وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «نَزَلَ قَوْلُهُ تَعَالَى: ﴿لَا إِكْرَاهَ فِي الدِّينِ﴾ فِي الْأَنْصَارِ. كَانَتِ الْمَرْأَةُ تَكُونُ مِقْلَاتًا، فَتَجْعَلُ عَلَى نَفْسِهَا إِنْ عَاشَ لَهَا وَلَدٌ أَنْ تُهَوِّدَهُ. فَلَمَّا أُجْلِيَتْ بَنُو النَّضِيرِ، كَانَ فِيهِمْ مِنْ أَبْنَاءِ الْأَنْصَارِ، فَقَالُوا: لَا نَدَعُ أَبْنَاءَنَا. فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿لَا إِكْرَاهَ فِي الدِّينِ قَدْ تَبَيَّنَ الرُّشْدُ مِنَ الْغَيِّ﴾». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ، وَقَالَ: «الْمِقْلَاتُ: الَّتِي لَا يَعِيشُ لَهَا وَلَدٌ».
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «“Дінде зорлық жоқ”1 деген аят ансарларға қатысты түсті. Мәдинада балалары шетінеп қала берген әйелдер: “Балам шетінемей аман қалса, оны яһуди діні бойынша тәрбиелеймін”, – деп нәзір ететін. Надир тайпасының яһудилері Мәдинадан жер аударылғанда, олардың арасында ансарлардың да балалары бар еді. Ансарлар: “Балаларымызды оларға қалдырмаймыз”, – деді. Сонда Алла тағала “Дінде зорлық жоқ, тура жол мен теріс жолдың, ақиқат пен жалғанның ара жігі толық ажырады”2 деген аятты түсірді»3. Әбу Дәуіт: «Миқлат – баласы шетіней беретін әйел», – деп түсіндірген.
Түсіндірме
Бұл риуаят жаһилият дәуірінде пұтқа табынған мәдиналық арабтардың Кітап иелері болған яһудилерді өздерінен жоғары санағанын аңғартады. Баласы шетіней берген әйелдің «Балам аман қалса, оны яһуди діні бойынша тәрбиелеуді нәзір етемін» деуі де соны көрсетеді. Автордың түсіндіруінше, бұл сирек кездесетін жағдай болмаған. Ансарлардың біраз баласы осылай яһуди дініне өткен. Кейбір риуаяттарда Алла елшісінің балаларын алғысы келген ансарларға: «Балаларыңа таңдау еркін беріңдер. Сендерді таңдаса, сендермен қалады. Оларды таңдаса, яһудилермен бірге жер аударыңдар», – дегені айтылады.
Хаттаби былай дейді: «Ислам келгенге дейін христиан не яһуди дінін ұстанғандар өз дінінде қала береді. Жизия салығын алу, әйелдеріне үйлену, бауыздаған малының етін жеу мәселелерінде оларға Кітап иелеріне қатысты үкімдер қолданылады. Ал Ислам келіп, яһуди дінінің үкімі насых етілгеннен кейін, ширктен бас тартып, яһуди дініне өткендерді сол күйінде қалдырмайды. “Дінде зорлық жоқ” аятының үкімі оның түсуіне себеп болған оқиғадағы яһудилерге ғана қатысты. Кәпірді хақ дінге мәжбүрлеу – уәжіп. Осы міндетке орай, олар мұсылман болғанша немесе жизия төлеп, өздеріне қатысты дін үкімін қабылдағанша, олармен соғыстық».
Фахруддин Рази бұл аятқа қатысты өзге жорамалдарды да келтіреді. Оларды қысқаша былай түйіндеуге болады.
1. Алла тағала иман келтіруді ерікті таңдауға негіздеді. Ол иманның дәлелдерін барынша айқын баяндап, күпірлікте қалуға сылтау қалдырмады. Адам сонда да ақиқатты қабылдамаса, оны иманға мәжбүрлеу ғана қалар еді. Алайда сынақ мекені болған бұл дүниеде мәжбүрлеуге жол жоқ. Дінге мәжбүрлеген жерде сынақтың мәні жойылады. Мұны өзге аяттар да білдіреді: «Оларға: “Ақиқат – Раббыларыңнан келген. Ал енді қалаған жан иман келтірсін, қалағаны – күпірлік қылсын”, – деп айт»4. Тағы бір аятта: «Егер Раббың қаласа, жер бетіндегілердің барлығы жаппай иман етер еді. Ендеше, сен адамдарды мүмін болуға күштеп көндірмекпісің?»5 – делінген. Сондай-ақ: «Сен олар мүмін болмауда деп уайымға салынып, өз-өзіңді жеп тауыса жаздайсың. Егер қаласақ, оларға көктен сондай ғаламат айғақ түсірер едік. Нәтижеде олар оның алдында амалсыз бас иіп, иман келтірер»6.
Осы аяттардан дінге зорлап көндірудің діни міндет жүктеу мен сынақтың мәніне қайшы екені көрінеді.
2. Бұл жорамал бойынша, дінге мәжбүрлеу дегеніміз – мұсылманның кәпірге «Не иман келтіресің, не сені өлтіремін» деуі. «Дінде зорлық жоқ» деген аят Кітап иелері мен мәжусилерге қатысты болса, олар жизия төлеуге келіскенде, өлтіру үкімі қолданылмайды. Ал христиан немесе яһуди дініне өткен өзге кәпірлер жайында фақиһтардың пікірі әртүрлі. Бір тобы олардың жаңа дінін мойындауға болады деген. Бұл пікір бойынша, олардан жизия қабылданса, өлтіру үкімі күшін жояды, сондықтан аят барлық кәпірді қамтиды. Екінші тобы өзге кәпірлердің христиан немесе яһуди дініне өтуі мойындалмайды, оларды дінге мәжбүрлеуге болады деген. Бұл көзқарас бойынша, дінге мәжбүрлемеу үкімі Кітап иелеріне ғана қатысты.
3. Үшінші жорамал бойынша, соғыста жеңілгеннен кейін Исламды қабылдағандарға «Дінге зорлықпен кірдіңдер» деуге болмайды. Соғыстан соң шынайы ықыласпен дін қабылдау мәжбүрлікке жатпайды. Бұл түсінік бойынша, аят ондай адамдардың иманын мәжбүрліктің салдарына балаудан сақтандырады. Бұған мына аят үндеседі: «Өздеріңе бейбітшілік тілеп, мұсылманша сәлем бергенге дүние тіршілігінің өткінші игілігіне қызығып: “Сен мүмін емессің”, – деп айтпаңдар»7.
Демек, жоғарыда келтірілген Хаттабидің пікірі – аятқа берілген түсіндірмелердің бірі.