, Алла елшісіне (с.а.с.) Раббысына қайту немесе дүниеде ұзақ қалу таңдауын беру және оның Раббысына қайтуды қалауы.
3983
Кутуб ситтә, № 3983 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا أُبَالِي مَا أَتَيْتُ إِنْ أَنَا شَرِبْتُ تِرْيَاقًا، أَوْ تَعَلَّقْتُ تَمِيمَةً، أَوْ قُلْتُ الشَّعْرَ مِنْ قِبَلِ نَفْسِي». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «التِّرْيَاقُ» هُوَ الدَّرْيَاقُ. وَهُوَ مَعْرُوفٌ وَ لَا بَأْسَ بِشُرْبِهِ مَا لَمْ يَكُنْ فِيهِ حَرَامٌ وَ نَجَسٌ.«والتَّمِيمَةُ» إِحْدَى التَّمَائِمِ: وَهِىَ خَرَزَاتٌ كَانَتْ الْعَرَبُ تَعْلِقُهَا عَلَى أَوْلَادِهِمْ يَتَّقُونَ بِهَا الْعَيْنَ فِي زَعْمِهِمْ، فَأَبْطَلَهَا النَّبِيُّﷺ

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Тирияқ ішсем, тұмар тақсам немесе ойыма келген өлеңді айтсам, не істегеніме мән бермегенім», – дегенін жеткізген.1

Түсіндірме

1. Ғалымдар бұл хадисті екі түрлі түсіндірген. Бірі: «Тирияқ ішпеу, тұмар тақпау және ойыма келген өлеңді айтпау маған ауыр тимейді, осы үш істің өзінде тұрған ештеңе жоқ», – деп жорыған. Енді бірі: «Осының бірін істесем, ісімнің жақсы-жаманына, рұқсат не тыйым екеніне қарамайтындардың бірі боламын», – деп түсінген. Алғашқы жорамал үш іске рұқсат барын, екіншісі олардың құпталмағанын білдіреді.

2. Тириақ – уланудың зиянын жою үшін қабылданатын дәрі. Біз бұдан гөрі көбінесе антидот деген сөзді қолданамыз. (антидот – денедегі улы заттарды залалсыздандыру мақсатымен қолданылатын әртүрлі химиялық қосылыстар). Хадисті теріс мағынада түсінгендердің бірі – ибн әл-Әсир былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) тириақты мәкруһ деп санаған. Себебі ішінде жылан еті мен спирт бар. Бұлар харам әрі нәжіс саналады. Алайда тириақтың түрлері көп. Егер мұндай заттар қосылмаған түрі болса, оны қолдануда оқастық жоқ. Кейбір ғалымдар: «Хадис мутлақ, алайда бұлардың бәрінен сақтанған абзал» деген.

3. «Тәмима» – жаһилиятта тағылған тұмар мен көзмоншақтың атауы. Кейбір ғалымдар ішіне Алланың есімдері, сипаттары мен Құран аяттары жазылған тұмарды бөлек қарастырған. Ибн әл-Әсир: «Жаһилияттағы арабтар баланы көз тиюден қорғайды деп, осындай моншақ таққан. Ислам бұл сенімді жойды», – дейді.

Хадисте التَّمَائِمُ وَالرُّقَى مِنَ الشِّرْكِ «Тұмар тағу мен дем салу – ширк істерінен» делінген. Басқа хадисте: مَنْ عَلَّقَ تَمِيمَةً فَلَا أَتَمَّ اللَّهُ لَهُ «Кім тұмар тақса, Алла оның ісін оңғармасын»2 делінген. Ғалымдар бұл хадисті: «Олар тәмиманың ем болатынына және шипа беретініне сенетін. Расулалла мұны ширк деп жариялады. Өйткені олар тәмима арқылы маңдайларына жазылған тағдырды өзгертетініне сеніп, тағдырының жойылуын күтетін еді. Тағдырдың өзгеруін Алладан емес, тұмар мен көз моншақтардан талап ететін», – деп түсіндіреді.

Синди: «Мұнда жаһилият тұмары, кейбір моншақ, жабайы аңның тырнағы мен сүйегі секілді заттар айтылған. Құран аяттары және Алланың есім-сипаттары жазылған тұмар бұл тыйымға кірмейді, оны тағуға рұқсат», – дейді.

Синдидің пікірінен өзгеше тұжырымға келген ғалымдар да бар. Әбу Бәкір ибн әл-Араби Тирмизиге жазған түсіндірмесінде: «Құран аяттарын жазып тұмар тағу сүннетке жатпайды. Сүннет – сүрелерді жаттап, оқып жүру», – дейді.

Бұл мәселе турасында Хаттаби де осыған ұқсас пікір айтқан: «Емделу мақсатында тириақ ішу мәкруһ емес. Расулалла (с.а.с.) емделу мен дәрі қабылдауды көптеген хадисте мүбах деген. Бірақ ішіне жылан еті қосылатыны себепті тириақ харам болады. Тәмима – жаһилият дәуіріндегі арабтардың түрлі бәлекет-кесапаттарды өздерінен кетіру ойымен таққан моншақ. Бұған сену надандық, адасушылық. Өйткені бәлекетті Алладан басқа ешкім кетіріп, оған кедергі бола алмайды. Ал Құран аяттарын қорғану және шипа тілеу үшін тағу бұл тыйымға кірмейді. Өйткені ол Алланың сөзі (Кәламулла), онымен қорғануды тілеу, Алланың қорғауын тілеумен бірдей болады. Себебі Кәламулла – Алланың Зати сипаты.

Кейбір ғалымдар арабша жазылмағандықтан мағынасы беймәлім тұмарды немесе сиқыр секілді тыйым салынған сөздер жазылған тұмарды мәкруһ санаған.

Көріп отырғанымыздай, ғалымдар кесімді түрде «тұмар тағу харам» деп айтпайды, оның құрамына, ішіндегі жазылған заттың Құран сөзі болып-болмағанына қарайды. Мағынасы дұрыс көркем сөздер, дұға, Алланың көркем есім-сипаттары жазылған болса, бұған рұқсат берілгенін айтады.

Ислам ғалымдарының сүннетке сүйенген бұл көзқарастарын бағаламау мүмкін емес. Кейбір психикасы әлсіз, рухы нашар, осындай нәрселерге сенгіш адамдар емді тұмарлардан іздеп жатады. Өмірлерінің ғылым мен ақыл-парасат негізінде құрылғанын алға тартатын Батыс қоғамында, оларға еліктейтін біздің еліміздің бай-бағландарының ортасында да бұған тыйым салынса, мұндай мағынасыз, бос әурешілікпен айналысатындардың саны едәуір азаяр еді. Егер мәселе заң аясынан мүлде шет қалса, одан әрі кең таралып кетуі мүмкін. Сондықтан мұның ақылға қонымды шегін белгілеп, заңды түрде мойындау шынайы әрекет болады.

Мәкруһ ем

  1. 1Әбу Дәуіт, Тибб 10, (3869).
  2. 2Алғашқы үзінді – Жанан басылымында берілген сөз нұсқасы. Әбу Дәуіттің №3883 риуаятында мағыналас мәтін кеңірек берілген. Екінші үзінді – Ахмадтың «Муснадындағы» Уқба ибн Амир риуаяты.
3984
Кутуб ситтә, № 3984 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Мұғира ибн Шуғба

وَعَنْ الْمُغِيرَةَ بْنِ شُعْبَةٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنِ اكْتَوَى أَوْ اسْتَرْقَى، فَقَدْ بَرِئَ مِنَ التَّوَكُّلِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Мұғира ибн Шуғба (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Кім денесін күйдіртіп емделсе немесе өзіне дем салдырса, тәуекелді тәрк еткен болады», – дегенін жеткізген.1

Түсіндірме

1. Руқия – дұға оқып, дем салу. Сүннетте қызу, қояншық, жылан шағу тәрізді түрлі кесапатта руқияға жүгінгені айтылады.

Кәй – отқа қыздырылған темірмен дененің сырқат жерін күйдіріп емдейтін көне тәсіл. Руқия мен кәйді жаһилиятта да білген және жиі қолданған. Бұл хадистің сыртқы мағынасы екі тәсілге де тыйым барын аңғартады. Алайда әдіснама тұрғысынан бір ғана хадиске сүйеніп кесімді үкім айтуға болмайды. Алла елшісінен (с.а.с.) бұл жөнінде өзге де риуаяттар жеткен, сондықтан түпкі үкім олардың бәрін бірге қарастырғанда айқындалады. Ғалымдар №4002, №4019, №4023, №4031 және №4034 хадистерді әрі рұқсат білдірген өзге риуаяттарды ескеріп, руқияға рұқсат берген. Олар тыйымды емнің нәтижесін Аллаға тапсырмай, шипаны осы тәсілдің өзінен ғана күтетін кісіге қатысты деп түсіндірген.

Күйдіріп емдеу қатерлі саналған. Автор тыйымды бұл тәсілдің жөнін білмеген адамның оған жүгініп, зиян тигізуінен сақтандыру деп түсіндіреді.

  1. 1Тирмизи, Тибб 14, (2056); ибн Мәжа, Тибб 23, (3489).