Хадис

Кутуб ситтә, № 446

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
54. «Бақара» сүресі
Нөмірі
№ 446 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
446
Кутуб ситтә, № 446 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Масғуд

وَعَنْ أَبِي مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «مَنْ قَرَأَ بِالْآيَتَيْنِ مِنْ آخِرِ سُورَةِ الْبَقَرَةِ فِي لَيْلَةٍ كَفَتَاهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мәсғудтан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Кім түнде “Бақара” сүресінің соңғы екі аятын оқыса, сол екеуі оған жеткілікті».1

Түсіндірме

«Бақара» сүресінің соңғы екі аяты ел арасында «Әмәнар-расул» деген атпен белгілі. Бұл аяттар Алла елшісіне (с.а.с.) Миғраж сапарында уахи етілген. Миғражда Пайғамбар (с.а.с.) үмбетінің тәхияты, тәсбихы мен салауатын Раббысына тарту етіп, Алладан осы екі аятты үмбетіне сый ретінде әкелген. Аршыдан асып, Алланың жақындығына бөленген осы ұлы сапарда барша әлемге рақым етіп жіберілген Елші күнә мен қателіктен ада емес үмбетіне теңдессіз сый жеткізді. Бұл екі аятта мүміндерге мынадай сүйінші айтылған.

а) Ешкімге шамасынан тыс міндет жүктелмейді.

ә) Адам ұмытып немесе байқаусызда жасаған қателігі үшін жауапқа тартылмайды.

Алла елшісі (с.а.с.) бұл екі аяттың жаннат қазыналарынан, яғни ұлы Аршының астындағы қазынадан алынғанын айтқан. Аяттардың мағынасы мынадай:

«Хақ елші өзіне Раббысынан (уахи арқылы) түсірілген (Құран мен сүннетке) қалтқысыз иман келтірді, (маңайындағы) мүміндер де (иман келтірді). Олардың әрқайсысы Аллаға және Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына толық иман келтіріп: “Біз Оның елшілерінің ешбірін бөліп-жармаймыз (бәріне бірдей сенеміз)”, – деді. Сондай-ақ олар: “Біз (Раббымызға иман келтіруге үндейтін шақыруды) естідік және (үндеуге құлақ асып) қалтқысыз мойынсұндық. Уа, Раббымыз! Біз Сенің кең кешіріміңді тілейміз және түбінде Өзіңе қайтамыз”, – деп айтты.

(Уа, мүмін құлдарым! Іштеріңдегі ниет-пиғылдарың мен ойларың үшін де жауапқа тартылатындарыңды естіп жабықсаңдар, мынаны біліп қойыңдар:) Алла ешбір жанға шамасынан тыс міндет жүктемейді. Әркімнің істеген жақсылығы – өз пайдасына, істеген жамандығы – өз зиянына. (Сендер былай дұға етіңдер): “Уа, Раббымыз! Егер (Өзіңнің разылығыңа бөленеміз деп жүріп бір нәрсені) ұмытып кеткен немесе білмей қателік жасаған болсақ, сол үшін бізді жауапқа тарта көрме! Уа, Раббымыз! Бізден бұрынғы үмбеттерге (уақыттың, сол кездегі жағдайдың талаптарына һәм олардың кейбір қылықтарына сай тәрбиелік мақсатта ауыр міндеттер) жүктегеніңдей, бізге ондай ауыр міндеттер жүктей көрме! Уа, Раббымыз! Бізге шамамыз жетпейтін міндеттерді арта көрме! Күнәларымызды кешкейсің, бізді кешіргейсің және бізге жанашырлық танытып, мейіріміңе бөлегейсің! Сен біздің Иемізсің, қамқоршымыз әрі қорғанымызсың! Бізге мына кәпірлер қауымына қарсы (күресте) жәрдем беріп, жеңіске жеткізе көр!”»2

Алдыңғы аятта иман негіздері мен мүміннің әдебі баяндалса, соңғы аятта Алла Тағаланың мүмінге беретін басты игіліктері аталады. Раббымыздың бұл игіліктері құлдың дұғасы мен тілегі түрінде айтылған. Оларды санасақ, жеті тілек шығады. Демек, бұл – Раббымыздың құлына берген жеті сыйы. Өйткені Алла беруді қаламаса, оны тілеуді де нәсіп етпес еді.

  1. 1Бұхари, «Фадаилул-Құран», № 5009. Мүслим, «Мусафирин», № 808. Әбу Дәуіт, «Салат», № 1397. Тирмизи, «Сауабул-Құран», № 2881. Ибн Мәжа, «Иқаматус-салат», № 1369.
  2. 2«Бақара» сүресі, 285–286-аяттар.