وَعَنْ عَامِرِ بْنِ رَبِيعَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فِي سَفَرٍ فِي لَيْلَةٍ مُظْلِمَةٍ، فَلَمْ نَدْرِ أَيْنَ الْقِبْلَةُ، فَصَلَّى كُلُّ رَجُلٍ مِنَّا عَلَى حِيَالِهِ. فَلَمَّا أَصْبَحْنَا ذَكَرْنَا ذَلِكَ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَنَزَلَتْ: ﴿فَأَيْنَمَا تُوَلُّوا فَثَمَّ وَجْهُ اللَّهِ﴾». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Амир ибн Рабиға (р.а.) былай дейді: «Бір қараңғы түнде Алла елшісімен (с.а.с.) бірге сапарда едік. Құбыланың қай жақта екенін анықтай алмадық. Әрқайсымыз өзіміз бағдарлаған жаққа қарап намаз оқыдық. Таң атқанда осы жайды Алла елшісіне (с.а.с.) айттық. Сонда “…Жүздеріңді қай жаққа қаратсаңдар да, Аллаға бет бұрған боласыңдар”1 деген аят түсті».2
Түсіндірме
وَالْمُرَادُ بِـ«حِيَالِهِ»: تِلْقَاءَ وَجْهِهِ.
Бұл риуаят аспанды бұлт торлап, түн қараңғылығында немесе тұманды күні құбыланы анықтау мүмкін болмаған жағдайда не істеу керегін көрсетеді. Табарани жеткізген Мұғаз ибн Жәбәлдің (р.а.) риуаяты да осыны қуаттайды: «Бұлтты бір күні Алла елшісімен (с.а.с.) сапарда жүріп, құбыланы анықтай алмадық та, намазымызды басқа жаққа қарап оқыдық. Намаздан кейін күн ашылды. Біз: “Уа, Алланың елшісі, намазды құбылаға қарап оқымаппыз”, – дедік. Ол: “Намаздарың Алланың құзырына толық жетті”, – деді». Тирмизи Амир ибн Рабиғаның хадисін жеткізушілер тізбегі жағынан әлсіз деп бағалаған. Дегенмен Суфиян әс-Сәури, Ибн әл-Мүбәрак, Ахмад ибн Ханбал және Исхақ ибн Рахауәйһ секілді көптеген ғұлама осы хадистің үкімін ұстанғанын атап өткен.
Ханафи ғұламаларының пікірінше, құбыланы бірден таба алмаған адам оны анықтауға тырысып, құбыла деп тапқан бағытына қарап намаз оқиды. Кейін қателескені белгілі болса, намазын қайта оқуы қажет емес. Өйткені ол өзіне міндеттелген істі – құбыланы іздеуді – орындады. Ал Имам Шафиғи мұндайда: «Намазын уақыты шықпай тұрып немесе кейін қайта оқиды. Өйткені құбылаға бет бұру – намаздың міндетті шарты», – деген. «Субулус-сәләм» еңбегінде осы пікір келтірілгеннен кейін: «Сапарда сол риуаятқа сай амал еткен дұрысырақ. Оны Мұғаз ибн Жәбәлдің риуаяты қуаттайды. Негізінде, әлгі риуаяттың өзі де дәлел болуға жарайды», – делінген. Демек, шафиғи ғұламалары да бұл хадистің үкімін қолданған.