وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «قِيلَ لِبَنِي إِسْرَائِيلَ: ﴿ادْخُلُوا الْبَابَ سُجَّدًا وَقُولُوا حِطَّةٌ نَغْفِرْ لَكُمْ خَطَايَاكُمْ﴾. فَبَدَّلُوا، فَدَخَلُوا الْبَابَ يَزْحَفُونَ عَلَى أَسْتَاهِهِمْ، وَقَالُوا: حَبَّةٌ فِي شَعْرَةٍ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Исрайыл ұрпақтарына: “Қақпадан сәжде етіп кіріңдер де, ‘Күнәларымызды кешіре көр!’ деңдер. Сонда күнәларыңды кешіреміз”, – делінді. Бірақ олар әмірді бұрмалап, қақпадан бөкселерімен сырғи кірді де, “Бір тал шаштағы дән” деді».1
Түсіндірме
Мысырдан қашып шыққан яһудилер әзірет Мұсамен (а.с.) бірге Тиһ шөлінде қырық жыл кезді. Содан соң Юша (а.с.) оларды шөлден алып шықты. Алланың қалауымен оларға Құдысқа кіру нәсіп болды. Қалаға кіргенде сәжде етуге, яғни иіліп кіруге немесе кіргеннен кейін шүкір сәждесін жасауға бұйырылған еді. Олар әмірге бағынбай, қалаға жер сызып кірді. Аятта қалаға кірерде «хитта» деу бұйырылғаны айтылады. Бұл сөз «күнәларымызды кешіре көр» деген тілекті білдіреді. Алайда олар «хитта» сөзін «хабба» сөзімен алмастырып, «бір тал шаштағы дән» деді. Осы мағынасыз тіркеспен олар Алланың әмірін мазақ етіп, оған қарсылық танытты. Риуаят бойынша, осы сөздері мен істері үшін Алланың қаһарына ұшырап, обаға шалдыққан. Бір сағатта жетпіс мыңға жуық адам қаза тапқан.
- 1«Бақара» сүресі, 58-аят. Мүслим, «Тәпсір», № 3015. Бұхари, «Әнбия», № 3403, «Тәпсір», № 4479, № 4641. Тирмизи, «Тәпсір», № 2956.