Хадис

Кутуб ситтә, № 455

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
54. «Бақара» сүресі
Нөмірі
№ 455 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 15
455
Кутуб ситтә, № 455 · тараудағы реті: 15

وَفِي رِوَايَةِ التِّرْمِذِيِّ: «فَيَقُولُونَ: مَا أَتَانَا مِنْ نَذِيرٍ، وَمَا أَتَانَا مِنْ أَحَدٍ». وَقَالَ: «الْوَسَطُ: الْعَدْلُ».

Қазақша аудармасы

Тирмизидің риуаятында: «Сонда Нұхтың қауымы: “Бізге бірде-бір ескертуші де, басқа ешкім де келген жоқ”, – дейді», – делінген. Сондай-ақ: «“Орта” сөзі “әділ” деген мағынаны білдіреді», – делінген.1

Түсіндірме

Бұл хадис Мұхаммед үмбетінің пайғамбарлардың дінді жеткізгеніне куәлік ететіні туралы аятты түсіндіреді. Аят Мұхаммед үмбетіне берілген мәртебені танытып, қиямет күні болатын бір жайтты баяндайды. Есеп күні өздеріне келген пайғамбарларды және олардың дінге шақырғанын мойындамай, Алланың алдында өтірік айтқан бұрынғы үмбеттердің сөзі теріске шығарылады.

Жоғарыдағы хадисте осы жайт Нұх қауымының мысалымен баяндалады. Олар есеп күнінің үрейінен шара таппай, надандықпен өтірік айтып құтылудан үміттенеді. Құран Кәрімнің бірнеше аяты осыны баяндайды: «Күндердің күнінде олардың барлығын бір жерге (яғни махшарға, ғарасат майданына) жинаймыз, содан кейін Аллаға серік қосқандардан: “Қане, Аллаға серік әрі тең тұтқан құдайларың қайда?!” – деп сұраймыз.

Сонда олардың (бәлкім, құтылып кетерміз деген дәмемен) ойлап табатын жалғыз жауабы “Раббымыз Аллаға серт! Біз Аллаға серік қосқандардың қатарында болған емеспіз” деу болады. Олардың өз сөздерін өздері өтірікке шығарып, қалай (ұялмай-қызармай) өтірік айтқанын көрдің бе?! Дүниеде ойдан шығарған құдайлары да (яғни дүниеде құдайдай көріп, құлдық ұрған нәрселері де) оларды тастап, көзден ғайып болды».2

Алла тағала істің анығын Өзі білсе де, дінді үмбетіне жеткізген-жеткізбегенін Нұхтан (а.с.) сұрайды. Бұл сауал ақиқатты куәлікпен айғақтап, Мұхаммед үмбетінің мәртебесін көтеру үшін қойылады.

Әбу Муғауияның Ағмаштан жеткізген риуаяты осы аяттың мәнін аша түседі: «Қиямет күні бір пайғамбар бір адаммен, екіншісі екі адаммен, енді бірі одан да көп адаммен келеді. Сонда олардың қауымдарынан:

– Пайғамбарларың сендерге дінді жеткізді ме? – деп сұралады. Олар:

– Жоқ, – дейді. Сонда пайғамбардан: “Сен үмбетіңе дінді жеткіздің бе?” – деп сұралады. Ол:

– Жеткіздім, – дейді. Одан тағы да:

– Оған кім куәлік етеді? – деп сұралады.

– Мұхаммед пен оның үмбеті, – деп жауап береді. Сонда Мұхаммедтің (с.а.с.) үмбеті шақырылып, олардан:

– Мына пайғамбар үмбетіне дінді жеткізді ме? – деп сұралады.

– Иә, жеткізді, – дейді олар.

Сонда:

– Оны қайдан білдіңдер? – деп сұралады. Олар:

– Пайғамбарымыз (с.а.с.) бізге: “Пайғамбарлардың бәрі дінді жеткізді”, – деп хабар берді. Біз оған сендік», – деп жауап береді.

Содан кейін Алла елшісі (с.а.с.) сөзін былай жалғастырады:

«Осыны мына аят растайды», – деп жоғарыдағы аятты оқиды. Мұхаммед үмбеті Нұх, Һуд, Салих, Шұғайып секілді барлық пайғамбарлардың (а.с.) өз қауымдарына дінді жеткізгеніне, ал қауымдарының оларды өтірікші санағанына куәлік етеді.

Әзірет Жәбир (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) үмбетінің мәртебесі туралы былай дейді:

«Уа, үмбетім, біліп қойыңдар! Бұрынғы үмбеттерде сендердің қатарларыңда болуды қаламайтын бірде-бір жан жоқ. Қауымы өтірікші санаған пайғамбарлардың бәріне қиямет күні “Олар өз қауымдарына дінді жеткізіп, олардың игілігін көздеп насихат айтты” деп куәлік етеміз».

  1. 1Тирмизи, Тәпсір, «Бақара» (2961; басқа басылымда 2965).
  2. 2«Әнғам» сүресі, 22–24-аяттар.