وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَقَدْ رَأَيْتُنَا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ بِمَرِّ الظَّهْرَانِ نَجْنِي الْكِبَاثَ: وَهُوَثَمَرُ الْأَرَاكِ. وَيَقُولُ: عَلَيْكُمْ بِالْأَسْوَدِ مِنْهُ، فَإِنَّهُ أَطْيَبُ، فَقُلْتُ: أَكُنْتَ تَرْعَى الْغَنَمَ؟ فَقَالَ: وَهَلْ مِنْ نَبِيٍّ إِلَّا رَعَاهَا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге Марруз-Заһранда әрак ағашының кибәс деп аталатын жемісін теріп жүргеніміз есімде. Ол: “Қарасын теріңдер, ең дәмдісі сол”, – деді. Мен: “Сіз қой баққансыз ба?” – деп сұрадым. Ол: “Қой бақпаған пайғамбар бар ма?” – деп жауап берді».1
Түсіндірме
1. Марруз-Заһран – Меккеге жақын жердің атауы.
2. Түсіндірмешілер «Қой баққансыз ба?» деген сұрақты былай ашады: «Қай кибәстің дәмдірек екенін білердей қой бағып па едіңіз?» Бұдан кибәстің базарда сатылмағанын, көбіне тауда өсетінін әрі оны шопандар жақсы біліп, жегенін аңғарамыз. Тіл мамандарының айтуынша, кибәсті адам да, түйе де, қой да жейді.
3. Ғалымдар осы хадистен тауда жабайы өскен ағаштардың жемісін жеудің мүбах екенін ұққан.
4. Ғалымдар пайғамбарлардың өздеріне пайғамбарлық міндеті жүктелгенге дейін қой бағуындағы хикметті былай түсіндірген: «Қой бағу үмбет ісін басқаруға машықтандырады, тәжірибе жинақтатады. Қойға жақын жүрген кісінің бойында жұмсақтық пен жанашырлық қалыптасады. Малды өріске жайып, кешке жинау, бір жайылымнан екіншісіне айдау, қасқыр мен жыртқыш аңнан қорғау, әр қойдың мінезін байқау адамды шыдамға баулиды. Осылайша үмбетті сабырмен тәрбиелеуді, оны ақылмен басқаруды, әркімнің дәрежесі мен ерекшелігін ескеруді үйренеді. Ренжіскендерді табыстырып, әлсізге қарайласады, қамқорлық көрсетеді, осы істердің машаққатына төзеді. Мұндай міндеттер қой баққан адамға жеңілірек тиеді, өйткені осы қасиеттерді біртіндеп бойына сіңірген. Қойдың арнайы аталуы оның әлсіздігінен және жан-жаққа бытырауы түйе мен сиырдың тарауынан өзгеше болуынан. Ірі қараны байлап қоюға болады, ал бытырап кеткен қойды ірі малға қарағанда тезірек жиып алуға болады».
- 1Бұхари, «Атғима», 50, «Әнбия», 29. Мүслим, «Ашриба», 163 (№2050).