Хадис

Кутуб ситтә, № 464

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
54. «Бақара» сүресі
Нөмірі
№ 464 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 24
464
Кутуб ситтә, № 464 · тараудағы реті: 24Риуаят етуші: Нұғман ибн Бәшир

وَعَنِ النُّعْمَانِ بْنِ بَشِيرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «الدُّعَاءُ هُوَ الْعِبَادَةُ»، وَقَرَأَ: «وَقَالَ رَبُّكُمُ ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ إِنَّ الَّذِينَ يَسْتَكْبِرُونَ عَنْ عِبَادَتِي سَيَدْخُلُونَ جَهَنَّمَ دَاخِرِينَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Нұғман ибн Бәшир (р.а.) былай риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.) “Дұғаның өзі – ғибадат” деді де, мына аятты оқыды: “Раббыларың: ‘Маған дұға етіңдер, сендерге жауап берейін. Шүбәсіз, тәкаппарлық танытып, Маған құлшылық қылуды бойларына шақ көрмейтіндер әбден қор болған күйде тозаққа кіреді’, – деп айтады”».1

Түсіндірме

Дұға сөзі сұрау, тілек білдіру дегенді білдіреді. Ғибадат сөзінің мағынасына бас ию, бойсұну, әлсіздігін сезіну ұғымдары кіреді. Діни мағынада ғибадат дегеніміз – пенденің Раббысының құдіретін мойындап, өз дәрменінің шектеулі екенін сезінуі. Осы тұрғыдан дұға – құлдықтың белгісі. Дұға еткен адам өзінің Алланың құлы екенін мойындайды. Бәрінен үстем, айтқаныңды естіп, тілегіңе жауап беретін Аллаға шын ықыласпен бойсұнып, қажетіңді сұрау – нағыз ғибадат. Ғалымдар арабша «ғибадат» сөзінің әлиф пен ләм әріптері арқылы белгілі түрде келгеніне сүйеніп, хадистегі ойды «Дұға – түгелдей ғибадат» деп түсіндірген. «Дұға – ғибадаттың ең ұлығы» деген түсінік те бар. Бір хадисте Алла елшісі (с.а.с.) «Дұға – ғибадаттың өзегі мен мәйегі» деген. Тағы бір риуаятта «Дұға – Алланың рақым есігін ашатын кілт» делінген.

Аятта тәкаппарланып, құлшылықтан бас тартқандарға ескерту жасалады. Пенде дұғасы арқылы Раббысына құл екенін мойындап, оны ісімен танытуға міндетті. Сұрайтын бір қажеті болмаса да, тәубе етіп, күнәсінің кешірілуін, ақырет азабынан аман қалуын, денінің сау болуын тілейді. Өзге мүміндерге, дүниеден өткендерге кешірім мен қайыр сұрап, Раббысына жалбарынады. Аятта «Егер дұға-мінәжаттарың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?!»2 делінген.

  1. 1«Ғафир» сүресі, 60-аят. Әбу Дәуіт, Намаз, 1479. Тирмизи, Тәпсір, 2973, 3244 (өзге басылымда 2969, 3247), Дұғалар, 3369 (3372). Ибн Мәжа, Дұға, 3828.
  2. 2«Фурқан» сүресі, 77-аят.