وَعَنْ نَافِعٍ قَالَ: «كَانَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا إِذَا قَرَأَ الْقُرْآنَ لَا يَتَكَلَّمُ حَتَّى يَفْرُغَ مِنْهُ، فَأَخَذْتُ عَلَيْهِ يَوْمًا فَقَرَأَ سُورَةَ الْبَقَرَةِ حَتَّى انْتَهَى إِلَى مَكَانٍ، فَقَالَ: “أَتَدْرِي فِيمَ أُنْزِلَتْ؟” قُلْتُ: “لَا”. قَالَ: “أُنْزِلَتْ فِي كَذَا وَكَذَا”، ثُمَّ مَضَى». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Нафиғ былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) Құран оқығанда, оқып болғанша ешкіммен сөйлеспейтін. Бір күні ол “Бақара” сүресін жатқа оқыды, мен мұсхафтан қарап отырдым. Бір аятқа келгенде: “Бұл аяттың не туралы түскенін білесің бе?” – деп сұрады. “Жоқ”, – дедім. Ол аяттың қандай мәселеге байланысты түскенін түсіндіріп, оқуын жалғастырды».1
Түсіндірме
Ибн Омардан жеткен бұл хадис әйеліне артқы өтіс арқылы жақындауға тыйым салынуына қатысты аятты меңзейді. Бұхари нұсқасында аяттың мазмұны ашық айтылмаған. Нафиғтан басқа жолдармен жеткен, өзге жинақтарда келтірілген нұсқаларда осы тұсты ашатын қосымша мәліметтер бар. Алдыңғы риуаяттағы мұсхафтан қарап отыру жайы да сол нұсқалардан алынды. Ибн Омар меңзеген аяттың мазмұны мынадай: «Әйелдерің – сендердің (ұрпақ өрбітетін) егістіктерің. Ендеше, егістіктеріңе қалаған қалыпта барыңдар»2.
Аяттағы «харс» сөзі «егу» мағынасын білдіреді. Біз оны «егістік» деп аудардық. Ислам ғұламалары бұл сөз әйелдің ұрпақ өрбітетін жыныс мүшесін меңзейді деген пікірде. Аятта ұрпақ бітуі үшін әйелдің құрсағына түскен шәует егістікке себілген тұқымға теңелген.
Бұл тақырыпты ашатын бірнеше риуаят бар. Төменде солардың бірқатарын келтіреміз. Әрқайсысы мәселеге қатысты бір тұсты айқындайды. Құран Кәрім әйелді егістікке теңеп, «егістіктеріңе қалаған қалыпта барыңдар» деу арқылы егін себуге лайық жолды меңзейді. Алла елшісі (с.а.с.) түсіндіргендей, ер адам жұбайымен ұрпақ өрбитін жол арқылы өздеріне ыңғайлы қалыпта жақындаса алады.